СЕГІЗ ҚЫРЛЫ БІР СЫРЛЫ ЖАН
shalqardan
(Суретші Ә. Ысмайылов туралы)
Ұлттық өнеріміздің сан қырына өз қолтаңбасын айқын түсіріп, бүгінде тоқсан жасқа толып отырған Әубәкір Ысмайыловтың шығармаларымен танысқан сайын көңіл көкірегінде көптеген ойлар ой көтере бастайды.
1970 жылдың мамыр айы болатын. Бір күні таңертең жұмысқа кірген бетім сол еді. Есіктен кірген бойда хатшы қыз: - Сізді бастық шақырып жатыр, - деді. Мен бөгелместен жетіп бардым. Амандық-саулықтан кейін бастық, - Сен Әубәкір Ысмайыловты жақсы таниды екенсің. Сол кісі маған өтініш жасап отыр. Бақанаста Әукеңнің шығармашылық көрмесі ашылады екен. Онымен бірге барып қайт, жақсы бір репортаж, тағы басқа хабарлар алып кел, - деп біраз тапсырма берді.
Біз бірнеше адам түс кезінде автобуспен Алматыдан Бақанасқа бет алдық. Мамыр айының құлпырып, табиғаттың гүл бәйшешек атып жайнап тұрған кезі еді. Автобус ішіндегінің көбі суретшілер, олардың ішінде телеарна қызметкері Әділбек Тауасаров, оператор Юрий Сахнов және мен бармын. Жолшыбай күлкі, қалжың, қызу әңгіме. Көпшілігі сурет өнері жайлы. Әукең автобус алдында отырып:
- Тоқташы әне бір гүлдің әдемісін қарашы! Ана бір ағаштың сұлуын-ай! деп жүргізушіні жиі тоқтата берді. Бір кезде автобуста есік жаққа жақын отырған Гүлфайруз Исмайылова «Біз бұл жүріспен ертең де Бақанасқа жете алмаспыз» деп кейістік білдірді. Осыдан кейін Әукең кең далаға қарап ұзақ үнсіз отырды. Біз Бақанасқа күн бата келдік. Бізді қарсы алған аудан әкімшілігі мәдениет қызметкерлері қонақүйге орналастырды. Ертеңінде аудандық мәдениет үйінің алдында Әукеңнің сурет көрмесі ашылды. Оған ауыл адамдары, мектеп оқушылары, мәдениет қызметкерлері қатарлы көпшілік қауым көп жиналды. Көрме аяқталғаннан кейін Әукең сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке алғысын айтып, сол көрмеге қойылған шығармаларын түгелімен аудандық мәдениет үйіне сыйға тартты.
Бірде әңгіме арасында ауданның көркемөнерпаздары облыстық байқауға әзірленіп жатқаны жайлы сөз болды. Осыны естіген Әукең мәдениет үйінің директорынан «жастардың дайындығы қалай екен, көрсек қайтеді?!» деп өтініш жасағанда ол жігіт бірден қуанып кетті.
Мәдениет үйіне кірген бойда өнерлі азаматтармен әңгіме құра бастады. Бір кезде сахнаға биші қыз-жігіттер шыққанда Әукең орнынан ұшып тұрып:
- Балалар, бұл би олай емес, былай деп сахнада солармен бірге билеп кетті. Отырған жұрт аң-таң. Қатар жүрген әріптестерінің көбі Әукеңнің биші, әнші, домбырашы екенін білмейді екен. Сол күні Әукең жастармен аудан әкімшілігінің сұрауы бойынша дайындық жүргізді. Әукеңнің сондай сегіз қырлы, бір сырлы екенін мен сонда білдім. Бір күнге барған біздер халықтың сұрауы бойынша Бақанаста үш күн болдық. Әукең мәдениет үйінің жастарын байқауға дайындап, үш күн бойы тәңертеңнен кешке дейін дайындық жұмыстарын жүргізді.
Сол сапарда бір қызық әңгіме естідік. Әукең Әуезов театрында жұмыс істеп жүргенде гастролдік сапармен бірге ауылға барыпты. Ауыл еңбеккерлерінің өнер адамдарын құрметтеп қарсы алатын әдеті ғой. Тәңертеңгі шай үстінде Әукең бірнеше күй тартыпты. Әукеңнің өнеріне ырза болған үй иесінің жолдасы жас келіншек шәй құйып отырып - , «аға қанша күй білесіз?» деп сұрапты. Содан Әукең бөгелместен «мың күй білемін» десе, төрде отырған Серағаң Серке Қожамқұлов «врещ подлец» деп ұшып тұрыпты. Осы әңгімені естігенде, отырған жұрттың ішегі қатты.
Төртінші күн дегенде біз Алматыға жолға шықтық. Табиғатты тамашалап, әр жерге бір тоқтап келеміз. Бүгін өткендегідей емес, Гүлфайруз апамыз көңілді. Тоқтаған жерде түсіп, әртүрлі қызғалдақ гүлдер теріп, сумкасына салып қояды.
Кенет Әукең « мен сендерге балық сорпасын ішкізейін. Ана көлдің жағасындағы қайыққа жақындап тоқта» деді жүргізуші жігітке. Әукең автобустан түсті де өзінің бір ескі танысындай екі орыс жігітіне қол беріп, амандасып жатыр. Бір кезде автобуста отырған біздерге «келіңдер» деп қолын бұлғады. Біз түгел олардың қасына келдік. Әукең шешініп тастап олардың қасына келіп, ау салып балық алуға кірісті. Әукең уәдесінде тұрып сол күні түсте бізге балық сорпасын ішкізді.
Адам өміріндегі 90 жас, сеңгір-сеңгір тауларды елестетеді. Қазақ айтады ғой: «Сегіз қырлы бір сырлы жігіт» деп. Әукең де жас кезінен өнердің әр саласын меңгерген сегіз қырлы бір сырлы жігіттің нақ өзі еді. Оған дәлел – ол кісі тек суретші ғана емес, өнердің әр түрін меңгерген. Ол – би де билейді, атқа да шабады, ән салып, домбыра да шертеді. Ол отызыншы жылдардан бастап киноға түсіп, әртүрлі кейіпкерлерді сомдаған. Сол жылдары филармонияда биші болып қызмет істеді. 1936 жылы Москвада өткен декадада Шара Жандарбековаға партнер болып қазақ биін билеген. Сонымен қатар ол домбырада Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерін тамаша нақышына келтіріп орындайды. Әубәкір Ысмайылов қазақ халқының ертедегі тарихы жайлы көп еңбек еткен адам. Оған «Қазақтардың жоңғарларды жеңгені», «Ақтабан шұбырынды» сияқты еңбектері дәлел. Ал Советтік қызыл империяның қылышынан қан тамып, елдің еңсесін көтертпей тұрған кезде осындай сан-түрлі суреттерін салған. Келесі бір еңбектері қазақ эпостарындағы Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр сияқты көптеген халық қаһармандары, ел қорғандары. Содан кейінгі күрделі еңбектері халық ағарту саласына арналады. Олар: «Абай достары арасында», «Жамбыл мейрамда», «Құрманғазы және Айжан қыз» сияқты еңбектері. Отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, зардап шеккен азаматтар жайлы да қылқалам тартқан. Олардың қатарына «Сәкен», «Сәкен жұмыс үстінде» т.б.
Ә. Сымайылов сондай-ақ туған жер табиғатын тамаша суреттеген талант иесі. Ол бүркіт, ителгі, күйкентай, тұрымтай сияқты құстарды аулап, жасынан аңшылықпен айналысқан және алты жасынан бәйгеге шапқан. Сонымен қатар ол табиғатты өте жақсы көреді. Табиғаттың сиқырлы сырларын сурет арқылы көрсете біледі. Әукеңнің салған суреттеріне қарасаңыз, өзіңізді табиғат қойнауында тұрғандай сезінесіз. Оның «Қарақұйрықтар мекендейтін алқап» деген суретін алатын болсақ тіршілікте бір-бірімен байланысып жатқан табиғат сырларын қылқалам арқылы ерекше бейнелеген.
Тарихи тақырыпқа арналған келесі бір суреті «Қорқыт ата». Ол композициясы мен бояуды қолдану жағынан да ерекше. Қорқыт атаның желбіреген сақалы кеудесінен төмен түсіп, басындағы ақ қалпағы, үстіндегі ақ киімі көңілінің ақ екенін көрсетеді. Абыздың тартып отырған үлкен қобызының үнін тыңдауға жер бетіндегі аң-құстардың бәрі ықыласын аударып қалған. Табиғатта келіспейтін қайшылықтардың өзі бір-біріне үндесіп қалған сияқты. Жолбарыс пен Бөкендердің аспандағы құс пен таутекелердің бір-біріне тиіспей мамыражай тұрғаны. Оң жақта тұрған жыртқыш қасқыр да Қорқыт ата күйін ұйып тыңдауда. Олар бір-бірін көріп тұрған жоқ, бірақ күйдің құдіретіне бас июде. Суретші табиғаттағы барлық сұлулықты көрсете білген.
Ә. Сымайылов түске көп көңіл бөледі. Әр түстің өзінің ерекшелігі, бейнелейтін сыры бар. Ол айтайын деген ойын түс арқылы дәл білдіреді. Әукең қандай да бір суреттерді салмас бұрын, сол тақырыпты зерттеп әбден көзі жеткенде ғана қылқаламын қолына алып, жұмысқа кіріседі.
Жеңіс АҚПАНБЕТ
