Не өзгереді?
• «103» қызметіне қоңырау шалу тәртібі өзгермейді.
• Түнгі уақытта (20:00 – 08:00) – барлық шақыртуларға жедел жәрдем ғана барады.
• Күндіз (08:00 – 20:00) – кейбір шақыртуларға емханалар жанындағы мобильді бригадалар қызмет көрсетеді.
Кімдерге мобильді бригадалар барады?
• Созылмалы аурумен ауыратын науқастар,
• Дене қызуы көтерілгендер,
• Жүкті әйелдер,
• Жаңа босанған аналар.
Министрдің айтуынша, бұрын бұл қызметтерді толыққанды атқара алмаған емханалар жүктемені жедел жәрдемге артып жіберген. Соның салдарынан жедел жәрдем кешігетін жағдайлар көбейген.
Бұрын 35 мың тұрғынға 1 мобильді бригада тиесілі болса, енді бұл сан 25 мыңға дейін азаймақ. Қазақстан халқының санына сәйкес, кемінде 800 бригада қажет. Қазірдің өзінде:
• 600 бригада дайын,
• 200 бригада аутсорсинг арқылы іске қосылады.
Мысалы, ШҚО-дағы Катонқарағай ауданында 23 мыңнан аса тұрғын 27 елді мекенге бөлінген. Бір бригада бәріне үлгере ме?
Министрдің айтуынша, ауылдық өңірлерде аутсорсинг негізінде қосымша бригадалар жұмыс істейді. Бұл бағыт жалғаса береді. Алдағы уақытта жүйе толық жолға қойылған соң басқа да жаңашылдықтар енгізіледі.