banner-top12

Әдебиет Темірбек-Қожакеев

Қосқан уақыты Қаңтар 19, 2016 | 545 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ұстаз

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Қазақ Мемлекеттік университетінің 1977 жылғы түлегі,
заң ғылымының докторы, профессор,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
– Бола аласың ба?
Айбыны бет қаратпайтын деканның дауысы ерекше сұсты естілді. Аудиториядағы барлық көгенкөздердің мойындары маған қарай бұрылып, жанарлары маған қадалса да әлгі әмірлі сұрақтың өзіме арналғанына сенер-сенбесімді білмеген күйде отырып қалған мені қасымдағы көршім шынтағымнан түртті. Үрей билеген бойымды әп-сәтте тіктеп:
– Бола аламын. – деп орнымнан атып тұрдым.
– Дауысы мығым-ей мынаның. Болсаң боларсың. Отыр. – деді тұмсығына түскен көзілдірігінің үстінен тесіле қарап.
Бұл 1977 жылғы тамыз айының соңында болған оқиға еді. Абитуриенттік кезеңді артқа тастап, студент атанған біздерден деканымыз екі топ жасақтап, староста сайлауға шақырған болатын. Староста қояды деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген мен артқы парталардың біріне жайғасып, жаңа танысқан достармен қызу әңгімеге кірісіп-ақ кеткен едім. Қай қылығыммен жаққанымды өзім де білмеймін сол күні деканымыз мені Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 102-тобына старосталыққа қойды. Атағы жер жарған профессор Темірбек Қожакеевпен бетпе-бет жүздесіп, жақын танысуымыздың басы осы болатын.
Жетпісінші жылдар қазақ ғылым-білімінің қара шаңырағы саналатын атақты КазГУ-дің дәурені жүріп тұрған кез еді. Университетті қазақтың ұлы азаматы, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков басқарды. Арыстанұлы десе дегендей-ақ еді жарықтық: қазандай үлкен бас, ұшы арыстанның жалындай бұйраланып тұратын көмірдей қара шаш, жуан мойын, сом тұлға, шалқақ кеуделі Өмірбек аға шындығында азаматтың арыстаны осындай –ақ болар дейтін тұлға еді. Елуінші жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітіріп, алпысыншы жылдардың соңында Одақтағы машина механизмдерінің теориясы бойынша санаулы ғалымдардың қатарына қосылған Арысланұлы сол кезде қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетке ректор болғанда осы күнгі өзімізден де кіші 39-дағы қылшылдаған жігіт қана екен.
О.А.Жолдасбеков КазГУ-дің өміріне тың тыныс, соны серпіліс әкелді. Алатаудың баурайындағы Алматының ең әсем жерінен ойып отырып, университет қалашығын салуға 90 гектар жер алды. Оған биіктігі жөнінен Алматының әйгілі «Қазақстан» қонақ үйін ғана алдына салатын 17 қабатты бас корпустан басталатын бірнеше оқу ғимараттарын, сол кезде Қазақстанның өзге оқу орындары студенттерінің өңі түгіл түсіне де кірмеген оннан астам осы заманғы архитектуралық талаптарға сай жатақханалар салып, аз ғана уақыт ішінде тұтас бір қалашыққа айналған КазГУ-градты жайнатып-ақ жіберді. Міне, сол арыстан ректор көтерген азаматтар қатарында оның сенімді серігі, адал әріптесі, филология ғылымының докторы, профессор, қазақ сатирасының жалғыз жоқшысы, сатириктердің өз тілімен айтқанда «жаттықтырушысы» Темірбек Қожакеев болды.
Темағаң көзі тірісінде-ақ аңызға айналған адам. Ол кісінің көл-көсір қажыр-қайраты сол кездің өзінде –ақ арнасынан асып-төгіліп, жанартаудай атқылап жатушы еді. Содан болар ол сөз өнерін пір тұтқан қазақтың талай талантты жасының тұсауын кесіп, жанамын деген талай жүрекке от берді.
Ол кезде тарихшы, филологтарды республикамыздың барлық облыстарында дерлік ашылған педагогикалық институттар мен одан қалса КазГУ, КазПИ, ЖенПИ-лердің осындай факультеттерінде даярлай беретін. Журналистика факультеті Өмірбек Арысланұлы басқарған жылдары Одақтағы университеттердің алғашқы бестігінен берік орын алған КазГУ-де ғана болды. Содан болар қалам ұстаған талапкер жастың бәрі КазГУ-ге ағылатын. Сол журналистика факультетінің тарихын Т.Қожакеевсіз елестету қиын-ақ. Өйткені ол осы университеттің дәл осы факультетін бітірген 1953 жылдан бергі соңғы демі біткенге дейінгі жарты ғасырлық ғұмырын тек осы факультетте өткізді. Ол ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан сияқты факультеттегі ұстаздар қауымы атқаратын қызметтердің барлық сатысынан өтті. Өзі де өсті, өзімен бірге факультетті де өсірді.
Қазір бағамдап отырсам Кеңес Одағы университеттеріндегі журналистика факультеттерінің ең үздік оқу бағдарламасы осында жасалған екен. Бұл мерейтой үстінде айтыла салатын бөстекі сөз емес, кейін өзім осы факультетте ұстаздық еткен кезде арнайы зерттеу, салыстыру жүргізу нәтижесінде дүниеге келген тұжырым.
Сөз жоқ, сол кездегі ең үздік журналистика факультеттері Мәскеу мен Ленинград университеттерінде болды. Бірақ оның оқу бағдарламасы негізінен журналист мамандығын даярлауға қажетті пәндерден жасалды және олар баспасөз, телевизия, радио, фотожурналистика, баспа ісі сияқты таза журналистика мамандарын даярлады. Ал КазГУ-дің бағдарламасы бүкіл гуманитарлық факультеттердің негізгі пәндерінен құралған әмбебеп бағдарлама еді. Әрине, оның басты себебі журналистика мамандарының аздығынан туындады. Мәселен, Қазақстандағы радио, тележурналистика бойынша алғашқы доктор М.К.Барманқұлов диссертациясын 1981 жылы қорғаса, одан кейінгі осы саланың белгілі маманы Н.Омашев докторлығын араға жылдар салып, 90-жылдары қорғады. Орыстарда: «Не было бы счастья, да несчастье помогло» деген сөз бар. Сол айтқандай осындай кадр тапшылығы декан Т.Қожакеевті әмбебап бағдарлама жасауға мәжбүр етті. Бұл журфак студенттерін университеттегі филология, тарих, философия-экономика, заң факультеттеріндегі осы саланың корифейлері саналатын атақты ғалымдардың лекциясын тыңдап, тәлімін алуға мол мүмкіндік жасады. Мәселен, әлем әдебиеті антикалық дәуірден басталып, осы заманғы шетел әдебиетіне дейін оқытылатын. Сондағы ұстаздарымыз С.М.Сагалович, М.В.Мадзигон, В.Ф.Железновтардың әсерлі лекциялары әлі күнге дейін құлағымызда. Орыс әдебиеті де ежелгі Русьтің жыр-аңыздарынан бастап, Кеңес Одағы әдебиетіне дейінгі кезеңді қамтыды.
Қазақ әдебиетінен филология факультетіндегі ұстаздардың ұлысы академик З.Қабдолов бастаған ғалымдар тобы: академиктер Р.Нұрғалиев, Р.Бердібаев, профессор Б.Шалабаев, Х.Сүйіншалиев, ол кезде Мароккодан кандидаттық қорғап келген жас ғалым, кейін мәшһүр арабтанушы, бүгінгі мүфти Ә.Дербісәлиевтер дәріс оқыды.
Тіл ұстартам деген жастарға практикалық стилистика, әдеби өңдеу және әдеби-көркем сын атты арнайы курстар өткізілді. Мұның бәрі болашақ журналистердің қазақ, орыс, шетел әдебиеті бойынша филологтармен бірдей білім алуына мол мүмкіндіктер туғызды.
Тарихтан түрік дүниесінің ұлы қаламгері Ш.Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматовпен бірге Мәскеудегі әйгілі Қызыл профессура институтында бірге оқыған профессор С.Ерғазиевтан бастап, профессор А.Абдулпаттаевтарға дейін дәріс берді.
Философиядан ол кезде жас ғалым, бүгінде айтулы профессорларға айналған Р.Абсаттаров, Ж.Молдабековтар сабақ берді. Бұған қосымша логика, психология, этика, эстетика сияқты пәндер қоса оқытылды. Тіпті сол кездегі енді-енді эксперимент ретінде философия факультеттерінде оқытыла бастаған «Қолданбалы социология» сияқты жаңа курстар да журналистердің оқу бағдарламасынан орын алды.
Т.Қожакеев барған батыл қадамдардың бірі факультете дәстүрлі саяси экономиядан басқа экономистерге ғана оқытылатын экономика негіздері мен кәсіпорындардың шаруашылық қызметінің анализі, халық шаруашылығын жоспарлау мен басқару негіздері сияқты таза экономикалық пәндер оқытылып, оларды В.Я.Капуль, Л.Б.Горенман сияқты оқымысты экономистер жүргізді.
Журналистика факультетінде кеңестік құқық ғылымы, авторлық құқық пәндері де бағдарламаға енгізіліп, болашақ журналистер құқықтық ілімдерден де мол хабардар болып шықты.
Студенттерге шетел тілдерін меңгеруге де толық жағдай жасалып, дәстүрлі ағылшын, неміс, француз тілдерімен қоса араб тілі де оқытылды.
Бір сөзбен айтқанда профессор Темірбек Қожакеев болашақ журналистерге бүкіл гуманитарлық факультеттер оқу бағдарламасының бар маңызын қалқып әперіп, балқаймағын ішкізді. Студенттер болса алуан ғылымның тұнығына қанып, тереңіне сүңгіді. Содан болар кейін факультет түлектері арасынан талай-талай филология, философия, тарих, заң, экономика саласынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған ғалымдар шықты.
Темекең туралы академик З.Қабдолов «Мықшеге» деп қатырып-ақ айтқандай ұстазымыз темірдей тәртіптің адамы еді. Бір-екі өлеңі газетке шығып, алғашқы әңгімесі басылуының буына пісіп, буыны босап жүргендерді лезде тәубесіне келтіретін. Шындығында Қ.Мырза-Әлі жазса жазғандай ол уақытта шарапқа шалқып, сыраға бөгіп, араққа шөгіп жүрген аға буынның «арақ – көл, сыра – дариясына» бірде сүңгіп, бірде тұншығып жүретіндер жас ақындар мен жазушылар арасында аз болмаушы еді. Темекең шәкірттерін осындай «болмай жатып толудан» қызғыштай қорыды. Ондайларды темір қалыпқа салып, жіптіктей етіп шығарушы еді. Темір аға факультетте темірдей тәртіп орнатты. Сондықтан ол басқарған факультеттің әрқашан көрігі қызып, жалыны бет қаратпай тұрды.
Ұстаз орнықтырған сол тәртіп мені де шыңдады, шынықтырды. Соның бір көрінісін еске түсіре кетсек артық бола қоймас.
Бұл совет қоғамындағы «тоқырау» деген атпен әлем тарихына енген кезеңнің мейманасы тасып тұрған кезде болды. 1981 жылы бүкіл республика жұртшылығы қазақ халқына отаршылдық қамытын кигізген, бірақ сол заман ғылымында «Қазақстанның өз еркімен Россияға қосылуы» деп аталатын оқиғаның 250 жылдық тойын атап өтуге дайындалды. Алматыдағы Бас алаңда қаланың барлық жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен ғаламат театрландырылған көрініс дайындала бастады. Оқиғаға «аса құрметті Леонид Ильичтің» өзі қатысады деп күтілді. Бұл шараға дайындық жұмысы шырқау биігіне шыққан кезде мен жігіттіктің желігімен бір жігітпен шекісіп қалдым. «Шекісудің» соңы әжептәуір төбелеске ұласып, оған жатақхананың біраз студенттері қатысты. Кезекші мұғалім жабулы қазанды жаба салмай түн ішінде Темекеңе хабар жеткізеді. Ақ «Волгасын» ойқастатып түнделете жеткен Темекеңнің қаһары үй жыққандай қатты еді. Ертеңінде-ақ кабинетіне шақырып алған қатал ұстаз:
– Сендей хулиганға партиялық факультетте орын жоқ. Жолың әне, – деп есікті нұсқады. Мен ұстаз кабинетінен сүмірейіп шықтым. Іле-шала көкжал деканнан арыстан ректорға мені оқудан шығару жөнінде қатынас қағаз түсті. Несіне жақауратайын, мен сол кезде ағамыздың әрекетін аса қаталдыққа балап, қатты налыдым. Кейін ойласам бәрі бекер екен. Егер ол кезде Темекең орнында мен болсам өзім де сөйтер едім. Енді ше? Брежневтің өзі қатысатын үлкен саяси оқиға кезінде жатақханада қып-қызыл төбелес болады. Ол пәле іздеген «социализм жауларының» құлағына шалынса: «ойбай, студенттер арасында үлкен толқу болыпты. Олар Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығын тойлауға қарсы бағытталған екен. Тіпті Брежневтің келуіне наразылық білдіріпті», – деген лақап тарап, сөзден дауыл тұрғызылса, мені қойып, деканның, қала берді ректордың да жағдайы екіталай болмасына кім кепіл еді?
Бірақ мені де алқалайтын періштем бар екен. Университеттің тәрбие жөніндегі проректоры, Ұлы Отан соғысының ардагері С.Н.Савицкий менің бір төрті жоқ сынақ кітапшама қарап, басын шайқап біраз отырды да, істің мән-жайына қаныққан соң: «Сен ертең бір айналып соқ. Ректормен де, деканыңмен де өзім сөйлесемін», – деп шығарып салды. Айналайын орыстың бекзат тұқымының адалдығы да қоса жүреді ғой қасында. Сол Савицкий мені кейінгі өмірімді күрт өзгертуі мүмкін осы келеңсіздіктен арашалап алып, деканыма қайтып жіберді. «Өзім де осылай аяқталарын біліп едім» деген жүзбен қарсы алған Темекең мені бірден үйірге қосты да жіберді.
Біз аман-есен соңғы курсқа өттік. Ұстазбен арадағы сыздың ізі де қалған жоқ. Диплом жазуға кірістік. Мені декан шақырды.
– Сені арабша таниды дейді ғой. Сол рас па? – деді сұрақты бірден тікесінен қойып. Мен «Иә» деп басымды изедім.
– Олай болса жүр, кеттік, – деп мені есік алдындағы сол баяғы ақ «Волгаға» отырғызды.
Екеуміз Пушкин атындағы Ұлттық кітапхананың қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар бөліміне келдік. Ол алдыма әбден сарғайып, үгітілуге айналған ескі журналдың тігіндісін жайып салып:
– Қане, көрсет өнеріңді, – деді қуақыланып. Бұл кезде мен араб харпімен жазылған ескі қолжазбаларды оқып машықтана бастаған едім. Ептеп, жүгіртіп оқи бастадым.
– Жетеді, біледі екенсің. Бұл сенің диплом жұмысың болады. Қазірден бастап кірісе беруіңе рұхсат, – деп мені оқырмандар залына қалдырып, өзі шығып жүре берді.
Мен осылайша Темекеңнің жетекшілігімен Верный қаласында О.Жандосовтың тікелей араласуымен жарық көрген сатиралық «Садақ» журналынан (Бейімбет шығаратын қолжазба «Садақтан» басқа) диплом жұмысын қорғап шықтым.
Университетті тәмәмдағаннан соң да ұстазбен шығармашылық байланысымыз үзілген жоқ. Соның бір белгісі ретінде ол маған өзінің 1983 жылы жарық көрген «Сатиралық жанрлар» атты кітабын: «Мұхтар! Сатира жанрлары мен сатиралық журналдардың жоқшысы екеніңді ескеріп, шын көңілден ұсынамын. Автор. 15.05.83.» деген автографпен сыйға тартты.
Сөйтіп жүргенде қаһарлы 86 жыл келді. Ұстаз бен арыстан ректор О.А.Жолдасбековтың басына бұлт үйірілді. Қызметінен алынды, университеттен қуылды, ең қиыны партиядан шығарылды. Темекеңнің ерлігі де бір басына жетіп артылатын. Партиядан шығаратын жиналыс үстінде университет парткомы Чесноковқа:
– Менің партиялығым сенің қолыңда болса, ұстап тұрған тауыңды тастап жібер, – деп есікті тарс жауып жөнеле берген ғой, сабазың.
Бөрі арығын білдірмегені болмаса, бұл ұстаз үшін үлкен трагедия болатын. Себебі партиядан шыққан адамға барлық есік бір мезгілде жабылатын. Мұндай соққыны көтере алмай «жүріп» кететін жандар да аз емес. Бірақ Темір аға барлық қиыншылықтарға нағыз ерлерге тән қайсарлықпен төтеп берді.
Сондағы Т.Қожакеевке таққан айыптары: «журналистика факультетінде негізінен оңтүстіктің жастары оқиды, факультет ұлтшылдықтың, рушылдықтың ордасына айналды», – деген мүлде негізсіз, қисынсыз, ойдан шығарылған сандырақтар болатын.
Егер 50-60 жылдары солтүстік облыстарда 600-ден астам қазақ мектептері жабылып, өңірде орыстандыру өте жоғары қарқынмен жүргізілсе онда Т.Қожакеевтің қандай жазығы бар. Жетпісінші жылдары бір кезде Ы.Алтынсарин сияқты дала қоңырауы, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты ұлт ұраншылары шыққан Қостанай қаласында бір ғана қазақ мектеп-интернаты қалды. Сондықтан қазақ мектептері саусақпен санарлық Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Целиноград, Павлодар облыстарынан қазақ бөліміне келіп түсетін студенттер саны аз болуы заңды еді. Бірақ оған Қожакеев емес, осындай сұрқия саясат жүргізген Компартияның өзі кінәлі болатын.
Ал факультет шындығында болашақта ана тілі, ата дәстүрі үшін отқа түскен ұлтжанды азаматтар шыққан әйгілі ұстахана болды. Дәл осы үшін Т.Қожакеевке өшігудің орнына, оны өсіру керек еді.
Ұстаз жаны жабырқау тартқан сәттердің бірінде мені үйіне шақырды. Бұл 1987 жылдың соңы болатын. Ол ұлы Мәдет екеумізді екі жағына ала отырып, бәсең дауыспен сөз бастады.
– Екеуің де баламсыңдар. Мәдет менің ұрпағымды, ал Мұхтар сен ғылымдағы жолымды жалғастырар деп үміт етуші едім. Иншалла, солай болар да. Бірақ «құлан құдыққа құласа құлағында құрбақа ойнар» демекші кеше маңымнан жүре алмайтын міскіндер бүгін жабыла талауға көшті. Мұхтар, сенің адалдығыңа сенемін. Дегенмен жассың ғой, алданып қалма? – деп әңгімені арыдан бастады. Мен ұстаз ойының ар жағын айтпай-ақ түсіндім.
Шындығында сол кезде заманы жүріп тұрған шиебөрілер жаралы арыстан мен қансыраған көкжалды талауға көшкен болатын. Сондай арам пиғылды жандар мені де жағалап: «Кезінде сені жазықсыз қуғындады. Диплом жұмысыңды пайдаланып, кітабына шығарды. Соны жазып берсең болғаны», – деп қармақ салған. Мен оларға Т.Қожакеевтің «мені өз қолымен оқуға қабылдап, білім беріп, диплом қорғатқанынан басқа жазығы жоқ. Ал дипломды бірлесіп жазғанбыз», – деп аулақ жүруін өтінгем. Осы әңгіменің шет жағасын Темекеңе жеткіздім. Оның жүзіне шуақ орнап:
– Бәсе, айттым ғой, сенің сондай екеніңді баяғыда-ақ білгем, – деп орнынан тұрып, сатиралық журналдарға арналған тарауында «Садақ» туралы мол мәліметтер берілген «Сатира күштілер қаруы» атты монографиясын «Кешегі шәкірт, бүгінгі таланты зерттеуші Мұхтар ініме. Ағалық ақ көңілден», – деген қолтаңбамен сыйға ұсынды.
Шындығында жазған мен демесең, еңбек Темекеңдікі еді. Журналды тапқан да, тақырыпты анықтаған да өзі. Тіпті диплом жұмысын басынан аяғына дейін оқып, түзеп, күзеп, ғылыми, әдеби өңдеуден өткізген де ұстаз болатын. Дипломды университет бітіруші жеке дара қорғайтындықтан онда менің фамилиям ғана көрсетілгені болмаса, кітаптық нұсқада оны екі автордың да пайдалануына толық хақысы бар деп есептеймін. Оның үстіне мен ол кездерде әдеби зерттеулерден біржолата алыстап, академик М.Қозыбаевтың жетекшілігімен жаңа диссертация жазуға кіріскен болатынмын.
Басына бұлт үйірілген 1987-89 жылдары Темекеңді қайтпас қайсарлығы мен қажырлы қаламгерлігі ғана ажалдан арашалап қалды.
Ұстаз жазуға отырды. Осы жылдары ол күн сайын дерлік баяғы Пушкин кітапханасының қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар бөлімінде отыратын. Сенбі, жексенбі күндері ұстазға мен де қосыламын. Өйткені диссертациямның тақырыбы «Орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихының проблемалары» болғандықтан мен үнемі революцияға дейінгі энциклопедиялық басылымдармен жұмыс істейтінмін. Ал олар сирек кездесетін кітаптар ретінде сол бөлімдегі сөрелерде тұратын.
Профессор мөлшері таңғы шайын асықпай ішіп, сағат он бірлер шамасында кітапханаға келетін. Содан табан аудармай кешкі 5-6-ларға дейін жұмыс істейтін. Кейде кітапханадан мені де ерте шығып, Құрманғазының бойымен аяңдап, өзінің Достық даңғылындағы үйіне дейін жаяу келетін. «Жаз, жаза бер. Сенің нағыз жазатын кезің» , – деп мені үнемі жігерлендіріп отыруды ұмытпаушы еді, қайран ұстаз. Бұл шығармашылық тұрғыдан алғанда ағамыз үшін өте өнімді жылдар болды.
Ол көз майын тауысып «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап», «Абай» журналдарының сарғайған беттерінен сарыла іздеп Б.Сүлеев, К.Тоқтабаев, Ы.Жайнақов, Б.Сырттанов, М.Сералин, Қ.Кемеңгеров, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Ғ.Тоғжанов, Ш.Тоқжігітов, М.Жолдыбаев т.б. қазақ зиялыларының 20, 30-жылдардағы әдеби-публицистикалық мұраларын зерттеп, ғылыми-танымдық мақалалар сериясын жариялады.
Қайсар қазақ шығармашылық қызметпен бірге шындық үшін күресін де бір сәтке тоқтатпады. Қашанда әділдіктің жолынан табылатын Ғаббас Қабышев бастаған сатирик ақын-жазушылар тобы ұстаз тағдырына араша түсіп, жоғары орындарға хат жазды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ұстазының жазықсыз жазалы болғанына наразылық білдірген шәкірт хаттарының легі де толастамады. Сөйтіп жүргенде келімсек Колбин кетіп, республика басшылығына Н.Ә.Назарбаев келді. Ол желтоқсанда жазықсыз жапа шеккен О.Жолдасбеков, Н.Мамыров, Т.Қожакеев сияқты көптеген қазақ ғалымдарын ақтап, оларға Ғылым Академиясы жүйесі мен республика жоғары оқу орындары есігін айқара ашты.
Ұстаз үшін шуақты күндер, қайырлы жылдар басталды. Ол қырық жыл өмірін өткізген туған университетіне қайта оралды. Содан өмірінің соңына дейін сүйікті кәсібі – ұстаздықпен айналысты. Бұрқыратып жазды, дүркіретіп шығарды. Ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында жарқылдап жүріп жетпіс жылдығын өткізді. Сол мерейтой қарсаңында «Атамұра» баспасынан Қайнар Олжай екеуміз құрастырған «Тұғырлы тұлға» атты кітап жарық көріп, оны шындыққа сусаған ұстаз шәкірттері пышақ үстінен бөліп әкетті. Бұл жылдары Темекең де бірнеше кітап шығарып, өз шығармашылығын тағы бір биікке көтеріп тастады.
Филология ғылымының докторы, профессор Т.Қожакеев әдебиеттану ғылымында тыңға түрен салып, қазақ сатирасының арғы-бергі тарихын жалғыз зерттеген сарабдал ғалым болды. Оның ғылыми еңбектері өз кезінде академиктер М.Қаратаев, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиевтар тарапынан жоғары бағасын алды.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында екеуміздің жолымыз университет дәлізінде қайта тоғысты. Ол әдейілеп менің лекцияларыма қатысып, ұстаздық тәжірибесімен бөлісті. Мықшегелігінен, турашылдығынан тайған жоқ.
Ұстаз жаңа мыңжылдықты да жақсы көңіл-күймен қарсы алып, қаламы құрғамай жазып тұрды. Біз университет бітіруіміздің 20-жылдық тойына шақырып, құрметті ұстазымызға құрақ ұша қызмет еттік. «Бұл кездесулерің – білген кісінің кездесуі. Кішіліктің, кісіліктің кездесуі. Өзгелерге ой салатын, сабақ болатын кездесу», – деп ағамыз бізбен бірге жиырма жылға жасарып, бәрімізге ақ батасын берді. Темекеңнің жігерлі сөзі, ширақ қимылына қарап оны қаумалаған шәкірттері ұстаздарын соңғы рет көріп тұрғандарын аңғарған да жоқ.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑