«Желтоқсан-86» саябағы жастардың сүйікті орнына айналуда - Шалқар газеті

banner-top12

Жаңалықтар

Уақыты 18 октября, 2021 | қосқан shalqar | 1 418 рет оқылды

0

«Желтоқсан-86» саябағы жастардың сүйікті орнына айналуда

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығы қарсаңында Алматы қаласының «Жас қанат» шағын ауданында ашылған «Желтоқсан-86» саябағы желтоқсандықтар мен жастар жиналатын жылы орынға айналуда.

Қалалық Жасыл экономика басқармасы ағашпен қамтып, желтоқсаншылар мен жастар оны саябаққа отырғызды. Апта сайын спорттық ойындардан түрлі мини-турнирлер ұйымдастыруда. Әрине, жаңадан енді ашылып жатқан саябақта спорт алаңдары толыққанды болмағанымен, асфальтталған алаңқайлар түрлі ойындар ұйымдастыруға ыңғайлы-ақ. Қаладағы ЖОО-лар, колледждер мен мектеп оқушылары кезектесіп келіп, командалар болып сайыстар ұйымдастыруда.

«Желтоқсан» республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы, «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан жұлдыздары», «Желтоқсан жалауы», «Қайсар жүрек», және т.б. қоғамдық ұйымдар өкілдері саябақта қала жастарымен емен-жарқын араласып, естеліктер айтып, өзара сайысқа түсіп, таза ауада уақытты жақсы өткізуде.

«Апталықтар мақсаты — жаңадан ашылған «Желтоқсан» саябағын танымал ету, Желтоқсан маңызын жас ұрпаққа ұғындыра отырып, оларды патриоттыққа, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру. Бұқаралық тәрбиелік іс шараларға желтоқсан ұйымдарының мүшелері мен қала жастары белсенді араласуда», — дейді шара ұйымдастырушысы Жаңыл Әпетова.

Саябақ алаңқайларындағы белтемірге тартылу, қол күресі, асық ату, арқан тарту, тымақ ұру, дойбы ойнау, секірмемен секіру, ұзындыққа жүгіру, гір көтеру және т.б. сайыстарға жастармен қатар, аға буын – желтоқсаншылар да команда болып қатысып, өмірде шыңдалған шымырлықтарын паш етіп, жастарға салауатты өмір сүрудің үлгісін көрсетуде.

Өзара команда болып сайысқа түскен ЖОО, колледждер мен мектептер командалары сайыстар нәтижесі бойынша бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

Саябаққа жиналған жастар, аға-апаларының естеліктерін тыңдай отырып, жай ғана бақ емес, Тәуелсіздіктің бастауы болған – Желтоқсан бағында болуы оларға рух беретінін айтып, бос уақыттарын саябаққа келіп өткізетіндіктерін айтады.

Иә, «Желтоқсан-86» саябағы болашақ ұрпаққа тарихтан сыр шертетін жастардың сүйікті орнына айналары сөзсіз.

Шаралар Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының «Патриоттық рух – басты құндылық» Жобасы аясында өткізілуде.

 




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑