banner-top12

Ауылым – алтын бесігім! otanonim-300x192

Қосқан уақыты Қараша 1, 2017 | 481 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«ХХІІІ ПАРТСЪЕЗД» СОВХОЗЫ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕНДЕ…

“Қожакент” ауылына – 50 жыл.

Бірлескен ел озар,

Бірлеспеген ел тозар.

Ынтымақ ырыс қазығы,

Уәде жанның азығы.

Аталар нақылынан

1960 жылдардың басында аудандағы колхоздар совхозға айналдырылса, аудандар бір-біріне қосылған соң мал шаруашылығымен қатар егін егу, оның ішінде күріш дақылының көлемін арттырып, мол өнім алу күн тәртібіне өткір қойыла бастады. Мұның өзі жаңадан шаруашылықтар ашуға негіз болды. Көп ұзамай Төменарық совхозының есебінен «Сунақата» совхозы бой көтерді. Артынша «Талап» совхозынан енші алып шыққан «Келінтөбе» Түгіскен тыңының тұңғышы атанса, одан әрі «Түгіскен», «Задарья» совхоздары бой көтерді. 1967 жылы күзде «Бірлік» совхозына қарайтын, бұрынғы «Жаңа жол», «Мәдниет», «Еңбек» атты шаруашылықтардың ізіндегі «Октябрь» колхозы негізінде Партияның ХХІІІ съезі атындағы совхоз құрылды.

Жаңадан ашылған шаруашылықтардың жер көлемін айқындау, басшы кадрларын белгілеу, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы ретінде тікелей Зәкеңнің араласуымен шешіліп отырылды.

-Ағайындардың бір орталықта болып, өз алдына совхоз болуы көптен бері көкейде жүрген арман еді. Бұл бір үлкен жетістігіміз болды, – дейді ауыл ақсақалы, көп жыл басшы қызметте болған Әнуар Жақыпов. Отызыншы жылдары ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Жаңақорған кентінің тұрғыны зейнеткер Кенжеев Әшім арнайы келіп:

– Кешегі ауыр, ашаршылық жылдарында қаншама азаматтарымыздан айрылдық, «Мәдениет», «Жаңа жол», «Еңбек» колхоздарының өзінен белсенділердің ылаңынан бес жүзден аса шаңырақ жан сауғалап өзбек жеріне көшті. Көбісі көз жұмды. Сол ағайындардың ұрпақтары қазірге дейін өзбек жерінде. Міне бүгін өз алдарыңа шаңырақ көтеріп, совхоз болып жатыр екенсіңдер! Енді сонау жылдары еріксіз кеткен ағайындарды да туған топырағы, ата қонысына қайта әкелуді ойластырыңдар, – деп құттықтады. Мұндай жүрек тебірентерлік ақ тілектер Өзгент жерінің киелі топырағына кіндік қаны тамған Қармақшы, Шиелі аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов, Ғафур Мұхамеджановтардан, Республикалық «Темір жолшы» газетінің редакторы Базарбай Сарбасов пен Өзбек жеріне бас сауғалап барғандарды ұйымдастырып үлкен шаруашылыққа жетекші болған Айдар Құдайбергеновтерден аудан басшыларының, әсіресе Зұлпыхар Мұсахановтың атына «ел үшін еткен еңбектеріңнің жемісін көріңдер», – деген жедел хат арқылы игі тілектерін білдіріп жатты. Ал тыңның тұңғышы атанған «Келінтөбе» совхозының директоры Жұмағали Атабаев, Түгіскен совхозының директоры Шарап Зәреров, «Задарья» совхозының директоры Әбдіғаппар Нұртазаевтар арнайы келіп құттықтап, жұмысшыларды қанаттаса еңбек етуге және өзара бәсекеге шақырды. Сонау жылдары «Октябрь» колхозы кезінде шаруашылықтың жетістік, кемшіліктерін қатар жырлаған ақын Манап Көкенов аудандық мәдениет бөлімінің көркем өнерпаздар үйірмесімен келіп өнер көрсетіп, енді жандана бастаған даланы ән-күймен тербеді. Ақынның өзі ақ домбырасымен көп алдына шығып:

Уа, халқым, абыройды сақтаңыздар!

Күншіл болмай озатты мақтаңыздар,

Партия бар жағдайды жасап отыр,

Отан Ана сенімін ақтаңыздар.

Түгіскен тарылтпайды тынысыңды,

Теріңді төк те атқар жұмысыңды.

Он есе қайтарады еңбегіңді,

Тау-тау етіп, Сыр маржан күрішіңді.

Сеніңдер қажыр-қайрат күштеріңе,

Болмасын бұқпантайлық іштеріңде.

Сонда ғана биіктен көрінерсің,

Береке-байлық еніп істеріңе, – деп толғады.

-Елдігімізді белгілеп қасиетті жерімізге су әкеліп, ырысты өлкеге айналуға жол көрсетіп жатқанда өкіметтен аянарымыз жоқ, – деді көпшілік бірінен кейін бірі сөйлеп:

Жаңа совхозға директор болып аудан, облыс басшыларының ұсынысымен, республиканың ауылшаруашылығы министрлігі және сол саланы басқаратын хатшының келісім-бұйрығымен жоғары білімді Нұрхан Дайырханов, – деген азамат тағайындалды. Ол алғашқы күннен бұрынғы кадрларды қайта іріктеді. – Әлі есімде, – дейді жаңа директордың жүргізушісі болған зейнеткер Әсенов Тұрғанбек ақсақал, – совхоздың агроном мен инженерін, егіс бригадирлерін бекітіп алған соң 20 қараша күні таңертең №5 ферманың басқарушысы Ергеш Үсенов, зоотехнигі Берден Төлегенов, қойма меңгерушісі Зәкір Бейбітов, соғыс ардагері Әнәпия Әлжанов сияқты жер жағдайын жақсы білетін азаматтармен келер жылдың егістік алқаптарын аралап көріп, шаруашылық орталығын Әлімбет Әжінің  тақыры атанған жерге орналастыруға келісті. Бірақ ол жер совхоздың алдын ала белгілеген қартасы бойынша нағыз күріш егілетін негізгі аймақ болып шықты.

Зәулім үйлері мен еңселі ғимараттары бар бүгінгі ғажап орталығымыздың алғашқы қызығы сол күннің ертеңіне қағылып еді. Оған да биыл елу жыл толып отыр. Тыңға тартылған канал құрылысы біткен соң-ақ  совхоз орталықтарын көркейтіп, абаттандыру қолға алынған.

Алғаш шаңырақ көтерген совхоз келер жылдың көктемінде 500 гектар күріш, 200 гектар жүгері, 50 гектар бидай, 15 гектар көкөніс бақша дақылдарын екті. Техника аз, жұмыс қолдары жетімсіз. Оның үстіне, Келінтөбе каналы да межелі жерге жетпеген еді. Күріш Көктас арқылы Өзгент, Қойлақы көлдеріне құйылған сумен суғарылды. Соның өзінде тың жер болғандықтан әр гектар күріштен 40 центнерден өнім алынды. Бұл табыстар канал біткен соң келер жылдардан бастап үдей түсті. Шаруашылық мамандар мен білімді кадрлармен толықтырылды. Орталықта жаңа жобадағы ғимараттар бой көтере бастады. Ашаршылық жылдарындағы ауып кеткен туыс-бауырлардың екі жүздей шаңырағын ауыл ақсақалдары Д.Шоманов, Е.Үсенов, Ә.Төлегенов, Ә.Әлжанов, З.Бейбітов, Ә.Абдуллаев, Ә.Әсетовтер ағайындық сөзін айтып көшіріп әкелді. Ә.Мәуленов, Б.Ысмаилов, Б.Бұрханов, Қ.Мәмбетов сияқты байырғы тұрғындар оларды құшақ жая қарсы алып, алаңсыз, түпкілікті орнығып қалуына жағдай жасады. – Ұлы Отан соғыс жылдарында босқындыққа ұшыраған орыс, украин, шешен, гректерге дейін төбемізден жай бердік емес пе?! Оларға қарағанда бұлар өзіміздің қандас бауырларымыз ғой, – дейді бәрі де ақтарыла сөйлеп;

Иә, солай, канал қазылып, судың келуі ғасырлар бойы құлазып жатқан далада өмір тіршіліктің думаны қызып, Сыр маржаны – ақ күрішті өндіру еселене түсті.  Жаңа шаруашылық келер жылдың өзінде астық молшылығын жасаудың негізін қалады. Бұрындары тегістелмеген жердің өзінен ойдағыдай өнім жинап жүрген тәжірибелі жүгеріші Ергеш Үсенов звеносындағы 50 гектар жүгерінің әр гектарына 70-80 центнерден собықтай өнім алып келген еді. Ол да күріш өсіруді қолға алды, ширек ғасырдай ұстаздық етіп, талай шәкіртті тәрбиелеп шығарған Есқожа Ысқақов та Сыр маржанын өсіруге кірісті. Бабын таба білсе Түгіскен даласының берері мол, берекелі аймақ екенін алғашқы жылдардың өзінді-ақ  көрсетіп берді.

-1969 жылды «ХХІІІ партсъездіктер» шаңырағымыз шалқып, босағамызға бақ қонған жыл, – деп есептейді. Жаңа совхоздың отау көтергеніне үшінші жылға аяқ басты. Алғашқы жылдардағы жұмыс бұрынғы ферма ізіндегі ауылшаруашылық негізінде жүргізілді. Жүгері де, күріш те насос арқылы суғарылды. Бұл қиындықтарды ретке келтіру үшін қыруар жұмыстарды атқаруға тура келді. Алғашқы су «ХХІІІ партсъезд жеріне» жаңа канал арқылы 1968 жылдың 30 сәуірінде келді десекте ол ескі Көктас каналы арқылы сатылана жеткізілген еді. Шаруашылықтың егістері сумен негізгі канал біткен соң 1969 жылдан қамтамасыз етіле бастады. Бұл жылы 800 гектар күріш егіліп, әр гектарынан 40 центнерден өнім жиналып, отан қоймасына 24 мың центнер астық құйылды. Жұмыс қолдары да шешіліп, қажетті техникалармен қамтамасыз етілді. Совхоздың түстік бүйірінен арнайы шлюздар салынып, мамандар егістіктерге суды сол арқылы реттеп жіберіп отырды. Арықшалардың қабатындағы тың жердің оң жақ қанатына №1 Әнәпия Әлжанов басқарған бригадасының күріші, сол жақ қанатына №3 Ергеш Үсенов басқарған бригадасының күріші орналастырылған. Әр бригадада жұмысшылар үшін дала қостары дайындалды. Арнайы қызыл бұрышқа газет тігінділері, түрлі әдеби кітаптар мен шахмат, дойбы тақталары қойылған. Жасалған мына жағдайларға сүйсінген диқандар мен механизаторлар қауымы: – мемлекетіміздің қамқорлығы ғой бұл «сыйға-сый, сыраға-бал» деген, біз де маңдай терімізді аямауымыз керек, – деп дән дариясын тасытуға құлшына кіріскен. Егінші мәрт, жер жомарт, – депті дала академигі, екі мәрте Еңбек Ері атағын алған атақты диқан Ыбырай Жақаев. Шындығы да сол. Бүкіл тіршілік атаулының тұрақты да құтты мекені, – Жер ананың тілін тауып, емшегін идіре білсең сені ұятқа қалдырмайтыны рас. «ХХІІІ партсъездіктер» бұл қағиданы өздерінің бағдарламасы ретінде қабылдап, жүректерінің терең түкпірінде сақтаған. Тың алқапқа егілген екі бригаданың күріші де төгілген тердің қайтарымын паш еткендей көз тартарлықтай болып, самал желмен баяу ырғатылады, шілде айы аяқталмай тегіс бас шығарып қамырлана бастағанда, Республика Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаев Қызылордаға келіпті. Түгіскен массивінен бірнеше совхоз ашуға мемлекет тарапынан бөлінген қаржылардың қалай жұмсалып, қалай орындалып жатқанын да көреді екен, – деген хабар тарады. Бұл расқа айналып, көп ұзамай каналдағы суды бөлу үшін салынған көпірге қарай жеңіл машиналар тасқыны ағылды. Бұл тамыздың 25-і күні болатын. Ауа райы да тамаша еді.

Республика басшысын көруге келген халықта есеп жоқ. Жеңіл машиналардан алдымен аудан, облыс басшылары түсті. – Қонаев ақсақалды тұңғыш рет сонда көрдім, – дейді Тұрғанбек – өте ірі, салауатты кісі екен. Арықтың екі жағындағы жайқалған күрішке қызыға қарап біраз тұрды да, атыздарды аралауға беттеді. Бізге әзер сәлем беретін шенеуніктер жүгіріп жүр. Ақсақалдың аузынан шыққан сөзге тегіс бас шұлғиды. Ұлы Абайдың «Күштілерім сөз айтса бас изеймін шыбындап», – дегені де ойға оралады. Қонақтар көп кідірген жоқ, қайта оралды да Қонаевтың өзі қатар тұрған диқан механизаторлардың жеке-жеке қолын алып, кейбіреуімізден жағдайымызды да сұрады. Ішімізде ала тақиялылар да бар еді, солардың бірінен:

-Сіз Ташкеннен келдіңіз бе? – деді. Өзбек арасында өскен қу ғой, екі қолын кеудесіне қойып, – жақсы үкә, – деп басын игені есімде қалыпты.

Совхоз, аудан басшылары мәртебелі қонақтарды дастархан басына шақырды, олар: – Көп отырмайық, – десе де жарты сағаттай кідірді. Кейін білсек, қонақтарға екі қойдың басы қатар әкелініпті. Бұған таңданған Димаш Ахметұлы – Бір адамға қос бас тартылмайды ғой. Бұл салт-дәстүр қайдан шыққан, – деп төтесінен сұрақ қойыпты. Бұларың қалай дегендей облыстық партия комитетінің хатшысы аудан басшыларына, ал олар совхоз директоры Нұрхан Дайырхановқа қарапты. Сол кезде ғана аудандық ауылшаруашылығы басқармасының  бастығы Зұлпыхар Мұсаханов: – Димаш аға, – депті үнсіздікті бұзып, – әлгінде көргеніңіз қатар орналасқан өзара жарыстас екі бригаданың күріші. Екеуі де сізге дәм ауыз тигізбек. Бірақ уақытыңыздың тапшы екенін білген соң екі бригада диқандарының сізге деген пейіл құрметі ғой бұл. Әлгінде ғана томсарыңқы күйге түскен жүздерге ризалық нұры, жылылық жүгірді. Қонаев ақсақал алдына келген бастан ауыз тиді де – халқымыздың қонаққа деген ізет-құрметі осылай болу керек, – деп жанындағыларға ұсынды да қазақтың сөзге шеберлігі табан астында тауып айтатын парасаттылығы жөнінде әңгіме қозғады. – Ілгеріде Шу бойында Бөлтірік, – деген парасатты адам өмір сүріпті, – деді ақсақал – қартайған шағы болса керек. Сәлемдесуге келген қонақтардың бірі әңгіме үстінде – Бөлтөке өзіңізге тартқан ұлыңыз бар ма? – деген көрінеді. Үй иесі оған алдында отырған екі жасар кенже ұлын көрсетіпті. Әлгі кісі – Е.. е бұл ұлыңыз жетіліп әжетіңізге жарағанша кім бар, кім жоқ, – дейді назырқанып. Бөлтірік сонда ұлына текемет үстіндегі насыбай шақшасын көрсетіп, – балам, әкеліп бере ғой, – дейді. Екі сөзге келмеген бүлдіршін томпаңдап барып шақшаны әкесінің қолына ұстатыпты.

– Әжетке жарады деген осы, – дейді сонда Бөлтірік те  әлгі қонағына. Бұл дәлелді уәжге дастархан үстіндегілер де алғыс айтыпты. Әңгімені аяқтаған Димаш ақсақал Зәкеңе қарап: – Сіздің жауабыңызға мен де риза болдым, – деді жай ғана жымиып.  – Елдің сенімінен артық абырой жоқ, бастаған істерің жаман емес сияқты. Жер бар, су келді ендігісі еңбек. Соны баянды етіңдер!

Партсъездіктер бұл тілекті республика басшысының өздеріне берген батасындай қабылдап, астық молшылығын жасауға құлшына кірісті. Оның нәтижесі екі айға жетпей көріне бастады. Сол жылдың 14 қыркүйегіндегі аудандық «Коммунизм жолы» газетінің кезекті санында «Бұл күндері партсъезд» совхозы №1, №3 бөлімшелерінің звено жетекшілері А.Әбиев, М.Әлжанов, Ж.Сүлейменов жолдастардың күріші орылып бітуге таяу қалды, әр гектар сайын 50-55 центнерден өнім алынуда.

Тыңнан көтерілген совхоз 800 гектар күріш егіп, оның гектарынан 40 центнерден өнім алуға міндеттенген еді. Қазіргі көрсеткіштер жаман емес. Совхозда 26 комбайн күріш оруда. Олар екі сменада еңбек етіп келеді. Өзара жарысты өрістете түскен орақшылар күндік нормаларын асыра орындауға жұмылдыруда. Жаткашы Әшімов, А.Әбілхайыров жолдастар науқан жұмысына үзбей қатысып келеді. Содан апта өтпей-ақ №1 Ә.Әлжанов басқарған коллектив егілген 375 гектар күріштен 16875 центнер астық жинау жайлы қабылданған міндеттемесін 17346 центнер етіп орындағаны жайлы рапорт берді. Ал Түгіскен тыңын түлетіп мол астық өндіріп жинап алғаны үшін Аудандық партия комитеті мен Аудандық советі атқару комитеті «ХХІІІ партсъезд» совхозының дирекциясы мен партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарына, барлық еңбеккерлеріне арнаған құттықтау хатын жолдады.

Бұл табыстар келер жылдары одан әрі жалғасты. Мәселен, совхоз 1976 жылы мемлекетке 54363 центнер астық тапсырса, 1978 жылы 1500 гектарға егілген дақылдан мемлекетке 55153 центнер астық сатылды. Іскер директор шаруашылықта егінмен қатар мал өсіруді де қолға алды. Совхоз 1977 жылы қолдағы бар 1636 ірі қараның әр жүзінен 59 бұзау, 144 жылқының әр жүзінен 71 құлын алып, мемлекетке 788 центнер ет, 2030 центнер сүт сатқан.

Совхоз экономикасын көтеру бағытында жұмыс жүргізген бригада диқандары отанға 24 мың центнер астық тапсырмақ. – Газеттегі осы шағын хабардың өзі бүкіл шаруашылықтағы диқандарға жеткізіліп, астық жинаудың қарқыны арта түсті. Совхоз директоры Нұрхан Дайрхановтың басшылығымен бас инженер Әзім Зайыров техниканы қосымша бөлшектермен қамтамасыз етіп отырса, бас агроном Смайыл Жұмаділлаев аңызда масақ, жерде дән қалмауын қатаң бақылауға алды. Бөлімше басшылары мен бригада жеткшілері де өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқара білді. Соның нәтижесінде шаруашылық мемлекетке астық тапсыру жөніндегі жоспарын орындап шықты. Соған байланысты үздік звено жетекшілері Т.Шәріпова, Ә.Бәкіров, Қ.Сейдахметова, Т.Тоққожаев, Қ.Әлқожаев, Ұ.Әбішева, комбайнер Д.Шәріповтерге Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті мен аудандық советі атқару комитетінің құттықтау хаттары тапсырылды.

Алғашқы жылдың көрсеткіші, диқандарға берілген қосымша ақылар жан-жақтағы ағайындардың көптеп келуіне даңғыл жол ашты. Республикалық Главрис мекемесінің күшімен шаруашылық орталығында жаңа типпен салынған сәнді ғимараттар бой көтерді. Жаңа директор жұмысшыларға сенді. Бұл жөнінде кезекті еңбек демалысына кеткенде орнына «Оқымаған инженер» атанған қарапайым механизатор Пазыл Мырзахметовты қойып кеткенін айтсақ та жеткілікті. Өйткені Пазыл жүрген жерде бірде-бір техника тоқтаған емес, басқа да жұмыстар да бітіп жататын. Оның еңбегін замандастары мен құрбы-құрдастары да бағалай білетін. Ал Дайырхановтың өзі: –  Менің сенімді орынбасарым, – деп демалысқа шықса да, іс-сапарға аттанса да орнына Пазыл Мырзахметовты қалдырып кететін.

Көпшілік те оның ісіне риза болатын. Пазыл директордың орнына уақытша отырған күндердің бірінде алдына жұмысшы Әмзе Тұрсынов ертелетіп келсе керек. Сол кезде Пазекең стол үстіндегі күл салғышта қалған темекінің қалдығын алып шеге бастаған көрінеді. Сонда Әмзе «Пазылым бар, – деп мен жүрмін, ахурка шегіп сен жүрсің», – депті. Замандастары кейін бұл сөзді сан-саққа жүгіртіп мәтелге айнадырып жіберген. Не дегенде Пазылдың «Октябрь» колхозы мен «ХХІІІ партсъезд» совхозының қалыптасып өркендеуіне қосқан еңбегі орасан зор. Оның Келінтөбе каналы пайдаланылуға берілмей тұрғанда «Өзгент», «Қойлақы» көлдеріне құрылған насостарды жүргізіп, айналасындағы егінді сумен қамтамасыз етудегі еңбегі өз алдына. Ешкімнің «тісі батпаған» насосты іске қосып, судан қалуға айналған жүгеріден мол өнім алып берген де Пазыл. «Оқымаған инженер» атануы да осы тұс болса керек. Көлдегі балықтың да сырын жақсы білген. Дала қосында еттің тапшылығы сезілсе болды, көлдегі балыққа ұмтылады екен.

-Біз балықты жақсы көреміз, ал Пазыл бізден он есе жақсы көреді, – дейді екен облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы жөніндегі хатшысы Подольских қайран қалып.

***

Түгіскен тыңының алғашқы қарлығашы Келінтөбе совхозы 1964 жылы құрылды да канал құрылысы  қызу қолға алынды. 1966 жылы «Красная звезда» совхозынан енші алған «Задарья» совхозы жаңадан ұйымдасты. Каналдың ұзындығы 100 километрге ілінген соң жаңа шаруашылықтар бірінен кейін бірі бой көтере бастады. «ХХІІІ партсъезд» совхозы – қазіргі Қожакент елді мекенінің көлемі -округ бойынша ауқымды жерді қамтыды. Оның көпшілігі тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілген. Былайша айтқанда, егістік алқапқа, мал үшін жайылымдықтарға бөлінген. Қалғандары шабындық, үй іргелік жерлер. Жалпы, округте 3270 адамнан құралған 425 шаңырақ тұрады. Сондай-ақ, орта мектеп, аурухана, кітапхана, клуб, почта, 250 нүктелік АТС, күріш ақтайтын бірнеше диірмен жұмыс істейді. Тұрғындар негізінен мал өсіріп, диқангершілікпен айналысады.

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында астық молшылығын жасап, мемлекетке ет, сүт, бақша өнімдерін тапсыруда шырқау биікке көтерілген атақты «ХХІІІ партсъезд» совхозының ахуалы осыдан жарты ғасыр бұрынғы деңгейі қай дәрежеде еді?

-Ашығы ол кезде «Октябрь» колхозы мал шаруашылығымен айналысты да, 1960 жылдары «Талап» совхозының құрамына өткізілді. Кейін «Бірлік» совхозына берілді. Бұл асыра сілтеушіліктің бір түрі еді. Өйткені совхоз орталығына барып келу үшін екі күндей уақыт кететін. Дарияда бүгінгідей көпір де жоқ, қайықпен өтетін. Колхоз тарағаннан кейін көптеген тұрғындар қоныс аударып басқа жаққа кетті. Төменарық аймағынан көшіп келіп, үй салып енді гүлденуге бет алған ауыл көре көзге тозғындай бастады. Соған қарамастан Берден Төлегенов, Әнәпия Әлжанов, Ергеш Үсенов, Бәкір Бейбітов, Жәрімбет Рүстемов сияқты байырғы тұрғындар адамдарды «Еңбек етсең емерсің», – деп берекелі бірлікке шақырды. Міне енді өз алдына отау көтеріп, заман талабына сай партияның ХХІІІ съезі атындағы совхоз болып отыр. Өзгенттіктер үшін бұдан артық қуаныш бола ма?!

Жаңа шаруашылыққа «Бірлік» совхозынан енші басыға 6000 қой-ешкі, 300 ірі қара, 150 жылқы, түйе бөлініпті және қырыққа жуық от басы қосылды. Ал орталық жүдеу мектеп, медпункт, клубқа арналған ғимараттар да көзге қораш, жұпыны, тұрғын үйлер болса тегіс асарлатып салынған қоржын тамдар болатын. Қатынас жолдарының бар деген аты ғана, жазда шаңға тұншығып, топырақ жұтсаң, жаңбырлы күндері қара кебірдің лайы адымыңды аштырмайды. Ал қазір бұрынғы мен бүгінінің арасы жер мен көктей. Оның  дәлелі де, куәсі де көз алдыңыздағы төбесі көкпен таласқан еңселі ғимараттар, көркіне көз тоятын еңселі үйлер мен оқтай түзу асфальтты көшелер, мұның бәрі өздігінен орнай салмағаны белгілі. Ең  алдымен бұл адамдардың ынтымақ-бірлігі, достық-татулығының арқасы. Сол ақжарқын аға ұрпақ өкілдерінің жүздеген жылдар бойы иесін күтіп жатқан құнарлы аймақ – Түгіскен даласының төсін идіріп, жаратушы Алланың мейірімімен өмір тірегі – астық молшылығын жасағаны бұл бүгінгі қожакенттіктер үшін үлкен бақыт.

… 1971 жылғы күзгі егін жиналып болысымен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бәкіров Шаймерден Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланып кетті де орнына Өзгент жерінің тумасы Ғафур Мұхамеджанов келді. Іскер азамат:  -Түгіскен даласы құйқалы өңір, бабын тауып пайдалана алмай жүрсіңдер, – деп 1973 жылдың қаңтарынан бастап дала академигі атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевты сенімді серіктерімен шақырып, Жаңақорғанның күрішші диқандарымен арнайы кеңес өткізді. Шиелі өңірінен Заһира Ержанова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева сияқты мол өнімші күрішшілерді тәрбиелеп, абырой атақтарының Бүкіл Одақ көлеміне белгілі болуына жол ашып берген ақсақал жас диқандарға ақыл-кеңестерін айтып, еңбектегі жолдарына табыс тіледі. Мол өнімші диқан Арапбек Әбиевке қасиетті қара кетпенін ұсынып, ақ батасын берді. «Қызыр дарыса бақ қонады» деген қанатты сөз бар. Осы рас болу керек. 1973 жылдың күзінде бүкіл Жаңақорғандықтар айта қаларлықтай табысқа қол жеткізді. Аудан халқы мен диқандары сол жылы Түгіскен игеріле бастағалы бері тұңғыш рет мемлекетке астық тапсырудың жоспарын да, қабылдаған міндеттемесін де артығымен орындап шықса, ХХІІІ партсъездіктер топ бастады. Бұған аудандық газеттің бір нөмері арналды. Онда даңқты диқанның Арапбек шәкіртіне берген батасы қоса жарияланды.

… Алғашқы директор Нұрхан Дайырхановтың тұсында күріш дақылынан тәуір өнім алынғанымен шаруашылықтың басқа салалары ақсап жатты. Ашаршылық жылдарында жат жерге кеткен ағайындарды «жағдайларыңызды жасаймыз», – деп көшіріп әкелгенімен, тұрғын үйлер жетіспеді. Ақыр соңында, қауын-қарбыз, жүгері-бидай егіп алуларыңызға жер береміз, әзірге сонымен күн көре тұрасыздар дегенге шықты. Бұған ата жұрт деп келгендер ренжулі еді. Соған қарастан талай тауқыметті көрген халық шыдап, кейін жаңа совхоздың белді жұмысшыларына айналып кетті.

Үлкен жаңалық республикалық Главрис мекемесі Түгіскен тыңына орналасқан совхоздардың орталығынан тұрғын үйлер мен мекеме, мектеп ғимараттарын жаңа типпен салуға кірісті. Сондай-ақ, 1970 жылға дейін сегіз мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілсе, ол 1980 жылы он бес мың гектарға жеткізілді. Бұл аудан үшін астық өндірудің орасан зор мүмкіндігі еді. 1967 жылдың күзінде шаңырақ көтерген совхозды бес жылдай басқарған Дайырханов басқа жұмысқа ауысты да, орнына 1972 жылдың көктемінде аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының экономика жөніндегі орынбасары, жоғары білімді азамат Нәлібай Айдарбеков келді. Алғашқы күннен бұрыннан орын алған кемшіліктерден арылудың жолдары қарастырылды. Әсіресе, диқан механизаторлар тегіс совхоздағы экономикалық мектепке тартылды, жазғы мезгілдерде егін жай басынан дала қостары ұйымдастырылды. Совхоздағы білікті мамандармен ақылдаса отырып іскер кадрларды ірктей бастады. Солардың ішінен Әнәпия Әлжанов, Қуандық Сейтмұратов, Ергеш Үсенов, Әбілда Рахмановтар басқарған төрт егіс бригадирі жасақталды. Әр бригадада 15-17 аралығында звено жетекшілері болды. Олар 1973 жылы совхоз бойынша 1500 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан 47,6 центнерден өнім алып, отан қоймасына елу мың центнерден аса, астық құюды қамтамасыз етті. – Ол кадрларды да танып, іріктей білетін, – дейді замандастары. Мәселен, Пазыл Мырзахметовты еңбегіне орай, «оқымаған инженер» дейтін, соғыс ардагері Әнәпия Әлжановты бір қолының жоқтығына қарамай «істің көзін таба білетініне қарап «жүрегі жомарт ағамыз», – дейтін. Ал ірі қара фермасының меңгерушісі Амантай Әпетов жөнінде «сиырдың тілін білетін, қысылғанда қиыннан жол табатын білікті маман», – деп еңбегін жоғары бағалайтын.

1976 жылдың бірінші тоқсанында сүт өндіріп, мемлекетке өткізудің жоспары совхозда орындалмай қалады.

-Әбеке, бұл қалай болды? – дейді директор.

-Сиырлар бұзаулап болған жоқ, көктем басталды, енді орындаймыз ғой, – дейді Амантай.

-Сүт өндірудің жоспарын ауданда үш шаруашылық орындамапты, аудандық партия комитетінің бюросы үшеуінің де ферма басшыларын тыңдамақ, соған дайындалыңыз, – дейді директор бұл жолы қатулы қабақпен.

-Сонымен бюроға келдік, бюро мүшелері он бір адам екен. Бірінші хатшыдан бастап сұрақтың астына алды. Жауап қайтарсаң, – Сүт қайда, – дейді. Басқа сөзді тыңдар емес. Жем, шөп жөнінде айтсаң анық даудың астында қаласың. Өткен жылғы мал азығы жөнінде берілген ақпарды алып дауды үдете түседі. Содан олар орындаймыз, – деген бос уәдемен құтылды. Ендігі кезек маған келді. Сұрақты үсті-үстіне қойып жатыр. Орындалған жоспар жоқ. Сөз сүт болмайды ғой. Мен үндемеймін.

-Әпетов сенің тілің бар ма өзі? – деді хатшы Жанпейісов бір кезде.

-Тілім бар Ақа, бірақ сүт жоқ, – дедім. Отырғандар бір-біріне қарап езу тартты.

-Қашан болады?

-Сиырлар бұзаулап жатыр, – дедім.

-Бұзауламаса ше?

-Орындаймын, орындалады.

-Біз саған сенейік, қалай орындайсың соны айт, – дейді бірінен кейін бірі.

Бюроның алдында Манап кездескен болатын.

-Реңің пәс қой, не болды? – деді ақын.

-Сүт өндірудің жоспары орындалмады. Қазір бюрода тыңдамақ. Соған не жауап берерімді білмей тұрмын деп едім. Ол күлді де:

Бюроға жаңа келсеңде,

Болмас іске белсенбе.

Саған олар сенбейді,

Сен оларға сенсеңде.

Сүт планын орында,

Дейді бәрі өлсеңде.

Орындаймын жоспарды,

Өгізді сауып берсем де, – деп айт, – деді. Тыңдағандар тегіс күліп еді. Маған күлу қайда? Бірақ ойланып қалдым.

Бюро мүшелерінен бір жауап айтпасам құтыла алмайтынымды білдім де: – Орындаймын, орындалады, сүт болады, – дедім әлгіндегі ойымды толықтырып.

-Қалай орындайсың? – деді тағы да.

-Жолдас бюро мүшелері, таяуда газеттен оқыдым. Африкада сүт беретін ағаш бар екен. Тіпті, болмаса сол ағаштың ұрығын әкеліп өсіремін, сүт болады, – дедім. Бюро мүшелері жауабыма риза болды-ау, – деймін тегіс күлді. Жанпейісов те күлкісін тия алмай бетіме таңдана қарап:

-Ағаштан сауасың ба, сиырдан сауасың ба, болмаса өгізден сауасың ба, сүт болсын, – деді.

-Сүт болады Ақа, – дедім нық сөйлеп. Келесі кездескенде, – Аман шығыпсың, не жауап айттың, – дейді Манап. Бюродағы менің сөзімді естіген-ау, күледі. Өгізде сүт болатынын хатшы да біледі екен, – дедім.

Осы сөзім, кейін бүкіл ауданға тарап кетіпті, кездескендер, – Ағаш сауған бастық қалай, – дейді. Қиналғанда адам не демейді. Бірақ жылдық жоспар сиырдың сүтімен-ақ мерзімінен бұрын орындалды, – деп еді кезінде Амантай марқұм.

“Құтты қоныс Қожакент” кітабынан үзінді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑