Сиыршыбай балуан
shalqardan
Алтай керей шақырылған Әлімқан деген байдың асы болып, сол аста Сиыршыбай жәдік руының балуанымен күресіп, оны қолының ұшына алмай жығады да, бүкіл Алтайдың күн бетін жалт қаратады. Жүлдеге алған бір түйені Мақсұм қажыға береді.
Тағы бір жылы майлы-жәйірдің төресі мен керейін, Алтай, Сауырдың жалпы керейін шақырған Көкедайдың тұқымы Әленнің думанды тойы болады.
Осы тойға қанаты жүйрік, қарулы балуандарын апарып ұтыс тауып қайту әр білікті адамдардың көкейін тескен арманы болды. “Алтай ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда” деп тұрған Қанапия бейісі Қарақұлға шабарманын жіберіп, Сиыршыбайды сұратады. Қарақұл Сиыршыбайдың баруын мақұлдамай, шабарманды қайтарып жібереді. Қарақұлдың алған бетінен қайтпайтын адам екенін білетін Қанапия ел сыйлайтын өзінің жақыны Мәнкейді жібереді. Амалсыз қалған Қарақұл қасына бірнеше адам қосып беріп, Сиыршыбайды Мәнкейге ертіп жібереді.
Бұл күндері Сауырдың бөктер тауының етегіндегі кең қонысқа ұзыннан ұзақ қатар тігілген жүзден артық ақ үйлер, тұс-тұстан келген тойдың қонақтарын өз күтімінен алып жатады.
Алтайдың керейі, әсіресе, жәнтекейлер жағынан келгендер бір бастан оңашалау түседі. Бұлардың ішінде Мәмидің Қанапиясы, Бұқараның Бұршақбайы, Қыстаубайдың Сәлімбақсысы келіп тоғысады. Арнаулы бір үйге шынжырлы аюдай көксегенде келіп ұлайды. Олардың арасындағы ең қадірлісі болып Байқозы балуан ерекше орын алады.
Алғашқыда жоғарыдағы жәнтекей шонжарлары Қанапия түскен үйге жиналып, аман-сәлем жасасып, Байқозы балуанға осы реткі асқа әкелген балуандарын сынатады. Байқозы балуан жас балуандардың әрқайсысына әр түрлі баға береді де, Сиыршыбай мен Ахметжанға ерекше көңіл аударады. Әсіресе, Сиыршыбайға “күшік сүйегің мен сіңіріңе байланған тарамыс балуан екенсің, сені алатын адам аз, туа қойған жоқ” дейді.
Тойға адамдар жиналғаннан бастап-ақ төрелер жағынан әдейі таратылған бір қара құйын сөз тағы бар:
- Ойбай! Жәйірдің Мамырбек төресінен бір балуан келген екен, өздері оны “өгіз балуан” дейді екен. Өгіз емес, нақ дию екен. Бір үйге жалғыз әрең сыйып жатыр.
Осындай сөздер жұрт арасында ду-ду етеді.
Сиыршыбай қасына бір кісі ертіп, тойда жәй қыдырған адам болып “өгіз балуанды” барып көреді.
Төр алдында төселген кілемнің үстіне салынған аю терісіне малдасын құрып, ұрт еті салбыраған жуан қара адам отырады. “Өгіз балуан” жейдесін шешіп тастап, екі жігітке екі иығы мен жауырынын уқалатып отырған екен. Айналасына айбар шеге қарайды. Оның көзқарасы Сиыршыбайға дүниенің бәрінен үрейленіп алақтап отырған адамдай сезім туғызады. Ал бұлшық еттерін уқалап отырған жігіттердің қолында иленген қамырдай бос көрінеді. Мұны көрген Сиыршыбайдың көңілі орнығып, өзіне бір түрлі сенім, қайрат орнағандай қайтады.
Сол күннің ертеңінде Ален уаң мен ханымы Қадуан ел бастықтарына амандаса келеді де: “керей, бірінші деген балуандарыңды әкеліңдер, бүгін қызық көреміз, балуан күрестіреміз” дейді. Төренің алдап отырғанын керейдің қулары сезіп, бұл күні екінші балуандарын түсіруге келіседі.
Сонымен Ахметжанның пікірі бойынша, оны төрелер жағының ақ атаның Мұстафасы деген балуанмен күрестіреді. Оны Ахметжан жығып кетеді. Бұл жолы төрелердің сағы сынып қайтқанмен, “үлкен ұтыс біздікі” дегендей жөн көрсетіп, мығымсып кетеді.
Келесі күні ресми той басталып, ат айдалып, балуандар жарысқа түсе бастайды. Әр рудың атқа мінерлері өз руының ұрандарын шақырып, бұлшық еттері шоқпардай түйілген азаматтарын аттарына мінгестіріп әкеп жатады. Осы топқа ел көзіне ерекше түскен бір көрініс, сонау оқшау тігілген ақ үйден бір адамды шығарып, екі шынжырға тағылған ноқтаны басына кигізіп, шынжырдың бір жақ ұшын Сағдолла бейсесі, тағы бір ұшын және бір мықты ат үстінде тақымдарына басып ұстап, бұлқындырып майданға қарай әкеле жатады. Әлгі “дию, мақұлық” адам жердің шаңын әдейі аяғымен бұрқылдатып, екі атты адамды бір өзі сүйреп келе жатқандай алдыға ентелей ұмтылып, шабынып келеді. Екі езуінен бұрқылдаған ақ көбік қаңтардағы бураны елестетеді. Айтарға болмаса бұл көріністен адамдардың бәрі де сескеніп қалады. Кешегі лақапты естігендердің бірталайына төрелер расында бір дию әкелгендей сезінеді.
Төрелер балуанынан бірінші болып шынжырлы балуан жер тарпып тұра қалды. Бұл кезде шешініп дайын тұрған Сиыршыбай Бұршақбай үкірдайдың атына қарғып мініп, майданға жөнеледі, жолда Бұршақбай:
- Қалай тартамын, - дегенде, Сиыршыбай:
- Шынжырға тартасыз ғой, - дейді.
Алдына келіп қарсы тұра қалған күдіс жауырын, арықтау, жіңішке қара жігітке алымсынбай қараған шынжырлы “дию” жерден бір уыс топырақты ұстап алып Сиыршыбайдың бетіне шашып жіберіп, бас салып ұстап мыжып жіберетіндей дүрсе ұмтылады. Асықпай тұрып алдына келген “диюдың” сол иығынан қапсыра ұстап, оң жақ бармағын бұғананың астына іліп алып қысып тұрып алады. “Дию” қанша бұлқынса да Сиыршыбайдың қолынан шыға алмай, алақандай көзі онан ары алайып кетеді. Мынадай күресті өмірінде көрмеген Бұршақбай Үкірдай, дегбірсізденіп:
- Көзіңе қара, көзіңе! Лақтырып жібермеймісің, - деп жәнтекей ұранын шақырып жібереді. Сол-ақ екен, Сиыршыбай қарсы жағын өзіне қарай сілке тартып, артына қайта ноқығанда шынжырлы “диюдың” екі аяғы шалысып, шалқасынан түсіп қозғалмай қалады. Өз екпінімен Сиыршыбай жығылған балуанның басынан қарғып өтіп, Бұршақбайдың артына сап ете түседі. Сөйтсе, шыжырлы балуанның сол жақ бұғанасы сынып кетіп, қозғала алмай қалған екен.
Төрелер басында: “Төренің басынан қараша неге қарғиды”, - деп айқұлақтанғанымен сөздің арты ұшып қалады. Осы жолы жығылған Мамырбек төренің “Ғайбас” деген балуаны екен. Төрелер жағы “түйе балуанымыз” жығылды дегенде намыстанып, төрелер жағының тағы бір балуаны, сол кезде ар жақтан жаңа ауып келген Халел балуанды жығылған балуан көрсетіп “балуанға түсіп жығылған төренің Ғайбасы емес, қарашаның Халы” деген лақап таратып кетеді.
