banner-top12

әдебиет

Уақыты 21 января, 2022 | қосқан shalqar | 461 рет оқылды

0

КӘЛИЛА МЕН ДИМНА

(жалғасы).

Арыстан қасына келген Димнәға бетін бұрып: «Сен не тындырдың?» — деп сұрады, сонда Димнә: «Мен әлгі өзіңіз естіген зор дауыстың иесі бұқаны көрдім. Оның күш-қуаты жоқ екен. Мен жақындап барып терезесі тең кісіше сөйлестім, ол маған ешнәрсе істей алған жоқ», — деді. Арыстан: «Сен бұған алданба, оның әлсіздігінен осылай болды деп жорамалдама; әдетте күшті дауыл жіңішке шөпті сындырмайды, ал жуан ағаштарды опырып, биік қорғандарды құлатады. Сол сияқты алыптар өз теңдесімен ғана арпалысады», — деді. Димнә: «Патшам, мұнан қауіптенбесе де болады, жүрегі қобалжитындай мұнда ештеңе жоқ. Егер патшам дұрыс деп тапса, мен оны ертіп келер едім, сонымен ол айтқаныңыздан шықпайтын, сізге басыбайлы құл болар еді, бұл менің қолымнан келеді», — деді.

Арыстан мына сөзге қуанып кетті де: «Бара ғой, менің де тілегім сол!» — деді.

Димнә бұқаға барып, қорықпай-үрікпей сөйледі: «Мені саған арыстан жіберді, егер оған өз еркіңмен тез бара қойсаң, онда сенің бұрын кездескің келмей қырындап жүргеніңді ол кешіретін болады. Алда-жалда сен келісім бермесең, онда маған тез келіп хабарлауды бұйырды», — деді.

Бұқа сонда: «Сені маған жіберген арыстан дегенің кім, оның өзі қайда тұрады?» — деп сұрады.

Димнә: «Ол аңдардың патшасы, жыртқыш аңдардан жасақтаған әскерімен бірге пәлен жерде тұрады», — деді.

Бұқа арыстанның және жыртқыштардың кім екенін есіткенде қорқып кетті де, Димнәға қарап: «Егер сен менің қауіпсіз болуыма сенім берсең, өзіңмен бірге еріп барайын», деді. Димнә қауіпсіз болуына кепілдік айтып, сенім берді.

Осыдан кейін екеуі бірге ілесіп арыстанға келеді. Арыстан әбден байыптап жағдайын сұрастырады да бұқаға қарап: «Сен бұл жаққа қайдан келдің және келуіңе не себеп болды?» — деп сұрады. Бұқа жағдайын бастан-аяқ баян етті.

Арыстан: «Осында болсаң, мен сені әрі сыйлап, әрі құрметтеп ұстаймын», — деді. Бұқа ризалық білдіріп, тілеуін тілеп, жақын ұстап, құрмет көрсетті. Сыннан өткізіп, оның саналы әрі ақылды екеніне кәміл сенген соң, құпия жағдайларды да айтып және өзінің жұмысы туралы да екеу ара кеңесетін болды.

Басқа достарынан гөрі бұқаға көңілін көбірек бөлетінін, оңаша отырғанда да, сауық-сайран құрғанда да арыстанның оны қасынан тастамайтынын көріп, Димнәнің көңіліне күшті қызғаныш ұялады. Ол өзінің бауырласы Кәлиләға келіп мұңын шақты. «Уа, бауырым! Бір ғана арыстанның қамын ойлап, өз басыма келетін пайдадан құр алақан қалып, зиянға ұрынғаным, бөтен біреуді ертіп келіп, арқырында соның мәртебесі өзіңнен асып кеткенін көргенде, қалай қамықпассың, менің осы есуастығыма, өз түбіме өзімнің жетіп отырғаныма сен де таңырқамайсың ба?» — деді.

Сонда Кәлилә тұрып: «Тәркі дүние бір тақуаның басынан кешірген уақиғасын сен де көрген екенсің», — деді.

Димнә: «Ол қандай уақиға еді?» — деп сұрады.

Сондағы Кәлиләнің айтқан нақылы мынау болды. «Баяғыда дүние қызығынан безген бір тақуа патшасынан өте сәнді, әсем киім алыпты. Мұның үстіндегі киімін көргенде, оны тонап алуға бір қарақшының көңілі ауыпты. Қарақшы оған барып: «Мен сенімен достасқалы келдім, өзіңнен оқып бар біліміңді үйренуге құмармын», — депті. Сөйтіп қарақшы онымен дос болып, тақуаларға лайық іс істей бастапты. Мүлде момақансып, қызметін таптындырмай орындап, сыйлағансып жүріпті де, киімін ұрлап алып жөніне кетіпті. Киімі де, серігі де жоғалып шыққан соң, бұл істің қарақшыдан келгенін түсініпті. Оның жүретін жерлерін түгел тінтіпті, сөйтіп іздей жүріп бір қалаға қарай аттанып кетіпті. Жол-жөнекей ол сүзісіп жатқан екі текенің жанынан өтіпті. Олар аянбай ұзақ сүзісіпті, екеуі де қанға боялыпты, осы кезде бір түлкі тап болып, олардың жерге тамған қанын жалауға кірісіпті. Екі теке аңдаусызда жабыла сүзіп, түлкіні табан ауызында сеспей қатырыпты.

Тақуа одан әрі жүре-жүре қалаға жетіпті. Қалаға ол кешқұрым кіріпті, дамыл алып түнеп шығатын жай таппапты. Қыдырып келе жатып, теріс жолға түсіп, азып-тозып жүрген бір сайқал әйелдің үйіне кездесіпті де, сонда тоқтапты. Ол әйелдің жәлеп күңі болса керек, соның жәлептігімен ақша тауып, күн көреді екен, бірақ сол күңі бір жігітті ғана қатты сүйіп, басқа ешкімді қаламайды. Күңнің бұл қылығынан әлгі әйел зиянға батады, ол үйіне тақуа қонған түні күңнің сүйген жігітін өлтірмекші болыпты. Сөйтіп, күңнің нақ сүйеріне күшті шарап ішкізіпті, ол мас болып ұйықтап кетіпті, онымен бірге күңді де ұйықтатыпты. Екеуі бірдей манаурап қалың ұйқыға шомған кезде, үй иесі әйел алдын ала даярлап қойған уды алып келіп, қамыс түтікке құйыпты да мас болып жатқан жігіттің артынан жібермекші болыпты. Түтіктің бір ұшын тығып жіберіп, екінші ұшын өзінің аузына салыпты. Дайындалып, енді үлгергенше болмай, әлгі адамның артынан жел шығып кетіпті де түтіктегі у әйелдің өңешіне жөнеп беріпті, сонымен ол тіл тартпай өліпті. Міне, осы уақиғаның бәрін тақуа өз көзімен көріпті.

Келесі күні қарақшыны іздеуге тағы кірісіпті. Бүгін енді оны бір етікші үйіне кіргізіпті де, өзі әйеліне қарап: «Мына тақуаны құрметтеп күтерсің. Мені бір досым тойға шақырыпты, сонда барамын», — депті. Сонымен ол үйінен шығып кетіпті. Оның әйелі бөгде біреуді жақсы көреді екен, бұлардың арасына жеңгетай болып, шаштараздың әйелі жүреді екен. Етікшінің жұбайы, шаштараздың әйеліне жаушы жіберіпті, өзінің сүйген досына барып, күйеуінің қонақта жүргенін, түнде кеш қайтатынын, ішіп келетінін айтсын деп тапсырыпты. Ымырт жабыла әлгі адам етікші қақпасының алдына келіп, әйелдің шығуын күтіп отырыпты. Кешқұрым етікші мас болып үйіне келсе, есігінің алдында бөтен біреудің отырғанын көріп, одан бұрын да сезіктеніп жүреді екен, сондықтан үйіне кірісімен, әйелін өлтіре сабап, үйдің ішіндегі бағанаға таңып тастапты. Үйдегілердің көзі ұйқыға кеткен қарсаңда шаштараздың әйелі келіп: «Досың – қақпа алдында көптен бері сарылып отыр, ал сен мұнда нені күтіп тұрсың?» — дегенде, етікшінің әйелі: «Егер маған жақсылық істегің келсе, мені шешіп босат та, өзіңді менің орыныма бағанаға таң, сөйтіп, мен досыма барып келгенше тұра тұр», — деп өтініпті.

Шаштараздың әйелі айтқанын екі етпей, дәл осылай істепті. Әйелі келмей-ақ етікші оянып кетіпті де бірнеше рет дауыстап, әйелінің атын атап шақырса керек, бірақ байлаулы тұрған шаштараздың әйелі дауысымды танып қояр деп сескеніпті де, оған жауап қайырмапты. Ол тағы да әйелінің атын атап дауыстапты, бұл жолы да шаштараздың әйелі үн қатпапты. Ашу қысып ызаланған етікші қолына пышағын алып тұра ұмтылыпты, мұрынын кесіп қолына беріпті де: «Мә, мынаны апарып, сүйген жарыңа сыйға тарт!» — депті.

Соңыра етікшінің әйелі үйіне келсе, шаштараздың әйелі мүгедек сорлы болғанын көріпті. Өз күйеуі әлі ұйықтап жатыр екен. Ол ананы босатып, өзін оның орынына қайта таңыпты. Шаштараздың әйелі ақымақ болып, мұрынын ұстап үйіне барыпты. Тақуа осының бәрін көріп, түгел естіп жатыпты.

Әлден соң етікшінің әйелі дауысын қатты шығарып, дұға оқып, Тәңірісіне жалбарыныпты, сонда: «Уа, Тәңірім! Егер күйеуім мені айыпсыз жазаласа, онда менің мұрынымды қайта қалыпына келтіре гөр!» — деп сұраныпты. Сонда оған күйеуі: «Ей, бұл не дегенің, жәдігөй неме?» — деп кекетіпті. Әйелі: «Ей, жауыз,тұр бері, істеген ісіңді көрші, Тәңірімнің маған мейірі түсті, сенің жалаңнан ақтады. Тәңірім, менің мұрынымды баяғы қаз-қалпына келтірді ғой», — деп соғыныпты. Ол орнынан тұрып шам жағып, әйеліне үңіле қараса, мұрын баз-баяғы қалпында екен. Осы арада ол кінәсін мойынына алып, Тәңірісіне жалбарыныпты, әйелінен кешірім сұрап, мейірбандық істе деп өтініпті.

Шаштараздың әйелі неше алуан саққа жүгіртіп, олай да, бұлай да ойланып-толғаныпты. Мұрнына келген зақым туралы өз күйеуінен де, басқа жұрттан да қалай ақталып құтылсам екен деумен зарығыпты. Таң атысымен күйеуі ояна салып, әйеліне айқайлапты: «Маған саймандарымды әкеліп берші, осы қаладағы бір атақты адамның бүгін шашын алатын күнім еді», — депті. Әйелі оның көп саймандарының ішінен суырып алып, бір ұстараны ғана ұстата салыпты. Сол кезде шаштараз қатты ашуланып, қараңғыда ұстараны әйеліне қарай лақтырып кеп жіберіпті. Сонда әйелі етбетінен жығылып, ышқына дауыстап: «Мұрыным, мұрыным», — деп ойбай салыпты. Ол өзінің туған-туысқандары келгенше тынбай ойбайлай беріпті, туысқандары оны ертіп алып сотқа барыпты. Сот шаштараздан: «Сен не себептен әйеліңнің мұрынын бүлдірдің?» — деп сұрапты. Ол ешбір дәлел айта алмапты. Сот қылмысты шаштаразға жаза кесіпті.

Шаштаразды жазалағалы жатқанда тақуа соттың алдына келіп: «Уа, тақсыр, әділ сот! Саған түсініксіз ешнәрсе қалмасыншы. Менің киімімді ұрлаған қарақшы емес, түлкіні сүзіп өлтірген қос теке емес, салдақы сайқал әйелді жазым еткен у емес және әйелінің мұрынын кесіп бүлдірген мына шаштараз емес, осының баршасын істеген өзіміз екен», — дегенді айтты. Сот одан осы сөздерінің мәнісін сұрады. Сенің әңгімең де тап осылай екен, — деді Кәлилә Димнәға: — Осының бәріне де себепші болған өзіңсің ғой», — деп сөзін бітірді.

Димнә: «Мен бұл нақылды байыппен тыңдадым, шынында да, дәл менің ісіме ұқсайды екен. Ант ішіп айтайыншы, бөгде ешкім емес, мен өзіме өзім зиян шектірдім. Ал енді не істеу керек?» — деп дағдарды.

Кәлилә: «Осы туралы өз ойыңда небар?» — деп қарсы сұрақ қойды.

Димнә: «Өз басыма келсең, мен бұл кезде бөлек-салақ ешнәрсе іздеп жүргенім жоқ, тек бұрынғы қалпыма қайта оралсам деймін. Ақылды адамның қасиеті – керекті затын ұғына біліп, соны орындауға ұмтылу ғой, сонда өткендегі пайдалы, зиянды істерді ой талқысынан өткізу, өзіне бұрын кесірі тиген істен сақтану, пайдалы әсер тиген істің үлгісімен игілікке қарай беттеу, соған ұмтылу, осы кездегі пайдалы, зиянды хал-жайдан өнеге алып, ыдырамай турып оны тұрақты ету, зиянды әсерінен арылу үшін қадағалап зерттей түсу, келесі өмірде үміттенген пайдалы затқа бет бұру, өзі қаймығатын зиянды нәрседен қорғану, осының бәрін ой елегінен өткізу. Менің бар ойлайтыным өзімнің қолымнан шығып кетіп, оған ауысқан бұрынғы мансабымды өзіме қайтару, осы жөнінде амалын тауып, бұқаға қарсы өсек жүргізіп, шатыстыра түсіп, оны өмірден ажыратудан басқа ешбір қисынын таппадым. Бұл маған жақсы болады, мүмкін арыстанға да бұқадан мен артық болармын. Бұқамен қарым-қатынасы мүлде шеттен асып кетті, ақылынан адасып, жақын достарын ол өзіне қарсы қойып алды», — деп кейіпті.

Кәлилә: «Мен бұқаның мәртебесі жоғары болғанынан туып тұрған кеселді көре алмадым», — деді.

Димнә: «Арыстан бұқаны тым жақсы көріп кетті, ол тіпті өзінің басқа дос-жарларын елеусіз қалдырып, игілікті үлесінен де айырды ғой. Есіңде болсын, әкімшілікті бүлдіретін алты нәрсе бар: соның бірі – ажырасу, екіншісі – бүлік, үшіншісі – құмарлық, төртіншісі — өрескелдік, бесіншісі – тағдыр, алтыншысы – қызбалық. Ажырасу дегенім мыналар: патша қажырлы, ақылды және сенімді көмекшілерінен, ақылгөйлерінен, әкімдерінен ажырады. Бүкіл дегенім кездескен дау-шарға, ұрыс-керіске жұрттың басын шатыстыру; құмарлы дегенім — әйелдерді аңсау, әңгімешілдік, маскүнемдік, тағы осы сияқтылар. Өрескелдік – орынсыз күйіп-пісу, балағаттауға асығу, керексіз жерде жұдырық жұмсауға ұмтылу. Тағдыр дегенім – адамның басына түсетін ауыртпалық – оба, су тасқыны, бедеулік, тағы басқа сол сияқтылар. Қызбалық дегенім – жуастықтың орынына қатал болу немесе қатал болудың орынына жуастық істеу», — деді.

Кәлилә: «Сен бұқаны қалайша жеңбекшісің, ол сенен әрі күшті, әрі табандырақ қой», — деп салды.

Димнә: «Менің кішкентай екендігіме, әлсіздігіме қарама! Негізінде, істің орындалуы мықтылыққа, күштілікке, әйтпесе әлсіздікке тәуелді емес. Арыстанға неше алуан титімдей әлсіз жандар жанасып жүр. Әлде сен құзғынның жыланға қалай қастық істегенін естімеп пе едің, қулық-сұмдықпен алдау-арбау арқылы оны сорлатпады ма?» — деді.

Кәлилә: «Ол қалай болып еді?» — деп сұрағанда, Димнәнің келтірген нақылы мынау болды: «Баяғыда бір құзғын таудың басындағы ағашқа ұя салыпты, оған жуық жерде жыланның іні бар екен. Жыл сайын, құзғын балапанын шығарғанда, жылан жылжып келіп жеп кететін болған. Жылан осыны әлденеше рет істеген соң, құзғын қыстыға күйзеліп, өзінің досы шиебөріге мұңын шағады: «Ойыма алған бір іс туралы сенімен ақылдасқалы келдім. Сен айтқаныма құлақ асып, маған көмектеспес пе екенсің?» — депті. Сонда Шиебөрі: «Ол не еді?» — деп сұрағанда, құзғын: «Мен жыланға барып оның көзін ойып алғым келеді», — деп жауап қайырады. Шиебөрі: «Сенің бұл қылығың есуастық. Сен ең әуелі өзің мерт болып апатқа ұшырамай тұрып, жыланды күйретудің амалын іздеуің керек. Сен шаянды өлтіремін деп өзі майып болған көкқұтанға ұқсап жүрме», — дейді.

Құзғын: «Ол қандай уақиға еді?» — деп сұрады.

Шиебөрінің айтқан нақылы мынау болды: «Баяғыда шаянды өлтірмекші болып, бір көкқұтан ұясын балығы мол, шөбі қалың шалшыққа салады. Сол жерде тұрып өмір сүреді, қартайып аң аулауға жарамай қалады. Сонымен ол аштықтың азабын шегеді де, мұңайып отырып қулық айла іздейді. Шаян оны алыстан көріп, бірте-бірте жуықтап қасына келеді де: «Бұл қалай? Сені қайғы-қасірет билеп отыр ғой!» — дейді. Сонда көкқұтан: «Мені қайғы-қасірет қалай билемесін. Осы уақытқа дейін мен балық аулап күнелтуші едім, күніне бір балық, кейде екі балық ұстап, жеп, өмір сүруші едім, оған айтарлықтай балық та азая қоймайтын. Бүгін сонда екі балықшы келді, олардың біреуі екіншісіне бұрылып: «Менің байқауымша, мұнда балық көп көрінеді, біраз күн осында болып балық аулайық», — дегенде, оның жолдасы тұрып: «Алдымызда тағы бір жер бар, мен ол жерді жақсы білемін, онда балық мұнан да көп, ең әуелі сол жерден басталық, онан босанған соң, әбден балығын тауысқанша осында болалық», — дегенді айтты. Егер барған жерінен осында қайта оралса, онда бұл шалшықта олар ұстамаған бір де балық қалмайды. Ал, шынында, жағдай осылай болса, онда мен үшін бұл өлім ғой», — дейді.

Балықтардың жиналған жеріне барып шаян осыны хабарлайды. Сонда балықтар көкқұтанға келіп, кеңес сұрады.

«Біз сенен нұсқау алғалы келдік. Кеңесіңді, ақылыңды айт. Ақылға бай дұшпанның да кеңесін елеусіз тастамаған дұрыс, өйткені берген кеңесіңнің маңызын ол толық ұғынады, сондықтан оған пайдалы ма, зиянды ма – бәрібір ойға қонымдысын айтады. Сенің ақылың бар ғой, өзің үшін де, біздің мақсатымызға да сай кеңесіңді айт!» — деді. Көкқұтан: «Балықшымен қидаласып, соғысарлықтай менде ешбір сылтау жоқ, ал менің мынадан басқа білетін шарам да жоқ – бір жерде маған мәлім бір қара су бар, оның суы таза, әрі мол, өзінің төңірегінде қамыс өседі. Егер соған жете алсаңдар, онда өздерің емін-еркін дәурен сүрер едіңдер, әрі жақсы да болар еді».

Сонда балықтар: «Біз ол жерге тек бір сенің ғана көмегіңмен жете аламыз ғой? – дейді. Көкқұтан: «Біраз күйбең сергелдеңі болар, сонда да мен сендерге көмектесейін, тасып бітіргенімше балықшылар да мені ұстап ала қоймас», — дейді. Сонымен көкқұтан күніне екі балықтан алып кететін болды. Ол әлгі балықтарды бір төбенің басына алып барып жеп жүрді, басқалары бұл туралы еш нәрсе сезбеді. Бірақ бір жолы шаян тұрып оған: «Мен осы жерден қатты қорқам, сен мені де сол қара суға алып баршы», — деді. Көкқұтан оны алып ұшып, өзінің балықтарды жеп жүрген жерінен өтіп бара жатқанда, шаян толып жатқан балықтардың сүйегін көреді, бұған айыпты көкқұтан екенін түсінеді, өзінің де осындай күйге ұшырайтынына көзі жетті, сонда ол: «Егер ежелден әйгілі дұшпанын осы арада өлтіреді-ау деп жүрген жерінде кездестірсе, екі қолын қусырып көне кету, енжарлық істеу адамгершілікке жатпайды, арпалысқан жөн, қорғану ардақты іс», — деп өзін өзі қайрады. Осыдан соң шаян қышқаш сирақтарын көкқұтанның мойынына қарай созып, қылқындыра қысты, көкқұтан жерді құшты, шаян онымен бірге құлап жерге түсті. Көкқұтан мерт болды, ал шаян көрген-білгендерін баяндады.

Шиебөрі құзғынға бетін бұрып: «Менің бұл нақылды келтіргендегі мақсатым, кейбір әдіс-айланың сол қолданған кісісін апатқа ұшырататынын білдіргім келді. Саған мен бір ақыл айтайын, егер сен соны орындай алсаң, онда жылан мүрдем кетеді де сенің тыныштыққа қолың жетеді», — деді.

Сонда құзғын: «Ол қандай ақыл?» — деп сұрады.

Шиебөрі: «Ұшып бара жатып, жерге үңіл, әйелдер ардақтап зейнет үшін тағынатын әшекейлі тана-моншақ таппас па екенсің. Егер тапсаң, іліп ал да, төмендей қалықтап ұша жөнел, бірақ асықпай айналақтай бер, көзден таса болма. Жұрт ілесе қуып сенің артыңнан қалмайды, сонда сен әлгі әшекейлі тана-моншақты алып бар да жыланның үстіне таста; ілескен ел өздерінің әшекейін ажыратып алады да сені жыланнан құтқарады», — деді. Сонымен құзғын ұшып бара жатып өзінің бөлмесінде әдемі киімін, тана-моншағын шешіп тастап жуынып жатқан әйелді көреді.Соның әдемі алқасын іліп алып жөнеледі де, ел көретіндей етіп, төмендей қалықтап, жай ұшады. Сөйтіп ол жыланның ініне келеді де алқаны үстіне тастай салады, ілескен адамдар келіп жыланды өлтіріп, алқаны алып қайтады.

Димнә Кәлиләға бұрылып: «Бұл нақылды айтқандағы ойым – күштің шамасы келмейтін мақсатқа қулық арқылы жетудің жөнін саған ұғындырмақ едім», — деді.

Кәлилә: «Егер бұқаның күшіне санасы сай келмесе, онда бірсәрі, ал батырлығының үстіне ол әрі тәжірбиелі, әрі ақылды ғой, сонда сен оған не істей аласың?» — деп сұрады.

Димнә: «Шынында, бұқа күшті де, тәжірбиелі де, бірақ ол алданған, маған қатты сенеді, сондықтан мен оны қоян алдап апатқа ұшыратқан арыстанның аяғын құштырамын», — деді.

Кәлилә: «Ол қалай болып еді?» — деп сұрағанда, Димнәнің айтқан нақылы мынау болды: «Баяғыда, шөбі қалың, суы мол бір аймақта бір арыстан дәурен сүріпті. Ондағы жабайы аңдар су мен жайылымнан тапшылық көрмепті, бірақ осы арада арыстанның тұруы оларды үрейлендіріп, әлгі ен жайылым мен мол судың берекесін кетіріпті. Сонда аңдар өзара ақылдасыпты, жиылып арыстанға келіпті де: «Сен біздің ішімізден бір аңды күні бойы шаршап-шалдығып әрең дегенде ұстайсың ғой. Енді біз мынадай жоба құрдық, одан саған да жеңілдік келеді. Егер сен бізді қауіпсіз етуге уәде берсең, орынсыз қорқытып үрейлендірмейтін болсаң, онда саған күнделікті түскі асыңа бір аңды жіберіп отыралық», — деді. Арыстан бұл ұсынысты мақұлдады да, келісім жасады. Бірде кезек қоянға келді, сонда ол: «Егер маған игі ниетте болсаңдар, онда мен мүмкін сендерді де арыстаннан құтқаратын шығармын, ол істің сендерге де зияны тие қоймас», — деді.

Олар: «Сен бізге қандай игі ниетті ұсынып отырсың?» — деп сұрағанда, қоян: «Менімен бірге баратын аңға тапсырыңыздар, ол мені асықтырып шаршатпасын, мүмкін, мен іске айналып та қалармын, сонымен арыстанның түскі асы кешігетін де болар», — деп толғады. Олар: « Жарайды, дегенің болсын», — деді. Қоян асықпай жүріп кетті, ол жеткенше дағдылы баратын мезгіл де өтті. Арыстан ашыға бастады, ашуы келіп жатағынан тұрып, ілгерілі-кейінді теңселе берді. Осы кезде қоян көрінді. Арыстан одан: «Сен қайдан келдің, басқа аңдар қайда жүр?» — деп жеделдете сұрады. Қоян: «Мен аңдардан келген арнаулы уәкілмін. Олар менімен бірге саған бір қоянды ерітіп жіберіп еді, жуықтап қалғанымызда, қарсы алдымыздан бір арыстан шыға келіп, оны менен тартып алды да: «Бұл жерде оның аңдарына шейін менің билігімде», — деп соқты. Мен оған: «Мұны патшаның түскі асына арнап аңдар жіберіп еді, оны ашуландырмаңыз», — деп едім, өзіме дүрсе қоя беріп, балағаттап сөкті, ал мен сізге осы жағдайды айтып жеткізу үшін асығып кетіп қалдым», — деді. Сол кезде арыстан терісіне сыймай ызаланып: «Жүр менімен, маған сол арыстанды көрсетші», — деді. Қоян арыстанды суы мөлдір шыңырау құдыққа ерітіп келді де: «Міне, арыстанның жатқан жері, алмен одан қорқамын, мені омырауыңа алсаң біраз батылдау болар едім де, оны саған көрсетер едім», — деді. Арыстан оны омырауына алды, құдыққа жақындаған шамада қоян: «Мынау арыстан, ал анау қоян», — деп суға түскен көлеңкені нұсқады. Арыстан қоянды босатып, соғысуға ыңғайланып, құдықтағы көлеңкеге секіріп түсіп кетті, қу қоян қаша жөнелді», — деді.

Кәлилә: «Егер сен бұқаның көзін құртатын болсаң, одан арыстанға еш бір зиян келмесе, онда өзің біл. Шынында да, бұқаның мына жүрісі саған да, маған да, патшаның тағы басқа әскери қызметкерлеріне де өте зиянды. Бірақ сен бұл ісіңді арыстанды қынжылтатын болсаң, оның үстіне көңілін ауларлықтай еш нәрсе қолыңнан келмесе, онда сен опасыздық әрі ұждансыздық істеген боласың», — деді.

Осыдан кейін Димнә бірнеше күндей арыстанның алдына кірмей кетті де, бір күні арыстан оңаша отырған кезде, қабағы түсіп, мұңайып кіріп келді. Содан оған арыстан: «Сені көрмегеніме бірнеше күн болып еді, бүгін неге көңілсізсің?» — деп сұрады.

Димнә: «Бұны сізден жасыра алмаспын!» — деді. Арыстан: «Жақсылық па өзі?» -деп сұрағанда, Димнә: «Жақсылық болса жарар еді!» — деп жауап берді. Арыстан: «Әлде төтеннен бір нәрсе болып қалды ма?» — деп сұрады, Димнә: «Саған да, маған да ұнамайтын бір іс болды», — деді. Арыстан: «Ол қандай іс?» -деп сұрады. Димнә: «Ол әрі ауыр, әрі қатал әңгіме, мұны тек дербес отырып, оңашада ғана сөйлесуге болады», — деді. Арыстан: «Қазір оңашамыз ғой, қол да бос, ал сен ойыңдағыны баяндашы», — деді.

Димнә: «Тыңдаушы ұнатпайтын әңгімені шертпеуге айтушының батылы бармайды. Егер ол сөздің арты жақсылыққа бейімделсе, айтушы жағынан өрескелдеу көрінген күнде де, тыңдап отырған өз қожасына ол сеніп айтады ғой. Егер тыңдаушы дана болса, ауыртпалыққа шыдайды да, әңгімені түгел естуге тырысады, өйткені мұнда тек тыңдаушыға тиетін пайда бар, ал сөйлесушіге ардақты міндет, адал махаббатын орындаудан басқа түк жоқ. Ей, ақыл-парасаты кәміл патшам! Саған ұнамауы мүмкін, сонда да айтып өтуге, бәрін өзіңе ғана жеткізуге белімді бекем будым. Адалдығым бір өзіңізге аян, оның үстіне сені өз жанымнан да артық көремін, міне, сондықтан да айтуға белсеніп отырмын. Айтқан сөзіме сенбес деген де маған бір ой келді, бірақ сен екеуміз да аңдар тобына жатамыз, тіршілігіміз де тығыз байланысты, сондықтан айтып деп өзің өтінгенмен, әрине, маған сенбеуің де мүмкін, ол мен үшін зор қауіп қой, сонда да өз борышымды орындамай жалтаруды мақұл көрмедім. Бұрынғылардан қалған сөз бар: «Кімде-кім білген ақылын патшадан, ауруын дәрігерден, жоқшылығын бауырларынан жасырса, ол өзін өзі алдайды», — деген екен.

Арыстан: «Ол қандай іс?» — деп сұрады.

Димнә: «Маған өте сенімді достың айтуынша, Шатраба сенің әскер басыларыңмен оңашада кездесіп, оларға: «Мен арыстанның ақылын да, күшін де, айла-амалын да сынап көрдім, бірақ осылардың бәрінің де өзімнен олқы екенін аңғардым. Екеуіміздің арамызда кешікпей-ақ бір уақиға да шығуы мүмкін», — дегенді айтыпты. Осы сөз маған жеткенде, Шатрабаның опасыз алдамшы, жақсылықты білмейтін жан екенін ұқтым. Сен оған құрмет көрсетіп, еркелетіп ұстадың, ал оның бар ынтасы, сенімен терезесі тең ұлық болу екен, егер, зәуіде, орыныңнан тайсаң, онда осы патшалыққа өзі ие болмақ. Ол бұған тырысуын енді қоймаса керек. Бұрынғылар: «Егер біреудің әкімдігі, дәрежесі, ақылы, байлығы тағы қол жеткісіз зорлығы өзіне барабар екенін патша сезе қалса, онда әлгі адамды орынынан тайдырғаны жөн, ал егер олай істемесе, онда өзі тағынан құламақ», — деген екен. Ей, әділ патшам! Бәрі де өзіңе аян, сен істің де жөн-жосығын жақсы білесің, осыған, сірә, ұластырмай кірісетін боларсың деп ойлаймын, ал басталып кетсе, онда мен білмеймін, жөндей алар ма екенсің. Үш түрлі адам бар деседі, соның екеуі саналы, біреуі жарымес болса керек. Саналының біреуі басына іс түскенде ешбір саспай, сабырсызданбай шарасын іздеуге кіріседі екен, ауыртпалықтан қалай құтылудың жөн-жобасын, айласын ойластырады екен, жүрегі де алып ұшып қабынбаса керек. Бұған қарағанда ана екіншісі басым, ол қырағы, келешекті алдын ала болжайды, болар істің мәнін зор санап, оған қарсы қоярлықтай шара даярлайды, басталып қалғандай көріп, көз алдына елестетеді, аурудың алдын ала емдейді, бақытсыздықты басталмай тұрып тамырымен жұлып тастайды. Ал жарымес болса, оның іске батылдығы жоқ, шешімдері біріне бірі қайшы келеді, не ойласа да, тоқырап қала береді, әрі әлсіз, әрі енжар сорлы, іс басына түскенде бір-ақ біледі, қансырай құлап құриды. Бұл әлгі үш балық туралы айтылатын нақылға ұқсайды», — деп жауап қайырды.

Арыстан: «Ол қалай болып еді?» — деп сұрағанда, Димнәнің келтірген мысалы мынау болды. «Баяғыда бір қара суды мекендеп үлкен үш балық тұрыпты деседі, ол қара су иен далада, елсіз байтақ жерде екен. Бірде екі балықшы осы қара суды жанап өтеді де, өзара келіседі, екінші рет осында қайта оралып, ау ала келіп, әлгі өздері көрген үш балықты ұстамақшы болады. Сонда үш балықтың ең ақылды біреуі қорқып мазасызданады. Ал алдын ала сақтық істеп, қара судан шығатын жылғамен жүзіп отырып, өзенге жетеді де, басқа жерге барып орналасады. Екіншісінің ақылы одан гөрі кемдеу еді, ол балықшылар келгенше сақтық істеп үлгере алмайды. Ол «Мен мезгілін өткізіп алдым, міне, ақыры енді өзіме сор болды», — дейді. Балықшылар көріп, олардың ниетін таниды, оның үстіне шығар жердің бөгелгенін аңғарады да: «Мен қателестім, ал енді басымды қорғау үшін қандай амал істеу керек? Енді асығып-сасудан келер пайда жоқ. Бірақ әлі де болса күдер үзбе, амал істеуден тоқталмай», — дегенді медеу етеді. Осыдан кейін ол өлген балық тәрізденіп, қарынын жоғары қаратып, судың бетіне қалықтайды да қалады. Балықшылар оны шығарып алып, өліп қалған екен деп ұғып, осы қара судан шығатын жылғаның ернеуіне апарып қояды. Бір кезде ол жылғаға шоршып түсіп, аман құтылып кетеді. Жарымес балық сасқалақтап ары-бері жортып жүзіп жүргенде, оны балықшылар ұстап алады. Ей, патшам! Менің ақылым жаманшылықты таянып, төніп тұрғандай көреді, көз алдыма елестейді, сақтық шараларын істеуге асыққаның жөн. Дертті денеңе дарытпай жұлып таста, бәленің алдын ораған мақұл», — дейді.

Арыстан: «Мен сенің нақылыңа түсіндім. Бірақ бұқа алдап, маған қастандық істемекші болып жүр дегенге сенгім келмейді, өйткені мен оған мейірбандық көрсеттім, көптеген жақсылық істедім. Ол мені аз да болса қиянат істеді деп айта алмайды, ал оның менен көрмеген жақсылығы жоқ», — деп түйді.

Димнә: «Әңгіме оның ақылында емес, сенің шектен тыс құрметтеуің оған кесірін тигізеді, оның ойы тіпті сенің атағыңа ие болуға шейін барды ғой. Арсыздар өз шамасының мөлшеріндегі дәрежеге көтерілгенге дейін ғана тілеулестік білдіреді, пайдалы бола қалады. Дәрежесі өз шамасына жетті-ақ, ол тояттамайды, өтірікпен, опасыздықпен болсын бәрібір, әйтеуір, жоғары мәртебеге көтерілгісі келеді де тұрады. Өрескел арыздар патшаға қызмет істеп жүріп тек өлмешінің күнінен, не қорыққанынан болса, онда табиғи тұрғысына қайтады, қалпына тартады, бұл жөнінде ол иттің қисық құйрығы сияқты, өзінің бәз-баяғы қалпына келеді. Иттің қисық құйрығын тура болсын деп қайырып таңып қойсаң, түзу тұра береді, ал шешсең-ақ болғаны қайтадан именіп қисаяды да қалады дейді. Уа, патшам есіңде болсын, кімде-кім досының өзіне берген кеңесіне құлақ аспаса, онда оның ақылы мақтауға да арзымайды. Онда ол дәрігердің кеңесін қабылдамай, өзінің ұнатқанын істеген ауруға ұқсайды. Патша алдындағы уәзірдің міндеті – оның беделін, салтанатын арттыратын бағытқа демеуші болу, патшаны зиянды сөкет іске барудан сақтандыру. Бауырдан да, көмекшілерден де мына жүйелі кеңес беруші адам артық, ал істің ең игісі ақыры қайырлы болуында. Әйелдің ең жақсысы айтқанға жылдам көнеді, ал мақтаудың ең асылы – ардақты жанның ауызынан шыққаны. Достың ең жақсысы егеспейді, байдың ең жақсысы дүниеқор болмайды. Өзіне қастандық істемек болған достың ертелі-кеш тісін қайрағанын сезгеннен гөрі жыланды жастық, отты төсек етіп жатқан адамның ұйқысы тәттірек болса керек. Патшалардың ең нашары, істі бастарда мешеу қимылдайды, сезімтал болмайды, ол әсіресе ызалы пілге ұқсайды, еш нәрсеге көңіл бөлмейді, өзіне кездескен жағдайға жөнді мән бермейді», — деді.

Арыстан: «Сенің сөзің ызғарлы, бірақ адал достың айтқаны қатал болса да орынды ғой. Сенің айтқаныңдай Шатраба жау болса да ол маған зияндық жасай алмайды. Ол шөп жейді, мен ет жеймін, сондықтан ол менің тамағым емес пе? Оны өзіме жау деп білмеймін, сол себепті онан қорқудың орыны жоқ сияқты. Осыған байланысты онымен арамыздағы қалыптасқан мызғымас достықты, барлық әскерімнің алдында оған көрсеткен құрметті және өзім арқылы істелген дәріптеулерді оның ескермеуі де мүмкін емес. Енді оған сенімімді жойып, қаталдық істесем, онда есуастық болар еді және  өз келісімімді өзім бұзған болып табыламын ғой», — деді.

Димнә: « «Ол менің тамағым» деген бос сөзбен өзіңді өзің алдама! Егер саған бұқаның күші жетпесе, онда ол басқалар арқылы-ақ сенің титығыңа тиеді. Бұрынғының сөзі бар: «Егер үйіңе танымайтын қонақ келсе, сен оның мінезін білмесең, онда өзіңді қауіптен аулақпын деп ойлама, соның өзі немесе сол арқылы да пәлеге душар болуың мүмкін», — депті. Осы секілді жағдайды үйіне бүргені қондырған бір бит те басынан кешкен екен», — деді.

Арыстан: «Битке не кезікті екен?» — деп сұрағанда, Димнәнің айтқан нақылы мынау еді: «Баяғыда бір атақты бай адамның төсегіне бит түсіпті деседі, ұйықтап жатқанда байдың қанын сорып, тысырын естіртпей денесінде ептеп жорғалап жүреді екен. Бір күні түнде әлгі бай адамның төсегіндегі битке бүрге келіп қонақтапты, ол қатты шаққандықтан бай оянып кетіпті де, төсекті ақтарыпты. Сонда бүрге секіріп қашып құтылыпты да, битті табан аузында ұстап алып өлтіріпті.

Бұл нақылды мен бұзық адамның зұлымдығынан сақтанудың қиын екенін дәлелдеу үшін айттым. Егер ол өзі істей алмаса, онда басқа біреу арқылы мақсатын жүзеге асырады. Сен бұқадан қорықпасаң да, мына әскери қызметкерлеріңнің арамдығынан сақтан. Бұқа саған жауыздық істеуге солардың ішінен өзіне керегін үгітіне көндіруі мүмкін ғой. Ал менің білуімше екеуіңнің араңда егес әлі-ақ туады, ол өз ісін басқаға сеніп тапсырмайды».

(Жалғасы бар).




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑