banner-top12

Керек баған

Уақыты 3 февраля, 2021 | қосқан shalqar | 157 рет оқылды

0

Сүндет — мұсылман перзентке сүннет әрі міндет

Сүндет той – тойдың үлкені. Әлімсақтан мұсылман баласы сүндеттеудің пайдасын ескеріп, өнегелі ғұрып ретінде ұлттық дәстүр қатарына қосқан.

Оның тарихы Ежелгі Мысырдан басталады. Ал, қалыптасуын мұсылман дінімен байланыстыруы – адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті екендігінен болса керек. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Солардың бірі – баланы сүндетке отырғызу». Деректер бұл дәстүрдің жер бетінде Ислам дініне дейін болғанын айтады.

«Сүндет той, мұсылманға міндет той» деген сөз бар қазақта. Сүндеттеу берік орнаған салтымыз болса да, сүндет той жасау міндет емес. Мұны «міндет» деп түсініп, жағдайы келмесе де қарызға батып, сүндет той жасайтындар да бар…

Ата-баба салтымен ер баланы 3,5,7 жаста сүндеттейді. Яғни, оның қорқыныш сезімі қалыптаспай тұрған мезгілде сүндеттелген.

– Жалпы, Ислам діні тазалықты жақсы көреді. Сүндеттеу – тазалыққа, өніп-өсуге пайдалы дәстүр. Ислам дінін қабылдау үшін сүндеттелу шарт емес. Өйткені, сүндетке отырғызу парыз емес, сүннет. Яғни, жасасаң игілігін көресің, жасамасаң күнә болып есептелмейді. Алайда, мұсылманшылықта сүндеттелген адамның дәрежесі сүндеттелмегеннен гөрі бір саты биік тұратынын білген жөн. Мысалы, жамағат намаз оқырда имамдыққа сүндеттелген мұсылман шығады. Басқа да артықшылығы көп, – дейді «Бала қажы» мешітінің наиб имамы Нұржан Қалмағамбетов.

Сүндеттелген балаға туыстары «Сақинаң құтты қабыл болсын!» деп, ақша ұстатады. Қалталы туыстары өскенде «жалын тартып мінсін деп», тай мінгізеді. Мұны нағашылары жасайды көбіне. Қазір киіміне алтын түйреуіш іліп немесе ұнататын ойыншығын беру де бар көрінеді. Бұдан баланың көңілі көтеріліп, ауырғанын аз да болса ұмытады. Мен екі ұлымды қатар сүндеттедім. Сонда хирург: «балаңыздан «әпшу» сұрамапсыз, ұшы жабысып қалыпты» деген-тін. Сөйтсем, әр «әпшу» берген сайын баланың «шүметейінің» ұшы созылып, жабыспай, сүндеттегенде де жеңіл болады екен.

Бұл бабаларымыздың Ұлы Дала философиясын, жаратылыстың құпиясын, өмірдің сырын жетік білгендігін көрсетсе керек.

Ал, батыс елдерінде, христиан мемлекеттерінде «сүндеттеу шарт емес, тіпті, қажет емес» деп есептейтін мамандар да бар. Айтуынша, бұл ауа райы ыстық болатын араб елдерінде кең тараған. «Сонымен қатар, мұсылман елдерінде қалыпты дәстүр ретінде пайдаланылады. Өйткені, ежелде үнемі таза жүруге мүмкіндік болмай, сол үшін баланы сүндеттеген. Қазір, барлық әурет жеріңді таза ұстауға мүмкіндік мол. Сондықтан, бұл қажет емес» дейді олар.

Жезқазған қалалық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі, хирург Бауыржан Есжанов бұл пікірмен келіспейді. «Сүндеттеу ертеде тазалықтан бөлек, ЖИТС, СПИД, рак секілді қауіпті аурулардан сақтану үшін ойлап табылған. Сүндеттелмеген шүметей терісінің астына әр дәрет сындырған сайын зәр қалдығы жиналады. Қызарып, ашып, дәрет сындырғанда сыздап ауырады. Мұны – фимоз ауруы дейді. Зәр қалдықтары көбейіп, оған инфекция түсіп, іріңдеуі де мүмкін. Ең қауіптісі сол инфекция қуыққа, бүйрекке өтсе, асқынып обырға айналуы ықтимал. Сол үшін өзге ұлт өкілдері де сүндетті құптайды. Жаңағы ауруды сезінгендер, балаларын сүндеттеп жатыр. Басқалары қамсыз жүр» дейді ол.

Дәстүрлі сүндеттеу лазерлі сүндеттеуге қарағанда пайдалы екен. Халықтың «лазерлі» деп атап жүргені күйдіру арқылы жүзеге асады. Мұны медицинада – термокоагуляция деп те атайды. Күйдірілген терінің жазылуы ұзаққа созылуы мүмкін. Тері қабығы көп күйдірілсе, күтпеген қауіпті жайт орын алуы ғажап емес көрінеді. Қанамаса да, қаупі басым.

Дәстүрлі сүндеттеудің пайдалы жағы көп. Кесілген соң, айналдырып тігіліп, дәрі жағылады. Тіккен жібі жағылған дәрінің күшімен өз-өзінен шіріп түседі. Бас-аяғы 7-8 күнде жүгіріп кетеді бала.

Мәліметке сүйенсек, Ресейдегі мұсылман дінін ұстанатын халықтарда обыр дертіне және түрлі инфекциялық ауруларға шалдығу сүндетке отырғызылмайтын христиан дінін ұстанатындарға қарағанда едәуір төмен. Демек, ғылым сүндеттеудің адам өміріне пайдасын дәлелдеп отыр.

Медицина дамыған сайын сүндеттеудің де түрлері көбейіп келеді. Қазір баланы туғанда бірден сүндеттеу үрдісі қалыптасуда. Бірақ, бұл ата-ананың келісімімен жүзеге асады. Ал, кейбір бала туғанда сүндеттеліп туады. Бұл Алланың оған рақымы мен жасаған жеңілдігі болса керек. Әдетте олар зерек, алғыр болып өседі дейді…

Енді, кейбір елдер сүндеттеудің пайдасын түсініп, ержеткен соң да сүндеттеп жатады. Еліміздің солтүстігіндегі немесе Моңғол елінен қоныс аударып келген қандастардың арасында үлкен жастағылардың да тәуекелге барып, сүндетке отырып жатқанын естідік. Мамандар, ержеткен соң да сүндеттеуге болатынын айтады, бірақ мұсылман діні 7 жасқа дейін сүндеттегенді құптайды.

Байқасақ, көптеген деректер сүндеттелудің адам өміріне пайдалы екенін көрсетіп отыр. Ол ұлттық таным, діни һәм медицина тұрғысынан да құпталады. Сала мамандары тазалықты сақтап, түрлі аурудан сақтанып, өніп-өсу үшін сүндеттелу дәстүрін құптайды. Ендеше, дана бабалардан аманат болған тағылымды дәстүрді сақтап, ғұрпымыздан жаңылмайық.

Журналист Жәлел ШАЛҚАР-дың  шығармашылығынан…




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑