banner-top12

Ақпараттар ағымы IMG_0451

Қосқан уақыты Шілде 22, 2015 | 752 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ХҚКО мүгедектерге кедергісіз қоғам қалыптастыру үшін

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Елбасы да «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтқан болатын. Ең бастысы, олар да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері қажет.
Осы орайда, Халыққа қызмет көрсе¬ту орталықтары да мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетудің кешенді ша¬раларын жүзеге асыруда. Халыққа қызмет көрсету орталығы да жарымжан жандарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар жасап қойған. Атап айтқанда, жеке куәлік алу – тегін, азаматтарды тіркеуге алу – тегін, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуден өткізу тегін көрсетіледі және көптеген қызмет түрлеріне 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған, қызмет көрсету кезектен тыс жүзеге асырылады.
Барлық ХҚКО-ларда мүгедектер автокөліктері үшін автотұрақтар, пандустар, мүгедектерге арналған көтерілу құрылғылары, шақыру қоңыраулары, арнайы қабылдау үстелдері, көрсеткіш жазулар, браиль әріптерімен таныстыру тақталары, жол көрсету жазулары және т.б. құрылғылармен қамтамасыз етілген. ХҚКО мүгедектерді жұмысқа тарту, қызмет алуға келген мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы курстардан өткен мамандардың қызмет көрсетуі (ымдау тілінің аудармашысы), І және ІІ топтағы мүгедектердің үйіне барып қызмет көрсету сынды жұмыстарды жүзеге асыруда.
Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен 2014 жылдың 30 шілдесінде мүгедектерді жұмысқа тұрғызу бойынша келісімшарт жасалған. Келісім бойынша филиалға мүгедектерді орналастырудың 3 пайыздық квотасын орындау үшін, мүгедек жандарды оқыту, кеңес беру және тестке дайындау жұмыстары жүзеге асырылады. Өткен жылы тестіден өткен екеуі жұмысқа қабылданды. Бүгінде филиалда 7 мүмкіндігі шектеулі жан қызмет етеді.

Соның бірі – Үмітқазиев Жасұлан Сайынғазыұлы. Жасұлан Алматы қаласындағы Әуезов аудандық ХҚКО-да осы жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеуде. «Тұран» колледжінің соңғы курсында оқып жүрген ол, ХҚКО-ға өндірістік тәжірибеден өтуге келген. Клиенттермен жұмыс істеуді ұнатқан ол, осында жұмыс істеуге бел шешті.

IMG_0430 IMG_0438 IMG_0431 IMG_0429
Бүгінде ол Әуезов аудандық ХҚКО-ның анықтама бөлімінде жұмыс істеуде. Күніне алдынан 1000-ға жуық клиент өтеді.
«ХҚКО инспекторы болып жұмыс істеу арманым еді. Мен осында жұмыс істеп жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Күніне мыңдаған адамға пайдам тиіп, келген жұмыстары бойынша бағыт беріп отырамын. Бұл жұмыс маған қуаныш сыйлайды, өзімді елімнің толыққанды азаматы сезінуіме мүмкіндік береді», – дейді Жасұлан.
Сонымен қатар, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының жұмыспен қамту, кәсіпкерлігін қолдау мақсатында ХҚКО ғимараттарына көшіру-көбейту аппараттарын қойып, қызметтерін жүргізуге мүмкіндік берілген.
Ал, жоғары білімді мүмкіндігі шектеулі жандардың «Намыс» қоғамдық бірлестігі, ХҚКО қызметкерлерін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету тетіктерін үйрету мақсатында оқыту семинарларын өткізіп тұрады.
Орталыққа өз бетімен келуге мүмкіндігі жоқ І,ІІ топтағы мүгедек азаматтар мемлекеттік қызмет алу мақсатында қызметкерлерді үйге шақырта алады. Мүмкіндігі шектеулі адам мемлекеттік қызмет көрсету қажет болған жағдайда бірыңғай байланыс орталығына 1414 телефон нөмірі арқылы қоңырау шалып, өзінің деректерін хабарлап, қызмет алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін біліп, өтінім қалдыруы керек. Бұдан кейін клиентке ыңғайлы уақыт келісілген соң, Мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйіне бару үшін жедел топ құрылады. Жедел топтың мүшелері орталықта көрсетіліп жатқан қызметтер туралы кеңес береді. Егер қажет болса, клиенттің келісімімен «Электронды үкімет» порталы арқылы электрондық қызмет алу үшін сандық қолтаңба рәсімдейді. Сонымен қатар, ХҚКО-ға келуге мүмкіндігі жоқ зейнеткерлердің туыстары немесе жақындары ХҚКО кеңсесіне өті¬ніш қалдыру арқылы да үйге барып қызмет көрсету жеңілдігіне ие болады.
Сонымен қатар, есту қабілеті нашар жандарға ХҚКО-да қызмет көрсету үшін барлық бөлімдерде бір-бір инспектор арнайы «Ымдау тілінің аудармашысы» курсынан өтіп, сертификат алды. Бүгінде нәтижелі қызмет көрсетуде.
Мұның бәрі мүгедек жандардың қоғам өміріне кедергісіз араласуына мүмкіндіктер жасау талпыныстарынан туып отыр. Елімізде «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңы іске асуда. Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенция¬ны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылдың 13 желтоқсанында қабылдаған болатын. Бұл құжатты 151 ел ратификациялаған. Конвенцияның адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын мүгедектердiң толық және тең жүзеге асыруын қолдау, қорғау әрi қамтамасыз етуді көздейді. Оның негізгі қағидаттары – қадiр-қасиеттi, дербестiк пен тәуелсiздiктi құрметтеу; кемсiтпеушiлiк; қоғамға толық әрi тиiмдi түрде тартылу мен қосылу; мүгедектердiң ерекшелiктерiн құрметтеу және оларды адами алуантүрлiлiк пен адамзат бөлiгiнiң құрамдас бөлігі ретiнде қабылдау; мүмкiндiктердiң теңдiгi; қолжетiмдiлiк; еркектер мен әйелдердiң теңдiгi; мүгедек балалардың даму үстiндегi қабiлеттерiн құрметтеу және мүгедек балалардың өз даралығын сақтау құқығын құрметтеу. Сондықтан да, конвенция мүгедектердiң қоғамдағы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени өмiрiне қатысуын қамтамасыз етуге, мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiктi жоюға, сондай-ақ, мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудiң тиiмдi құқықтық тетiктерiн жасауға бағытталған. Мұның біздің елімізде де қабылдануы, Қазақстанда тұрып жатқан 627 мың мүмкіндігі шектеулі жан мен олардың отбасыларының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік беріп, қам көңілдеріне қуат беріп, қуанышын үстей түскені сөзсіз.
Осылайша, айналамыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыра отырып, оларға біреуден көмек күту дағдысынан құтылуға мүмкіндік беруде ХҚКО ұжымы да шет қалмауда.

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑