banner-top12

Керек кеңестер CameraZOOM-20140620104100193

Қосқан уақыты Маусым 23, 2015 | 564 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ХҚКО-ға барып «жұмыссыз» деген аттан құтылдым

Серік Хасанұлы ХҚКО жұмысына дән риза. Риза болмағанда ше. Егер 4 ай бұрын ХҚКО-ға келмегенде, әлі күнге жұмыссыз жүрер ме еді… Өткен жылдың басында жұмыс істеп жүрген мекемесі жабылып, зейнет жасына таянған Серік жұмыссыз қалды. Жұмыс сұрап барған мекемелер жасының ұлғайғанын көріп, әртүрлі сылтаулармен қабылдаудан бас тартады… Шарасыз күйге түскен ол, бір күні Алматы қаласындағы ХҚКО-ға келді. Не десе де, бір терезеден бүкіл қызметті көрсетіп, халықтың көңілінен шығып отырған мекеме ғой, маған да жөн сілтер деген. Имене басып ресепшнге келді.
– Сіздерден кеңес алсам деп едім… Ресепшндегі жігіт кеңесшілерді нұсқады.
– Мен бір жылдан бері жұмыссызбын. Мамандығым – электрик. Жұмыс таба алар емеспін. Амалым таусылып, жөн сілтер деген оймен сіздерге келіп тұрмын, – деп кеңесшілерге жөнін айтты.
– Бір жыл ішінде жұмыссыз ретінде тіркелген бе едіңіз?
– Жоқ. Мекемеміз жабылып, жұмыссыз қалғалы өз бетімше жұмыс табуға әрекеттеніп жүрмін, алайда нәтижесіз.
– Онда сізге айтар кеңесім, дәл қазір жұмыссыз ретінде тіркеліңіз. Ол үшін алдымен жеке куәлігіңізбен барып электрондық сандық қолтаңба жаздырып алыңыз.Содан соң Конекшн өзіне-өзі қызмет көрсету секторына барып жұмыссыз ретінде тіркеліңіз. Біздің инспекторлар сізге көмектеседі. Тағы бір кеңесім, егер кәсібіңізді жақсы меңгерген болсаңыз, тапсырыс бойынша неге жұмыс істемеске?! Ол үшін өзіңізді жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, куәлік ала аласыз. Ол қызметті де өзіне-өзі қызмет көрсету секторынан алуға болады. Мұның бәріне бас-аяғы 15 минутыңыз кетеді. Сабылып жұмыс та іздемейсіз. Үйде отырып, интернет арқылы электрик жұмысына тапсырыстар іздеңіз. Жеке кәсіпкер болсаңыз мекемеге жұмысқа кірмей-ақ жұмыс істей беруіңізге болады. Ал, жұмыссыз ретінде тіркеліп қойсаңыз, мүмкін ол жақтан да жақсы хабар болып қалар…
Кеңесшінің кеңесіне риза болған Серіктің, ХҚКО-дағы жұмысы 20 минутта бітті. ЭСҚ да алды, жұмыссыз ретінде де тіркелді, жеке кәсіпкер атанып, қолына куәлігін алды.
Үйіне келе сала Электрондық сандық қолтаңбасымен Мемлекеттік сатып алулар порталына кіріп, тапсырыстарды іздей бастады. Расында, электр жөндеу жұмыстарына тапсырыстар көп екен. Сол күні-ақ ол тапсырыс алу үшін конкурстарға өтініш жіберді… Нәтиже ұзақ күттірмеді.
«Мұны ертерек білсем, бір жыл бойы аяғымнан тозып шаршамаған болар едім. ХҚКО-ға барғаным қандай жақсы болған! Ол жерден электрондық үкімет порталына кіруге мүмкіндік беретін өз қолтаңбамды алдым, инспекторлардың көмегімен электрондық порталға кіріп, қызмет алуды үйрендім, ең бастысы, өз кәсібімді аштым. Өзің қожа, өзің би. Ғажап емес пе!? Жұмыссыз болсаңыз, сізге де ХҚКО-ға барып, осы мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес берем» -дейді бейнетінің зейнетін көре бастаған Серік Хасанұлы.

Інжу Сағидолла

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑