banner-top12

Әдебиет image-l

Қосқан уақыты Желтоқсан 14, 2016 | 690 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Хафиз – Шәкәрім рухани үндестігі

Ислам Жеменей, ф.ғ.д.

Абай, Шәкәрім сынды ойшыл, кемеңгер ақындардың шығармаларында олардың туған елі, қазақ халқының қоғамдық ортасы, ой-өрісі, психологиясы мен дүниетанымы бір-бірімен қабаттасып, астасып жатқандығы бір қыры болса, адамзатқа тән әрқилы рухани-психологиялық, философиялық құндылықтармен ұштасып жатқандығы екінші қыры болып табылады. Олардың еңбектерінің ұлттық шеңберден асып, әлемдік деңгейге де көтерілуі сондықтан болар. Сол себептен, Абай мен Шәкәрімнің шығармалары адамға тән ішкі құпиясын көре алатындай шарайнасына айналғаны шындық.

Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп жырласа, Шәкәрім:

 

Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,

Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.

Тек отырсам, текпілеп шыдатпайды,

Енді қайтіп бұл елмен жарасамын −

 

деп қазақтың күншілдігінен туындаған кертартпа психологиясын бейнелейді.

Олар қазақтың өмірге деген көзқарасын адамзатқа ортақ құндылықтарға сабақтастыра отырып мәнін, идеясын аша түскен. Шәкәрімнің:

 

Білімділер насихатпен жазады,

Адам үшін уайым жеп жазады.

Байқай оқып отырсам, соның бәрі:

«Дүниені сұм, алдамшы» деп жазады, −

 

дегені,  білімді адамға адамзаттың ортақ құндылығы яғни «адам болып қалу» уайымы екендігін көрсетеді. Абай да Шәкәрім де адами ортақ құндылықты қазақи ортада жүріп ұқты.

Сонда қазақ адам ретінде өз қадірін білу керек. Ол үшін бұл жаһанда жалғыз қазақ тұрмағанын ойда сақтап, экологияның ортақтығы, мәдени шабуылдардың жан-жақтылығы, ой арнасының көптігі, уақыттың жарысқа түскендігі сынды таным арқылы әр ұлттың өз кеңістігі басқа да кеңістіктермен байланысып, әрі қақтығысып жатқанын қаперге алып сыртқы қысымдарға шыдас бере алатындай парасатты күшке қол жеткізуге тиіс.

Әдебиет адам өмірінің саяси-қоғамдық, мәдени-рухани сынды сан саласын қамтиды. Сондай-ақ, әдебиет ұлт-ұлыстардың өзіндік дәстүрлі құндылықтарынан бастау алғандықтан әлем әдебиетінің ішінде ұлттық нақышымен көрініп, адамдық құндылықтарды өз бояуымен бейнелеп бергені үшін құнды дүние екендігін айғақтайды. Міне, осы тұрғыдан келгенде Абай мен Шәкәрім шығармалары ұлттық өрнегімен бағаланып жатады. Яғни ұлттық тамырынан сусындап, әлемдік әдебиет кеңістігіне қосылған дүниелер. Абай мен Шәкәрім еңбектерін қай тілге болсын аудару оңай емес. Мәселен, Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп жырлаған өлең жолдарын оқырман түсіну үшін қазақ тілін білу аз, тек ұлттық болмысын сезініп, оны жанындай сүйе алған жан ғана оның құпиясын аша біледі. Профессор М.Мырзахметұлы Абай шығырмасының өзге тілдерге аударма мәселесінде: «Абай – қазақтың ұлттық ақыны болғандықтан, оны басқа тілге аударып, сол тілде сөйлету оңайға түскен жоқ. Абайды орыс тіліне бүгінге дейін сөзбе-сөз аударма арқылы әрлеп аударып, дәл мағынасын жеткізе алмауы себепті, ол аудармалар бізді қанағаттарындыра алмай келді. Енді ғана қазақ тілі мен орыс тілін тең білетін қазақтардың аудармасы назарға іліге бастады» деген тұжырымы біздің ойымызды қуаттай түседі. Шәкәрімнің «Бай мен қонақ» атты өлеңінде: «−Мал жаныңыз аман ба, бала шаға?» (Шәкәрім, 69-б) деген өлең жолдарын аудармашы қазақтың негізгі тіршілік көзі − мал шаруашылығы екендігін қаперіне алмай, «жай амандасу» мағынасында аударуы мүмкін. Ал, шын мәнінде «мал жаныңыз аман ба?» деген сұрақтың астарында қазақтар үшін төрт түліктің амандығы бірінші орында, үлкен мәнге ие екендігін қазақ тұрмысын білмеген кісі ұға алмайды. Сондықтан «аудармашы» тәржімалайтын шығарманың тілін білумен шектелсе сәтті аударма жасай алмайды. Тілді білу алғы шарт бола тұра, тілдің ішкі ұлттық мазмұны – тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты құпиясымен рухани иірімдерін терең ұғынуы аударманың сәтті шығуы үшін ажырамас ереже. Екіншіден, «аудармашы» тәржіма жасалатын тілдің де дамыған қоғамдық ортасын, тарихи кеңістігінен мол хабардар болуға міндетті. Сол себепті аудармашы сөздік қорын молайтуда, жан-жақты білімін жетілдіруде үнемі ізденгені абзал. Үшіншіден, аударманың әр салаға байланысты өз ерекшеліктері бар. Мәселен, саяси-тарихи, ғылыми-пәлсапалық тақырыптарда аудармашы автордың берген мәліметі мен  ой-тұжырымдарын дәлдеп беруге міндетті. Аталмыш салаларда кезігетін терминдер мол болғандықтан бастапқы тәржімаларда оларды сол күйде қалдырып жақша ішінде түсінік беріп отырған жөн. Кейін жан-жақтан ғалымдар мен тәржімашалар терминдердің балама сөздерін ұсынып жатары хақ. Ондай балама сөздерді қоғам құлшына қабылдап, қолдана бастағанда, оларды келесі зерттеу не аударма жұмыстарда қалыпты қолданысқа енгізе аламыз. Мәселен, тенденция – үрдіс, дәстүр, глоболизация – жаһандану, деспотия – озбырлық, флектив – қопармалы, аглюнатив – жалғамалы деген қазақы балама сөздер тілдік психологиямызға тез түсінікті болып кетті. Бірақ, қазақ тілінде терминдік сөздердің басым көпшілігі қазақша баламасын таппай жүр. Мәселен, бір мақала көлемінде иерархия, монополия, конфронтация, конфликтология, специфика, арбитр сынды терминдер қарапайым оқырманның ой өрісін сүріндіреді, тежейді.

Сондықтан ғалымдар терминдерді барынша қазақ тіліне аударуға атсалысқанда ғана ұлттық сананы шетелдікше ойланудан сақтандырады. Әйтпесе, бұндай оғаш терминдер ұлттық санамызға толықтай сіңісіп  алмай тек қана зиялылардың білгіштігі белгісі ретінде көрініс табады да, оқымыстыларды қарапайым халықтың тіршілігінен алыстатып оларды екі жаққа бөліп тастайды. Ал терминдерді қазақыландырып, қарапайым оқырманның бойына сіңіре берсек, олар да оқымыстылардың ой керуеніне ілесіп, ойлау сатысының биігіне өрлей береді. Көптеген даму үстіндегі елдер өз халқының санасын ұлттық тілінің сөз қорымен оята білді. Мәселен, Иран Ислам республикасының негізін қалаушы Имам Хомеини қашанда халық алдында өте қарапайым сөздермен күрделі ойларын айтып, мемлекеттік мүдденің мән-маңызын айқындап бергенін айта аламыз. Сондай-ақ, Иран ғалымдары сан-алуан ғылыми, әдеби, саяси, философиялық терминдерді парсы тіліне аударып берді. Олар жазбаларында әуелі терминдерге жақша ішінде түсінік бере бастайды. Кейін сәтті балама сөз көпшілік тарапынан қабылдана бастағанда түпнұсқадағы термин сөзді жаңадан қабылдаған балама сөзбен қатар жақша ішінде бере бастайды. Термин сөз бен балама сөз оқырман бойына әбден сіңісіп кеткен соң, ұлттың төл сөзін қалыпты түрде енгізіп қоғамдық ойды ана тілінің сөзімен алға жетелеп отырады.

Сол себептен Абай мен Шәкәрімнің парсы, орыс тілдерінен тәржімалаған өлеңдерінің сәтті шығуының сыры біріншіден – аударманың тілін, ішкі сырын жетік білгендігі. Екіншіден, аудармада өз ұлтының ұғым-түсінігіне жете мән берген. Үшіншіден, сауатты да сезімталдығы аударманың жақсы шығуына үлкен әсерін тигізген. Бұл орайда Хафиз ғазалдары ұлттық, адами һәм илаһи ұғымдардың қайнарынан бастау алғандықтан кез келген тілге тәржімалануы оңайға түспейді. Әсіресе, аталмыш үш бағытта аударма жасауға дайындығы жоқ тәржімашы Хафиз ғазалының мазмұнынан ауытқуы әбден мүмкін. Ал, Шәкәрім қазақ қоғамының қайнаған ортасында Абай сынды ұлық ұстаздың саясында ұлттық, адами қасиеттеріне һәм илаһи иманға, қаныға өскен, тәрбие алған жан. Сондықтан Хафизды оқып танысқан соң оны сүйді, түсінде көріп, сырласты, жанына серік етті. Сонымен қатар Құран тілін, парсы тілін жетік меңгерді. Осындай артықшылықтар Шәкәрімге Хафиздың ой қазынасына еркін кіріп, керекті маржан ойларын алуға мүмкіндік берді. Хафиз ғазалы:

 

1.Әла я әийоһа әссақи әдер касән вә навелһа

Ке эшқ асан немуд әввәл вәли офтад Мошкелһа

  1. бе бүйе нафей ке ахәр сәба зан Торреһ бегошайәд

зе таб-е золф-е мошкинәш че хун офтад дәр делһа

  1. бе мей сәжжадеһ рәнгин кон гәрәт пир-е мұған гүйәд

Ке салек бихәбәр нәбовәд зе раһ-о-рәсм-е мәнзелһа

  1. Мәра дәр мәнзел-е жанан че әмн-е ейш чун һәр дәм

Жәрәс фәрйад мидарәд ке бәр бәндид мәһмелһа

  1. Шәб-е тарик-о-бим-е моуж-о-Гердаби ченин һайел

Кожа данәнд һал-е ма сәбокбалан-е саһалһа

  1. Һәме Карәм зе хош Ками бе бәднами Кешид ари

Неһан кей манәд ан рази кәзан сазәнд мәһфелһа

  1. Һозури Гәр һәми хаһи әзу ғайеб мәшу һафез

мәта ма тәлқә мән Тәһва дәһ-е-ддонйа вә әһмелһа

 

Ғазалдың жолма-жол аудармасы:

  1. Айналдырып әй, сақи, кеселерді маған ат,

Тауқыметін көрсетер оңай келген махаббат.

  1. Хош иісін бізге жеткізер таңғы самал шашыңның,

Қан жылатар жүректі бұрымы қара шашыңның.

  1. Түрлендір десе шараппен жайнамазды пір мұған,

Жолаушының жолынан бейхабарын білгенмін.

  1. Құлқым жоқ думан құруға жар үйінде менің де,

Қоңыраулатып қоймайды жүктеріңде теңізде.

  1. Қауіпті иірім, толқын үрей, қараңғы түн осындай,

Жағалаудан қанат қаққан құстар қайдан қосылғай.

  1. Көп істерім бағынбады жаманатқа ілікті,

Сыр ашылмас отырыстың қызығы бар білікті.

  1. Мұндай сырлар құпия боп қала берер солайша,

Тыныш жүрген Хафиз оны ұмытады қалайша?!

 

Енді Шәкәрімнің осы ғазал негізінде нәзиралаған өлең жолдарын келтірмес бұрын ескертетін жайт Шәкәрімнің өлеңдерін көшірушілер немесе баспаға дайындаушылар «Қараңғы толқын, қанды оқпын» өлеңін үш жұлдызша белгісімен (* * *)  екіге бөліп тастаған. Үш шумағы 401-бетінде қалып, кейінгі төрт шумағы үш жұлдызшамен жаңа өлең іспеттес берілген. Екіншіден, жеті шумақтың Хафиз ғазалына сай реттік санынан ауытқып кеткен. Сол себептен біз әуелі жоғарыда айтылған екі қателікті ескере отырып, өз түзетулерімізбен Шәкірімнің бұл өлеңін төменгідей ретке келтірдік:

Кел, аяқшы, қымыз құй,

Көпке бер де, маған бер.

Уақыт салды ауыр күй,

Жан қысылып, ақты тер.

 

Жаз таңының нұр желі

Жар кекілін жайқалтып,

Көңілге толып қан селі,

Жүректі тұр шайқалтып.

 

Жайнамазыңды арақпен

Боя десе мұңғыл пір,

Таза жүрек жол білген,

Болса айтқаны істе, жүр.

 

Жаралыс қонақ үйінде

Тыныштық қайда, тың қайда.

Қоңыраулатып күн, түнде

Деп тұр: «айда, жүк байла».

 

Қараңғы толқын, қанды оқпын,

Қорқыныш қатты, жүк ауыр.

Біздің жайды не білсін,

Жағада, жүксіз жат бауыр.

 

Пайда, мақтан, айла, күш

Жаманатқа ұшыратты.

Сауық, думан, көрнеу іс

Жасырын қашан тек жатты.

 

Ақ тілегін іздесең,

Ақ жолыңнан айырылма.

Ақ жүрекке кез келсең,

Өзге адамға қайрылма!

 

(Шәкәрім шығармалары, Алматы: «Жазушы», 1988, 401-402-беттер).

Шәкәрім Хафиздың бірінші бәйітін :

 

Айналдырып әй, сақи, кеселерді маған ат,

Тауқыметін көрсетер оңай келген махаббат.

Шәкәрім:

Кел, аяқшы, қымыз құй,

Көпке бер де, маған бер.

Уақыт салды ауыр күй,

Жан қысылып, ақты тер, –

деп тәржімалаған. Келесі екінші бәйітті Хафиз:

 

Хош иісін бізге жеткізер таңғы самал шашыңның,

Қан жылатар жүректі бұрымы қара шашыңның.

Шәкәрім:

Жаз таңының нұр желі

Жар кекілін жайқалтып,

Көңілге толып қан селі,

Жүректі тұр шайқалтып, –

деп берген. Хафиздың үшінші бәйіті:

 

Түрлендір десе шараппен жайнамазды пір мұған,

Жолаушының жолынан бейхабарын білгенмін.

Шәкәрім оны:

Жайнамазыңды арақпен

Боя десе мұңғыл пір,

Таза жүрек жол білген,

Болса айтқаны істе, жүр, –

 

деп тәржімалаған. Бұндағы «мұңғыл пір» тіркесі көшіру кезінде қате оқылған деген ойдамыз. Өйткені «мұған пір» сопылық әдебиетте өзіндік тарихи негіздермен сабақтаса қалыптасқан термин.

«Пірмұған» тіркесінің құрамындағы «мұған» немесе «мұғ» сөзінің астарлы мағынасы бар. «Мұған» (немесе мұғ) Хафизде пір сөзімен тіркесіп те, жеке күйінде де қолданылады.

Енді осы ұғымның шығу тегіне аз-кем тоқтала кетелік. «Мұғ» (немесе мұған) әу баста иран тектес мад тайпасының бір руы болған, ал бұл ру иран тайпаларының ішінде діни және рухани орны айрықша ел еді. Кейін зәрдөшт (зоратустра) діні Иранның батыс және оңтүстігіне тарап, мад және басқа Иран тайпаларының сенімі бір болған кезде жаңа діни көсемдерді мұғ (немесе мұған) деп атаған. «Авестада» бұл топты «атырабан» деп жазғанын көреміз, ал Ашқандар мен Сасандар дәуірінде бұл діни топты «мұған» деген.

Бұдан шығатын қорытынды: «мұған» – Зәрдөшт (Зоратустра) дінімен байланысты шыққан ұғым. Сопы ақындар көне ұғымға жаңа мағына, астар бере отырып, кәдеге жаратқан.

Хафизде «мұған пір» – тариқат жолаушыларына жол көрсетуші, дана рухани көсем деген мағынада қолданылады. Енді «мұған пірдің» шараппен қатысына тоқталайық. Мәжусилерде, яки зороастризмде шарап сатушыны- мұған пір деген. Алғашқы мұсылмандар шарапты христиандар мен мәжусилердің қолынан алатын.

Сондықтан да орта ғасырлық араб жазушысы Әл-Жаһиз «Хайуанаттар» туралы кітабында: «шарап жақсы емес, егер мәжүси құмырасынан болмаса» деп жазады. Кейін сопылар «мұған пір» сөзіне басқа үстеме мағына берген.

Сөздің түйіні Шәкәрім де көппен болса да жалғыз екенін сезіп, үрейде күн кешті. Нұрлы әлемге жол іздеді. Сол себептен де жол көрсетуші «Мұған пірді» тапқысы келді. Сонымен не десе де жол серік болуға бел буғанын «Таза жүрек жол білген, болса айтқаны істе, жүр», – деп ағынан жарылады. Бәлкім Хафиздың пір тұтқан «Мұған пірі» Шәкәрімнің де күйзелген жанына пана болар ма еді? Тіпті Шәкәрім қорқынышты қараңғылықта қалған қазаққа жарқын әлемге жол көрсетуші «Мұған пірдей» таза жүрек жанды армандаған шығар.

Ал, Хафиз ғазалының төртінші бәйіті:

 

Құлқым жоқ думан құруға жар үйінде менің де,

Қоңыраулатып қоймайды жүктерінде теңізде.

Шәкәрім:

Жаралыс қонақ үйінде

Тыныштық қайда, тың қайда.

Қоңыраулатып күн, түнде

Деп тұр: «айда, жүк байла», –

 

деген жолдармен керуеншілердің күй-жайына теңестіріп, кереметтей сөздермен адамның фани картинасын бейнелейді. Хафиздың бесінші бәйітін:

 

«Қауіпті иірім, толқын үрей, қараңғы түн осындай

Жағалаудан қанат қаққан құстар қайдан қосылғай», –

деп аударған.

Шәкәрім тарапынан былай деп жырланады.

 

 

Қараңғы толқын, қанды оқпын,

Қорқыныш қатты, жүк ауыр.

Біздің жайды не білсін,

Жағада жүксіз жат бауыр, –

 

Біріншіден, бұл өлең жолындағы «оқпын» сөздің орнына «оқпан» болу керек деген тоқтамға келдік. «Қазақ тілінің сөздігінде»  оқпан сөзінің бір мағынасы «ойылып түскен жер қуысы, шұқыр» деп берілген. Шәкәрім Хафиздың «Гердаби ченин һайел» деген сөз тіркесіндегі: «Гердаб» – иірім-су иірімін «оқпан» сөзіне балайды. Өйткені тұспалға толы Хафиздың өлеңін сөзбе-сөз немесе парсы тіліндегі ұғымын аударма жасауда кез келген өзге тілдерге аудармасы оқырманына түсініксіз болары анық. Сол себептен Хафиздың жүрек лүпіліне бөгет болатын:

«Қауіпті иірім, толқын үрей, қараңғы түн осындай» деген тұспалды жолын Шәкәрім қазақ тіліне толымды да терең ойға жетелей алатындай етіп: «Қараңғы толқын, қанды оқпан» тармағына сидырған. Өйткені, Хафиздың бұл бәйітіне бір қарағанда теңіздің қараңғы түндегі үрейлі толқынын жағалауда беймарал қанат қағып еркін ұшып жүрген құстардың сезбесі де, түйсіне алмасы да анық. Бірақ та бұл бейне сол кездегі Хафиз бен Шәкәрім өмір сүрген заманының бір көрінісі десек артық емес. Зұлымдыққа жаны қас екі ақын қамығып жүргенде қоғам қамына, адам тағдырына бейжай қарап, күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген жандар «не білсін» деген ойға кетеді. Екі ақынның ой-түйсігі уақыт қашықтығына қарамастан нәзік үндескен. Сонымен қатар Шәкәрім өзі өмір сүрген зұлмат кезеңнің қауіп-қатерін сезгендей күй кешті. Шәкәрім «Қараңғы толқын, қанды оқпан», – деп жазған өлең жолы өзінің келешекте күтіп тұрған тағдыр тәлкегі екенінде сезгендей болды. Өйткені сұм тағдыр Шәкәрімді жауыздардың қолымен 1931 жылдың 2-қазанда шәһид етті. Одан соң «қанды оқпан» тереңіне мәйітін тастады. Демек, Шәкәрім сол кездегі әділетсіз қоғамның зұлматын алдын ала сезді. Бірақта оның алай-түлейге толы жан күйзелісін кім ұғынар еді. Амалсыз Хафизбен сырласып, жан құпиясын жырлады.

 

Хафиздың алтыншы бәйіті:

Көп істерім бағынбады жаманатқа ілікті,

Сыр ашылмас отырыстың қызығы бар білікті.

 

Оны Шәкәрім төмендегідей шумақпен:

Пайда, мақтан, айла, күш

Жаманатқа ұшыратты.

Сауық, думан, көрнеу іс

Жасырын қашан тек жатты, –

деп жырлап, тақырыпты оқырманына анығырақ етіп көрсете білген.

 

Хафиздың соңғы жетінші бәйіті:

Мұндай сырлар құпия боп қала берер солайша,

Тыныш жүрген Хафиз оны ұмытады қалайша?!

 

деп берілсе, оны Шәкәрім мынадай өлең жолдармен:

Ақ тілегін іздесең,

Ақ жолыңнан айырылма.

Ақ жүрекке кез келсең,

Өзге адамға қайрылма! –

 

деп тәржімалаған. Бұнда да Шәкәрім ғазалындағы үрдіс яғни шайырдың есімін өлең жолына қоспай кету сақталған.

Ахмет Йассауиде «пірмұған» – қасиетті жан, Алланың құлы, зәмзәм суы іспеттес қастерлі шарап ұсынушы, жақсылық атаулының бастаушысы:

 

Пірмұған нәзәр қилди шарап іштім,

Шәбли иәнглиғ сәмаһ ұрып жаннан кештім.

Сәр мәст болып ел-халықтан танып қаштым,

Зәмзәм болып жер астына кірдім. міне, –

дейді.

Сопылық ілімде ұстаз бен шәкірттің ара қатынасында жол көрсететін пірдің орны бөлекше. Рухани жетілу жолына ұмтылған адам ұстазға, пірге шексіз берілу қажет. Қожа Ахмет хикметтерінде Пірмұған жолбасшы әрі шарап құюшы. «Фана» күйіне түскен шәкірт Пірмұған шарабын ішіп, тазаруы керек-ті. Бұл жай шарап емес, қасиетті дәм. Адамға күш беретін, Аллаға деген сүйіспеншілікті білдіретін құдіретке ие. Осы шараптан дәм тату үшін Пірмұғанға шын беріліп, қызмет жасай жүріп, мұратыңа жетесің. Бұндағы «фана» сөзінің лексикалық мағынасы жойылу, жоқ болу. Ал «фана фи Алла» деген Алламен бірігу, кірігу мағынасында Ахмет Йасауидің 77-хикметінде толықтай айқындала түскен:

 

Фана фи Алла дариясына шоммағанша

Бәқа бе Алла гауһарынан алса болмас, –

 

деп сопы тақуалық жолында жанын барлық дүниеуи нәпсінің құмарлығынан тазартып, Алланың бір ұшқын затына лайық ең биік адами қасиеттен илаһи сатысына көтерілу биіктігін меңзейді.

Қазақ пен парсы өлеңінің жырлау өлшемінің ерекшелігін айтпағанның өзінде сан жағынан аз да болса айырма бар. Екіншіден, Хафиздың 5-ші бәйітінің ұғым-түсінігін Шәкәрім бірінші төрт жолдық шумағында өзіндік бояумен жырлағанын көреміз. Сондай-ақ Хафиз ғазалының 3-бәйітін Шәкәрім 3-шумағында қазақы ұғыммен берген. Демек, «Шәкәрім Хафиз ғазалын тәржімалады» деген тұжырым дұрыс емес. Өйткені, Шәкәрім жеті бәйіттен тұратын Хафиз ғазалының бар-жоғы екі бәйітінің жан тебіреністі ой-өрнегін пайдалана отырып, өзіндік ой нақышын өрнектейді. Сол себептен, ақындардың бір-біріне бұндай ішінара әсерін тәржіма деу қиын. Өйткені, шығыс әдебиетінде бұндай үрдіс көп болған. Бір шайыр өзге шайырдың бір-екі бәйітін тұтастай немесе ұғымына орай пайдалана отырып өлең жазады. Бұл құбылыс «тәзмин» (кепілдік) делінеді. Әрі Шәкәрімнің аталған екі шумағы Хафиздың екі бәйітімен мағыналас, идеялас кейпінде үндесіп жатыр. Сондықтан Шәкәрімнің жырлаған шумағын аударма деп айту қиын

Мағыналас, идеялас дейтін себебіміз, Шәкәрім де Хафиз сияқты қоғамды билеп тұрған бейқамдық, надандық әлде немқұрайлық немесе басқа бір адамның игі арманына кедергі жазмыш образын қараңғы түннің қорқынышты толқынына балайды. Содан қоғамының бағы мен сорына белсенділік танытпай, өзіне тиісті міндетті мойына алмай жүктемесі жоқ адамдар өздерінің адами, ұлттық міндетін «қайдан ұға алар?» деген оймен бұл жауапсыздықты қараңғы толқынға теңеп, бұл бейхабарлықты қорқынышты жағдай сипатында көрсетеді. Әрі қоғамдағы әрбір адамның жауапкершілігін ауыр жүкке теңейді. Қашанда өзінің қоғам алдындағы терең жауапкершілігін сезе алмаған адам ғана жайбарақат, өмір кешеді. Олар елдің, халықтың тағдырына қалай болса солай жеңіл қарайды. Міне, бұл тұста Хафиз бен Шәкәрім араға ғасырлар салып қоғамның ахуалына байланысты, адамдардың қаперсіз тіршілік етуіне қынжылып, бір-бірімен жақын сырласады. Екі ұлы шайырдың ой-түйсіктері үндесіп жатады. Хафиздың ғазалы да, Шәкәрімнің жыры да сопылық сарынға құрылған. Екеуі де тазалыққа, тақуалыққа құштар. Таза жүректі іздейді, армандайды. Міне, тақуалықты жыр еткен Хафиз бен Шәкәрімді рухани үндестігі жарасқан екі шайыр деуміздің мәнісі осында.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑