Түркістан облысында пәтер ұрлығы көбейді
Түркістан облысында жыл басынан бергі үш айдың ішінде 411 ұрлық қылмысы тіркелген. Оның ішінде 158-і пәтер ұрлығы екен. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Ердәулет Амантаев айтып өтті. «Пәтер ұрлығының тіркелімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109-дан 158-ге өскен. Дегенмен, ашылымы керісінше артқан. Яғни, ауыр дәрежелі пәтер ұрлығының 75,6%-ға, орта дәрежелі пәтер ұрлығы 86,4%-ға ашылып отыр» — деді ол. Жуырда Түркістан облысында 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды. Ол тұрғын үйлердің терезесін бұзып кіріп, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды ұрлап келген. Ал олжасын Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп, ақшаны өз қажетіне жұмсап отырған. Тергеу барысында күдіктінің соңғы үш жыл ішінде 50-ден астам үйге ұрлыққа түскені анықталған. Өзі де Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында жасаған ұрлықтарын мойындаған.
One Response to Түркістан облысында пәтер ұрлығы көбейді