Автор: ADMIN
ОЙ-ХОЙ, ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ!
Алла Тағала қыз баланы тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкелумен бір әулеттің үрім-бұтағын әрі қарай өсіріп-өндіру үшін жаратқан. Келін болып түсу — үлкен қуаныш, зор мәртебе. Сонымен қатар, оның жас келін мойнына артар міндеті де оңай емес. Келінге қайын ата мен қайын ененің көңілінен шығып, олардың қас-қабағын бағуды былай қойғанның өзінде, төңірегіндегі абысындарымен тіл табысып, ауыл үй мен ағайын арасының жарасымдылығына, аралас-құралас, та-тутәтті тіршілік етуіне ұйытқы болу міндеті жүктелген. Сол себептен де ата-бабаларымыз келінді өз ұрпағын өрбітіп-өркендетіп өсіруші әрі өрісін кеңейтуші жан ретінде бағалап, оны ырысым, құт-берекем деп құрметтеген. Келін үшін қайын ене тәлімі — үлкен тәрбие мектебі. Келіннің «келсап» болмай, елгезек , жақсы адам болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген қадір-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесінен байланысты. Өйткені, ене — келіннің екінші анасы. Ал, қайын ене үшін өзегін жарып шыққан ұлының жары — ол да өз баласы. Келіннің енеден үйренері көп. Бүгінгі келін — ертеңгі ене. Келешекте ол енесінен үйренгенін өз келініне үйретеді. Дәстүрлі тәрбие мектебі осылайша жалғасып кете береді. Бұл — нағыз халықтық педагогика, яғни, ғасырлар бойы қалыптасып, бұлжымай орындалып келе жатқан жазылмаған өмір заңдылығы, тіршілік сабақтастығы. Келіннің екінші бір сынға түсетін ортасы — абысын-ажын арасы. Ауылдың, әулеттің ауызбірлігі мен ынтымақтастығы, айрандай ұйыған тату-тәтті тіршілігі, негізінен, осы абысындарға тікелей қатысты. Бірге туған ағайынды отағасылардың әйелдері бір-біріне абысын-ажын болып келеді (абысын — үлкен келін, ажын — кіші келін). Аталарымыздың «Ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп» деуінде үлкен тәрбиелік мән бар. Әулетке, ағайын-туғанға, барша ауылға қадірі артқан келін атану үшін, әрбір әйел заты тамыры тереңде жатқан халықтық тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге қайнарынан сусындап, шөлін қандырып отырғаны жөн.
С. Сұлтанова
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
ЖАПАЛАҚ ПЕН ҚҰЗҒЫН ТУРАЛЫ
ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ПІШІК ТАНУ ҒЫЛЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК
Последние новости
ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ПІШІК ТАНУ ҒЫЛЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК
ЖАПАЛАҚ ПЕН ҚҰЗҒЫН ТУРАЛЫ
Жазу гигиенасы