АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ПЛАГИАТТАР

shalqardan

Мынаған өтіп кету: бағыттау, іздеу

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ПЛАГИАТТАР 20-Шілде 2009

Әлемде авторлық құқықты қорғау жөнінде 1886 жылы БЕРН, ал 1952 жылы дүниежүзілік (универсал) ЖЕНЕВА КОНВЕНЦИЯСЫ қабылданған. Оған КСРО 1973 жылы қосылған.

Міне, бірнеше жылдан бері бұл мәселе Қазақстанда, әсіресе композиторлар мен әншілер арасында үлкен әңгімелерге арқау болып келеді. Өйткені, олардың арасында біреудің еңбегін тегін пайдалану былай тұрсын, оны біржолата иемденіп алу, бір-екі ауыз сөз қосып, ортақтасу сияқты құбылыстар өріс алып барады. Мәселен, той жүргізушілерге (тамадаға) арналған әндер-термелер жинағының «Той» (екінші басылуы, 1993 жыл. 298 бетте, 729 беттік қалың том)деген томында атақты «Ауылым» әнінің сөзін жазған Қадір Мырзалиев деп жазылған.

Ал шындығында “Ауылым” әнінің сөзін жазған Жабайыл Бейсенов дейтін кісі. 1962 жылы “арғы беттен” келген. Семей облысының Мақаншы ауданы, Жарбұлақ дейтін ауылында, Алакөлдің шығыс жақ бетінде тұрады. Ал «Той» жинағынан әлдеқайда бұрын шыққан “Ауыл кеші көңілді” (Алматы. Қайнар баспасы, 1986 жыл, 5- басылуы, 249 бет) атты жинақта Жәбірейіл Бейсеновтің аты берілген.

Міне, плагиаттыққа «тәуелсіздік» берілгеннен бері атақты, жақсы әндерге жандайшап авторлар пайда бола бастады. Мінгесушілер немесе бұрынғы иесін ақырын аударып тастап, білдірмей иемденіп кетуге тырысушылар көбейіп кетті.

Жабайыл Бейсенов – аты шықпаған қарапайым ауыл мұғалімі. Ал Қадір Мырзалиев атышулы ақын. Ол бұл жерде өзінің атақ-даңқын, үлкен беделін тұз көзірдей пайдаланып, жәй “алтылықты” жалп еткізіп басып алып отырғандай. Әрине, Кәкең бұл жерде: “Мен білмеймін, құрастырушылар шалағайлық жасап, байқамай қалған шығар?!” деуі әбден мүмкін. Алайда, олай емес. Құрастырушы Бейбіт Сапарәлі, Жақау Дәуренбековтер, әсіресе атақты әндер мен ақындардың шығармасын шатастыра қоятын кісілер емес.

Әрине, біреудің қолымен от көсеу оңай. Ұрпақтар ауысады. Ескіре ескіре сіңісіп кетеді. Қалай болғанда да “қателікті” уақытында түзеткен жөн.


“Ауылым” әні қалай шыққан?


Таяуда менің қолыма “Ертіс өңірі” дейтін газеттің 2009 жылғы сәуір айындағы саны түсті. Сонда “Ауылым әнінің тарихы” атты мақала жарияланыпты. Авторы: Қуанышбек Төлеуханұлы. Онда әннің тарихы былай баяндалады.

«Алакөл жаққа қарай жүріп келемін. Көп жылдар бойы толысқан “Ауылым” өлеңінің бірден жеті шумағын қағазға түсіріп алдым… Сол жазда Семейдегі Абай театрының әртістері ауылға келді. Біздің үйге қонған Абылай Түгелбайға өлеңімді оқып беріп едім, қолма-қол көшіріп алып, ән жазатынын айтып алып кетті.

Бір жыл өткен соң жол түсіп Семейге келдім. Абылайдан сұрасам: “Сапарбек Әшірбеков екеуміз әнді шығара алмай жүргенде Теміржан Базарбай өлеңді оқып, алып кеткен. Жабайыл келсе маған жолығып кетсін дейді” - деді. Теміржанның үйіне келіп аты жөнімді айтып едім, бірден залға шақырды да: “Жақсы келдің Жабайыл” - деп, пионинаны ашып, жазылған нотаны алдына қойды да, ойнай жөнелді. Ойнап болып маған қарап: “Қалай?” - деп сұрады. “Жеңілдеу ме, қалай?” - деп едім, “Дұрыс айтасың, бұл менің бірінші вариантым. Енді тыңда екіншісін» - деп ойнап жібергенде, бірден ұнады. Бұл осы күнгі «Ауылымның» төл әуені. Теміржан “Енді бұл әнді Алматының худсоветіне жіберем, кейін хабарласам” - деп шығарып салды. Содан 1973 жылы бір жылдан кейін Рашид Абдуллиннің орындауында «музыкасы: Теміржан Базарбаевтікі, сөзі: Жабайыл Бейсебаевтікі» деп радиодан “Ауылымды” жіберді. Мақаламен қоса Теміржан мен Жабайылдың бірге түскен фотосуреттері де жіберіліпті.

Жәкең “арғы бетте” жас та болса үлкен ақындардың бірі болған еді. 1962 жылы Қазақстанға келген соң, көп жыл бойы өлең жазбай кеткен. Жаңа ортаға үйренісіп, толық қалыптасқанша асықпады. Жабайыл осы өлеңнің өзімен-ақ бүкіл қазақ халқын дән риза етті. “Ауылым” әнін атақты әншілердің бәрі де жарысып, жаны сүйіп айтты. Ол ән - ауыл туралы гимнге айналды. Бұл ән Қадыр Мырзалиев пен Жақау Дәуренбековтердің тамағынан өте қоймайды. Босқа ұятқа қалады. Кешірім сұрағандары жөн!


Әйгілі әннің берекесін әбден кетірген


Тағы бір үлкен масқара мысалға “Жас қалам” әнін де қосуға болады. Бұл әнді көптен бері Қорабай Есенов дейтін жас жігіт иемденіп келеді. Талай-талай мақала да жазылып, ескерту де жасалды, тыңдамайды. Өткен жылы Мақпал Жүнісованың үлкен концертінде сахнаға бірінші болып шығып, гитарамен орындады. Баукеспе ұрылардың өзі де мықты жерге бекінеді ғой? Ал Қорабай әлі қоянның көжегі сияқты ғой? Ол енді апайының қолтығына тығылайын деген шығар. Енді, міне осы әнді жинаққа да енгізіп қойыпты. Жинақтың сыртында мынадай жазулар бар: «Ән қазына. 2008. Елге ұнаған бір ән. Соңғы жылдарды жиі айтылған әндер. Алматы “Қасиет” 2008».

3-ші бетте “Жас қалам” (кітаптың ашылу әні), «сөзі мен әнін жазған Қ. Есенов» деген сөздермен ерекше нығырлап тұрып ескертіп алады да, мәтінін береді. Кей жолдардың асты сызылған. Кітаптың ең соңғы бетінде баспалдақ ескерту жасалған да, онда өтініш-тілектері болса, құрастырушыға хабарласу қажеттігі айтылады. «Құрастырушы Тұрғанбек Дәуренбекұлы. Сот:87017537609».

“Жас қалам” дегеннен кейін жұлдызша да бекер қойылмаса керек. Құрастырушы да бірдеңені сезеді. Біздің бұл ән жөнінде ешқандай ескертпеміз жоқ. Қорабай Есенов - ұры. Оны сотқа беру керек!

1953 жылы ҚХР ШҰАР бойынша “жергілікті ұлтшылдыққа күрес” науқаны басталды. Қытай дереу КСРО-ға жіберілген, оның ішінде Қазақстанға жіберілген студенттерін қайта шақырып алды. Солардың ішінде орта бойлы, алғыр ойлы, өткір тілді, қиқар мінезді, кең маңдайлы, бұйра сары шашты Төлеубек Жақыпбаев та болды.

Міне, осылармен бірге осы “Жас қалам” – “Сен маған ыстықсың басқадан” деген атпен бірге барып, бүкіл Шыңжаң жастары жаттап алған болатын. Жастар бас қосқан жерде алдымен осы әнді айтар едік. Тіпті қанша қайталап айтсақ та тоймас едік. Сол 1957 жылы әлгі Қорабай Есенов деген тіпті тумаған бала. Сонда ол бұл әнді ағамыздың белінде жүріп шығарған ба?

Бұл әннің шығу тарихы және оның иесі Төлеубек Жақыпбаев тағдыры туралы өте қызықты да, ашы шындықты Қабдеш Жұмәділов өзінің “Ғажайып дүние” атты тамаша романында былай баяндайды:

“Төлеубектің поэзиядағы бірге жияр соңғы еңбегі – қазір дүйім жұрт әнге қосып айтып жүрген “Сен маған ыстықсың басқадан” деп аталатын ғашықтық жыры. Оның мәнісі былай болып еді. Төлеубек Қазақстанға өткен соң, бір жылдай Мұқаншы орта мектебінде оқыған. Ол осында өзімен бірге бір сыныпта оқыған Розалия деген қызбен көңіл жарастырып, екеуі қосылуға сөз байласады. Бұлар Алматыға бірге келіп, Төлеубек университетке, қыз шет тілдер институтына оқуға түседі. Толықша келген, танакөз, қараторының әдемісі болатын. Әзірше ортамыздағы жалғыз “қалыңдық” болған соң, бәріміз алақанға салып, кинотеатрға бірге барып жүрдік. Бірақ амал не, олардың бұл жұптасуы ұзаққа бармады. Розалия арғы беттен ауып келген жалқы жігітті кедейсінді ме, болмаса аудандық жерде көзіне жұлдыздай басылған Төлеубек астананың сылқым-сері жігіттерінің қасында көмескі тартты ма, әйтеуір қыз сөзінде тұрмай, айнып кетті.

Біреуді сүйсе, жан-тәнімен құлай берілетін, жек көрсе жуық маңда жібімейтін Төлеубек көпке дейін Розалияны ұмыта алмай жүрді.Ақыры ол өзінің күйзелісін жыр жолдарына айналдырған. Онымен де шектелмей, әлгі өлеңді “Сорвала я цветок полевой” деген орыстың халық әнінің әуеніне салып айтатын болды. Қашан көрсең сол әнді мондалинге қосып, зарланып айтады да отырады. Жас кезімізде талай шырқаған әніміз ғой, кей шумақтары әлі күнге дейін есімде. (Бұдан кейін Қабдеш өлең жолдарын толық келтіреді).

“Бәріміздің ортақ сырымызға айналған бұл әнді ақыры бөлмедегі жігіттер қосыла шырқайтын болды. Одан бүкіл жатаханаға таралды. Көп ұзамай Алматыдағы барша студент қауымның сүйікті әніне айналды. Қай институтқа барсақ та, той-думанға жиналған жастар: “Сен маған ыстықсың басқадан” деп үзілдіре шырқап жатқаны… Олай болатыны, ол жылдары Қалдаяқов пен Бейсеуовтардың шыға қоймаған кезі…”

“Алайда біреулердің “Сен маған ыстықсың басқаданды” өз әнім деп жариялағанын құлағым шалып қалды. Сондай шақта арамыздан ерте кеткен марқұм Төлеубек түседі есіме. Өлген адамның жал-құйрығын күзеп, тұлдаған атын біреулер қақпалап мініп жүргендей жайсыз әсерге бөленем”.

Сонда бұл Қорабай деген баламыз, тіпті Қалдаяқов пен Бейсеуовтерден де бұрын шыққан болды ғой? Яғни тумай жатып композитор, ақын болған. Міне, саған фантазия!

Бұл әннің аты “Жас қалам” емес, жоғарыда Қабекең айтып отырғандай “Сен маған ыстықсың басқадан” болатын. Махаббат жайлы өлең, қала жайлы емес. Және де алғашқы шумақтағы соңғы екі жол “Мен сені балаймын жаныма, Сен үшін менде бар бір тілек” емес, “Мен сені жаныма балаймын, Сенде бар мен үшін не тілек?” болатын. Сондай-ақ ең соңғы жолдары:

“Оны – зор,

Мені – қор санасаң,

Мейірімсіз соққаны жүректің” емес,

“Оны зор, мені қор санасаң,

Мейірімсіз соққыңнан күйредім” - еді.

Ал арадағы шумақ:

“Есімде алғашқы сауық – кеш,

Ләззатын тағдырдың өзің шеш” емес,

“Есімде сол күнгі сауық-кеш,

Мен болдым, тағдырымды өзің шеш!” болып келер еді.

“Әлдебір бар шығар сүйгенің,

Тәккаппар менсінбей жүргенің” емес,

“Әлде бір бар шығар сүйгенің,

Тәкаппар мен-менсіп жүргенің” еді.


Тумай жатып ән шығарған “ақын-сазгер” әйгілі әннің берекесін әбден кетірген. Қ.Есеновтың нұсқасында ешқандай логика да, грамматика да, тіпті орфография да жоқ. Мысалы: «Оны – зор, Мені – қор санасаң» дейді Қорабай. «Оны», «мені» сөздері табыс септігіндегі тура толықтауыштар. «Зор», «қор» сөздері – сөз таптары бойынша сын есім, сөйлем мүшелері бойынша анықтауыштар. Араларына сызықша қойылмайды. Ал дұрыс ойлау заңдылығы бойынша, тағдырдың ләззаты болмайды. Талқысы, тауқыметі, тәлкегі болады. Бұл жерде Төлеубектің “махаббаты” сол тағдырдың тәлкегі, махаббаттың зары.

Дұрыс ойлай білмейтін, дұрыс жаза да білмейтін, дұрыс ұрлай да білмейтін, сауатсыз, аңғал балаға ақыл айтар адам бар ма? Әлде «біз – қара шаңырақтың иесіміз. Сендер – кірме, қашқын, оралмансыңдар» деп, бала-шағаларына дейін басына бере ме?


Егер біреу біреудің шығармасына өзінше өзгерістер енгізіп алып, иемдене беретін болса, онда мен Қадыр Мырзалиевтің “Атамекен” деген өлеңіне шын мәнінде шымыр өзгерістер, өңдеулер мен жөндеулер жасап, ол өлеңді тәуелсіз Қазақстанның теңдесі жоқ мемлекеттік гимніне, ерекше ел әніне айналдырар едім. Сондай-ақ ол шығарманың шын мәнінде ортақ иесіне айналар едім. Жабайыл Бейсеновтың “Ауылым” әніне жармаспас едім.

Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жазушылар одағы, Авторлық құқық жөніндегі комитет (егер бар болса) бұл мәселені ресми түрде қарап тиісті шешімдер, қаулылар қабылдаса екен!

Тұманбай Молдағалиев те жақсы біледі. Төкең өте дарынды, тамаша жазушы еді. Бірнеше кітабы шыққан. Бір повесті “Жалын” журналының жабық бәйгесінде екінші орын алған. Тұманбай “бас жүлдеге лайық шығарма еді, бір дауыс берілмей қалды” деп қатты өкініп, мақала да жазған. Ғабит Мүсіреповпен жарысып, “Қыран туралы хикая” атты нағыз классикалық еңбек қалдырған…

Мен ертеде бір қысыр әңгіме үстінде Қабдеш Жұмаділов туралы әдейі бір “теріс” пікір айтқанымда: “Жоқ, Қабдештің басы ауыр бас. Онымен ойнауға болмайды” деген болатын. Сол сияқты, Төлеубекпен де ойнауға болмайды.

Шынына келгенде, шығарма иелерін иемденушілер мен құрастырушыларды сотқа беріп, жауапқа тарттырып, материалдық-моральдық залалдар талап етуге толық құқықты екендігін де ескертеміз!

Әбдеш Дайырбаев

Жеке құралдар