banner-top12

Керек баған

Уақыты 8 октября, 2020 | қосқан shalqar | 241 рет оқылды

0

Күйші Тәттімбет

Таласбек Әсемкұловтың «Күйші Тәттімбет» романынан үзінді

Адамды мас қылып, буын-буынынан әл кетірген көктемнің кеші еді. Төңірекке ақ көрпедей болып жайылған ошақтың түтіні де әлдебір алыс жолдарға шақырғандай көңілге маза таптырмайды. Осы кеште Кенжебай тосын бір хабар әкелген.

– Тәттімбет, – деген жұмбақ жымиып алып.  Бір адам сенімен кездесіп сөйлескісі келетіні көрінеді. – Бара көреміз, – деді содан соң Тәттімбеттің жүзіндегі үнсіз сауалға жауап беріп. Түн қараңғысында жолға шыққан екі бозбала аз жүріп терең шатқалдың төрінде қонып отырған Дәулеткелді байдың ауылына келді. Алдарынан бір адам шықты. Тәттімбет бірден таныған, байдың атқосшысы Атымтай деген жігіт. Кенжебай екеуі бас изескен.

– Бар, – деді Кенжебай Тәттімбетті арқасынан итеріп, – Ары қарай Атымтай жол бастайды. Атымтай екеуі сегіз қанат қоңыр үйге кіргенде дастархан басында отырғандар шуылдасып қоя берген. Тәттімбет қайран қалды. Араларында бір еркек жоқ. Кілең қыз-қырқын. Көбінің жүзі таныс.

– Кәне, кәне, – деді төрде отырған келіншек,  Қуандық атамның Қарқаралыдан ертіп келген шәкірті бар деуші еді. Сол сен екенсің ғой. Тәттімбет келіншектің жүзіне зер сала қараған. Бойы биік болса керек, басқалардан еңселі отыр. Кейін қараға айналатын торы жүз, аясы үлкен әдемі өткір көз, өріктей бүрілген ерін. Басында сары жібек шарқат. Тоқпақтай екі бұрымын шашқапқа салмай, наймандардың еркін әдетімен алдына бос тастаған. Үстінде жұқа көк жібек көйлек, көк қыжымнан тіккен камзол. Қамар белбеу буынған қос уыстай ғана қынай белге көзі түскенде, жас басына қарамай сүйіспеншіліктің талай хикметін жанымен сезіп үлгерген Тәттімбеттің өнбойы қалтырап кеткен. Кемеліне келген әйел бозбаланың бойындағы сезімсал сырды бірден таныды.

– Менің жаныма отырғызыңдар, – деді көзі жарқ етіп. Күйшіл, сылқым дауыс жүректі қытықтап өткен.

– Тәттімбет, айналайын, атың жер жарып бара жатыр, – деді келіншек дастархан үстіндегі дәмді бұған қарай жылжытып, – Төркіндеп еліме келіп едім. Мынау отырған сіңлілерім, ортамызға Тәттімбет келсінші деп қолқалап қоймағаннан кейін шақыртып едім. Айыпқа бұйырма.

– Бұл әпкеміздің аты Ханымша, – деді Атымтай,  Солтанай байдың кіші әйелі. Қыздардың бірі қызыл талдан шыпқан ауыр қара домбыраны Тәттімбетке ұсынған.

– Әуелі тамақ ішсін, – деді Ханымша. Асықпайық. Тамақсаулығы жоқ Ерғара Тәттімбет алдында тұрған бағланның қуырдағынан екі-ақ асап, бір кесе қымыз ішті. Қолының майын сабындап жуып, құрғатып, содан соң «ал, мен дайын» дегендей қыздарға қарады… …Түн ортасынан ауа Тәттімбет салыққанын сезіп домбыраны алдына көлденең қойып бір сәт отырып қалған.

– Бәрекелді, – деді Ханымша,  десе дегендей екен. Қуандық атамның ізін басатын өнерің бар екен. Тәттімбет домбыраны қыздарға ұсынған. – Қойыңыз, сері, – деді қыздардың бірі, – Сізден кейін қолға домбыра алғанның өзі әбестік болар. Содан соң елдің бәрі, келіскендей Ханымша екеуін тастап шығып жүре берген. Ешқайсысы ештеңе деген жоқ, тек Атымтай артына бұрылып, жымиып бас изеді. Тәттімбет керегеге арқасымен сүйеніп отырып, не өңі, не түсі екені белгісіз бір қызық күй кешкен. Көзі жұмулы, бірақ әлдебір ып-ыстық елестің бір жақындап, бір алыстағанын сезеді. Және, ол, дастарханның шетін қайырып қойып төсек салып жүрген Ханымша екенін де біледі. Аздан соң былғары етік, камзол мен сусылдаған жібек көйлектің шешілгені естілді. Әйел ақырын демалып шымылдықтың ішіне кірді. Бір сәт үнсіздік орнаған. Артынша,  «Тәттімбет…» – деген сиқырлы дауыс естілді. Жүрегі атқылақтап аузына симай кеткен Тәттімбет өзінің шымылдық ішіне кіргенін ғана біледі… Таң алдында Ханымша түртіп оятты.

– Тез аттанып кет, – деді Тәттімбетті бетінен аймалап. . Атың ерттеулі тұр. Көзге түсіп қалма. Үйге қайтып келгеннен кейін күндегі дәріске де отырмай далада жүрді де қойды. Көз алдынан бұрын беймәлім болған сырлы дүниенің есігін қалай ашқаны, әйелдің тәнімен алғаш рет қалай астасқаны кетпей қойды. Кемеліне келген жас әйелдің түндегі естен тандырған қылықтары есіне түскенде алқынып, мас адамдай сенделіп тұрып қалған. Түн ішінде Тәттімбет атын ерттеп Ханымшаның ауылына суыт аттанды. Бұл жолы үйде Ханымшаның өзі ғана екен. Шаңырақтан түскен айдың жарығымен асығыс айқаласқан.

– Жарығым, ұмыта алмадың ба, – деді Ханымша елжірей. Көзінен қос тамшы жас сорғалап түскен. Сәл өксіп қалған келіншек кеудесінен келетін бозбаланы өзіне қарай жұлқа тартып бетінен, ернінен, көзінен құшырлана сүйген. Екеуі ұмар-жұмар айқасқан күйі төсекке құлады. Тағы да ессіз құшақ, ыстық ықылас-пейіл. Алқынды құмарлық басылып тән байыз тапты. Тәттімбет өмірдің мәнін ұғып, даладан келген әрбір тырс еткен дыбысты тыңдап жата берген. Міне, шөгерулі жатқан түйе бық етті. Күтуші әйелдің көнегін алып сиыр саууға кеткені естілді. Басқа бір адам самауырды сылдырлата төңкеріп күлін төкті.

– Неге үндемейсің? – деді Ханымша.

– Не айтайын? – деді Тәттімбет. Ханымша қырынан жатып Тәттімбеттің қос өрім тұлымын сылап өтті.

– Үйдегі кенжесің бе? – деді жымиып.

– Жоқ.

Тәттімбет те қырынан жатып Ханымшаның көркін тамашалады. Текті әйелдерге тән терең көз ұясы қара шеңберленіп ішіне от тастаған.

– Кенже болмасаң мынау тұлымың не? – деді Ханымша. Өз бағасын білетін, даусының әуезі еркекті қалай тұтандыратынын жақсы білетін әйелдің қылығы.

– Тұқымымыздағы әдет, – деді Тәттімбет.  Он сегізге толғанша… тұлым қоямыз… Содан соң… содан соң… алып тастаймыз…

– Ал сенің жасың нешеде? – деді Ханымша Тәттімбеттің төсін өртей аймалап.

– Он жетіден жаңа астым, – деді Тәттімбет қайтадан қалтырай бастап. Ханымшаның көзі кенет тұңғиық тартып қап-қара болып кетті. – Он жетіден жаңа ассаң да еркектігің сұлтандай. Әйел затының сорына жаратылғансың ғой сен. Өнебойынан сиқыр төгілген әйелді қырандай бүрген… Сілесі қатып таң алдында ұйықтап кетіпті. Кенет шошып оянған.

– Қорықпа, – деді Ханымша, бұл жолы оңашамыз. Аңдитын көз жоқ. …Ханымша күтуші әйелді шығарып жіберіп шайды өзі құйған.

– Тәттімбет, – деді тағы да, әдетінше елжірей жымиып.  Перінің ауылы сияқты айдалада қонып отырған бұл қандай ауыл деп отырған шығарсың. Айтайын. Ханымша жеңіл күрсінді.  Менің әкем Дәулеткелді мыңды қырған бай еді. Сегіз ұлдың ортасында бұлғақтап еркін өстім. Жасымда сөз байласқан адамым бар еді. Аңда жүріп қаза тапты. Кейін естідім, әкем кезінде Иманқұл деген баймен серт қойысып, бел құда болыпты. Амал жоқ Иманқұлдың баласы Солтанайға екінші әйелі болып ұзатылып кете бардым. Күйеуімнің жасы менен үлкен еді. Кейін ол да дәмі таусылып көз жұмды. Міне, мен, әмеңгерлерімнің бәрі жас, асық ойнаған балалар, не онда емес, не мұнда емес, мырза қонақ болып отырмын. Әйтеуір, ағаларым жайлауға шыққанда келіп жатып-жастануға ыңғай бергеннен кейін, осылайша төркіндеп жүремін.

Тәттімбеттің жүрегі шымыр ете қалды. Беймәлім бір қасіреттің үстінен шыққанын, және өзінің бұл адамға иненің жасуындай көмек қыла алмайтынын ойлап қайғыға батқан. Сұңғыла әйел бозбаланың көкірегіндегі сезімді жазбай таныған, тағы да елжірей жымиған.

– Рахмет, Тәттімбет. Маған ештеңенің де керегі жоқ. Тек… Мүмкін сен еліңе қайтып кетерсің… мүмкін мен ұзатылып кетермін… Мен саған мәңгілікке қал демеймін. Тек аз күн… жолдас болып бірге жүрсең болды… Соңыра шығарып салып тұрып Тәттімбетті шашынан сипап, маңдайынан сүйді.

– Асылым, – деді күрсініп. Мен сені шын жақсы көрем. Сенсең… сен менің тағдырыма… талайыма айналдың. Бір көргеннен… Есіңде ме… өткен қыста Қуандық атама еріп ауылға келдіңдер ғой… Сонда… Сол жерде… Аяғыңа кигенің санжұтқан саптама… көзің жарқ-жұрқ етіп… марал сияқты сақсынып тұр екенсің… Содан соң… содан соң… мен бір күн тыныш ұйқтап көрген емеспін… … Отқа да, суға да қарамайтын жігітшілік… Жаз өтті, орман-тоғай қызыл-сары алтынға оранған мизам өтті. Қара күз келді. Ел етекке көше бастаған, тоқтаусыз сілбі жауын күндердің бірінде Ханымшадан тез жетсін деген хабар келген. Екеуі бұл жолы қалың талдың арасына тігілген кішкентай қоста кездесті. Ертеңіне тоқтаусыз сабалаған нөсер жауынның астында тұрып қоштасарда Ханымша іргедегі бір түйіншектен ауыр қамар белдік суырды.

– Мынаны беліңе тақ, – деді күрсініп, – Қайда жүрсең де ұмытпа мені, асылым. Сен мені естесең, мен әманда тірімін.

– Келесі жазда қайтып келесіз бе? – деді Тәттімбет.

– Жоқ, – деді Ханымша. Қиыр қонып, шет жайлап кетіп бара жатырмыз.

Тәттімбетті ерге қондырып, төменнен жоғары қарап сәл тұрды.

– Қош бол, Тәттімбет, – деді мұңайып.

Теріс қарап өксіп кетіп бара жатқан Ханымшаға қарап тұрып Тәттімбеттің көкірегінен жалғыз тамшы жас сорғалап түсті.

Кілтсөздер:




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑