banner-top12

Өнеге picture

Қосқан уақыты Желтоқсан 20, 2012 | 653 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Уахап аға

Шартарапқа тарыдай шашылған қазақты іздеген ең алғашқы басылым «Шалқар» болса, сол көпке шуақ шашқан, шапағаты мол «Шалқар» газетінің уығы керіліп, шаңырағы шаншылған күннен бастап ерен еңбегі сіңгендердің бірі Уахап Қыдырханұлы. Бұл кісінің есімі, әсіресе, жырақта жасап жатқан қандастарымызға жақсы таныс. Ел тәуелсіздігінің елең алаңында, Елбасымен бірге шетелдік сапарларға бірге шыққан алғашқы журналистердің бірі екендігін айтпағанда, қасиетті Құранды аударып, көп тарихи дүниелерге қалам тербеген Уахап ағаның алыстағы ағайынды іздеп, оларға арнап «Сағыныш саздары» атты кітап жазғанын біреу білсе, біреу білмес. Алыстағы ағайын өмірімен етене танысып, олардың өмірге келу жолы мен зұлмат жылдардағы көшіп-қонған қазақтың тарихы туралы Уахап аға жазған осы кітаптан оқып ерекше әсерге бөленесің. Бұл жағынан алғанда Уахап ағаны алыстағы қандасқа кітап арнаған алғашқылардың бірі деп айтуға болады. «Шалқардың» берекелі шаңырағында қызмет ететін бүгінгі жастардың ақыл кені, жазушы ағамыз да сексеннің сеңгіріне қадам басыпты. Жастарға бергенінен әлі де болса берері мол Уахап ағаның жадын шау баспаған. Тың, қызықты ақпараттарымен әлі де бөлісуге бар. Арнайы іссапармен шартараптағы қандастарды іздегенде, ол жақтағы ағайынның алғаш сұрайтыны да Уахап ағайдың есімі. Бүгінде Швецияның Весторос қаласында жасап жатқан Абдулла Шағатай, Қаһраман Шакрак, Алманияның Кельн қаласында тұратын Ыдырыс Ерол, Мюнхен қаласындағы Ахмет ата мен Найман Шәріп Уахап ағаның үзеңгілес жақын достары болып кеткен.Ол да болса Уахап ағаның көпшілдігінің себебімен болған достық. Алманияның Мюнхен қаласында тұрып жатқан Талғат Қосжігіт, Әлихан Жаналтай, Абдулқайым Кесежилер,Тұркиядағы Әбдуахап Қара, Париждегі Абдулсамет Алтай ағалар Уахап аға туралы көп жақсы естеліктерімен бөлісіп, көріскен сайын Уахап Қыдырханұлына сағынышты сәлемін жолдайды…
2009 жылы Мюнхенде өткен жастар жиналысында алыстағы ағайынның алып бәйтерегі Хасен Оралтаймен соңғы рет сұхбат жасап, ой бөліскеніміз бар. Сол кезде де марқұм Хасен аға әрбір естелігінде Уахап Қыдырханұлының есімін, ол кісінің тілшілік қызметіндегі ерен еңбектері туралы жиі айтып отырды… Әлемнің әр қиырындағы қазақтардың бір- бірлерін іздеп табуына ұйытқы болып, бауырымдап қауышқан көп қазақтың бауырластығының жаршысы болған Уахап ағаның 80 жылдық мерейтойымен құттықтап хат жолдаған қандастар да болды. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші, елден жырақта ғұмыр кешіп жатқан қандастарымыздың аузынан естіген Уахап аға туралы жақсы естеліктер Уахап Қыдырханұлының ел азаматы, ел ағасы екендігін, азаматтық келбетін айқындай түседі. 80 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын Уахап аға!
ASAQURMETTI VAHAP AGA SIZDI 80 JILDIK MEREY TOYUNIZBEN KUTYKTAY OTIRIP UZAK ÖMIR ZOR DEN SAUVLIK TILEYMIN OTBASINIZ AMAN BOLSIN.OSIDAN BILAYGI KUMIRINIZDA DA SHGARMASHIK TABISTAR TILEYMIZ.
QURMETPEN ABDULSAMET ALTAY PARIS 17.12.2012 gyl
Аса құрметті Уахап аға! Сізді 80 жылдық мерейтойыңызбен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін! Отбасыңыз аман болсын. Осыдан былайғы ғұмырыңызда да шығармашылық табыстар тілейміз. Құрметпен Абдулсамет Алтай Париж.17.12.2012 жыл

 

УАҚАП, АҒА

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим!

Қызыл өкімге тұрмасаң да ашық қасқарып,
Өзегіңді анық өртегені оттың аш-қарық!
О, Уақап, аға,
Құс өтпес тұста елшектен,
«Біз-біз» деп тұрдың «Біздің Отанды» басқарып!

Біздерді тұрды «Біздің Отаның» шақырып,
Визасыз ол бір жүректерге еді шақырық!
Жүректен орын алдырушы еді ол – Отанға,
Тұрса да қанша Қызыл өкімің ақырып!..

Үніңіз оның жасырын, кейде күшінде,
Жататын еді харпінде, жақша ішінде…
Ой көзіменен оқыған оны әр қазақ,
«О-та-ным-м!» дейтін, кәдімгі батыр пішінде!

«Отаным!» дейтін, «Біздің Отанды» қолға алып,
«Отаным!» дейтін, тебірене терең-ң толғанып!
Оқитын оны Отанын оқып жатқандай,
Оқып жатқандай Қазақстанын қолға алып!..

Жан түбіндегі Отанға деген ақтық үн,
Сөйткізетұғын өзінің ақтап ақтығын!
Сөйткізетұғын сырттағы жүрген қазақты,
Отанға деген Хақ берген махаббат-тұғын!..

Ағатайым-ай,
Ата-тайым-ай,
Атам-ай!
Біздерге қымбат аят дарыған батаң-ай!
Біздерге қымбат Хақ Аллаһ сөзі – Құранды
Тәпсірлеп, жұртты тәлімдегенің!..
Атама-ай!

Сексенің, баба, сеңгірлі болсын – шың биік!
Тұрады дейді Тәңірге басын шың да иіп!
Сексенге сіздей сетер боп жету Хақ бағы,
Сексенге келіп селтеңдеп жүру шын күйік!..

Дүние жалған…
Жалғанға бірақ үйір шын
Құранын оқып,
Иманын адам үйірсін!..
Сіз сынды бізге
(Өзіне Аллаһ хақ бастап),
Сексенге сіздей сетер жетуді бұйырсын!
Әмин,
Аллаһу әкбар!

2012.12.18

 

 

Уахап аға

Шіркін алып ұшқан көңіл-ай! Тауды қопарардай, суды қотарардай екпіндеген ағыл да тегіл ақ жарқын күндер… Бәрі де күні кеше ғана секілді. Соншалықты үлкен шаруа бітіре алмасақ та, өзің ұнатқан, өзің қалаған мақсатыңа берілуден, құлап тұрып құнығудан артық қандай қызық болмақ?.. «Жүз кітап оқыған адам жүз бірінші кітапты өзі жазады», деген сірә да шындыққа жақын болу керек! Кітап оқуға деген құштарлық өсе-өрши келе осындай бір нәрселерді өзім де жазып көрсем қайтеді деген ойдың жетегімен қаламды қолға алған едік. Ол қағаз бетіне ұйқасты сөз, тіркеспен тізілген төрт жол – төрт жол болып түсті. Сөйтсек, ол өлеңнің алғашқы қадамы, формасы болып қалыптасқан екен. Қатарымыздағы жақын құрбы-құрдастарға оқыдық, ұстаздардың пікірін алып, түзетуін қабылдадық… Енді өзін ақын сезінген албырт көңіл қойсын ба?! Редакцияларға жолдап, газеттің келуін күтесің… Осылайша басталған қадам тынымсыз іздену күндердің бірінде аты-жөніңді басылым бетінен бірақ шығарады. Дәніккен көңіл дағдыланып келесі «өлеңдерді» өзге басылымдарға да сырғытқысы келеді. Кәп-кәдімгідей аты мәлім болған ақын құсап алысқа сермеп, арманға ерік бересің!..
Қазақстан мен Қытай арасындағы, анығы; Ресей мен Қытай арасындағы байланыс жақсарып, шекарадан адам өте бастаған сол бір жылдары келген-кеткен туыстардан «Біздің Отан» газетінің оқырманы бола бастадық. 1988 жылы нартәуекелге бел буып, Алматыдағы Бас редакторы Уахап Қыдырханов ағамызға хат жазып, екі өлеңімді жолдадым. Күпті көңілмен күтіп жүрген сәттерде араға бірнеше айды салып, «Қос арыс» деген атпен Көдек Маралбайұлына (1888-1937) және Мұқағали Мақатаевқа( 1931-1976) арнаған екі өлеңім жарық көрді. Міне, сол күндерден басталған хабарласу, хат жазу жалғаса келе, 1994 жылғы қазақ жеріне жетіп, «Шалқар» газетінің бастығы Уахап ағаның қолын алумен мәндене түсті.
– Сізге Қытайдан хат жазып, өлең жіберіп тұратын Дәулетбек Байтұрсын деген бауырыңыз мен едім!
– Иә, Дәулетбек, қал қалай? Біржолата келдің бе?
– Иә, Уахап аға, сіздің «Шалқарыңыз» шақыра-шақыра, айдынына алып келіп қондырды.
– Бәрекелді, тағы кім бар?
– Ақын Керім Елемесұлы екеуміз келдік.
– Азамат!..
Міне, содан бері де 18 жыл зу ете қалыпты. Уахап ағамен кездесіп, сөйлесіп, сырласып тұрдық. Сапарлас болып бірге жүрдік… «Әдебиет айдыны» газетінде қызмет етіп жүргенде жиі келіп тұрды, ағаның кіріп келе жатқанын көрген сәттен офицерін көрген солдаттай тік тұрамыз. «Мынау дүниені жариялау керек!»-дейді кезекті мақаласын ұсынып тұрып, «Әрине, сізге зеленый свет!»-деймін әрі әзіл, әрі шын. Құрметті демалыстағы Уахап аға «Қайран Алтай, Марқакөл» кітабын алып келіп, қолтаңбасын беріп сыйлады. Ілтипатпен иіліп тұрып қабыл алдық. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді». Сонау бір кезде арғы бетте жүргенде бізді елеп-ескеріп, шимайымыздың шырайын кіргізіп, томағамызды сыпырған Уахап ағаны, Құрманбай Толыбаев ағаны біз қазақ елі – қара шаңырақ деп қабылдадық. Осы ағалардың жылы сөзі елдің пейілі, Атажұрттың ақжарқын жүрегі болып жанымызды жылытты емес пе?!
Бұл бір менің ғана бастан кешіріп, басып өткен жолым. Өзге де қолына қалам алып жазып жүрген қаншама жас буынға жалын беріп, шабыттандырғанын айтсақ, ұзақ әңгіме…
Ең бастысы отаншылдығымызды оятып, ұлтқа, мемлекетке қызмет етуді үйреткен Уахап ағалар уақыттың бізге берген байлығы, тағдырдың сыйы! Өн бойындағы, ақыл-парасатындағы бай энциклопедиялық білімінің қазақ ұлтының ұрпағына, тәуелсіз Отанның игілігіне арнаған аға біздің мақтанышымыз!
Жасы 80-ге келіп, егемен елінің құрметті ақсақалына айналған жазушы бәрімізге өнеге. Талас-тартысқа, айғай-шуға әуестігі жоқ, атақ-даңқ, шен-шекпенге ұмтылмайтын сабырлы, салиқалы қалпымен қаламға ерік беріп, еңбегіне сенген Уахап Қыдырханов ел-жұртының алдында абыройлы белесіне көтерілді. Нағыз ұлт зиялылары осындай ойлы, еңбекқор, сөзден гөрі істі артық көретін көшелі жандардан тұрса керек. Ол кісінің бұлақ көрсе көзін ашатын үлгісі менің де бұлжымас ұстанымыма айналды.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑