Автор: ADMIN
Мәжілісте әскери-патриоттық тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланды

МәжілістеХалықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен «Әскери-патриоттық тәрбие: жай күйі және проблемалық мәселелерді шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған комитет жетекшісі Айгүл Құспан төрағалық етіп, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысты.
Алғы сөзінде Дания Еспаева өткен жылы Мемлекет басшысы Бүкілармиялық кеңесте 2030 жылға дейін жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.
Алдымен министрліктердің өкілдері осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы толыққанды ақпарат берді.
Мәселен, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері өкілдерінің айтуынша, елімізде мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес 5344 мектеп пен 772 колледжде «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәні оқытылады. Бұл пән 10-11 сынып оқушыларын және 1-2 курс студенттерін қамтиды. Жоғары оқу орындарында 41 әскери кафедра жұмыс істейді, онда 16878 студент білім алуда.
Ал, Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл басынан бері әскери-патриоттық тәрбие аясында республикалық және өңірлік телеарналарда, баспаларда, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде шығарылған материалдар туралы мәлімет берді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «Бүркіт», «Патриоттар уақыты», «Капитан Байтасов» фильмдерінің түсірілімдері жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ол туындыларды көрерменге келер жылы ұсыну жоспарланып отыр.
Қорғаныс министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, еліміздегі жалпы білім беретін мектептерді әрбір әскери бөлімге бөлу мәселесін және әскери бөлімшеге бару кестесін бекіту бағытында жұмыс атқаруда.
Олардың айтуынша, оқушылардың әскери бөлімдерге баруы жастардың бойында патриотизм, азаматтық жауапкершілік сезімін дамытуға және әскери қызметтің маңыздылығын түсінуге мүмкіндік беретін елеулі идеологиялық құрал болмақ.
Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен әскери-патриоттық клубтардың мүшелері де сөз сөйлеп, өңірдегі іс-тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская арнайы баяндама жасап, өңірлерден жинақталған материалдардың жан-жақты талданғанын, зерделенгенін айта келе, бірқатар ұсынысын жеткізді. Оның пікірінше, ең алдымен, тиісті тұжырымдаманы әзірлеп, нақты кімдерге бағытталатынын анықтап алу қажет.
– Біз тек жастарға немесе бүкіл халыққа әскери-патриоттық тәрбие береміз бе? Тек жастар туралы айтатын болсақ, онда бұл кез-келген жастағы балалар ма, әлде 18 бен 35 жас аралығындағылар ма? Менің ойымша, әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы халықты түгел қамтуы керек. Және ол әр жас санатына арналған жеке іс-шаралар жиынтығын қарастыруы қажет. Тағы бір мәселе – өңірлік есептерде бір іс-шара патриоттық та, әскери-патриоттық та тәрбие деп көрсетілген. Осы орайда әр іс-шараның нақты қандай бағытта екінін анықтауымыз қажет. Алдағы уақытта осы бойынша жауапты мемлекеттік органдардың жылдық жоспарлары құрылуға тиіс, – деді Ю.Кучинская.
Вице-спикер Дания Еспаева әскери-патриоттық тәрбие бойынша жұмыс бүгінде тиісті деңгейде емес екенін, депутаттар бастамашы болған, қазір Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы оны реттеуге бағытталғанын атап өтті.
– Палата Спикері Ерлан Қошанов заң жобасымен жұмысты күшейтуді, осы саладағы проблемаларды және оны шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Бірақ өкінішке орай министрліктердің баяндамаларында бірде-бір проблема айтылмады, нақты ұсыныстар да жоқ. Сондықтан екінші оқылымға дейін бүгінгі айтылған ой-пікірлерді нақтылап, тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Әр мемлекеттік органмен әр ұсынысты пысықтау қажет. Баршаңызды бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді Д.Еспаева.
Комитет төрайымы Айгүл Құспан отырысты қорытындылай келе, әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасына сәйкес Қорғаныс министрлігі жанынан республикалық деңгейде, сондай-ақ өңірлік әкімдіктер жанынан жергілікті деңгейде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құру жоспарланып отырғанын атап өтті.
– Кеңестердің құрамына мүдделі мемлекеттік орган өкілдері кіреді. Бүгін Парламент Мәжілісінің қабырғасында әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті деуге болады, – деді А.Құспан.
Комитет алдағы уақытта да мемлекеттік органдардың әскери-патриоттық тәрбиені жүзеге асырудағы қызметін бақылауда ұстайтын болады.
Бүгінгі дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар заң жобасымен жұмыста ескеріліп, Үкіметке жолданады.
Жазира Амантайқызы
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Басты жаңалықтар

Астанада “Орталық Азия – Италия” саммиті басталды

В Астане стартовал первый саммит “Центральная Азия – Италия”

Алматы разделят на 5 зон: Где появятся новые полицентры и что в них будет
Последние новости

Almatı 5 aymaqqa bölinedi: Qala qayda jäne qalay damidı?

الماتى 5 ايماققا بولىنەدى: قالا قايدا جانە قالاي داميدى?

Алматы разделят на 5 зон: Где появятся новые полицентры и что в них будет