Саясат

Автор: ADMIN

Саясат 2025-12-25 14:49:00

Біз әлеуметтік желілерде:

49

«Қуатты серіктес»: Қазақстан мен Жапонияның сенімді диалогі жаңа мазмұнмен толығып келеді

news single

Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығы көрермен назарына «Қуатты серіктес» деректі фильмін ұсынбақ. Онда мемлекет тағдырындағы дипломатия рөлі мен Мемлекет басшысының Жапонияға жасаған ресми сапары терең талданады, деп хабарлайды Shalqar.kz.

Қазіргі геосаяси жағдайда дипломатия тек келіссөз жүргізу тетігі емес, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты құралға айналды. Осы қағидадан бастау алған фильм Жапонияда өткен жоғары деңгейлі келіссөздерді, сирек кездесетін протоколдық сәттерді жан-жақты қамтуға тырысқан. 

Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаевты Жапония императоры Нарухито мен Премьер-министр Санаэ Такаичидің бір күнде қабылдауынан саяси астар іздегені байқалады. Бұған қоса Жапония тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр Санаэ Такаичидің консервативті әрі ұлтшыл ұстанымы камера объективінде айқын бейнеленген.

Авторлардың тұжырымынша, Президентті қабылдау шарасындағы құрмет жапон дипломатиясында сирек кездеседі және оны Қазақстанға көрсетілген ерекше ишара деп түсінген жөн. Фильмде Қазақстан жапонтанушылар одағының құрметті төрағасы, дипломат Батырхан Құрмансейіт қазақ-жапон арасындағы көзқарасты толыққанды талдауға тырысады.

— Жапондар Қазақстанды интеграциялық үдерістерге бастамашы болып жүрген, экономикалық тұрғыдан алға ұмтылған мемлекет деп біледі. Президентімізді де әлемдік деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде жоғары бағалайды, — дейді сарапшы.

Фильмде Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі көпжылдық қызметі ескерусіз қалмаған: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Токиодағы БҰҰ университетінде дәріс оқуы тарихи сәт ретінде көрсетіліпті. Фильмнен түйгеніміз, Тоқаев бұл оқу орнында лекция оқыған алғашқы мемлекет басшысы атанды. 

Дәрістен кейін пікір білдірген жапон ғалымы, Хоккайдо университетінің профессоры Томохико Уяма Қазақстанды халықаралық тәртіпті қолдайтын жауапты орта держава ретінде сипаттайды.

— Қазақстан цифрландыру саласында посткеңестік кеңістіктегі жетекші мемлекетке айналды. Президент Тоқаев реформаларды табанды түрде жүзеге асырып келеді. Ал Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор, — деді профессор.

Туындыда «Орталық Азия + Жапония» диалогінің бастау алған тарихи кезеңі де көрініс табады. 2004 жылы Астанада өткен алғашқы диалогтің ұйымдастырушыларының бірі сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев болған. Маңызды сәт туралы естелік айтқан Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ерико Кавагучи кадрға іліккен екен.

Фильмде сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік, ядролық қарудың қаупі туралы кесек ойлар қамтылған. Президенттің қос халықтың тағдырлас екенін және ядролық қарудың зардабын терең түсінетінін шегелей сөйлегенінен көрдік.

— Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл — біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз еттік, — деді Президент Тоқаев.

Енді деректі фильмнің шарықтау тұсына тоқталайық. Онда Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық көрсеткіштер мен инвестициялық жобалар туралы деректер бар. Белгілі болғандай, алдағы уақытта Жапонияның Komatsu компаниясы елордада техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салуға ниетті.

Астанада салынатын кешенге Mitsui компаниясы да атсалыспақ. Кәсіпорын кешеннің халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруға, инфрақұрылымды дамытуға, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуге жәрдемдеседі.

Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery президенті Масафуми Сэнзакимен кездесуде өндірісті локализациялау, цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесін құру бағытында мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін атап өткен. Осы мәліметтер арқылы мемлекетаралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқаны сезіледі.

Деректі фильм ресми келіссөздермен шектелмейді. Президенттің Жапониядағы қазақтармен тілдесуі, сумо спортында ел намысын қорғап жүрген Ерсін Балтағұл мен домбыраны жанындай сүйетін жапон музыканты Акира Такегучимен кездесуі — туынды арқалаған рухани байланыстың жарқын көрінісі.

— Мен үшін домбыра — қасиетті аспап. Қазақстанда тұруды қалауым да осы аспапты жақсы меңгерумен байланысты, — деді Акира Такегучи.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Жапония арасындағы сенімді диалог нығайып, жаңа мазмұнмен толығып келеді. «Қуатты серіктес» деректі фильмі осы жолдың шежіресі ретінде қазақ-жапон дипломатиясындағы салмақты бейнені суреттей білген.

 

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться