banner-top12

Өнеге 50da3a08ee1983e333c5b5f5e169b2b4

Қосқан уақыты Наурыз 30, 2017 | 500 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

Уфада білім алған қазақ зиялыларының тізімі анықталды

«Баламды медресеге біл деп бердім» деп Абай атамыз айтпақшы, қазақ баласының білім көзінің бастауын медресемен байланыстырған. Қазақ даласында елуге жуық медресе болса да, зиялылардың басым көпшілігі «Ғалия» медресесінде білім алған. Ресей империясына қарайтын мұсылман елдерінің ішінде алғаш рет Қырымда 1905 жылы жастарға бірыңғай Құран уағыздап, хадистерді жаттата бермей, бірауық дүнияуи ғылымды оқытатын «Ғалия» медресесінде бір жылдық 3 даярлық курсы және негізгі білім беретін үш жылдық 3 сынып болды. Онда Ислам тағлымдарымен бірге жалпы пәндер де оқытылды. Атап айтқанда: алгебра, физика, тарих, жағрафия, орыс тілі, татар тілі мен әдебиеті, педагогика мен гигиена пәндері бойынша шәкірттер білім алған. Мұнда білімге құштар мұсылман жастары жер-жерден ағылды. Әдебиет кештері өткізіліп, пікірсайыс клубтары жұмыс істеді. Қазақ, татар, өзбек тілдерінде қолжазба журналдар шығарылды.

Тарих ғылымының докторы, профессор Хайыржан Бекхожин өзінің «Қазақ» баспасөзінің даму жолдары» деген 1964 жылғы еңбегінде «Ғалияны» бітірген 154 қазақтың төте оқу мектептерін ашып, бала оқытқандары жайында тиянақты дерек келтіреді. Одан кейінгі екі оқу жылын қосқанда ең аз дегенде екі жүздей қазақ жастары жоғары оқу деңгейіндегі медреседен білім алған қазақ зиялыларына тоқталып өтейік: Қазақ журналисі Әбдірахман Мұстафин – «Ғалия» медресесінің шәкірті. Ол 20 жасқа толған кезінде медресеге келген екен. «Ғалия» медресесінің шәкірті М.А.Магдеевтың мақұлдауымен студенттердің 75 пайызы жазғы уақытта түрлі бағыттарда жұмыс атқарған. Атап айтсақ, қазақ мұғалімдік, ағартушылықпен қатар, фабрика, заводтарда қара жұмыстарды да жасады. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев та (1893-1938) – осы медресенің түлегі. Ақынның туған жері бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді. Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Бірақ, бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп енді Уфаға аттанады. Сонда дәрежесі Жоғары діни оқу орнымен пара-пар «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл-кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі. Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетінееркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді.

Білім ордасының келесі шәкірті, сіз бен біз жақсы танитын қазақ прозасының майталманы – Бейімбет Майлин – (1894-1939) Қостанай облысы, Таран ауданы, Майлин кеңшарында туған. Екі жасында әкеден жетім қалған Бейімбеттің анасы бір байдың сауыншысы болып жұмыс жасайды. Жасы жетіге толған соң өзі де сол байдың қозысын бағып, кейін атының делбесін ұстайды. 1913-1914 жылдары Майлин Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, оны бітіргеннен кейін Уфа қаласындағы «Ғалияда» оқиды. Сол жылдары медресе шәкірттерінің әдеби үйірмесіне қатысып, өзі секілді талапкер жастармен бірге «Садақ» журналын шығарысады. «Садақтың» әрі редакторы, әрі белсенді авторы болған Бейімбет осы журналдың 1914 жылдағы үш нөмерінде өзінің тырнақ алды прозалық туындысы «Шұғанын белгісін» жариялайды. Бұл «Ғалия» шәкірттері мен ұстаздарының арасында автордың атын шығарып,талантын танытқан тамаша шығарма болатын.

Нұғыман Манаев – (1895, Астрахань облысы, 1937) Қазақстанның оқу-ағарту саласында көп жыл еңбек етіп, оқу комиссарының орынбасары болды. Армия Әшкеев пен Әбілғазы Иманбековтер кейін ұстаздық-ағартушылық қызметті абыроймен атқарды. Ал Зияш Алдабергеновтың «Еңбекші Қазақ» газетінен басталған қаламгерлік жолы өмірінің соңында ғұлама молдалыққа жалғасты.

Бекмұхамед Серкебаев – (1896 ж – қайтыс болған жылы белгісіз). «Ғалия» шығыс халықтарына жоғары білім берген бірден-бір іргелі оқу орны болатын. Бекмұхамед осы медреседе Мағжаннан басқа көрнекті ұлт зиялыларымен, башқұрттың талантты ақын-жазушылары Шайықзада Бабич және Сайфи Құдашпен бірге оқиды. Әсіресе, Шайықзадамен етене жақын дос болады. Қазақ, татар, башқұрт, шәкірттерін оқу-ағарту, әдебиет, мәдениет істеріне тарту мақсатында «Шымытыр» атты қолжазба журнал шығып, өзі оның редакторы болады.

Таир Жомартбаев – (23.07. 1884-1937), қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, ағартушы. «Көкбай» медресесінде білім алып, 1911 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. «Ғалияны» бітірген соң (1910-1911( Семей қаласындағы медреселерге сабақ берді, революциядан кейін өмірінің ақырына дейін кеңшар мектептерінде, техникумдарда ұстаздық етті. 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің сапалы жаңалық – прозаның, оның ішінде романның тууы еді. Бұл жанрға алғаш қалам таратушылардың бірі – Абай төңірегінде болып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өскен белгілі педагог. «Қыз көрелік» деп аталатын – әйел теңдігі, ағартушылық тақырыбын заманында ешкімге ұқсатпай, өзіне тән көркемдік ізденіспен өрнектелген шығарманың авторы.

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың – әкесі Әлімбаев Әлімбай  да осы білім ордасынан сауат ашқан екен. Ол – «Ғалия» медресесін бітірген соң өзі туып-өскен Павлодар облысы, Маралды ауылына мектеп салып, балалардың сауатын ашуға септігін тигізген адам.

P/S: Енді, «Ғалия» шәкірттері ел үшін қай ісімен қадірлі дегенге келейік: ең алдымен, 1913-1918 жылдар аралығында қолжазба «Садақ» журналының 40 шақты санын шығару арқылы мәдениетімізге үлкен олжа сыйлағанын айрықша атау қажет. Ол ғана емес, медресе шәкірттері сол кездері қазақ тілінде жарық көрген басылымдардың бәріне хабар-ошар, мақала жазып, әліппе кітабын, өсиеттерін шығарды. Төңкерістер тұсында оқу жүйесі қожырай бастаған тұста ел ішіне барып мұғалімдік курстар ұйымдастырып, Қазақ елін ағартудың жедел шараларын іздеді. Ағартушылық іске сол кезде оқып жүргендердің бәрі түгел қатысты. Балаларды дыбыс әдісімен оқыту әдістемесін жүйеледі. Сондай-ақ «Ғалия» шәкірттері бір-біріне де өте адал еді. Олар өзара шәкірттердің жерлестік қауымын ұйымдастырып, ауырып сырқағанға, қаражаттан тарыққандарға көмектесіп тұрды. Міне, бұл сол кездегі қазақ оқығандарының бір-біріне деген жанашырлығы, көңіл жарастығы еді.

«Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттерінің өнегелік сипаты еліміздің бұл күндері емін-еркін дамып отырған мәдениеті мен әдебиеті үшін өз жемісін берді.
Ақпарат көзі: http://asylarna.kz/maqala/maqalainfo/387




One Response to Уфада білім алған қазақ зиялыларының тізімі анықталды

  1. БҚО Казталовкалық, қазақтан шыққан қазақ тілінің тұңғыш профессоры Қажым(Қажығали) Басымов та Уфада Мағжанмен, Бейімбетпен бірге оқығандардың бірі. Тек жоқтаушысы аздау болып тұрғаны өкінішті.
    Мен осы Шалқар газетіне жазыла алмай жүрмін. Қаззпоштасының каталогінде жоқ. Қалай жазылуға боладыы немесе индексі мен жазылу құнын жазып жіберсеңдер…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑