ПАРЛАМЕНТ САҒАТЫ

Автор: ADMIN

ПАРЛАМЕНТ САҒАТЫ 2024-09-18 19:52:00

Следуй за нами

25

Мәжіліс тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

news single

Бүгін Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысыөтті. Онда депутаттар тауар биржалары мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады,- деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі.

Тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева бұл жоба Мемлекет басшысының биржалық тауарларға ашық баға белгілеуді қалыптастыру және «қалта» биржаларын нарықтан шығару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін атап өтті.
– Бұл заң жобасы бірқатар нақты проблемалық мәселені шешеді. Тауар биржалары шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері ретінде алынып тасталады. Брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу қарастырылады. Стандартты аукцион және стандартталмаған тауарлар биржалық саудадан шығарылып, стандартталмаған тауарлармен сауда электронды сауда алаңдарына ауыстырылады, – деді Е. Смышляева.
Депутаттың айтуынша, мұның нәтижесінде отандық тауар өндірушілер жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алымдарына кедергісіз қол жеткізе алады. Осылайша осы кәсіпорындардың төңірегінде отандық өндірушілердің белдеуі қалыптастырылады.
Мұның барлығы қаржылық тұрақтылық пен тауар биржалары жұмысының ашықтығына қойылатын талаптарды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді. Ол биржалық саудаға жосықсыз қатысушылардың тізілімін жүргізіп, тауар биржаларын лицензиядан айыруға және оларды тоқтатуға мүмкіндік алады.
 Бұл ретте Үкімет конкурстық негізде әлеуметтік маңызы бар биржа тауарларының саудасы жүзеге асырылатын тауар биржаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және интеграция министрлігі бекітеді, оған көмір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері кіреді.
 Баяндаманы тыңдаған депутаттар заң жобасын әзірлеушілер мен жауапты Үкімет мүшелеріне заң жобасының нормаларына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау нәтижесінде түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды.
 Мәжіліс сондай-ақ 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте жасалған Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Оны депутаттарға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырды. Ол құжат 1997 жылғы жасалған келісімді өзектендіруге, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталғанын айтты.
– Құжатта бірқатар жаңа бағыт көзделген. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау және оларды жою мәселелері бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу қамтылады. Бұған өзбек тарапымен Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлеу және қоныс аударушы жануарларды қорғау шараларын үйлестіру де кіреді. Сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясы құрылады, – деді Экология министрі.
 Жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин қосымша баяндамасында келісімді ратификациялау екі елдің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін арттыруға, екіжақты экологиялық жобаларды жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықтың басқа да нысандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
 Бұдан соң Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Пошта туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.
 Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 16 депутаттық сауал жолдады.

Ақпаратты дайындаған Жазира Амантайқызы.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться