ПАРЛАМЕНТ САҒАТЫ

Автор: ADMIN

ПАРЛАМЕНТ САҒАТЫ 2025-04-30 19:40:00

Следуй за нами

22

Мәжіліс МӘМС мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

news single

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар міндетті медициналық сақтандыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша түзетулер, Салық кодексі мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Сонымен қатар екі халықаралық құжат ратификацияланды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша Үкімет әзірлеген түзетулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Ол жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жұмыс тобының жетекшісі Гүлдара Нұрымова қосымша баяндамасында Мемлекет басшысының міндетті медициналық сақтандыру жүйесін түбегейлі жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін заң жобасында сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу көзделгенін атап өтті. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру ұсынылады.
Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің негізгі тізбесі: әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу жөніндегі қызметтер сақталады. Яғни, туберкулез, АИТВ, қатерлі ісік, созылмалы вирусты гепатит, бауыр циррозы, эпилепсия және басқа да аурулары бар адамдарға тегін медициналық көмекті толық алуға кепілдік беріледі.
Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакеті аясында бастапқы емдеу кезіндегі негізгі медициналық көмек те сақталады. Яғни, емханаға келген әрбір азаматқа дәрігердің алғашқы кеңесі беріледі деген сөз.
– Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кірістің жоғарғы шегін арттыруға, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар мен әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарысты деңгейіндегі адамдар үшін МӘМС-ке жарналарды жергілікті бюджеттен төлеуге, МӘМС жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен өзгертуге бағытталған нормалар ұсынылды, – деді Гүлдара Нұрымова.
Талқылау барысында депутат Мұрат Әбенов әріптесі Бақытжан Базарбекпен бірлесіп заң жобасына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жауапкершілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түзетулер енгізгенін атап өтті. Дегенмен депутат бұл стандарттарды іс жүзінде енгізуге алаңдаушылық білдіріп, заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін Астанадағы емханаларға қатысты тиісті шара қолданылмаған екі жағдайды еске салды.
Ақмарал Әлназарова өз жауабында қаражатты медициналық ұйымдар белгіленген өтеу кестесіне сәйкес ішінара қайтаратынын хабарлады. Ол сондай-ақ Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру қоры өз жұмысын қайта құрылымдайтынын атап өтті. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап ақауларды анықтаудың автоматтандырылған жүйесі – медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бұл медициналық қызметтер мониторингін қамтуды 0,9 пайыздан 100 пайызға дейін арттырады. Жүйе Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру қорының бақылау және медициналық ұйымдардың өзін-өзі реттеу құралына айналады.  
Салық кодексі және салық салу мәселелері бойынша оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Депутат Берік Бейсенғалиев бастаған жұмыс тобы бес мыңға жуық түзетуді қарады. Депутаттық корпус пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесінде бірқатар шешім қабылданды. Соның ішінде қосылған құн салығы реформасы бойынша нормалар бар.  
– Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды, – деді Берік Бейсенғалиев. 
Сонымен қатар оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін корпоративті табыс салығы төмендетілді. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі. Алкоголь мен темекі өнімдеріне, сондай-ақ құрамында қыздырылған темекі бар өнімдерге акциз мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен көтеріліп, энергетикалық сусындарға акциздер енгізіледі. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемесі 100 есеге дейін ұлғайтылды. 
Жалпы алғанда, реформа салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар негізгі өзгерісті қарастырады. Салық есептілігін 30 пайызға, салық санын 20 пайызға қысқарту, салық жеңілдіктерін оңтайландыру, сараланған мөлшерлемелерді енгізу, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сән-салтанат заттарына жүктемені арттыру және басқа да бірқатар өзекті мәселе бар. 
Салық кодексін қарау қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов құжаттың кең ауқымда және ашық талқыланып, Парламент фракцияларында, Қоғамдық палата отырыстарында бірнеше рет қаралғанын атап өтті. Соның нәтижесінде заман талабына сай келетін, жан-жақты таразыланған салық заңнамасын қабылдауға мүмкіндік туды.
– Мемлекет басшысы жыл басында Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің негізгі құрылымын айқындап берді. Әділ, ашық және болжамды салық заңнамасын қабылдау жөнінде алдымызға нақты міндет қойған болатын. қабылданған Кодексте осы процеске қатысушылардың барлығының мүдделерін теңдей сақтауға тырыстық. Депутаттар жұртшылық пен бизнестің осыған қатысты алаңдаушылығы мен пікіріне жіті ден қойды. Оның барлығын мұқият зерделеді. Осы орайда Үкімет ұсынған Салық кодексінің жобасы Мәжіліс қабырғасында едәуір жетілдірілгенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтың бәрі Салық кодексінің жаңа редакциясынан көрініс тапты, – деді Ерлан Қошанов.

Ақпаратты дайындаған Жазира Амантайқызы

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться