banner-top12

Айтарым бар

Уақыты 14 октября, 2020 | қосқан shalqar | 303 рет оқылды

0

Әл-Фараби мен Абай танымындағы бақытқа жету жолы

         «Адам – өзінің табиғаты жөнінен қоғамдық тіршілік иесі» дегенді бұдан сандаған ғасырлар бұрын Аристотель айтқан. Осы ұғым одан әрі «адамның қоғамнан тыс бола алмайтыны», «адам тек адамдар арасында ғана адам болатыны» және тағы басқа да таным-түсініктер арқылы дамытылып келеді. Дәл осы мәселеде өмірге келген сәбидің бәрі де – бақыт десек, сәбилік күннен кейін оның таным жолындағы құлшынысы басталады. Балалық шақтағы арман, қиял, қуану, ренжу іс-әрекеттері есейе келе айқындалған бағытқа ұласып, бақыт жолындағы күреске ұласады. Сонда бақыт деген не? Бақытты болу деген ше? Бақытсыздық деген не? Бақытқа жетуге бола ма?

Дәл осындай сұрақтар күнделікті өмірде де кездесіп жатады. Бұл орайда Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұғлағ Әл-Фараби ат-Түркидің «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектері еске түседі. Ол бірден «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады. Мұны түсіндіріп жату артық сөзді керек етпейді, өйткені бұл – мейлінше белгілі нәрсе» деп алып, одан әрі бақыт ізгілік, игілікте екендігіне тереңдеп барады. Сөйтіп, «Бақыт дегеніміз – игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені» деп, қорытынды жасайды. Игілік ұғымы сонда бақытқа жетудің жетілгені, әйтсе де, кез келген сәттіліктің бәрін игілік деуге болмайды екен. «Кейбіреулер байлықты бақыт деп есептейді, басқа біреулер бірдеңені бақыт деп біледі» – дей отырып, әр адамның абсолюттік уақыт туралы өз ойы, пікірлері барлығын айтады. Өмірлік жолын дұрыс пайымдаған арманы асқақ адамдар бақытқа жетудің әдісі мен амалдарын табады. Ғұмырдың өзі үнемі алдыңа тақтайдай түзу жол салып, даңққа жететін жағдайлар жасап тұрмайды. Адам кейде мақталса, енді бірде жазықсыз жапа шегеді. Фараби түсінігі бойынша «Нәтижесінде әрі мақтауға, әрі жазғыруға болатын жағдайлардың жиынтығы қосыла келгенде ол адам бақытқа жетеді» екен.

Жарық дүниеде бақытқа жету үшін күресу керек. Өз бақыты үшін арнайы мақсат қойып, оған таза адамдық ақылпарасатпен ұмтылғанның бақытқа жететіні рас. Шын бақыт адамның жан дүниесін рахатқа, көңіл-күйін керемет күйге бөлейтіндігі де ақиқат. Әйтсе де, ғұлама Әл-Фараби бұл сәтті де қалыс қалдырмаған «Бақытқа жетіп алғаннан кейін біз басқа бір мақсатқа талпынуға, тіпті, де зәру емес екенімізді көреміз, солай болғандықтан, бақыт ешқашан да басқаға (бірдеңеге) бола емес, сол бақыттың өзі үшін қадірлі екендігі айқын болады», – дей отырып, «мұнымен бірге біз бақытқа жетіп алғаннан кейін басқа ештеңеге мұқтаж емес екенімізді көреміз. Ал осыған қолы жеткен адамға ең жарастығы – қанағатшылық жасау», – дейді. Адамның кейде қолға қонған бақытынан айырылып, қанатым қайрылып қалды дейтіні дәл осы ара екені аян. Біз бұл мақалада Әл-Фараби еңбегінің бақытқа қатысты бастамасын ғана айтып, ал сол таным түсініктің ұлы ақын, хәкім Абай Құнанбайұлының мұрасында да кездесуіне жалпы жұрттың назарын аудару еді. Ендігі әңгіме Абайға ауыспақ.

Өз заманының ақылы мен айбары, айтары арқылы аңызға айналған Абай алдымен ақын ретінде, одан әрі данышпан хәкім ретінде де ұлты мен ұрпағына бақыт жолын сілтеді. Өзінің көпке мәлім «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Жастықтың оты жалындап», «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңдерін де ақынның таным-түсінігі Әл-Фараби ұстанымдарымен үндеседі. Абай ұстанымындағы бақытқа жету – ғылым, білім болып шыққан. Барлық ізгілік, игілік сонда екен. Оның бастауы жастықтан басталып, үздіксіз жалғасады. Осы тұрғыдан келгенде, бірден Абайдың «Жастықтың оты жалындап» атты 1891 жылы жазған өлеңі Әл-Фараби пікірлерімен үндеседі.

Абай бұл істе бақытқа жетудің жолында керектісі талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым екендігін айтады. Бұған қарама-қарсы кедергілер: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақты ерекшелейді. Осы айтқандардың бәрі де ұлы данышпандар еңбектерінен табылатындығын «Мұны жазған, білген құл Ғұламаһи Дауани, солай депті сол шыншыл» дейді де, «ғұламалар ғибратына үңіл» дегенге тоқтайды.

Демек, Абайдың бұдан данышпан дарындығын оқып қана қоймай, соны келешек жастарға жолбасшы қылып отырғанын көреміз. Ақын бақыттың кілті өнер, білім, ғылымда екенін ашуда, ең алдымен, «адам» атты ұғымға анықтама береді. Өзінің отыз сегізінші қара сөзінде «қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», – дейді. Ал, адамның өзін Абай екіге бөліп, толық адам және жарты адам деп қарағанын көптеген ғалымдар тілге тиек етіп келеді. Адамның адамшылығы неде? Бұл сауалға Абай өз өлеңінде «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп жауап берген. Осындағы қайрат, ақыл, жүрек бәрі де Фараби еңбегінде де айтылады. Әйтсе де, Абай бұл мәселелерге тым тереңдей барған. Фараби өз еңбегінде ақыл туралы көптеген мағлұматтар берсе, Абай ақылды «нұрлы ақыл» деп ерекшелейді.

Абай толық адам, яғни, бақытқа жеткен адам дегенге өзінің баласы Әбдірахманды алғаны айғақ. Көпшілік Абайдың баласына арнаған көптеген өлеңдерін жоқтау, қимастық, қайғы тұрғысынан түсіндіріп келеді. Әбдірахманға арналған ақынның бірнеше өлеңдері ақын тарапынан адам, тағдыр, тағылым дегенге қатыстылығы бірді-екілі абайтанушылар тарапынан сөз болды.

Өмір қысқалығымен немесе ұзақтығымен өлшенбейтіндігін талай таланттар айтып, соңына ұмытылмас сөздер қалдырған. Ақынның өлеңінен бақытқа жету, жеткен бақытты ұстап тұру «қанағат» екендігін көрсеткен Әл-Фараби мен Абайдың пікірлерінің үндестігі осыдан танылса керек. Ақын ұлының мақсатқа жетуі, басына бақ келуін бәрінде айтып келешек ғұмырға қажет кезінде ерте кеткеніне қамығады. Әл-Фараби мен Абайдың бақыт турасында таным-түсініктерін зерделеп, келер ұрпаққа үлгі өнеге ретінде ұсынудың маңызы ерекше. Біз бұл мәселеге аңдатпа тұрғысынан ғана бардық. Бұл істі қолға алған зерттеуші одан әрі «тұлғатану» дейтін келелі мәселеге амалсыз тоқтап, ендігі зерделейтін істің маңызын түсінеді. Бүгінгі таңда тұлғатану дегеннің парқы қалай болып, нарқы қандай бағытта екендігін болжайды. Осы мәселедегі Әл-Фараби мен Абайдың тұлға танымақ болсаң, онда ең алдымен, жаратушы Алланы, Тәңірді танып біл деген танымдарының үндестігі еске түседі. Өмірді танып білу жолында ізгі және игілікті істер ғұламалардың осындай тереңдіктерімен өлшенеді. Келер жас ұрпаққа үлгі өнеге болып қала береді.

Рухани құндылықтарды танудың тура жолдарына мұның да қосары бар екені аян.

Берік РАХЫМОВ,

филология ғылымдарының докторы.

Кілтсөздер: ,




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑