Конституция – ұлттық идеологияның өзегі
shalqardan
Қазақстанда ұлттық идеологияның өзегі – Республика Конституциясы бола алады. Бірақ біз, яғни мемлекеттің негізін құрушы қазақ ұлты осы құқықтық мүмкіндікті өз пайдамызға жарата алмай отырғанымыз да шындықтың бірі. Мемлекет өз саясатын заңдар және заңға негізделген актілер қабылдау арқылы іске асырады. Бірақ олардың қайсы бірі болмасын ел Конституциясына қайшы келмеуі тиіс. Сондықтан да «бөгетті басынан бұз» демекші, Конституцияда көзделген мұраттар (идеалдар) мен асыл құндылықтар жүйесін ұлттық мінез бен діліміздің (менталитет) аясында кең насихаттап-талдау арқылы, бүгінде «бөтеннің» күйін кешіп жүрген Конституцияны өзіміздікі (қазақтікі) қылып алуға ұмтылғанымыз жөн. Осы межені бағындырсақ һәм Конституцияны қазақ ұлтының рухани құндылықтарымен суарып, байытсақ мемлекеттің ішкі саясатын іске асырып қолданылып жатқан барша заң актілері қазақ ұлтының идеологиясының мерейі үстем болуына қызмет етеді. Расында, ұлттық идеология ұғымы екеуара түсініктегі нақтылы бір ұлттың идеологиясы деген қарапайым мағынада қолданылмайтындығын аңғарғанымыз абзал. Ұлттық идеология бұл бір ұлттың ғана идеологиясы деген түсінік бүгінде өзгерген және Қазақстанда да ресми түрде түрленген мағынасы қолданылады. Ұлттық идеология – бір мемлекетте тұратын, бір үкіметке бағынатын, негізінен бір тілде сөйлейтін халықтардың ортақ құндылық-бағадарларының, көзқарастары мен сенім-мұраттарының жүйесі. «Ұлттық» деген сөз «халықтық» деген саяси-құқықтық мағынаға неғұрлым жақын әрі соның баламасы ретінде танылады. Мәселен Қазақ Ұлттық Университеті немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы деген атаулардағы «Ұлттық» деген сөз «халықтық» деген мағынаны беретінін бек жақсы түсінуіміз керек. Европа мемлекеттерінде француз немесе неміс ұғымдары сол ұлттың өкіліне жататындығын емес, керісінше сол мемлекеттің азаматы екендігін көрсететін түсінік екенін европа халқы өте жақсы түсінеді. Мәселен Германия мемлекетінің Негізгі заңының (Конституциясы) 9-бабында «Неміс халқы одақтар мен қоғамдық бірлестіктер құруға құқылы» деген норма орын алған. Бұл қоғамдық бірлестіктерді тек неміс ұлты ғана құра алады деген түсінікті бекітіп тұрған жоқ. Қоғамдық бірлестікті құру(партияны) үшін Германияның азаматы болуың жеткілікті, ал сенің неміс не неміс емес екендігің ешбір заңи артықшылық және кедергі тудырмайды. Осы тұрғыдан алғанда қазақ ұлтының ұлттық құндылықтарын ұлттық яки халықтық идеологияға айналдыру ең алдымен қазақтардың өзге ұлт өкілдері арасында олардан да жоғарғы жауапкершілігі бар екендігін терең сезінуін қажет етеді және осы бір алаштық міндетті құлатпай алып жүруіміз керек. Мемлекет аумағындағы және әлемдік қауымдастық алдындағы қоғамдық сана сынынан сүрінбей сұрыпталып шыққан тұтастай халықтың ортақ құндылығы ғана ұлттық идеологияға айнала алады. Әрине бұл жерде қай ұлт ұлттық идеологияны қалыптастыруда жетекші роль атқаратындығы бірнеше факторлерге тәуелді екендігін де жасырмаймыз. Бұларды табиғи және жасанды факторлер деп шартты түрде екіге бөлуге болады. Табиғи факторға жататын демографиялық ахуал анықтаушы күшке ие. Бүгінде Қазақстан халқының 70 пайызын түркі тілдес, ал қалған бөлігін славян халықтары құрайды. Соның ішіндегі қазақ ұлтының үлес салмағы 60 пайыздан асады. Сәйкесінше қазақ халқы ұлттық идеологияның өзегін құруда үлес-салмағы жоғары және маңызды орынды алатыны көрініп тұр. Бірақ екінші мәселе – жасанды фактор бар. Ол – осы 60 пайыздан астам қазақ ұлтының өкілдері тегістей ұлттық құндылықтарды ұлттық(халықтық) идеологияға айналдыруға әзірме деген сұрақ мазалайды? Себебі қазақтың өзі қазақ тілінде сөйлей алмаса кім кінәлі? Бұл туа біткен кемістік емес, жүре біткен кемістік. Табиғат адам баласына ана тілінен көрі өзге тілде сөйлей алу қабылетін артық қылып ешқашан жаратпайды. Демек бұл фактор жасанды, тілді ұмыттыру үшін қасақана жасалған кеңестік жүйедегі жымысқы саясаттың нәтижесі. Қазақ ұлтының қатардағы ұлт ретіндегі және сонымен бірге мемлекеттің негізін құрушы ұлт ретіндегі конституциялық құқығын қорғау, қалпына келтіру және гүлдендіру – бүгінгі Қазақстанның мемлекеттік идеологиясының басты нысанына ашық айналуы тиіс. Ол үшін қазақ ұлтының тартқан азабы мен шеккен қасыретін кең насихаттап көрсететін ғылыми және ағартушылық жұмыстарды жарыққа көптеп шығарып, Ресейге қосылғаннан бері, әсіресе кеңестік жүйе тұсында бұзылған ұлт құқықтарын қалпына келтіруді өркениетті түрде ұран қылып көтеруіміз керек. Осы бағытта посткеңестік мемлекеттердің ішінде Украинаның қарқыны жоғары екенін айтпасқа болмайды. Кешегі күні Астанада өткен дүниежүзі Парламенттері ассамблеясының отырысында Украина тарапы И.Сталинді украина халқына геноцид жүргізді деп ресми айыптап, кеңестік жүйенің мирасқоры ретіндегі Ресейден әлемдік қауымдастық алдында ресми кешірім сұрауды талап етті. Бүгінде сол Украина мемлекетінің ұлттық рухы жоғары екені мәдениет, ғылым, ағартушылық, спорт және т.б. салаларда айқын көрініс тауып, жемісін беруде. Сондықтанда ұлттық идеологияға жан бітіріп, нәр беру үшін қозғаушы күш – ұлттық рух керек. Сондай рухтың бір парасы Республика Конституциясында бекіген. Мәселен Конституция преамбуласында көрсетілгендей «байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құру» салтанаты бүгінде 60 пайыздан сәл астам қазақ ұлтын мемлекеттің негізін құрушы ұлт ретінде ресми әрі астарлап бекітеді. Сондай-ақ «еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам» идеясы көшпелі қазақ ру-тайпалары үшін де ең жоғарғы құндылық саналғандығы баршамызға аян. «Қазақ» сөзінің этимологиялық мағынасы еркіндікті, ерлікті, бостандық сүйгіштікті беретінін ескерсек ұлттың табиғи мінезін бекітетін конституцияның преамбуласын әрмен қарай қаймықпай жарату өзіміздің еншімізде. Тату-тәтті бейбіт қоғам Шығыс Дәшті қыпшақ не Ұлы Дала аталатын еуразиялық алып кеңістікте орын алды, өйткені көшпелі малшылар қоғамы үшін тыныштықта бейбіт өмір сүру материалдық игіліктердің қорлануы үшін маңызды еді және даланың кеңдігі мен жайылымның жеткілікті болуы да талас-тартысқа жол бермеді. Орта Азия халықтарында тиранның қатыгездігі, билік үшін династиялардың үзіліссіз соғыс амалдары жүріп жатқанда, қазақ даласы қашып келгенді паналатуға жарайтын жұмақтың бұрышы іспеттес еді. Сондықтанда болар әлемдік қауымдастық алдында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанның бейбіт мемлекет ретіндегі бейнесі бірден көзге ілінді. Талай ғасырлар бойы қазақ ұлтының бейбіт өмірді асқақ мұраты ретінде бағалап, қылпық түсірмей сақтауы ел басы Н.Ә.Назарбаевтың қайраткерлігімен сабақтастығын тауып өз тұғырын бүгінде берік орналастыра алды. Сондықтанда болар ел басымыздың ерен еңбегін әлемдік қауымдастық тарапынан әділ әрі ресми бағалануға лайықты деп таныған АҚШ Конгресі ағымдағы жылы Нобель сылығының лауреаты атағын алуға ұсынатындығын хабарлады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бап, 2-тармағында тізбектелген мемлекет қызметінің түбегейлі принциптеріде ұлттық болмысымыздан тамырын тартады. Атап айтсақ «қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық», «бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму» сияқты нормалардың астарында тәуелсіздік алған кезіміздегі ең алдымен ел болу үшін туындаған қажеттілікпен қатар қазақ ұлтының ұстанымдарын теңдей бекіткен құндылықтар орналасқан. Бірлікті ту еткен ата-бабаларымыз әр қашан ел болудың өзегін татулықтан іздеген. Бұл салада қазақ билерінің атқарған еңбегін ерекше атауға тұрарлық. Қазыбек биге «Сөздің анасы не, атасы не?» - деп қойған сарт саудагерінің сұрағына «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деп жауап беруінің астарында би билігінің, тіпті заңның (Жарғының) тұтастай қазақы философиясы жатыр. «Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман» деп онға дейін жасырылатын санамақ-жұмбақта да осы ой беки түседі. Ал экономикалық дамуда – тек қара басын ойлайтын Қарабай болып кететіндерге жол бермейтіндігін конституция ашық көрсетіп, сес көрсетіп қазақы байлам жасайды. «Бай бол, халқыңа пайдаң тисін, Батыр бол, жауыңа найзаң тисін. Бай болып халқыңа пайдаң тимесе, Батыр болып жауыңа найзаң тимесе, Елден бөтен үйің күйсін» деген аталы сөзді айтқан да, айтқызған да осы қазақ ұлтының төл тума мінезі.
Жалпы алғанда конституция нормаларында орналасқан соқталы идеялар – ұлттық идеологияны құраушы элементтер екені рас. Бірақ конституцияның өзі – бар болғаны заңның бір түрі ғана екендігін ескерсек, заң жетімсіздіктері мен құқық кемшіліктері Конституцияға да тән екендігін жоққа шығара алмаймыз. Конституция мен идеология байланысы арнайы талқыны қажет етеді және қызықты тұжырымдар жасауға жол ашады. Мәселен идеологияның конституцияға ешқашан бағынбайтындығы туралы ғылыми жорамал таласты пікірдің бастауы болуы мүмкін. Конституцияның идеологияға қатысты басты функциясының бірі, ол – идеологияны әр қашан сабасынан шығармай бір қалыпта ұстап отыру. Конституция мен идеология арасындағы осы бір теке-тірес идеологияның мемлекеттік және ұлттық болып екіге жарылуына алып келді.
Ұлттық идеологияны мемлекеттік идеологиямен шатастыруға болмайды. Бірақ Қазақстанда ұлттық идеологияны қалыптастыруда мемлекеттік идеология басымдық танытуда және жетекші роль атқарып отыр. Осы екі ұғымның бір-бірімен тығыз байланыстылығы соншалық бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін болмай отыр. Тәртіп бойынша мемлекет ұлттық идеологияның базистік құндылықтарын теориялық тұрғыдан сұрыптап, қолайлы саяси ұстанымды мемлекеттік басқару органдары арқылы қоғамдық санаға әсер ету үшін әр түрлі шаралармен іске асырады. Ұлттық идеологияны қоғамдық бірлестіктер, ағартушылық ұйымдар мен жеке білім беру ошақтары, саяси партиялар мен қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. құрап-жасақтауы тиіс. Тек мемлекеттік идеологиямен ғана жүріп-тұратын қоғам саяси тұйықталуға ұшырап демократияға қауіпті күштерді туғызады. Сондықтан да мұндай келеңсіздіктерге ұрынбау үшін Республика конституциясында идеологиялық әр алуандылық(плюрализм) қағидасы бекітіліп-танылған. Мұның сыры неде деген заңды сұрақ туындайды? Себеп, кез-келген идеологияның өзі түптің түбінде қой терісін жамылған қасқырға айналатындығы. Сол себептіде алуан түрлі көзқарастар жүйесі ұлттық идеологияның тепе-тең және тежемелі сипатта өмір сүруіне мүмкіндік туғызады. Ұлттық идеология турасындағы бүгінгі байбаламның «Горди түйіні» осында түйілген. Бұл түйінді күшпен кесіп шешуде, даналықпен тарқатып шешуде бірінші кезекте Қазақстандық қоғамдық сана мен ұлт зиялыларының еншісінде демекпіз. Бұл істің заты заманның қойнауында қалады, ал аты жақсы болсын, жаман болсын осы бүгінгі ұлт зиялылары деп жүрген алаштың ат жалын тартып мінген азаматтарына тиері сөзсіз.
Дауталиев Қазыбек, құқық магистрі
