Кәлила мен Димна

shalqardan

Мынаған өтіп кету: бағыттау, іздеу

Кәлила мен Димна 15-Маусым 2009

Әйелі: “Сөзінің бәрі рас. Біздің үйде алты-жеті кісіге жететін күріш пен күнжіт бар. Ертең мен тағам даярлаймын, сен өзіңнің сүйген қонағыңды шақыр”, - деді. Таңертең әйелі күнжіттің қабығын аршыды да, сөреге жайып күнге кептіруге қойды. Сөйтті де еріне бұрылып: “Мына жаюлы тұрған күнжітке ит, құс тимесін, аңдып тұр”, - деді де, басқа тамақтарын даярлап, жабдықтауға кірісті. Алайда ерінің бейғам отырғанын, иттің келіп күнжітті жей бастағанын әйел анадайдан көреді. Ит жегеннін жеп, қалғанын аяғына басып былғады, осыны көзі көрген әлгі әйел нәжістелген күнжітті қонақа тартқысы келмеді. Осылай ұйғарды да әйел ақталған күнжітті базарға апарып, ақталмаған күнжітке баспа-бас айырбастайды. Әйел осыны істегенде мен базарда едім, өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім, сонда бір көлденең адам тұрып: “Мына әйелдің ақталған күнжітті ақталмаған күнжітке баспа- бас айырбастауында, заты, бір себеп бар шығар”, - деп еді.

“Енді мына егеуқұйрық туралы мен де сол сөзді қайталар едім, өйткені сенің айтуыңша, себетке шабатын жалғыз сол болса, оның басқа жолдастары тимесе, себетті қайда ілсең де соған әлгі егеуқұйрықтың ғана келуі тегін емес шығар, мұнда бір үлкен себеп болар. Маған бір балта тауып берші “, - деді. Ол қонағына балта әкеп берді, мен осы кезде өз інімнен шығып түгел естідім. Кімнің қойғнын білмеймін, әйтеуір, менің інімде мың тіллә (динар) салған бір қалта алтын жатушы еді. Мен оны жерге төгіп, біріне-бірін соғып асыр салып, ойнаушы едім, алтын тұратын мекен-жайды білетініме мақтанып мардамсушы едім. Қонақ менің інімді қаза-қаза келіп, әлгі ақшаға жетті. Ақшаны қолына ұстап тұрып сопыға мына сөзді айтты: “Дұрыс, осы егеуқұйрықтың саған шабуыл жасауына, оған сонда жойдасыз қайраттың бітуіне себеп болған мынау екен ғой, өйткені әрбір жан иесін ақылды да, күшті де ететін осы ақша. Енді өзің көрерсің, бұрынғы батырлығы да, батылдығы да оған қайта оралмайды, осы күнге дейін істеген қылығын қайталауға оның мұршасы мүлде келмейді”, - деді. Қонақтың осы сөзін естігеннен кейін мен сандалақтап дел-сал болдым, бұрынғы өзімді өзім көтеріп мақтануым да ақылсыздыққа айналды. Бөтен біреудің ініне барып паналадым, қоңсы болдым, соның ертеңіне-ақ көзім жетті, егеуқұйрықтардың арасындағы менің беделім түскен екен, олардың сыйлауы да немқұрайлы сияқты. Себетке секіруді бұрын өзім үйретуші едім, енді бүгін мені олар секіртті, бірақ секіруге шамам келмеді, көріне көзге кеміп қалдым, егеуқұйрықтар менен күдер үзіп, теріс айналды: “Тағдырдың сүйікті құлы құрыған екен, жуық арада мұның өзі біреуіміздің мойнымызға мінетін масыл болар, сірә”, - деп соқты. Бәрі де мені тастап, жабыла барып жауларыма қосылды. Көрінген жанға мені ғайбаттап, кеміте сөйлейтінді шығарды. Мен сонда мынау ойға тірелдім: жолдас та, туыс та, ағайын да, дос та – бәрі де тек ақшаның барында екен деп білдім. Ақшаң болса батыр да, ақылды да сенсің, жоқ болса, күллі атақтан жұрдай болатыныңды байқадым. Ақшасы жоқ жан мақсатына жете алмайды, оған жетуге ұмтылмайды да, өйткені кедейлік кес-кестеп кедергі жасай береді, мен осыны ұқтым, тап осы тәрізді жаздыкүнгі жаңбырдың суы жапан далада жерге сіңіп таусылады, ешбір өзенге де, теңізге де барып құймайды, оны жердің өзі сорып алады, өйткені жердің сусынын қандыратын су, сол су арқылы ол өз мақсатына жетеді, көріктеніп гүл-гүл жайнайды.

Кедей туыстың үй іші де, бала-шағасы да, атақ-даңқы болмайды. Жұрт көзінде ақшасы жоқ жанның ақылы да жоқ, оған бұл дүние де, ақырет те бұйырмайды. Кемтарлықтың шеңгеліне түскен адамнан ең әуелі туыстары безеді, жақындары жек көріп ат-тонын ала қашады. Ал кей кезде өз басының және үй ішінің қажетін, мұң-мүддесін орындау үшін ол шара іздейді, сонда лаж таппай қылмысқа ұшырайды, арынан ажырайды, қор болады, сөйтіп ол екі дүниеден бірдей қол үзеді де мүлде құриды. Бақытсыздықтың бар тетігі кедейлікте; кедейді жұрттың жексұрын көруі де сол. Кедейлік ақыл мен әділеттен де жұрдай етеді, осының зардабынан білімділік те, тәрбиелі қағілездік те жойылады. Кедейлік өтірік-өсектің, қаңқу сөздің міне шабатын салт аты, ар-ұяттың сарқылатын мекені де сол. Ұяттан айырылған жаннан қуаныш та қашады, ол үнемі жексұрындыққа ұшырайды, ал жексұрындыққа ұшыраған адам жәбірленеді, жәбірленген кісі қайғыға кездеседі, оның ой-санасы кемиді, ақылсыз да, ұмытшақ та сол болады, ақыл-есі, ой-санасы кеміген жанның барлық сөзі өзін орға итереді, пайдасыз болып шығады. Бұрын сеніп жүрген адамдар кедейленген кезде оған енді сенбейді, күдіктене қарайды, бұрын жақсы дегендер енді оның ісін үнемі жамандыққа жориды. Біреу қылмыс істесе осыдан көреді, күдіктенудің, арам пиғылдың бәрі осыған төнеді, күллі жанның көздейтін қарақшысы осы кедейлік екен. Байларды мақтауға арналған қылық кедейлерді қарақаттауға жарай береді. Кедей ер жүрек болса, оған алаңғасар-әңгүдік деген атақ таңады, ол мырза болса, ысырапқор деседі. Егер ол әдепті болса, оны әйеңкес, әлсіз деп біледі, ол өзін ұстай білсе, оны өр көкірек жарымес деп есептейді. Ол шешен болса, ақымақ мылжың деседі. Кесіп алса қан шықпайтын сараңнан сұрантуға апаратын кедейлік, ал бұдан ажал анағұрлым артық. Егер адал туған адам айдаһардың аузына қолын тығып, өңешіндегі уын суырып алып, сол уды өзі еріксіз жұтып қоюға мәжбүр болса, міне, осы қылығы пейілі тар сараңнан бірдеме дәметіп сұранудан әлдеқайда жеңіл. Бұрынғылар: “Бөтен елде, шет жерде жүрген біреудің басы ауырып, балтыры сыздаса, ол осы аурудан емделе алмаса, өйткені не күндіз, не түнде паналайтын мекені болмаса, оның үстіне өз еліне қайту үміті кесілсе, немесе сол адамды жоқшылық қысып қайыр сұратуға апарса, міне, осы адамның өмірі өліммен тең, ал өлім – оған рақаттың алтын бесігі. Ешкімнің қайыр сұрағысы келмейді, бірақ жоқшылық оның жер-жебіріне жетеді, сол жоқшылық ұрлыққа да, зорлыққа да итереді, ал мына кейінгі қылықтары ана өзі ат-тонын ала қашқан қайыр сұраудан да арам”, - деген екен. Тағы бір жерде мынаны айтыпты: “Өтірік сөйлеуден мылқау болу артық, зорлықтан алдау артық, ал төңірегіндегі елді жеп, төрт түлігі сай болып рақатқа батудан таза жоқшылық пен кедейлік артық”, - депті.

Осыдан кейін менің інімнен қазып алған тілләні қонақ екіге бөліп, тең жартысые сопыға бергенін көрдім. Сопы өз үлесін дорбаға салды да, жастығының астына басты. Сопы жастанып жатқан тілләні қайта әкеліп өз ініме салғым келді, сондағы ойым – кеміген қуаттың біразы қайта орнына түсер, теріс айналған достарым өзіме қайта оралар деп үміттендім, сөйтіп сапарға аттандым, бұл кезде сопы ұйықтап қалған екен. Мен келіп жастығының астын тіміскіледім, сөйтсем, қонақ ояу жатыр екен, оның қолында таяғы бар еді. Ол мені қақ бастан беріп кеп жіберді, сасқалақтап қаша жөнелдім де, ініме кіріп кеттім.

Басымның ауруы толастаған кезде лепірген көңіл, ашқарақ ой тағы билеп әкетті, ақылымнан адастым, әлгі ой ерікке қоймай итермеледі, тағы шығып сопының қасына бардым, бұл жолы қонақ мені аңдып жатыр екен, таяғымен салып кеп қалды, сонша қатты ұрды, басым жарылып, қан саулап ақты, тәлтіректей дөңбекшіп, сүйретіліп ініме әрең жеттім де, есімнен танып құладым. Мен қайғы-қасіреттің шырмауына түстім, ақшадан біржола көңілім қалды, енді ақшаның атын естісем, төбе шашым тік тұратын болды. Соңынан ойлап-ойлап осы дүниедегі адамның бәрі бақытсыздыққа ұшырағанда ашқарақтық пен құлқын құмарлық өмірі арылмайды, сондықтан ол бақытсыздыққа да, қайғы-қасіретке де душар бола береді. Мырзалық пен сараңдықтың арасы жер мен көктей екен, мен осыны сездім, жомарт жанның дүние іздеп қол созуынан гөрі, сапарға аттануы, неше түрлі шексіз бейнет, ауыр мехнатқа ұшырауы әлдеқайда жеңіл-ау деп білдім! Дүниедегі теңдесі жоқ зор байлық қанағат екен. Мен данышпандардың айтқанын естідім, олар: “Ақылдан сабыр артық, аяр сопылықтан адал қылық артық, байлықтан қанағат артық. Өзгермейтін тағдырдың ісіне көбінесе көнген артық”, - дейді екен. Солар тағы мынаны айтыпты: “Адамның басына біткен зор байлық – қайырымдылық, махаббаттың жоғарғы сатысы – сенім, даналықтың ең алды – келешекте болатын іс пен болмайтынды ұға білу, сөйтіп ізгілік пен сабыр көрсетіп қол жетпейтін нәрсеге ұмтылмау”, - депті. Осыларды естігенннен кейін мен де қанағат тұтып, барға ырза болдым, сопының үйінен безіп, жапан далаға барып мекендедім.

Құзғынмен бірге келген егеуқұйрық енді тасбақаға қарап сөйледі: “Менің бір көгершін досым болды, екеуміз мына құзғыннан бұрын достасып едік. Құзғын маған сол көгершін арқылы кездесті де, сенімен достығын айтты, саған барғысы келетіннін білдірді. Сонда құзғынмен бірге мен де жөнелдім, жалғыз қалғым келмеді, өйткені бұл дүниеде бауырласыңмен бал жаласып достасып жүргенге не жетсін, одан зор қуаныш жоқ, ал сол достардан суысып кетсең, бұдан үлкен қасірет те жоқ екен. Күнделік мұқтажынан құтылып, тарпаң өмірдің тақсіретін тартпау үшін ақылды жанға басы артық дүниені күйттеудің қажеті жоқ екен. Бұл үшін тек аз ғана ішіп-жемің, баспанаң болсын, бұған жетуге ұлан-байтақ өлкең мен дарқан жүрегің көмек бере алады, мен осының бәрін басымнан кешкен соң барып білдім. Егер дүниедегі бар байлық бір адамның қолына берілсе, сонда ол азғантай-ақ нәрсемен қанағаттанып, өзінің мұң-мүддесін орындар еді. Осы ойға мұқылас ұйыдым да, құзғынға ілесіп жөнеп бердім. Мен сенің сіңлің болайын, сен маған да сондай жанашыр апа бола біл”, - деді.

Егеуқұйрық осылай сөзін бітіргенде нәзік үнмен, өткір тілмен тасбақа оған былай жауап қайырды:”Сөзің әдемі екен, жаным, құмарта тыңдадым, бірақ менің байқауымша, сырыңның тетігін сен әлі түгел шертпей отырған сияқтысың, өзіңнің бізге келген сапарыңдағы мақсатыңды да айтқан жоқсың, жүрегіңде бір нәрсе түйткіл тұрғандай, оның болмауы керек қой. Ойланшы өзің, әдемі сөзден ештеңе өнбейді, күллі тетік істелетін әрекетте. Мысалы, ауру адам емделудің жолын білсе, бірақ емделмесе, сол ауруын жеңілдетіп тыншыға алмайды ғой, сонда оның білгенінен не пайда? Қабырғаңмен кеңесіп, ұйғарған ойыңды ісіңмен көрсет. Малым аз деп қапаланба, ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды, оны жұрт малсыз да сыйлайды, мысалы арыстан өліп жатса да, оның айбатынан ел қорқады, құрмет тұтады. Байлығы қаншама мол болса да, адамгершілігі шамалы жанды халық қадірлемейді, мысалы, алтынмен аптап, күміспен күптеп, мойнына қарғы, аяғына білезік тақсаң да, итті жұрт ит деп біледі, жек көреді. Жат жерде жүрмін деп қайғырма, жақсыда жаттық жоқ. Қандай жат елге барса да, оның өзіне ақылы жолдас, оған сол жетеді, мысалы, арыстан қай жерде жүрсе де, қай тарапқа барса да, оның күш-қуаты өзінде, соның көмегімен ол өмір сүре алады. Сөйтіп, әділ ізгілікке сиын да, барлық әдіс айланы қолданып өзіңе өзің көмек бер, егер осылай әрекет жасасаң әлгі ізгілік сені өзі іздеп табады, не ексең, соны орасың, өйткені су ойға қарай ағады, суға үйренген құс үнемі суды көздейді. Бақыт тек қырағылар үшін, ізденгіш, ақылы ширақ жандар үшін жаралған, ал әйеңкес, жалтақ, өзі біреуге сенетін жандардың, жалқаулардың қолы байлыққа кемде-кем-ақ жетеді. Сондай-ақ жас әйел де кәрі шалмен көңіл қосуды өзіне лайық көрмейді, қосылуға құмартпайды.

Өзіңнің айтуыңша түнде көп ақшаң болыпты да, таң атқанда содан айрылып кедейлікке кездесіпсің, бұған сен қайғырма. Ақша да, басқа байлықта қолдың кірінде, келерінде жылдам келеді де, кетерінде судай ағады, бұлар аспанға лақтырған доп сияқты жерге тез құлайды. Бұрынғылардың айтуынша:”Бұлттың көлеңкесінде, арамзаның достығында, әйелдің махаббатында, жалған мақтауда, мол байлықта баян жоқ, тиянақсыз нәрселер, міне, осылар”, - деген екен. Ақылды жан зор байлыққа сүйінбейді де, тапшы өмірге күйінбейді. Оның бар байлығы - өзінің ақылы мен ізгі еңбегінде. Оның істеген ісі, артына қалдырған өрнек-үлгісі жоғалмайды, істеген қылық үшін оны жауапқа ешкім тарта алмайды, мұны ол жақсы біледі. Болашақ өмірге бейғамдық жасамау жөн, ақырет үшін де игілікті істер істеп кету керек. Ажал аңдаусызда аяқ астынан тап болады, оның келер мерзімін ешбір жан білмейді. Менің өсиетіме сен ділгер емессің, өз басыңа не нәрсенің пайдасы барын көріп те тұрсың. Алайда достық ақың бар, сол борышымды өтегім келеді; ендеше, сен біздің адал сіңліміз бол, әліміз келген жақсылықты бізде сенен аямалық”, - деп сөзін бітірді.

Тасбақаның егеуқұйрыққа берген жауабын, көрсеткен сүйкімді қылығын, сұлу сөзін естіп құзғын қатты қуанды, көңілдене тұрып мына бір сөзді айтты. “Досым, сен егеуқұйрық жөнінде мені шаттыққа бөледің, бақытты еттің, енді өзің де солай қуануға тиіссің; өйткені ағайын-туысы, адал достары үйінен арылмаса, үнемі бірге болып бірін-бірі қуантса, сол үй иесі әлгі дос-жарандарының мұң-мұқтажын орындауда ылғи жел жағынан түсіп көсемдік істеп отырса, міне, жойдасыз күшті қуаныш, қасиетті өмір, ізгі даңқ – бәрі де осы адамның бойында болмақ. Ізгі жан сүрініп кетіп, орға құласа, оған ізгі адам ғана қол ұшын беріп, тартып ала алады, сондай-ақ егер піл батпаққа батса, оны тек піл ғана суырып шығармақ. Қаншама мол жақсылық көрсетсе де ақылды адам оны міндет етпейді, ескермейді де, басын бәйгеге тігіп, неше алуан қауіп-қатерге кездессе де, бұдан тіпті зиян көрмейді, ол тек жалғанды ақыретке айырбастайды, азды беріп, көпті сатып алады, оның осыған көзі де жетеді. Жұрттың қамын ойлайтын, екіталай кезеңде ел болып көмек тілейтін, халық паналайтын игі жандар болады, міне ең бақытты адамдар осылар, ешкімге шарапаты тимейтін байларды көпшілік байға есептемейді”, - деді.

Құзғын осы сөзді айтып тұрған кезде, бұлардың жанына күтпеген жерден бір ақбөкен жүгіріп келді. Құзғын, егеуқұйрық, тасбақа үшеуі де шошып кетті. Тасбақа секіріп суға түсті, егеуқұйрық ініне кіріп жоқ болды, құзғын ұшып барып бәйтеректің басына қонды. Ақбөкен жиекке жақындап барып, азырақ су ішті де, шошынып жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады, аңырап тұрып қалды. Ақбөкеннің соңында қуғыншы жоқ па екен, соны байқау үшін құзғын шарықтап аспанға ұшты, қалықтап жүріп айнала атырапқа көз жіберді, бірақ еш нәрсені көре алмады. Содан кейін қайтып келді де: “Ешбір қауіп-қатер жоқ, бері шығыңдар!” – деп, тасбақаны судан, егеуқұйрықты інінен шығарып алды. Міне, енді бәрі де баяғы орындарына қайта жиналды. Ақбөкеннің суға үңіле қарап, ішпей тұрғанын көрді де, тасбақа сөйлей жөнелді:”Шөлдесең іш, қаймықпа, қауіптенбе!”- дегенді айтты. Ақбөкеннің еті үйреніп енді бұларға жақындай түсті. Сонда тасбақа сәлем беріп, амандасты да:”Жолың болсын, қай жақтан келе жатырсың?” – деп сұрады. Ақбөкен тұрып:”Мен баяғы да осы өңірде болып едім, сонда біреулер мені әуреге салып, қоярда-қоймай қуалаған болатын. Бүгін бір қартты көрдім де, соны аңшы болар деп қорқып осында қашып келдім”, - деді.

Сонда тасбақа: “Сен. енді қорықпа, біз ешбір аңшыны бұл жерде көрген емеспіз. Шүйіркелесіп бірге тұралық, өзіңдей көр, сен жайылатын отты жер де осыдан қашық емес”, - деді. Ақбөкен солармен достасып бірге тұрып қалды. Бұлардың шілік қосы болушы еді, күн сайын белгілі мерзімінде мкендеріне келіп, бас қосып, өзара масайрасып, әңгіме-дүкен құрып отырушы еді. Бір күні дағдылы мезгілінде құзғын мен тасбақа, егеуқұйрық үшеуі келіп жолығысты, араларында ақбөкен жоқ еді. Олар бір сағаттай күтті, ақбөкен кешіге берді, бір пәлеге ұшыраған шығар деп қорықты да, олар құзғынға мына сөзді айтты:”Ақбөкен осы маңайда жайылып жүрген болар, сен ұшып шығып, көріп қайтшы”, - деді. Құзғын шарықтап аспанға ұшты да, аңшының торында ақбөкеннің оралып жатқанын көрді. Ол жылдам қайтып келіп, егеуқұйрық пен тасбақа осы хабарды жеткізді.

Тасбақа мен құзғын егеуқұйрыққа қарап: “Бауырымызға сен ғана жәрдем бересің, бұл жөнінде сенен басқа сенеріміз жоқ”, - десті. Егеуқұйрық іле-шала жүгіріп ақбөкеннің жанына жетіп барды да: “Сонша қырағы едің-ау, сен, бұл пәлеге қалай ұшырадың?” – деп сұрады.

Ақбөкен сонда:”Көзге көрінбейтін құпия тағдырдан қырағылық құтқара ала ма, одан қашып жан сауғалауға бола ма?” – дегенді айтты.

Осы әңгіменің үстінде тасбақа да келіп жетті, ақбөкен оған бұрылды да:”Сен мұнда бекер келдің-ау. Мені шырмаған торды егеуқұйрық тісімен қажалап үзіп жіберсе болғаны, сол арада аңшы келіп қалса да, мен жүгіріп жеткізбей кете алам, егеуқұйрықтың паналайтын іні көп, ал құзғын болса ол ұшып кетеді, бірақ сен мешеу қимылдайтын, шабан едің, қаша алмайсың ғой, сондықтан мен енді сенің қамыңды ойлап аңшыдан қорқып тұрмын”, - деді.

Осы арада тасбақа сөйлеп кетті:”Жақсы көрген достан айрылу тіршілік емес. Бауыр мен бауырдың кездесуі ғана қауіп-қатерді жеңілдетіп, басқа келген қайғыны ыдырата алады. Содан олар біріне бірікөрген қасіреттерін шертісіп, мұң-мүддесін тебірене айтысып, көңілдерін бөліседі, ал достар еріксіз ажырасқанда жүректің оты сөнеді, қуанышы өрескел көрінеді, көзіне шел қаптайды”, - деді.

Тасбақа сөзін бітіргенше, аңшы да келіп қалды. Алайда егеуқұйрық бұл кезде торды қиып үлгерген екен, ақбөкен қашып құтылды, құзғын ұшып кеті де, егеуқұйрық інге кіріп жоқ болды. Торының дал-дал болып, жыртылып жатқанын аңшы көрді де таң қалды, төңірегін сүзе қарағанда, тасбақадан бөтен ешкімге көзі түпеді. Табан ауызында тасбақаны торына алып, көтеріп жүре берді.

Ақбөкен, құзғын, егеуқұйрық үшеуі кешікпей-ақ қайта бас қосты, олар аңшыны аңдыды, оның тасбақаны торына орап алып, әкетіп бара жатқанын көрді, қатты қайғырды, сонда егеуқұйрық айтты:”Бір пәледен жаңа ғана құтылып, енді екінші бір одан да зорына кездестік-ау, тіпті ойыңа да сыймайды! Бұрынғының сөзі рас екен ғой:”Адам алғаш сүінгенше аяғын шалыс баспайды, ал кедір-бұдыр жерде бір сүрінсе, содан кейін дағдыланады да, тегіс жерде де сүрінуге үнемі бейім тұрады деуші еді. Мені үй ішімнен, мал-мүлкімнен, отанымнан, ел-жұртымнан айырған тағдыр әлі тояттаған жоқ екен, ол енді тіршілігімнің бар тетігі тасбақадан айырды ғой, бұл мақтаныш іздеу үшін болған емес еді, бұл достық әкенің баласына көрсететін мейірбандық махаббатынан да артық еді, мұны тек өлім ғана ұмыттырады. Уа, шіркін, мехнат тарту үшін жаралған қу дүние-ай! Өмір оңғақ қой, ол үнемі өзгеріп, жаңғыра береді, онда тұрақты, тиянақты, еш нәрсе жоқ, тап сондай-ақ аспандағы жұлдыздың туысы да, батысы да мәңгі бір қалыпта тұрмайды, туғаны батады да, батқаны қайта туады, ылғи өзгеріп ауыса береді, шығысы – батысқа, батысы – шығысқа айналып құбылып тұрады. Бұл қайғы менің басымнан кешкен мехнатты есіме түсірді, ол жазылып келе жатқан бітеу жара еді, тұтқиыл таяқ тиіп ауызы қайта ашылғандай болды, сондықтан енді екі қайғы тоқайласты: жаңадан тиген соққының ауыртуы, ескі жараның ауызы ашылып, сыздауы бірігіп бас қосты. Кімде-кім бауыр басқан, үнемі бірге жүрген досынан айырылса, оның жүрегінде орын тепкен бітеу жара да дәл осылай сыздайды”, - деді.

Құзғын мен ақбөкен сонда егеуқұйрыққа мына сөзді айтты:”Біздің қасіретіміз де, сенің сөзің де қанша күшті болғанмен, тасбақаға бұлардан келер пайда жоқ. Сондықтан мұның бәрін доғар да, соны босатудың амалын қарастыр, өйткені бұрынғылар:”Ерлік – майданда, сенімділік – қарыз алғанда, борышын төлегенде, үй іші мен бала-шаға – пәлеге кездескенде, ал достық – бақытсыздыққа ұшырағанда танылады”, - деген екен”, - деді. Осы арада егеуқұйрық айтты:”Мен мынадай айла таптым. Ақбөкен, сен оққа ұшып жаралған жанша қозғалмай жата қал. Сол кезде жемтікке ұмтылғандай болып құзғын саған қарай құйыла төнсін, мен аңшының ізін бағып, өкшелеп жақындай берейін. Сені көрген соң аңшы садағын да, оғын да, тасбақаны да тастай беріп, саған тұра ұмтылады, олай істейтініне менің иманым кәміл. Аңшы таяна бергенде сен тағы ақсаңдай қаш, бірақ ұзап кетпе, оның ұстап алам деген үмітін үзгізбе. Сен бірнеше рет қолына түсіп қала жазда, біресе алыстатып, біресе жақындатып әбден сілесін қатыр. Аңшы ұзап кетісімен-ақ мен тасбақаны орап тұрған торды кеміріп қиып тастаймын. Сөйтіп, босатып аламыз да, бәріміз ескі мекенімізге қайта барамыз”, - деді.

Ақбөкен мен құзғын дәл осылай істеді. Екеуі қосыла қимылдады, аңшы күдерін үзіп кері қайтқанша титықтап әурелей берді, осы кезде тасбақа оралған торды егеуқұйрық дал-дал қылып қиып тастады да, бәрі тізе қосып, кері қашып кетті. Аңшы қайыра келіп, қиылып жатқан торын көрді де, ақсақ бөкен мен құзғынды есіне түсіріп дал болды: “Ақбөкен жемтік тәрізденіп қозғалмай жатады, оған құзғын түйіле түседі, бірақ жемейді”, осыны ойлап ол түршіге қорықты: “Бұл, заты, жын-шайтан жайлаған жер болар”, - деді де, ол ешнәрседен үміт етпей, алды-артына қарамастан қайтып кетті. Осыдан кейін құзғын мен ақбөкен де, тасбақа мен егеуқұйрықта мәз-мейрам болып байырғы мекен-жайы - өз күркесіне тартты. Бауырластың өзара көмектесуі жөнінде айтылатын нақыл осы болушы еді, - деп әңгімесін аяқтады Бейдауа.