banner-top12

Руханият hello_html_101567b2

Қосқан уақыты Қараша 8, 2017 | 398 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«Ұлттық тәрбие – Ұлттың тірегі!»

(Мақала Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасы негізіндегі Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының  «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы жобасы бойынша жазылған.)

Қайырханова Ақмарал Мұратқызы

Алматы қаласы, Туризм және Қонақжайлылық Индустриясы колледжі.

Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушысы

«Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта  тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды.»[1] 

Жалпы Қазақ халқының тарихи шежіресінде биылғы жылдың алар орны ерекше. Себебі, бабамның аңсаған, анамның көз жасына тұншыға  тілеген Тәуелсіздік таңы атқанына, аттай 27 жыл толады. Осы ширек ғасыр уақыт аралығында Қазақстан Республикасы деген жас мемлекеттің жігері қайралып, намысы ұшталып, қанаты қатая бастады, алып мемлекеттер санатына біртіндеп қосылып келеміз. Бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты мен мемлекетті шебер басқару стратегияларының ұтымды тұстарын айқындай түсуде. Әрине, біз мемлекет ретінде енді бас көтеріп келе жатқан тұста, мемлекетіміздің тарихы, заңы, тәртібі, даму деңгейі мен, негізгі ұлттық құндылықтары, ұлттық идеологиясы, ұлттық сананы, ұлттық мәдениет пен ділді, мемлекеттік тілді жаңа тұғырға қоя отырып, мемлекетіміздің басқару бағытын анықтап алға қадам бастадық. Құлдық сана, жалтақтау, қорқу, тілімізді күрмеуге салған, діл мен дін, мәдениетті төмендетіп, рухсыздандыру мен мәңгүрттену сынды мойнымыздан басқан ауыр қасірет пен жүктен енді арылып келеміз. Осы тұста айта кетер негізгі ой, ол ендігі ғасырлар қойнауында қалған, халқымыздың жады мен санасы, тұрмыс-тіршілігінде қалған, архивтерде шаң басқан ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді ұлықтайтын ұлы шығармалар, Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық.

Қазақ халқын ерекше, болмысы мен тарихы бөлек болып тұратын, басқа халықтардан ерек көрсетететін әрине, негізгі ұлттық құндылық санатына жатқыза алатын құнды мәдениетіміз, тіліміз, дініміз, діліміз, ұрпақтар сабақтастығы, ертегілер, мақал-мәтелдер, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, менталитетіміз, ұлттық өнеріміз, ұлттық тағамдарымыз, ұлттық қолөнеріміз, тұрмыстық бұйымдарымыз, ұлттық ойындарымыз, тіпті Ұлтын Ұлықтаған Ұлы Ұлдары т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттеріміздің бар болғандығы. Кеңестік санада «ескінің қалдығына» айналған, ұлттық құндылығымызды, болашақ ұрпақ санасына сіңіретін сәт келгені анық. Ендігі мәселе, Ұлттық сана, Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы біздің рөліміз, педагог ретіндегі біздің еңбегіміз қандай болмақ деген заңды сұрақ туындайды. Яғни, жаңа жаһандық талаптарға сай, әрі Техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде педагогтың заманауи көзқарас пен ұлттық тарих әрі мәдениетті ұштастыра отырып жас буынның санасына Отансүйгіштік, толеранттылық, демократиялық көзқарастағы, жаңа Тәуелсіз, зайырлы, жас мемлекетіміздің азаматтарын тәрбиелеу басты міндетіміз.

Осы тұста «Мәңгілік Елдің – Мәңгілік біліміне» айналатын ұлттық білім беру жүйесін дамытып жатқанымыз рас. Тек кәсіптік бағыт-бағдардағы емес, тұлға, патриот, рухани жан-дүниесі бай Қазақстанның азаматы болуына ықпалдастық жасайтынымыз рас. Ғаламдану үрдісінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрін сақтау жолындағы күрес, ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну, яғни, ұлттық сана-сезімімен мінез-құлқының ана тілінде, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрді меңгеруі негізінде қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелеу міндетін айтамыз. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» бағдарламасында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп кемелденеді. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз заманының жауапты да жігерлі, білім өрісі биік, денсаулығы мықты өкілдері болмақ. Олар бабаларымыздың игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы жағдайда жұмыс істеуге даяр болады» – деген болатын.«Бүгінгі оқушы – Егеменді еліміздің ертеңгі ұрпағы. Ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті саналы ұлттың ойлау қабілетімен білімі болуы керек». [2]

Осы жұмысты жазу барысындағы мақсатым ретінде Тәуелсіз Қазақстанның Құрдасы ретінде- ұлттыққұндылықтарын бойына сіңіру арқылы қалыптасқан, тәні мен жаны сұлу, өз-өзіне сенімді, халықтың салт-дәстүрін, ата заңын, тарихын құрметтейтін, елжанды, отансүйгіш, патриот, тарихы мен тағдыры ортақ,  Қазақстанортақ үйіміз деген жүз қырыққа жуық ұлт өкілдеріне толерантты көзқарастағы, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлғаның негізін қалау. Бастапқы білім, тәрбие негізін салу.

Міндеттері ретінде:

  1. Оқушының ұлттық сана-сезімін қалыптастыру.
  2. Ана тілі, діні, оның тарихы, мәдениеті, өнері, салт-дәстүрі, рухани мәдени мұраларды білу әрі қастерлеуге баулу.
  3. Оқушы бойына жанаршырлық сезімі, намысшылдық тәрбиесі, ұлттық мінез бен болмыс қалыптастыру.
  4. Педагог ретінде сабақ жоспарлау барысында, сабақты, сыныптан тыс шараларды тартымды, ұтымды, пайдалы, ақпараты ауқымды, мағыналы ұйымдастыру.
  5. Оқушыларды толеранттылыққа, зайырлылыққа, патриоттыққа, елжандылыққа, жаныашырлық пен қамқорлыққа тәрбиелеу.

Тағы айта кететінім, ол Президентіміздің «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де, кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек». Яғни, төл тарихымыз бен мызғымас Тәуелсіздігіміздің ұштасып жатқан сабақтастығын барынша үзіп алмай жалғастыру.

Енді қойылған мақсат пен міндеттерге жету жолында қандай іс-әрекеттерді жалпы өз пәндерім арқылы қарастыратыным да маңызды.

Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Қалың елім Қазағым” атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескерте келе былай деп жазады: «Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзентті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды…». [4].

Олай болса, қазіргі кезеңде мектеп табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие сағаттарында қазақ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы оқушылардың адами құндылық қасиеттерін қалыптастыра аламыз. Сондай-ақ ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы көріністері: рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тыйымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыздар, сенімдер, кісілік рәсімдері, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асырылып ұлттық қасиеттерге айналады.

Оқушының ұлттық қасиеттеріне меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді.

Әрбір ұлттың ұлттық қасиеттері ұлттық тәрбиеге (халық педагогикасына) байланысты дамып, қалыптасқан. Халық педагогикасы ұлттық әдебиет пен сол ұлттың салт-дәстүрлерінен құралады. Әдебиет көркем шығармалар арқылы сан үйренуден бастап, шығарма кейіпкерлерінің тілін, ойын, іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, ұлттық қасиеттерін үлгі ретінде әсерлі баяндап, содан соң көркемдеп көрсетіп үйрету арқылы жеке тұлғаның адамдық қасиеттерін қалыптастырып, кісілік сана-сапасын арттырады. Ал ұлттық салт-дәстүрлер игі әдеттердің әдеп-ғұрыпқа ( әдепті іс-әрекетке) айналып, одан әдеп (ұлттық мәдени көрініс), әдептен дәстүр (мәдени үрдістің ұлттық дәрежедегі көрнісі), дәстүрден салт (дәстүрдің ұлттық санаға сіңіп, сөзсіз қолданыста болуы) қалыптасқанын көрсетіп, жеке тұлғаның ұлттық мәдени қасиеттерін қалыптастырады. Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті. Мәдениетті болу үшін – білімді болу міндет. Білімді болғанмен, ұлттық мәдениетті игермеген болса, ондай тұлға ұлт алдында “мәңгүрт”, мәдениетсіз болып көрінеді де, халықтың наразылығына ұшырайды. Білім беру мен тәрбиелеудің мақсатын айқындау үшін қазақ білімпазы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн. “Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы. Оқу орны осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек” – деген екен. Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.  Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.

Оқытушы -баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып,арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік-саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып,биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу – мұғалімнің басты міндеті. Оқытушы  жан-жақты жетілген білімді, әдістемелік шығармашылық   шеберлік иесі, халықтық дәстүр, әдет-ғұрып пен салт-сана   ерекшеліктерін  әлеуметтік  қарым-қатынастар түрлерін кәсіби түрде меңгеруі тиіс. Әсіресе осы кәсіби білік дағдыларын шыңдауы оның ұстаздық тәжірибе жинақтауының ең басты алғы шарты болып табылады.

Келешекте біздің еліміз басқа тәуелсіз елдермен терезесі тең болып өмір сүруі үшін қазақ балаларын ешкімнен кем қылмай, мектеп қабырғасынан – ақ жан-жақты білімді, тәрбиелі етіп шығару үшін оқытушы ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып тәрбие жұмысын жүргізген абзал.

Қазіргі таңда оқытушылыққ қызметте болу, тәрбиеші болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық адамға дәл мпедагогке қойылғандай талаптар қоймайды. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Я.А.Коменский балаларға тәлім-тәрбие беріп ұстаздық көрсететін мұғалімді өте жоғары бағалады: «Мұғалім мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Оларға тамаша қызмет тапсырылған,күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес». Балалардың санасы мен мінез-құлқының қалыптасуына тәрбиешінің жеке басының, оның моральдық бейнесінің атқаратын рөлі орасан зор. Бұл әсерді өзінің күші жағынан ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Бұл – ерекше құдіретті күш.  Орыстың ұлы педагогі Д.К.Ушинский «Тәрбие де барлығы да тәрбиешінің жеке басына негізделуге тиіс.Ешқандай жарғы және бағдарлама, ешқандай оқу орнының жасанды орталығы қаншалықты жетілдірілгенімен, тәрбие ісінде жеке адамды алмастыра алмақ емес. Тәрбиешінің тәрбиеленушіге тікелей әсерінсіз мінез-құлыққа сіңерліктей шын тәрбие беру мүмкін емес»деп жазды. Сондықтан тәрбиешінің жеке басына ерекше талаптар жүктеледі. Ерік-қайраты күшті, қазіргі заман талабында өмір сүре алатындай мінезге бай жас өспірімдерді қалыптастыру үшін мұғалімнің өзінің жеке басы сол талаптарға сай болу керек.

Қорыта келгенде, Тәуелсіз Қазақстанның Болашақ Ұландары мен қазіргі ағартушылық әрі оқытушылық қызметін атқарып жүрген педагог, оқытушының өзара тығыз қарым-қатынасы мен тәрбиесі арқылы, мемлекетіміздің озық оқыту үлгісі мен қоса саналы жастарды да тәрбиелей аламыз. Рухани ұлттық құндылықтар мен тәрбиені бойына сіңіре отырып, клешегі кемеңгер, болашағы жарқын Ұлт, Мемлекет бола аламыз. Сөзімді Елбасының сөзімен аяқтағаным жөн болар: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» [3].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н. Ә. «Тәуелсіздік белестері».
  2. Назарбаев Н. Ә. «Қазақстан- 2050» бағдарламасы.
  3. Назарбаев Н. Ә. «Қазақстан халқына жолдауы».
  4. Назарбаев Н. Ә. Қалың елім, қазағым. -Алматы: Өнер.-1998.-306.
  5. Назарбаев Н. Тарихтолқынында. – Алматы: – Атамұра.
  6. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996.
  7. Назарбаева С.А. «Ұстаздан ұлағат». Алматы., АтаМұра 2000.
  8. https://baq.kz/kk/news/
  9. Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» . Егемен Қазақстан газеті.

[1]Мұстафа Шоқай – көрнектіқоғамжәнемемлекетқайраткері




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑