banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2012 | 1  224 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

       ҰСТАЗ ҰЛТТЫҢ ЕКІНШІ АНАСЫ

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

Бір данышпанның «басқалар тамақ ішу үшін өмір сүреді, ал мен болсам өмір сүру үшін тамақ ішемін» деген сөзі бар. Міне бұл дүниеге келген әр адамның әр түрлі кәсіппен шұғылданатындығына қарамастан өмірді сөзсіз осы екі түрлі мақсатта сүретіндігінің дәлелі.

Өмір сүру үшін адамға кәсіп керек. Кәсіп – әр адамның өмірдегі істей алатын мамандық мүмкіндігінің көрінісі.

Әр кәсіптің өзіндік орыны, дәрежесі болады. Оларды бірінен бірін артық санауға болмайды.

Мысалы, малшылық кәсібін егіншілік кәсібінен артық, не кем санауға бола ма? Болмайды. Себебі ол екеуінің де адам өміріндегі алар орыны ұқсас.

Ал бірақ кез келген кәсіптен, мамандықтан артық бір кәсіп бар. Ол – ұстаздық. Ол несімен басқа кәсіптерден, мамандықтардан артық?

Ол – адам тәрбиелеудегі орынымен, ғылыми ағартушылығымен,  екінші аналығымен, күллі мамандықтарды жетілдірушілігімен артық.

Оның мұнан да тыс артықшылықтары көп. Солардың ішіндегі ең басты артықшылығы ұстаз – адам тәрбиелеуші.

Адам баласы өз анасынан кейін тәрбиені сөзсіз ұстаздан алады. Мұндағы (ата) ананың алдыңғы орында тұруы оның ұстаздық орнының ұстаздан жоғары тұруынан емес, керісінше баланың өмірге келуіне себепкер болуынан. Мектеп жасына дейінгі өсуіне жауапкершілігінен

Ал ұстаз болса, ол балаға білім беретін ана. Өмірге жол, жөн сілтейтін бағдарламашы. Тіпті мемлекет басшысын туатын ана болғанына қарамастан оны тәрбиелеп, жетілдіретін ұстаз. Былайша ұстаз – баланың, ұлттың екінші анасы.

Мұнда тіпті мемлекет өзінің болашақ иелері болатын, әр саласының үздік мамандарын жетілдіруді сөзсіз ұстаздарға тәрбиелетуге мәжбүр. Тіпті мемлекеттің тағдыры әуелі Тәңірдің қолында болса, сосын сөзсіз ұстаздың қолында. Өйткені, халқы білімсіз мемлекет ғұмырсыз. Ал білім және халыққа білім беру болса, ол ұстазда. Немесе білім балаға, ұлтқа ұстаз арқылы беріледі.

Жалпы мемлекетті, оның халқын білімсіз елестету қиын. Бұл дегендік мемлекетті ұлтазсыз елестету жоқ деген сөз.

Демек, ата-ана баланың өмірге келуінің себепкері болса, ұстаз тәрбиелі, білімді болуының кепілі.

Малшының мақсаты – мал санын көбейту болса, егіншінің мақсаты – тонналап астық алу. Сол сияқты ұстаздың мақсаты – шәкрт тәрбиелеу.

«Ұстаздық текен жалықпас,

Үйретуден балаға» (Абай).

Бір сөзді бір, асып кетсе екі қайталап айтудан ары аспайтын, дұрысы аса алмайтын, олай етуге кісілік төзімі жетпейтін адам баласымыз. Тіпті балаларымыздың өзіне бір мәселені екі қайталап түсіндіруден ассақ, оның оны тез ұға қоймағаны үшін ұрысуға дайын тұратын пендеміз.

Ал анық білімді ұстаз әсте олай етпейді. Ол шәкіртіне қашан әлгі мәселені толық түсініп, біліп алғанынша үйретуден ерінбейді де жалықпайды. Бұл – шын ұстаздың ұстанымы. Абай жоғарыдағы өлеңінде әне сондай шын ұстаздың жанкешті қаһһармандығын, атсыз қайраткерлігін, басқалар қайталай алмас асыл қасиетін көрсеткен.

Бұл тұрғыдан келгенде ұстаз – шырақты жағушы. Бұлақтың көзін ашушы. Бағбан. Ол сонысыбен бақыттылардың бақыттысы.

Және де осы биітен қарағанда ұстаздың ұстаздық кемелдікке жеткендерін былай қойып, оның ең әлсізінің орны данышпандардың алдында. Себебі, данышпандарды да ұстаз тәрбиелейді. Немесе ұстаздың ең әлсізінің өзі алғашқы шәкіртке «А» деген харыпты үйретіп, «1» деген санды білдіретіні шүбә тудырмайды.

Демек, үйреткен үйренгеннен қашан да алда. Озық. Бағалы. Міне бұл ұстаздың ең төменгі орыны.

Ал енді осындай , кәсіпте, мамандықта адам баласының ең алдында тұрған орынын бағаламайтын, бағалауды білмейтін кебір «ұстаздарды» көргенде жаның ауырады.

Жалпы бұл кәсіпті сүймеген ұстаз бола алмайды. Болмайды да. Тез қасында қисық ағаш жатпайтыны сияқты, жақсы ұстаз алдында нашар шәкірт те болмайды. Демек, шәкірттің нашарлығы – ұстаздың әлсіздігі.

Жалпы ұстаздың кемшілігін айтудан аулақпын. Себебі, ұстаз өзінің жоғарыдағы сияқты өз орнын білсе, кемістігін өзі-ақ түзеп алады. Өйткені, олар ақылдылар. Және ұстазды сынау әдепке жатпайды. Тағы келіп ұстаздың биік орыны өзіне лайықсызын өзі-ақ іріктемек. Жақсыға сөздің басын айтсаң, аяғын өзі түсінеді. Ұстаздар, олар – жақсылар.

Деседе, «Өзіңді-өзің силасаң, жат жанынан түңіледі» дейді халқымыз. Ендеше, адамның өзін-өзі силамауы қайдан келеді? Әрине өзін, кәсібін бағаламаушылықтан, түсінбеушіліктен, бастысы білімдегі таяздықтан келеді.

Қазір біздің көп ұстаздарымыз өздерін «ағай, апай» деп ұстаздық мәртебесін өз орнына қойып, бағалап, әспеттеп шақыратын шәкрттеріне: «Мені олай деп атамаңдар. Өз атыма әкемнің атын қосып, мысалы, «Сәуле Құдайбергеновна» деп атаңдар» дейтінді шығарып жүр. Тіпті солай атау аужалып барады. Бұл не? Бұл – бағалауды, құрметтеуді білмеушілік. Бұл қазақтық қалыптың айнуы. Қазақ ұстазды, үлкенді, жатты құрметтеуде шыңға шыққан халық. Бұл оның кең пейілдігінен бір де кем емес, Құдай берген ең бағалы қасиеті.

Оның үстіне жеті жастағы сәби өз әжесіндей ұстаз әрі ананың қалай ғана «пәленба-ай!» деп батпитып атын атамақ? Одан гөрі шәкірттігін әрі кішілігін танытып, «ағай» десе ұнасымды, «апай» десе жарасымды емес пе? Силасуға да жақсы әрі әдепті.

Қане,ойланайықшы ел силысы – ұстаздар.

Жалпы ана балаға қандай махаббатты болса, ұстаз да сондай махаббатты болуы оның ұстаз атының қарапайым анықтамасы.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑