banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2013 | 558 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Заң қарапайым адамдарға түсінікті болуы тиіс

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі 2012 жылдың 18 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осыған дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің негізгі қағидалары, әрине, жаңа заңнамада да орын алған және де азаматтарымызға отбасылық сұрақтар бойынша құқықтық көмек алуға септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл заңнама тек қана заңгерлердің қолында ғана емес, әрбір отбасында болуы қажет деп есептейміз.
Заңдық көмек көрсету, құқықты түсіндіру – әділет органдарының басқы міндеттерінің бірі болып саналады. Елбасымыз жақында ғана Ү сайланған көппартиялы Парламенттің екінші сессиясын дәстүр бойынша ашып, өз сөзінің тұжырымдамасын: «Заң қарапайым адамдарға түсінікті болуы тиіс» деп бекітті. Сондықтан Жаңа Кодекстің некеге қатысты тұстарын қарапайым тілмен түсіндіріп өтуді жөн көрдік.
Кодекстің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке «ерлі-зайыптылық) танылады, діни жоралар мен рәсімдер бойынша қиылған неке «ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда некеге теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдарлар тудырмайды делінген. Және де азаматтарға ескертетін жайт, бұрынғыдай азаматтар тек тұрғылықты тіркеуі болған кезде, өз мекенжайы бойынша ғана некеге тұруға өтініш бере алатын, ал қазір екі жас кез-келген тіркеуші органдар арқылы некеге тұруларына болады.
Некеге тұруға электрондық үкіметтің порталы арқылы да өтініш беруге болады, тек бұл жағдайда екі жас та Қазақстанның азаматы болуы, некеге бірінші рет отыруы, некеге дейін ортақ балалары болмауы, электрондық қол қою үлгісі болуы тиіс.
Жаңа заңнаманың 13-бабында неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) тәртібі түсіндірілген. Неке қию некеге отыруға тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап 1 ай мерзім өткен соң жүргізіледі. Қажетті жағдайларда неке қиюдың мерзімін мемлекеттік тіркеуші орган құжаттамамен расталған дәлелді себептер болған кезде қысқартады немесе ұзартады. Айрықша мән-жайлар (жүктілік, бала тууы, екі жақтың бірінің өміріне тікелей қауіп төнуі, ұзақ жұмыс сапарына, оқуға аттану және т.б. айрықша мән-жайлар) болған кезде некені қиюды мемлекеттік тіркеу некеге отырушылардың қалауы бойынша өтініш берген күні жүргізіледі.
Жаңа Кодекске заманның талабына сай 9 тарау қосылған – «суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану» жөнінде.
Әрине үйленем деген азаматтарға қазіргі заңнаманың жаңа тұстарының ыңғайлылығын айта отыра, үйлену алдында жастарымыз асығыстық жасамай, некеге отыруға дейін көп ойланып, дұрыс тұжырымға келсе екен дейміз.
Шәрипа Мырзагелдина,
Алматы қаласы Әуезов аудандық АХАТ бөлімінің бас маманы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑