Қоғам

Автор: ADMIN

Қоғам 2025-09-28 21:56:00

Следуй за нами

53

Жаңа Салық кодексі: жеңілдетілген режимде қалатындар мен тыйым салынған салалар жарияланды

news single

Қазақстанда қабылданатын жаңа Салық кодексі аясында арнайы салық режимін (АСР) қолдануға рұқсат етілетін және тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізімі қоғам талқысына ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Shalqar.kz.

 

Жаңа құжатқа сәйкес, жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін АСР екі түрлі жүйенің – жеңілдетілген декларация мен бөлшек салықтың элементтерін біріктіреді. Алайда бұл режимді барлық кәсіпкерлер пайдалана алмайды. Мысалы, жылдық кірісі 600 мың АЕК-тен (шамамен 2,36 млрд теңге) асатын бизнес субъектілері, басқа компаниялардың үлесі 25%-дан жоғары заңды тұлғалар, құрылтайшылары басқа АСР қолданатын ұйымдарға қатысы бар кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар және «Астана Хаб» пен АЭА қатысушылары жеңілдетілген жүйеден тыс қалады. Сондай-ақ бірлескен қызмет шарты негізінде жұмыс істейтін салық төлеушілерге де бұл режим қолжетімсіз болады.

 

Тыйым салынған салалардың қатарында ірі өндіріс пен жоғары кіріс әкелетін бағыттар бар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополия субъектілерінің қызметі, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден асатын алаңдағы бөлшек сауда, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржы және сақтандыру секторы, кәсіби агенттік және консалтинг, ғылыми зерттеулер және тағы басқалар.

 

Сонымен қатар министрлік 300-ге жуық қызмет түріне жеңілдетілген режимді сақтап қалуды ұсынып отыр. Оның ішінде 2000 шаршы метрге дейінгі бөлшек сауда (дәріханаларды қоса), интернет немесе пошта арқылы тапсырыспен сауда жасау, желілік маркетинг, дүкеннен тыс сатылым, тұрғын үйді жалға беру, тамақтану және көлік қызметтері, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жолаушы тасымалы, мектепке дейінгі және қосымша білім беру, медициналық және әлеуметтік қызметтер, тұрмыстық және құрылыс жұмыстары, шығармашылық индустрия, мәдениет, спорт, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бар.

 

Жоспар бойынша, жеңілдетілген салық режимі барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына қолжетімді болып қалады. Ал ірі бизнес өкілдері жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке көшеді. Бұл ретте жылдық айналымы 40 миллион теңгеге дейінгі кәсіпкерлер ҚҚС төлеуден босатылады.

 

Үкіметтік қаулы арқылы жеке кәсіпкерлік ашпаған, жалдамалы қызметкері жоқ және ай сайынғы кірісі 300 АЕК-тен аспайтын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған рұқсат етілген қызмет түрлерінің бөлек тізімі бекітілмек. Бұл санатқа аяқ киім жөндеу, такси, сұлулық салондары, тұрмыстық тауар жөндеу, фотосурет қызметі, мәдениет және спорт саласындағы оқыту, тұрғын үйді жинау, құрылысқа қатысты шағын жұмыстар және басқа да жеке қызмет түрлері кіреді.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться