«Азаматтарға арналған үкімет» ме..." /> Халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсыну жолдары оңтайлануда - Шалқар газеті
banner-top12

Сұхбат

Уақыты 17 августа, 2021 | қосқан shalqar | 299 рет оқылды

0

Халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсыну жолдары оңтайлануда

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ еліміздегі мемлекеттік қызметтер провайдері болып табылатын үлкен мекеме. Мұнда тізілімде бар 690 мемлекеттік қызметтің 662-і, яғни 95,9%-і көрсетіледі. Бұл мекеменің еліміздің үлкен мегаполистерінің бірі — Алматы қаласындағы филиалының фронт-офистері мен бэк-офистерінің жұмысы пандемия жағдайында да бір сәт толастаған емес…

   Корпорацияның енгізіп жатқан жаңалықтары мен жетістіктері туралы Алматы қаласы филиалының директоры Ермек Құралбекұлы Бекжүнісов айтып берді.

Ермек Құралбекұлы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі мемлекеттік қызметтерді бір орталықтан көрсетіп отырған мекеме. Жеті жүзге жуық мемлекеттік қызметті ұсынатын ХҚО-лар жұмысын тоқтамайтын конвейерге теңеуге болады. Мемлекеттік қызметтердің 93%-ы цифрлық нұсқада болуына қарамастан, халық үйреніп қалған ХҚО-ларға барады… Пандемия жағдайында ХҚО-ларда халықты қабылдау қалай жүріп жатыр?

   Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы – еліміздегі саяси интеграцияның нышаны болды. Азаматтарға қолайлы негізде өз жұмысын бастаған корпорация, өз жұмысын үнемі жетілдірумен келеді. Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың сұранысы да арта түсетіні белгілі.  Көпшілік «бір терезе» деп атаған бұл ХҚО-лар, әртүрлі жаңғыртулар мен оңтайландыруларды бастан өткере отырып, бүгінде цифрлық технологияның жетістіктерін пайдалана отырып қызмет көрсетіп жатыр.

   ХҚО-лардың қабылдау тәртібін айтар болсақ, азаматтар ХҚО-ға келмес бұрын кезекті онлайн түрде брондайды. Кезекке тапсырыс берудің 4 әдісі бар. Біріншісі – egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы «ХҚО-ға кезекті онлайн брондау» бөлімінде жеке деректерді толтырып, ХҚО-ның мекенжайы мен қызметті таңдап, келу күні мен уақытын көрсету қажет. Болмаса 1414 байланыс орталығының операторының көмегін пайдалануға болады. Жүгінген кезде дауыстық мәзірден «кезекті брондауды» таңдап, оператор арқылы брондау қажет.

Брондаудың тағы екі әдісі ұялы телефондарында қолжетімді. Бұл Telegram мессенджеріндегі eGovKzBot2.0 боты мен egov mobile қосымшасы. Ол үшін қосымшаны жүктеп, авторланып және «ХҚО-ға кезекті онлайн брондау» бөлімінде жеке деректерді толтырып, ХҚО-ны, қызметті, баратын күні мен уақытын таңдау қажет. Осылайша, ХҚО-ға келу уақытын алдын ала белгілеп, тапсырыс уақытынан 5-10 минут бұрын келу керек.

   ХҚО-ға келген соң, ғимарат ішіне Ashyq сервисі арқылы кіреді. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Алматы ХҚО-лары клиенттерді Ashyq сервисі арқылы қабылдауға көшкен.

Бұл заманауи сервис негізінде ХҚО-лар клиенттерді көбірек қабылдап қана қоймай, сонымен қатар қызметкерлер мен келушілердің аман-саулығын қамтамасыз ете алады.

Егер азаматтардың смартфонында Ashyq қосымшасы болмаса, олар таяуда ғана Ashyq функционалы енгізілген eGov mobile, Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларын пайдалана алады. Тіпті аталған қосымшалар болмаған жағдайда, азаматтардың мәртебесін кіреберістегі ХҚО қызметкері анықтап бере алады.

       ХҚО-лар Ashyq жобасына қатыса бастағалы қызмет алушылар арасында үй карантинін бұзған 84 келуші анықталды. Оның ішінде 57 адамда «қызыл» түсті мәртебе (коронавируспен ауыратындар), 17 адамда «сары» түсті (науқаспен жақын байланыста болғандар) мәртебе болған.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Азаматтарға арналған үкіметтің де мемлекеттік қызметтерді ұсынуда көптеген жаңашылдықтарды енгізіп жатқанынан хабардармыз. Сол электрондық қызметтерге тоқталсаңыз.

Электрондық қызмет көрсетудің фронт-офистердегі жайы, халыққа ыңғайлы қызмет көрсету мақсатындағы «Электрондық кезек» жұмыстарынан басталды. Бұл жұмыстың мақсаты — көрсетілетін қызмет түрлерінің сапа деңгейін көтеру. Ол бойынша орталық қызметкерінің қызметін бағалау  ережелері анықталады. Мысалы, қызметкер азаматтармен диалог жүргізу кезінде  сабырсыздық, дөрекілік танытып немесе қызмет көрсету уақытын стандартқа сәйкес пайдаланбаса, қызмет көрсету аяқталған соң белгілі бағалау жүйесін басу арқылы  базалық бағалау жүргізеді.

   Ал жалпы мемлекеттік қызметтерге келсек, «Электронды үкімет» порталындағы электрондық қызметтер (E.gov.kz сайтындағы жаңашыл істер) алға басуда, яғни халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлері, соның ішінде көптеген  анықтама автоматтандырылды. Мұнымен қоса әлеуметтік маңыздағы қызмет түрлері де  жетілдіріліп келеді. Бұл үдеріс әлі де жалғасуда. Азаматтар өз үйінен шықпай-ақ интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны, бір реттік СМС хабарламаны пайдала отырып, электрондық анықтамалар мен басқа да  электрондық қызмет түрлерін  осы аталған порталдан ала алады. Егер интернет желісі болмаған жағдайда ЭЦҚ бар өтініш беруші ХҚО-ға келіп, өз бетінше қызмет алу секторында электрондық қызмет түрлерімен бірге салықтар, өсімпұлдар, жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеу және т.б қызметтерді кассаларға кезекке тұрмай-ақ  пайдалануға болады. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның әрбір фронт-офисі өзіне-өзі қызмет көрсету «Connection Point» секторымен жабдықталған, ол жерде «электрондық үкімет» порталы және басқа да мемлекеттік ресурстарға шығу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жұмыс орындары ұйымдастырылған. Онда азаматтар өз бетінше ЭЦҚ алуға өтінім беруге, сондай-ақ электрондық қызмет пен сервистер алуға мүмкіндігі бар. 2021 жылдың 7 айында Алматы қаласы ХҚО-ларынан – 300 241 адам ЭЦҚ жаздырып алған. Жыл сайын мемлекеттік корпорация халықтың үлкен легін қабылдай отырып, 38 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Осы жылдың 7 айында Алматы қаласы филиалы 1,5 миллионға жуық қызмет көрсетті.

 Мұнан басқа, ХҚО-да egov.kz, elicense.kz және басқа порталдарда өз бетінше мемлекеттік қызметтерді алу мен жұмыс істеу дағдыларын үйренгісі келетіндерді оқытуға арналған сыныптар бар.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған сервистердің бірі —  мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну. Мұны өркениеттің басты белгілерінің бірі десек те болады. «Проактивті формат» қағидаты бойынша азамат қызмет алуға жүгінбейді, мұнда мемлекет телефон арқылы мемлекеттік қызметті алуды өзі ұсынады.

    Проактивті форматтағы алғашқы жоба  — бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну қызметі болды. Бұл жобаға сәйкес жаңа босанған әйелдер телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлік жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті тиесілі жәрдемақыларды рәсімдей алады.

     Яғни, балалы болған ата-анаға туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және бала­бақшаға кезекке қою үшін мекен­жайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде SMS-хабарлама келеді. Нәтижесінде, өтініш беруші ХҚО-ға дайын құжаттарды алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады. Алдағы уақытта тағы да өмірлік жағдайлар бойынша бірқатар мемлекеттік қызметтердерді проактивті форматқа көшіру көзделген.

      Ал композиттік қызмет дегеніміз — тұрғындар мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне бармай-ақ бірнеше қызметті бірден алу мүмкіндігі. Біз бұрын «бір терезе» десек, енді «бір өтініш» қағидатына қадам бастық. Бірнеше қызметті бірден алу, яғни композиттік қызмет түрі азаматтар үшін уақыт үнем­деу жағынан ғана емес, қаржылық тұр­ғыдан да тиімді. Мысалы, жер учаскесіне қатысты төрт түрлі қызмет «Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру» деген атаумен бір мемлекеттік электрон­дық қызметке тоғыстырылды. Тағы бір мысал, мүгедектікті белгілеген жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі бірден Электрондық үкіметтің порталына қойылады да, осы мәліметке сәйкес, мемлекеттік корпорация жәр­демақыны тағайындап, ал жергілікті атқарушы орган қажетті көмектерді (мүгедектерге арналған арба, тифло­құрал, т.б.) көрсете береді. Осылайша, қызмет алушы екі органға бармай-ақ, көп құжаттың орнына бірнеше құжатты ғана жинайды.

       Сондай-ақ бүгінгі таңда азаматтарды мекенжай бойынша онлайн ­тіркеу бір жүйеге түсті. Бұрынғыдай сағаттап кезек күтудің қажеті жоқ, 10-­20 минутта тіркелуге болады. Жылжымайтын мүлік иесі және тіркелетін азамат egov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін, тіркелуші өтініш беріп, меншік иесі өзінің электрондық-­цифрлық қол­таңбасымен растауы тиіс. Өтініш берілгеннен кейін деректер шамамен 10 минутта өңделеді. Бұл қызметке электронды цифр­лық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кез келген азамат Қазақстанның барлық аймақтарында қол жеткізе алады.

  Жақында оператордың жанында отырып-ақ, кассаға бармай, QR-код арқылы баж салығын төлеуге болатын мемлекеттік қызметтер қатарын ұлғайтты. Енді қазақстандықтар смартфондары арқылы елдегі ХҚО-да кез келген мемлекеттік қызметтің төлемін бірнеше секундтың ішінде жолдай алады.

QR-код арқылы, мысалы, жер учаскесіне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, банктік қарызға алу шарты бойынша талаптар құқығын беруді, кондоминиум объектісін, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ жер қатынастары, жылжымайтын және жылжымалы мүліктер саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтер үшін төлем жасауға болады. Мемлекеттік қызметтердің ақысын Homebank және Kaspi.kz қосымшасында QR-код арқылы кезексіз, қауіпсіз және тез төлей алады. Азаматтар қандайда бір қызметті алған кезде төлем жасау үшін менеджерден QR құрып беруін өтініп, сосын өзінің смартфоны арқылы бірнеше минуттың ішінде төлей алады. Айта кету керек, әр клиент үшін әрбір қызмет бойынша жеке QR-код жасақталады.

            Желілік технологиялар видеоқоңырау арқылы 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, қызметтерді алуға өтінім жасауға мүмкіндік береді.  Бұл жоба, әсіресе пандемияға байланысты карантин жарияланған уақытта  көп сұранысқа ие болды.

Мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға құжаттарды тапсыруын жеңілдету және қол жетімділігін арттыру мақсатындағы жұмыстарды да атап өтсеңіз

  Иә, соңғы жылдары халықтың мемлекеттік қызметтерді тағайындауға құжаттарды тапсыруын жеңілдету және қол жетімділігін арттыру мақсатында көптеген өзгерістер енгізілді. Көпшілігі қызметтің проактивті және электрондық форматына ауыстырылды. Атап айтар болсақ:

1) мүгедектікті белгілеуге байланысты Мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету (Мүгедектігі бойынша БЖТ, еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем; мүгедек баланың күтімі бойынша жәрдемақы);

2) мемлекеттік жәрдемақы және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем тағайындау бойынша Мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету;

3) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау мемлекеттік қызметін проактивті көрсету;

4) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау жатады.

Жасына байланысты зейнетақы төлеу, базалық зейнетақы төлемі, сондай-ақ БЖЗҚ төлеу — композиттік қызмет көрсету қағидаты бойынша жүргізіледі, яғни алушы бір өтінішті бір мезгілде үш төлемге береді.

Қызмет алушыларға қолайлы болу үшін қарастырылған жағдайлардың қатарына осы жылдың 13 мамырынан бастап енгізілген дайын болған құжаттарды үйге жеткізу сервисін қосуға болады. Сервис 144 мемлекеттік қызмет түрін қамтиды. Бұл клиенттеріміздің мемлекеттік қызметтерді алу барысын жеңілдетіп, олардың қаржысы мен уақытын айтарлықтай үнемдейді.

Сонымен қатар қазақстандық бизнестің қажеттіліктерін қарастырып, «дербес менеджер» сервисін де іске қостық. Дербес менеджер — бұл клиентке жеке қызмет көрсету, клиенттің міндеттерін шешудің тиімді құралдарын, тиімді және стратегиялық дұрыс жолдарын табу міндеті бар маман. Осы жоба шеңберінде заңды тұлғалар Мемлекеттік қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ ала алады, дербес менеджер тек түпкілікті нәтиже бере отырып, барлығын өзі жасайды.

  Ол үшін Мемлекеттік корпорация мен қызмет алушылар арасында бекітілген баға прейскуранты бойынша қызмет көрсетуге шарт жасалады. Дербес менеджердің сервисін жеке тұлғалар,  ірі бизнес, екінші деңгейлі банктер, құрылыс компаниялары және т. б. өкілдері пайдалана алады. Қызмет нәтижесін қызмет алушы  айтқан жерге дейін әкеліп береді. Келісім шартты 1 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге жасасуға болады.

  Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін оңтайландыру бағыттарының бірі — аумақтан тыс қағидатты енгізу. Осы принциптің арқасында қазақстандықтар баланың туылуына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, жүктілік пен босануға, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты кірістерін жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға өтініш бере алады және бір жасқа толған кезде баланы күтуге байланысты табысы жоғалған жағдайда, тіркеу орнына қарамастан, елдің кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына құжат өткізе алады. Жыл соңына қарай басқа да төлемдер бойынша экстерриториалды қағидатты енгізу жоспарланған.

«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ жер қадастры, жылжымайтын мүлік желісі бойынша да мемлекеттік қызметтерді ұсынатынын білеміз. Олар қандай қызметтер және ол сала бойынша оңтайландыру бар ма?

Алматы қаласы филиалы жер кадастры желісі бойынша жер учаскесіне жеке меншік құқығына актілерді, тұрақты жер пайдалану құқығына актілерді, уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығына актілерді, уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығына актілерді дайындау және беру, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау, жер учаскесінің сапалық жай-күйі туралы мәліметтер беру», сондай-ақ жобаланатын жер учаскесін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу қызметтерін көрсетеді.

   Жылжымайтын мүлік желісі бойынша, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) олардың құрамдас бөліктерінің жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын беру және жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген мемлекеттік техникалық тексерудің қорытындылары бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің алшақтығын белгілеу туралы қорытынды беру және жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру қызметтері көрсетіледі.

     Осы саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша жемісті жұмыс жүргізілді. «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау» мемлекеттік қызмет стандарты өзгертілді. Осының арқасында жер үшін құжаттарды алу мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ, азаматтар бір уақытта жер учаскесінің бағалау құнын бекітуге өтініш бере алады, бұл оларға мемлекеттік корпорацияға қайта жүгінбеуге мүмкіндік береді.

   «Мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтер беру» электрондық қызметіне жер учаскелерінің тиесілілігі туралы ақпарат, кадастрлық ақпарат беру, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын және жер учаскесіне алғашқы құқық беретін құқық белгілейтін құжатты дайындау туралы 4 мемлекеттік қызмет біріктірілген.

  Жылжымайтын мүлікке байланысты құқықтарды тіркеу бойынша қызметтер әділет органынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға берілгенін білесіздер. 2018 жылғы 30 шілдеден бастап Басқарма жылжымайтын мүлікке байланысты құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеуге алады, өзертеді және тоқтатады.

    Функциялардың мемлекеттік корпорацияға берілуімен көрсетілетін қызметтердің мерзімдерін, сондай-ақ тіркеу кезіндегі шығыстарды қысқартуға, сондай-ақ осы қызметтерді композитті түрде алуға мүмкіндік туды. Мұның бәрі әкімшілік кедергілерді жояды және тіркеу қызметтерін алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Корпорация қызметінің бір бағыты – автокөлік иелеріне қатысты, автоХҚО жұмысы. Автокөліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәлігін беру. Бұл бағыт бойынша не айтасыз?

         Автокөлік иелері үшін жасалған жағымды жаңалық – «Электрондық үкімет» порталында көліктерді тіркеу және көлік жүргізушісі куәлігін алмастыру қызметтері бойынша сервистердің іске қосылуы болды. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін жетілдіру мақсатындағы қосылған сервис бойынша тиісті құжаттар бір сағат ішінде рәсімделеді.

    Көлік құралын да онлайн тіркеуге болады. Бұған дейін көлікті сатушы мен сатып алушы өтінім беру үшін бір уақытта «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офисіне барып, қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс еді. Енді азаматтар өтінімді үйден шықпай-ақ, онлайн тәртіпте жолдай алады.

      Осы жылдың 7 айында Алматы автоХҚО-ларында 417 151 көлік тіркелген.

   Ал жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте қалай ауыстыру жайлы айтар болсақ, ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭСҚ) қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы 1,25 АЕК құрайды.

  Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алған жағдайда медициналық тексерістен өтудің және психиатр, наркологтан анықтама әкелудің қажеті жоқ.

   Жыл басынан бері Алматы автоХҚО-ларынан 134 415 адам жүргізуші куәлігіне қатысты қызмет алған.

Шетел азаматтары да ХҚО-дан қызмет алып жатады. Ол қандай қызметтер?Атап өтер тағы қандай қызмет түрлері бар?

 Шетел азаматтарына мемлекеттік қызметтер көрсететін көші-қон қызметтерін көрсету бөлімі бар. Көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де «бір терезе» принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылады. Егер бұрын резидент емес тұлға 6 түрлі ұйымға (салық, полиция, аурухана, сақтандыру компаниялары, фото салондар және банктер) барып, әр жерде кезекке тұруға мәжбүр болса, қазір бұл қызметтер бір жерде және «бір терезе» қағидаты бойынша, кедергісіз қызмет көрсету стандарттарына сай көрсетіледі. Көші-қон қызметтері орталықтарының құзырына Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу, сондай-ақ ҚР аумағынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуге құжаттарды ресімдеу қызметтері жатады.

 Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Бұған дейін шетелдіктер Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдей алады. Осы жылдың 7  айында Алматы қаласында 27 315 шетелдік Қазақстанда еңбек ету рұқсатын алып, мерзімін ұзартқан.

Мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға барып ала алмайтын азаматтар тобы бар, ХҚО оператор үйге шақырту үшін не істеу керек?

Мемлекеттік корпорация қызметкерін үйге шақыру үшін азамат немесе оның қамқоршысы 1414 Бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, қызмет алуға өтінім қалдырады. Содан кейін онымен филиал мамандары хабарласады, құжаттардың толықтығын нақтылайды және мемлекеттік қызметті үйде көрсету күні мен уақытын белгілейді. Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қызмет көрсетеді. Барлық мамандар бетперделер мен антисептиктермен қамтамасыз етілген.

Азаматтардың цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметіндегі басым бағыттардың бірі — «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында халық арасында электрондық портал арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді өздігімен пайдалана білуге үйрету және кеңінен насихаттау.

Мемлекеттік корпорация қызметкерлері азаматтарды цифрлық сауаттылыққа оқыту үшін «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» арнайы оқу бағдарламасымен жұмыс істейді.

    ХҚО-ларда мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға және порталдарда жұмыс істеуге ниет білдірушілердің барлығын оқыту үшін секторлар жабдықталған азаматтардың egov.kz, elicense.kz  бойынша цифрлық сауаттылығын арттыру үшін фронт-офис қызметкерлері тегін оқыту жүргізеді. Мұнда тілек білдірушілер аптасына алты күн Электрондық үкімет порталын пайдалану және Мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу дағдыларын арттыра алады. Сонымен қатар біздің мамандар ұйымдар мен мекемелерге, оқу орындарына барып оқу өткізеді. Бүгінгі күні біздің мамандар шілде айынан қолданысқа енген «е-өтініш» бағдарламасын түрлі мекемелер қызметкерлеріне үйрету, оқыту жүргізуде. Барлығын өз бетінше жасағысы келетін egov-қа өтінім беру бойынша көрсетілген қадамдық нұсқаулықтардың парақшалары таратылады.

  Қазіргі пандемия жағдайына байланысты бәсеңсігені болмаса, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тұрақты негізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ақпараттық-түсіндіру жұмысы, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерде (сауда орталықтарында, Медициналық және білім беру мекемелерінде және т.б.) электрондық үкімет порталының сервистерін пайдалану бойынша кең ауқымды акциялар өткізіледі.

    Аталған игі шаралар тек мемлекетіміздің өсіп-өркендегенін, барынша дамыған ірі елдер қатарына кіруге күш жұмсап, еңбек етіп жатқандығын ғана көрсетіп қоймайды, бұл ілгерілеушілік «Басты байлығымыз – халықтың қамы мен жағдайын жақсарта түсу» екендігін дәлелдей түседі. Яғни, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуді көздеп, қызметтерді жылдам әрі тиімді жалғастыру үстінде. Халыққа цифрлық қызмет көрсетуде корпорацияның бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен бағыт-бағдарында көңiлге қонымды iстер көп.

Филиалдың жұмыс перспективалары жайлы да айта кетсеңіз

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазіргі уақытта Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында жұмыс істеуде. Қызмет көрсету және өтініштер қабылдау бойынша бірыңғай терезе құру, ХҚО жұмысының сапасын арттыру, желіні басқару, халықты белсенді қызметтермен толыққанды қамту, сыртқы және ішкі кандидаттар қатарынан жаңаша ойлай алатын қызметкерлерді жұмысқа тарту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруда.

Тұжырымдаманы іске асыру бойынша жұмыстардың бірі — QR-кодтың көмегімен ХҚО жұмысының сапасын бағалау жүйесі. Қызмет алушылар қызмет көрсету процесіне, бөлімнің инфрақұрылымына және сервистік мәдениетке қатысты пікір қалдыра алады. 15 бөлімнің әрқайсысында келушілер QR-коды орнатылған стендтерді таба алады. QR-кодтарды оқитын қосымшаны пайдалана отырып, клиенттер өз смартфонындағы сауалнамасы бар бетке лезде өтеді. Азаматтар оператордың жұмысына қанағаттанғанын, оларға қызмет көрсету ыңғайлы болғанын, қажетті ақпарат алғанын және т. б. айта алады. Сонымен қатар, қызмет алушылар өздері барған бөлімнің фото немесе бейнематериалын тіркей отырып, тілектері мен пікірлерін қалдыра алады.

  Сауалнамадан Мемлекеттік корпорацияның  gov4c.kz  ресми интернет-ресурсында кері байланыс бөлімінде да өз бетінше өтуге болады.

Кері байланыс бізге қызмет алушылардың мемлекеттік корпорацияның қызметі туралы пікірін білу және олардың қанағаттану деңгейін анықтау үшін қажет. Сондай-ақ сауалнама нәтижелері бөлімдердегі кемшіліктерді анықтап, оларды тез арада жоюға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауға азаматтық қоғамды тарта отырып қабылдау жүргіземіз. Мұндай қабылдаулар ХҚО жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді.

   Президенттік Жастар кадрлық резерві бағыты бойынша, болашақта кәсіпқойлардан құралған мықты команда болу үшін,  корпорацияда таланттар пулы құрылған.  Қатысуға ниет білдірген әрбір адам өтініш берді. Резерв жұмыс істеп тұрған қызметкерлерден ғана қалыптастырылмады. Жобаға жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар да қатысты.

Осылайша, сыртқы және ішкі кандидаттар қатарынан жаңа ойлау қабілеті бар қызметкерлер жұмысқа тартылуда.

   Пандемия кезінде, баршаңызды санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауларыңызды сұраймын. ХҚО-ға келгенде міндетті түрде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдануды ұмытпаңыздар.

Сұхбаттасқан Інжу Сағидолла




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑