Алматы Ажары

Автор: ADMIN

Алматы Ажары 2026-04-06 04:56:00

Біз әлеуметтік желілерде:

АЛМАТЫ ТАРИХЫ

news single

   Алматының тарихы ертеден басталады. Кейінгі қола дәуірінде, жаңа заманнан мыңдаған жылдар бұрын бұл жерде отырықшы елді мекендер орналасқан, олардың тұрғындары егіншілікпен және мал өсірумен айналысқан. Қола дәуірінің өзінде-ақ Ферғана және Алматы аймақтары аралығында өзара байланыстың болғанын көрсететін айғақтар бар. Жаңа заманнан бес ғасыр бұрын қазіргі қаланың аумағында ежелгі сақ тайпаларының өмір сүргенін қытай және арабтың ескі қолжазбаларынан білеміз.

 

   Ұлы жолмен сапарға шыққан Генуя көпестерінің көрсетуінше, жаңа заманның бірнеше ғасыры бойы Алматы қалашығы Еуропадан Қытайға барар жолдағы станица міндетін атқарған. Бұдан кейін Шыңғыс ханның жорығы басталады. Ұлы моғолдардың негізін қалаушы, жазушы әрі ақын Захириддин Мұхаммед Бабыр өз жазбаларында (“Бабырнама”) монғолдар қиратқан Алматы атауын Самарқанмен, Қашғармен, Бадахшанмен қатар қойып атаған. Қазіргі жыл санауымызға қарағанда, жаңа заманнан екі ғасыр бұрын жасалып, жақсы сақталған, Алматыдан 70 шақырым жердегі Қарғалы шатқалынан табылған Қарғалы диадемасы үйсін кезеңіне жатады. Бұл  ұзындығы 35 см, ені 4,7 см болатын екі бөліктен тұратын ұзын алтын пластина. Онда адамдардың, жануарлардың, қиял туындыларының кейпі қиюластырылған өсімдіктер өрнегі бар.

    Жануарлардың көзі қызғылт  сары асыл тас  сердоликтен жасалған, денесі көгілдір ақық  бирюзамен безендірілген. Қала атауының пайда болуы кездейсоқ жағдай емес. Ежелгі заманнан Жібек жолымен жүріп өтетін керуендерді Іле Алата-уының баурайында гүлдеген кезінде өңірді түрлендіріп жіберетін жабайы алма ағашы тоғайы қызықтыратын. Бұлар, негізінен, алма ағашының алты мыңнан астам сортының арғы тегі болып саналатын жабайы алма ағаштарынан тұрады. Оның генотипі ең ежелгі генотип болып есептеледі және биологтардың пайымдауынша, оның биологиялық өрісі өте күшті болып келеді. Біздегі жабайы алма ағашының генетикалық ресурсы селекция үшін төзімділік генінің көздері бола алады.

 

    Алайда, ХХ ғасырдың екінші жартысы оған айтарлықтай нұқсан келтірді: тау бөктерлеріндегі алма ағашы тоғайын аяусыз кесу бірте-бірте алма ағашының арғы тегінің жойылып кетуіне әкеп соқтыруда. Дәстүр бойынша, Ресей өзінің қиырдағы шекараларын казактармен және қоныс аударушылармен нығайтып отырды. Жетісуда да осылай әрекет етті. Біздің қаланың негізін қалаушылардың бірі, белгілі зерттеуші әрі саяхатшы Григорий Потанин былай жазды: “Мен 1852 жылы офицер шенін алдым да, басқармасы Семейде орналасқан қазақ полкіне жазылуды қаладым. Мені сол жылы полковник Перемышльскийдің басшылығымен Іле өлкесіне аттанатын отрядқа бөлді. Біздің отряд Алматы өзенінің аңғарын басып алды; осылайша Верный қаласының негізі қаланды” (Ш.Ш. Уәлиханов. Шығ. ж. 5 т. Т.1. Алматы, 1983ж.).

 

    1854 жылдың көктемінде Кіші Алматы өзенінің батыс жағасында, Алматының ежелгі қираған орнынан солтүстік-шығысқа қарай сол кездегі майор, кейін полковник болған М.Д. Перемышльскийдің отряды кейін Верный аталған Іле бекінісін сала бастады. Бұл бекіністі адамды қалжырататын әскери қызметті осымен бір мезгілде атқара жүріп, әскери қызметшілер тұрғызды. Казармалар, қорған дуалы, тұтанғыш заттар сақталатын орындар, қару-жарақтар мен оқ-дәрі қоймалары, армияға арналған азық-түлік дүкендері, әскери госпитальдар тұрғызылды. Қоныс аударушыларға арналған аумақтар бөлінді. 1854 жылдың күзіне қарай Верный бекінісі ағаш қоршаумен және терең ормен қоршалды. Әскери бекіністің жанынан үлкен станицаның негізін салған алғашқы қоныс аударушылар пайда болды. Бекіністен шығысқа қарай Кіші станица және Татар слободасы қыстағы бой көтерді. Әскери-инженерлік жұмыстармен қатар, қалада азаматтық құрылыс та өрістетілді. Қазына бағының (Орталық мәдениет және демалыс паркінің) негізі қаланды. Осында болған белгілі этнограф М.Венюковтың айтуынша, “… жаңадан бой көтерген тап-таза үйлер көз тартады, 20-дан астам дүкендерде сауда жүріп жатты. Алматы бір кезде, тіпті, көп кешікпей-ақ бүкіл Орта Азия үшін маңызды сауда орнына айналатын болар” (ол кезде және кейінірек Алматы деген атау орыс тілінде Алматов, Алма¬там, Алматами, Алматах секілді көпше түрінде жаңсақ пайдаланып келді). 1858 жылы Ш.Уәлиханов өзінің атақты, өте қауіпті Қашғар экспедициясына шығып, одан 1859 жылы Верныйға аман-есен оралды.

    1860 жылдың қазан айында Ұзынағаш ежелгі елді мекені маңында қоқан әскерлерінің талқандалуы бекіністің өсуі мен дамуы үшін өте маңызды болды. Бұл ерекше тарихи шайқас еді. Қоқандықтардың екі зеңбірегі бар 20 мың адамдық армиясы, ал верныйлықтардың алты зеңбірегі бар 800 солдаты және бұған қоса, Тезек Нұралин сұлтан басқарған бірнеше жүз атты қазақтары болды. Шайқас сегіз сағаттан астам уақытқа созылды. Мыңнан астам адамы қаза тауып, жараланған қоқандық-тар бытырай қашты. Орыс отрядына басшылық жасаған Г.А.Колпаковский өзінің хабарламасында былай деп жазды: “Ұзынағаш шайқасы Іле өлкесіндегі біздің алғашқы отырықшы бекеттерімізді сақтап, жер-жерде оларды өзіміздің билігімізге қалдырды”. Петербург сәулетшісі А.И. Гогеннің жобасы бойынша 1905 жылы Ұзын¬ағаш маңында 1860 жылғы 21 қазан шайқасын есте сақтау мақсатында ескерткіш орнатылды. Оны ел-жұрт “Колпаковский ескерткіші” деп атап жүр. Қазірге дейін сақталып келген бұл ескерткіш күтіп-баптау жұмыстарына зәру болып тұр. 1858 жылы Верныйда Сібір корпусының құрамына кіретін әскери отряд құрылды. Генерал М.Г. Черняев басқаратын бұл корпус Әулиеатаны (Тараз), Шымкентті, Түркістанды шабуылмен алып, Сырдария және Сібір бекініс желілерін жалғастырды.

 

    Сөйтіп Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстанды отарлау ісі аяқталып, осы арқылы бұл аумақты қоқандықтардың, ақыр аяғында, ағылшындардың жаулап алу қаупі жойылды. Осы әскери экспедицияға шақырылған. Ш.Уәлиханов Верныйға үшінші рет келеді. 1867 жылдың 11 сәуірінде Верный бекінісіне қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданды, сөйтіп ол осымен бір мезгілде Түркістан генерал-губернаторлығы Семей облысының әкімшілік орталығына айналды. Үйлер, негізінен алғанда, тастан салынды, осыған қарамастан, қала төңірегіндегі ормандарды кесудің кең құлаш жайғаны соншама, Жетісу облысының алғашқы губернаторы әрі казак әскерлерінің алғашқы тағайындалған атаманы генерал Герасим Алексеевич Колпаков-ский орманды бұдан әрі бақылаусыз кесуге, одан соң ағаштан үйлер тұрғызуға қатаң тыйым салуға мәжбүр болды. Ормандарды кесуден сақтау мақсатында Верный қаласының төңірегіндегі шатқалдарға қарауыл қойылды. Көптеген шатқалдар қарауыл сарбаздардың есімімен  Бутаковское, Каменское, Ремизовское … шатқалы деп аталды. Верныйда тіркелген көпестер, саудагерлер, өнеркәсіпшілер 3 жыл ішінде үй немесе фабрика, зауыт немесе қол¬өнер меке¬месін салып беруге міндеттенді. Олардың құны бірінші дәрежелі – гильдиялы көпестер үшін – 3000 сомнан, екінші дәрежелі көпестер үшін — 1500 сомнан, мещандар үшін – 300 сомнан төмен болмауы тиіс еді. Осындай, міндеттемелерді орындамайынша, олар өздеріне белгіленген кәсіпкерлерді 15 жыл бойы барлық сауда-өнеркәсіп баждарынан, салықтар мен міндеткерліктерді төлеуден, солдатқа алынудан және әскерді үйге орналастырудан босату секілді бірқатар жеңілдіктерден айрылатын болды. Қаланың кеңейіп өсуіне орай коммуникациялық байланыстардың қажеттігі туды. София (Талғар), Надеждинская (Есік), Зайцевская (Шелек) станицаларындағы, Кегендегі пошта бекеттері арқылы “Верный – Санташ – Ақсу асуы” пошта жолы бойымен ұзындығы 350 шақырым қозғалыс басталды. 1870 жылы Верныйда “Семиреченские областные ведомости” деп аталатын облыстық газеттің алғашқы нөмірі шықты. 1871 жылы Кіші станицада храм салынды. Қалада салынған бірнеше мешіттің жанынан мұсылман мектептері ашылды. Ал Үлкен станицадан қала бір көшеге  Соборная көшесіне созылды. Ол көркейтіле келе, кейінде Колпаковский даңғылы, Ленин даңғылы, Достық даңғылы болып атауын бірнеше рет өзгертті.1875 жылы тұрғызылған “Сауда үйі” 100 жыл өткен төбесі жабылған Көкбазарға айналды. 1877 жылы Верныйда Қалалық дума мен Қалалық басқарма қызмет ете бастады. Сәулетші, жерге орналастырушы П.М.Зенков атақты Кафедралдық соборды салудың бастамашысы әрі қатысушысы болды.

 

    1874 жылы губернатор Колпаковский Верныйдың бүкіл үй иелеріне өз үйлерінің көше жағына екі қатар етіп, ағаш отырғызуды ұсынды. Ал 1878 жылы Верныйға келген белгілі ботаник А.Э. Регель жасыл желектердің молдығына назар аударып, бағбан-ғалымдар Фетисов пен Баумның осынау игілікті іске қосқан үлестерін атап көрсетеді. 1887 жылы өте күшті апат   естен кетпес жер сілкінуі болды. 28 мамырда таңғы 4 сағат 35 минутта жер астынан гуіл естіліп, ізінше жер асты дүмпуі сезілді. Бірнеше минут өткен соң бұдан да күшті дүмпу болып, жердің кенет теңселуі екі минутқа дейін созылды. Қаланың ұйқы құшағында жатқан тұрғындары оянбаған күйінде опат болды. Қала толығымен дерлік қирады. Гимназия, шіркеумен қоса архиерей үйі, губернатордың үйі секілді кірпіштен тұрғызылған үлкен үйлер ерекше зақымданды. Собордың шіркеу мұнарасы, Покров шіркеуі… құлап түсті. Тауда адам сенбейтін гүрсіл естіліп, шың құздар құлап, аңғарларды, жолдарды, ауылдарды, тұрақтарды, адамдар мен малды басып қалған. Қала бірнеше күн ауыз сусыз қалады. Зақымданбаған бірде-бір ғимарат қалмаған. Ағаштан салынған үйлер аман қалған, олардың пештері ғана қирап, терезе әйнектері сынған. Қала мен оның төңірегінде 483 адам қаза тапқан, жараланғандардың саны анықталмаған. Қаза тапқандар осы жердегі зиратқа жерленген, мұнда қазір 28 гвардияшы  панфиловшылар паркі орналасқан. Жетісу облысының әскери губернаторы 1887 жылдың 1 маусымында берген бұйрығында былай деп жазды: “Жер сілкінуі кезінде кірпіштен салынған үйлердің осалдығы анықталуына байланысты алдағы уақытта үйлерді тек ағаштан тұрғызу ұсынылады”. 1889 жылы тағы да жер сілкініп, ол 30 маусымнан 3 шілдеге дейін – төрт күнге созылады. Бірақ, құрылыстар аз болып, оның үстіне, жаппай дерлік ағаштан тұрғызылғандықтан, қала айтарлықтай қираған жоқ. Зілзала кезінде Медеу қайғыға ұшырағандарға көп көмек көрсетті. 60-жылдардың басында Воронеж губерниясынан келген қоныс аударушылар алманың апорт сортының бірнеше көшетін әкеліп, оны жергілікті Сиверс жабайы алма ағашына теліді. Мұның нәтижесі таңқалдырарлықтай болып шықты.

 

   Ресейдің оңтүстігінде көзге түспейтін алма сорты Верный қаласында зор биологиялық  “дүмпу” жасады. Ал, осы іске Медеу Пұсырманұлы тікелей араласып, орыс биологтарымен бірігіп, керемет апорт сортын өсірді. Қаладағы селекционер Н.Т.Моисеевтің бағынан 1913 жылдың көрмесі үшін іріктеліп алынған жемістердің салмағы 3 фунтқа (1 фунт – 409,5 гр.) дейін жетті. Барлық талаптарға сәйкес өсірілетін болса, апорттың “Император ІІІ Александр” сорты қазіргі кезде де жемісінің көлемі мен әдемілігі жөнінен алдыңғы орынды бермейді. Бірақ, жаңа сорттың басты құраушысы – жабайы алма ағашы біздің тау бөктерлерімізден жойылып барады. Алматы маңайындағы тау бөктерлерін табиғаттың өзі алма ағашының жақсы өсуіне лайықтап жаратқандай: топырағының минералдық құрамы, күннің нұр шашу уақыты мен мөлшері, жауын-шашын мен қолайлы температураның мөлшері  керемет топырақ  климат жағдайларын түзеді. Орыс-қазақ мектептері жұртшылық арасында кең қолдау тапты. Верныйдағы ерлер гимназиясында арнаулы қазақ пансионы жұмыс істеді. 1896 жылы гимназиядағы 226 оқушының 22-сі қазақ балалары болды. Верныйдағы бағбандық училищеде де ауыл қазақтарының балалары оқып, білім алды. Медеу бұл оқу орындарына ауыл-ауылдан балалар іздеп тауып әкеліп, оқытты. Осы кезде Алматының жасыл желекке бөленуіне үлкен еңбек сіңіргендердің бірі — Эдуард Баум (1850-1921). Атақты ғалым 1892 жылы “Қазына бағын” (Баум тоғайын) жасайды.

 

   Үш жарым шақырымға созылған бұл тоғай қазірде қала халқының дем алатын жері болып отыр. Қала көшелерін қуалай ағатын арық және Абай көшесіндегі бас арық та Баумның ұсынысы бойынша 1894 жылы салынған және қаладағы барша үй иелері өздерінің тұрғанжайларының маңына екі қатардан белгілі бір ағаш тұқымдарын отырғызуы тиіс (емен, жөке, қайың, итальян қарағашы, пирамида тәрізді терек, ақ терек, тағы басқалар), қара теректі отырғызуға тыйым салынады. Себебі, қара теректен ұшқан ұлпалар көшені әрдайым былғаныш етеді. Верный 1900 жылдың бас кезінде дворяндық патшалық шенеуніктердің, бай-манаптардың провинциялық қаласы болып қала берді. Пугасов, Иванов, өзге де ірі көпестердің шарап және сыра зауыттары, Колпаков пен Пестовтың тері илейтін ұсақ кәсіпорындары – Верныйдағы негізгі-негізгі өндіріс ошақтары болды. Бұл жерлерде таңғы алтыдан түнгі он бірге дейін адам төзгісіз ауыр, тамұқ жұмыс дамыл таппай жалғасып жататын. Оның үстіне екінші бір қиырдан, Жетісу жәрмеңкелерінде сан мыңдап мал сатып алып, жүн, тері шикізатын өндіретін Тәжібай Малдыбаев, ағайынды Қуанышевтер қатты байыды.

 

   Ашынған халықтың ішінара болсын бас көтеріп отырғаны тарихи деректерден мәлім. Мәселен, 1903 жылғы 6 мамырда, Жетісу әскери губернаторы үйінің қасында үлкен базар ішінен өтіп бара жатқан екі патша офицері қарсы кездескен қазақтарды тоқтатып алып, бас киімдерін қолға ұстап, иіле тағзым етуге бұйырады. Сонда дереу арада жиналып қалған 150-200 шақты қазақ азаматтары әлгі екеуін дырдай етіп сабап тастаған. 1905 жылғы желтоқсан айының 15-інде Министрлер кабинетінің төрағасы граф Витте шифрлық телеграмма арқылы Түркістан генерал-губернаторына былай деп шұғыл хабар жолдапты. “Мен сізге қол астыңыздағы өлкеге әскери тәртіп орнатып, ереуіл, революцияшыл ой дегенді мүлдем түбегейлі жоюға кеңес беремін. Әйтпесе жергілікті халықтар (қазақ, өзбек, т.б.) алдында беделіміз түсіп, көтеріліс ұйымдастыруға жол ашып қоюымыз әбден ықтимал”.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Басты жаңалықтар

img
Алматы Ажары 2026-05-24

بىز مەدەۋ جايلى نە بىلەمىز?

img
Алматы Ажары 2026-05-24

ALMATI TARIHI

img
Алматы Ажары 2026-05-24

الماتى تاريحى

Последние новости

img
Облик Алматы 2026-05-24

MEDEU: «FABRIKA REKORDOV» I LEGENDA GOR

img
Алматы Ажары 2026-05-24

MEDEU: ÄLEMDİK REKORDTARDIÑ «WSTAHANASI»

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться