Дерек пен дәйек

Автор: ADMIN

Дерек пен дәйек 2026-06-07 16:33:00

Біз әлеуметтік желілерде:

ДУЛАТ пен «ДОЛАН» БІР ЕСІМ

news single

     Асса адам баласының, қалса Ата Түркінің мәдениетіне мәйек болған құтты сулардың бірі – Әз Тарым дариясы. Ол өзінің қасиетті бастауын: күңгейде Маңдай (Тибет) үстіртінен, батыста Көкарт (Памир) салаларынан, теріскейде Көгмен (Ерен, Тянь-Шань) қойнауларынан алып, байтақ даланың кенезесін кенелте бірде оңға, бірде солға бой тастай ағып, ең соңында Тәкләмәкәннің (Такламакан) шығысындағы Лобнор (Лоб) көліне құяды.

 

   Бейне Көк Тәңір түркінің өмір тегершігін бір бағытта екі шетінен демеп, толассыз айналдырып тұрсын деп, теріскейдегі Ұлы Ертіс екеуін бірін батысқа, екіншісін шығысқа қарай ағызып қойғандай. Сірә, сондықтан болар, екеуінің де құярын «мәңгі толмасын» деген тілекпен «Ұлы-оп» (Лоб) және «Оп» (Обь) деп атағаны. Егер олар толып кетсе, өзен қаракөлденеді де, түркінің өмір тегершігінің айналысы баяулайды ғой. Осынау ана өзеннің Қашқар, Ақсу аймақтарынан ағып өтетін тұсында «долан» атауымен байланысты «сырлы арал» қалыптасқан. Ең алдымен, Тарымның осы өлкеден ағып өтетін негізгі тармағы «Долан дариясы» деп аталады. «Долан мұқамы», «Долан қошақтары» осы өлкеге тән ұлттық өнер болып, олар ұйғыр мәдениетін дүниежүзілік деңгейге көтеріп тұрған бір таған есептеледі. Бәрінен де назар аударарлығы, осы өңірде «Долан» деген этноним қалыптасқан.

 

   Бұл атау тар ауқымда Қашқар мен Ақсудың жекелеген өңірлерінің тұрғындарын меңзейді де, кең ауқымда тұтас Қашқар аймағы мен Ақсу аймағындағы ұйғырларды қамтып кетеді. Алайда ұйғыр халқының ұлттық тұтастығын қорғау үшін, бұл атау ресми түрде қолданылмайды, қайта, қақпайланады. Дегенмен, жай адамдар күнделікті өмірде ол сөзді әлі жиі ауызға алады. Әсіресе, осы өңірдің ұйғырларына басқа жердің ұйғырлары әзілдегенде не қыжыртқанда: «...долан...» десіп жатады. Тіпті кейде бірін-бірі «долан» деп шақырысып алып, ізінше: «Зады, Долан дігән сізмұ, бізмұ?» (Шын мәнінде, Долан деген сіз бе, біз бе?), «Қарығанда, һәмміміз долан оқшаймыз да!?» (Қарап тұрсақ, бәріміз де доланға ұқсаймыз ғой!?) деп, осы бір атаудың байыбына барыспай, талқылап жататын кезі де болады. «Долан» сынды осы атауды этнонимдік тұрғыдан болмаса да, тарихи атау ретінде талдау зиялы қауым ортасында да болып тұрады. Олар атаудың төркінін көбіне «дол» (иық, иін) сөзіне апарып тірейді. Біреулері айтады: «Тарым дариясының иіні деген сөзге байланысты шыққан» деп. Тағы біреулердің қарауынша: «Иығына қоржын асып жүретіндер» деген мағынадан барып қалыптасқан екен-мыс. Дегенмен, мұның бәрі де кісі тұшынатындай қисын емес. Өйткені «долан» сынды атау тек осы өлкемен ғана шектеліп қалмайды.

 

    «Доланқара», «Доланасу» сынды топонимдер де кездеседі. Осыдан-ақ бұл атаудың (доланның) белгілі өңір ішіндегі шекті ерекшеліктерге байланысты қойылған есім емес, қайта, таралған аумағы кең, тарихи тамыры тереңде жатқан текті атау екенін байқауға болады. Қазақ тілінде «долан» сөзі – аба, қорған, төңірекқора деген мағына береді. Осы «доланның» бұрынғы тұлғасы сөзсіз «доғлан» болған. Айталық, құмған тұлғасынан – құман, орғақ тұлғасынан – орақ келіп шыққаны секілді. Ал енді көне түркі тілінде «о» дыбысы мен «ұ» дыбысы ауысып қолданыла бергенін ескерсек – жүйелі түрде Орхон мәтіндерінде бұл екі дыбысқа бір ғана таңба қабылданғанын басшылыққа алсақ – доғланның «дұғлан» сынды тағы бір тұлғасы да болуы өте табиғи. Ал одан «дұлан» не «дулан» тұлғаларының туындауы тіліміздің эволюциясындағы заңды құбылыс. Одан да ілгерілей төркіндете түсек, осы сөздердің ең негізгі түбірі – доғ (до) не дұғ (дұ, ду) болған. Оның мағынасы: алқа-қотан қоршау, шеңбер, сақина, қоршап алу, жиналу, топталу сияқты түрлі сөз табындағы көптеген жақтарды қамтыған.

 

   Қазіргі тіліміздегі долан (аба, төңірекқора), дүйім (барша), дулыға (басты қорғайтын киім), доға (арба-шана әбзелі), дулау (топталып не алқа-қотан жиналып алып дабырлау, сүрен салу), доқ (үнсіз, томаға-тұйық әлпетпен айбар көрсету) т.б. осындай төркіндік түбірлерден келіп шыққан. Керек десеңіз, ұйғыр тіліндегі дөуләш (үйіп-төгу); қытай тіліндегі дүй (жұп), доу (барлығы), до (көп/сапылдау); үнді-еуропа тілдеріндегі ду, түу, два (екі) сөздері де осынау түбірмен байланысты болуы бек мүмкін. Бұлардан нені көруге болады дегенде: бір жағынан, «долан» сөзінің этимологиялық және тарихи тамырының тереңде жатқанын көруге болады. Тағы бір жағынан, түркі тілінің әлем тілдеріне болған өшпес ықпалын аңғаруға болады. Түркі тілі – жүйелі түрде қазақ тілі – әлем тілдерінің түбір сөз қамбасы деген көзқарасты «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» атты еңбегімізде ортаға қойған едік.

 

   Бұл шағын мақалада ол сөзді қайта сапсымай-ақ қояйын. Десе де, мына бір тұжырымымды орайлы сәтінде оқырманға ұсына кеткенім жөн-ау: тарихтан бұрынғы дәуірде және тарихтан кейінгі недәуір кезеңде, тіпті заманымыздағы 2-мыңжылдықтың бас шеніне дейін шығыс пен батыстың көптеген елдері өздерінің грамматикасы мен фонетикасы негізіндегі, ілкі түркілік лексика үстем болған тілде қарым-қатынас жасаған. Әрі олардың арасындағы көп санды адамдар заманындағы түркі тілін жақсы білген. Себебі ол заман түркілері әлемнің билеушісі және өркениеттің таратушысы болатын. Бұл үрдіс жекелеген өңірлерде Темір ұлысы күйрегенше үзілмей жалғасты. Гәз – кез (адым – 70-80 см); көрүк – көрім (көз көрім – 1.5-2 шақырым); фарсақ – барсақ (көш жер – 8-10 шақырым) қатарлы ұзындық өлшемдерінің үнді, парсы елдерінде қолданылуы соған дәлел. Негізгі сөзді сабақтай түселік. Жоғарыдағы «долан» (доғлан) сөзін доғлат, дұғлан деп те түрлендіруге болады. Бұл «доғла» (дұғла) сынды түбір етістіктің екі түрлі ыңғайда түрленуі ғана болмақ.

 

   Біреуі басқа біреудің әсерімен – сірә Көк Тәңірдің құдіретімен: «алқа-қотан бас қос, топтал немесе думандат, ұранда», яғни «бір тұтас жұмылып қуатты күшке айнал» деп тұр. Екіншісі, сондай қимылды өзің орында: «досыңның еңсесін көтеріп, дұшпаныңның мысын басып дәурен сүр» деп шабыт беруде. Сонда ол кімді жігерге шақырып тұр дейсіз ғой? Ол өзге ешкім емес – Алаш ұлысының Дұғлаты, қазақ ұлтының Дулаты. Мұны тарихи деректер одан ары айшықтай түседі. Кемеңгер ұлт қайраткері, ұлы қолбасы, дана ғалым, дарабоз ақын, жезтаңдай шешен, қас шебер, асып туған ұлы бабамыз – Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» атты айтулы еңбегінде «Маңлай Сүбе» деп аталатын бұл өлкені, ұлы Шыңғыс хан өзінің ата-бабасы Өртөбе деген кісіге суюргалға (сыйға, сыбағаға) бергенін айтады. Және оған қағанның мөрі басылып, арнаулы рәсімделген. Әрі осы құжат Тұғлық Темір, Қызыр Қожа хандар тұсында қайта жаңғыртылып, ондағы ерекше құқық бұрынғы жеті артықшылықтан тоғызға, тіпті он екіге дейін көбейтілген.

 

    Сөйтіп, дулаттардың мұндай ерекше құқықтан игіліктену дәурені Шыңғыс хан өмірінің ақырынан Сұлтан Сейіт хан өмірінің соңына дейін тура 306 жылға (1227–1533) жалғасқан. Тек Сейіт ханның орнына таққа отырған мұрагері Әбдірашит хан, Мұхаммед Хайдардың көкесінің тобына қарсы саяси өзгеріс жасап, оның күндестері тобындағы мырза Әли Тағай бастатқан дулаттарды қолдауына байланысты бұл артықшылықтар жойылған. Осынау үш ықылымнан аса ұзақ дәуір ішінде дулат ақсүйектері бірде ұлысбегі болып ел билігіне араласса, енді бірде ханға тәуелсіз дара билік жүргізіп келген. Сөйтіп, көбіне қалса арыстың, асса ұлыстың тұтастығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып отырды. Әлденеше рет тарпаты құрып бара жатқан ұлыстың алтын тағын қайта тіктеп, Алаштың басын ақырзаманнан арашалап қалды. Ең зұлым делінген Әбу Бәкірдің өзі Қашқарияны бау-бақшаға малындырып, сәулетті сарайлармен салтанатын асырды. Моғол даласын түлікке толтырып, елді есепсіз байытты. Қыл аяғы, жетім бала Мұхаммед Хайдардың өзіне 15 мың қой енші тиді. Үшбу дулаттардың өріс-қонысы тұтас Шығыс Түркістан мен қырғыз, қазақ жерлерінің бір бөлігін алып жатса, бай мен бектердің қыс қыстауы – қазіргі «доландардың» мекені Қашқария өңірі тұғын. Дулат ұлысбегілерінің (әмірлерінің) байтақ қалалары бірде Қашқар, бірде Жаркент (Яркент), кейде Ақсу болды. Ал қазіргі «долан» лақабы тағылған ұйғырлар да осы өлкеге тән. Мұхаммед Хайдар баба ХҮІ ғасырдың орта шеніне дейін осы өлкеде 30 мыңдай туыстарының тұрып жатқанын айтады.

 

    Егер Шағатай әулетінің осында соңғы кезге дейін билік жүргізгенін ескерсек, тақтың тірегі болған моғолдар да осынау құт мекенде мәңгіге қалып қойып, осы заманғы ұйғыр түркілерін қалыптастыруға ауқымды негіздердің бірі болғаны шүбәсіз. Өйткені жоғарыдағы 30 мыңды 25 мың деп алып (кем есептегеннің өзінде), әр 50 жыл сайын бір есеге арифметикалық қатар жасап өсті деп есептесек, ХХ ғасырдың ақырында бұл сан 13 миллионға жетіп жығылар еді. Бірақ соғыс пен індеттің және ел ауудың жан санын құртатын әсерін ескеріп, бұл санның тек 20%-ын ғана алсақ та, 2,5 миллиондай болады екен. Бұл дегеніңіз – осы заманғы ұйғырлар санының үштен біріне тура келетін шама. Қайталап айтқанда, дулат тектілер – осы заман ұйғырларының маңызды ұлттық қайнар көзінің бірі деген сөз. Долан мен Дулаттың туыстығын ізіне түсіп зерттесе, күнделікті өмірдегі көптеген ерекшеліктер мен құбылыстарды аңғаруға болар еді. Соның бірі – бұл өңірден «қазақ шырайлы» (қазақ әлпетті) адамдардың да кезігетіндігі. Әрине, ұйғыр-қазақ онсыз да бауырлас болғандықтан, оны дәйек ретінде қарау артық та шығар.

 

    Бірақ қазіргі күнде ұйғырға ғана тән болып қалған «мұқам» сынды мәдени құбылыстан, әсіресе, тап осы «долан мұқамынан» қазаққа тиесілі белгілердің байқалуы ешқандай да тегін жайт емес. Айталық, «долан мұқамының» бір мәтінінде мынандай жол (тармақ) кездеседі: «А, ярым-ай! Қаңтарып қойған аттәк». Байқайсыз ба: біріншіден, осы сөйлемдегі «-тәк» қосымшасынан басқа бөлігін қазақшадан қиып алып қондырып қойғандай. Екіншіден, мұндағы «қаңтарып қойған» тіркесі – тек қазақшаға ғана меншікті грамматикалық ерекшелік. Үшіншіден, «қаңтару» сөзі осы заманғы ұйғыр тіліне тиесілі емес. Төртіншіден, әйел сұлулығын жылқы баласына теңеу – қазақ тіліне меншікті сөз саптау әдісі. Әсіресе, дене тұлғасы кесек әрі бітісі мен көркі әдемі әйелдерді «қысырдың тайындай», «ерттеген аттай» деп мақтайды. Ал «қаңтарып қойған аттың» әрі ерттеулі, әрі тізгіні ердің қасына түюлі еңсесі биік, оның үстіне іші-бауыры жарау болып, әбзелі жарқ-жұрқ етіп төтенше әсем көрінетіні барша қазаққа түсінікті.

 

   Азғантай сәп салсаңыз, бұл екі түрлі теңеу – бір көріністің әрқилы суреттелуі. Бірі нақты дәл де, екіншісі жалпылама. Демек, нағыз тағдыры тұлпарға байланған елдің сұлулық көзқарасынан шыққан төл туынды. Долан мен Дулаттың (Доғлат, Дұғлат) ортақ түбірден өрбіген атау екенін қазақтың рулық таңбасы да айқындай түседі. Айталық, қазіргі Дулат арысының тайпалық таңбасы – «ошақ» (дөңгелек шеңбер тәрізді). Бұл таңба да жоғарыда айтқанымыздай, алқа-қотан бас қосуды, берік ұйымдасуды, айдай толған айбатты құрылымды нышандайды. Бұл таңба (ошақ таңба) тағы сол бас жақта айтқан «долан» (аба, төңірекқора) сөзінің тұйық пішін сынды семантикалық мағынасына сәйкес келіп тұр. Әдетте, ру таңбасы түркілік дүниетанымға байланысты болып келіп, белгілі сапалық ерекшелікті меңзейтіні баршаға аян. Алайық Керейдің «ашамай» таңбасын: дүние тұтастығы төрт тұлғаның бір нүктеде берік түйісуі негізінде қалыптасады деген түркілік пәлсапа негізінде жасалған. Онда сонымен бірге адамзаттың алғашқы координаталық түсінігі де көрініс тапқан. Сол төрттік тұтастықтың ең өкілді мысалы – адам тәні. Ол (адам) құлашын жайып тік тұрғанда дәл ашамай болып шығады. Әрі адам – жер бетінің билеушісі, дүние тұтастығының ұйтқысы. Жүйелі түрде көсемдер солай. Бұл тұрғыдан Керейдің осы таңбасы бір кездері төңіректің төрт бұрышын бір ту астына біріктірген «йоған әкейдің» (жуан әкейдің, алып бабаның) қасиетті сұлбасы болғаны даусыз.

 

    Дәл сол сияқты, Дулатның «ошақ» таңбасы да күш-қуат бірлікте, тек бір орталыққа бағынған тығыз топтасу болғанда ғана мызғымас елдік болады деген терең тарихи қорытынды негізінде жасалған. Мұндай топтасуды бейнелейтін ең дәл кескін – тұтас шеңбер болмақ. Енді мал абасының «долан» аталуы да ерекше орынды. Өйткені ол да малдың бытырауының алдын алып, ұры-қарыдан, ит-құстан қорғайды. Нақты айтқанда: «долан» мен «дулат» тілдік тұрғыдан алғанда да бір ғана доғ (до) не дұғ (дұ) түбірінен өрбіген екі туынды нұсқа (вариант) болып табылады. Тарихи тұрғыдан алғанда да, сол тілдік заңдылық негізінде қалыптасқан бір елдіктің (этностың) екі түрлі аталуы. Бұл пікірді айғақтайтын тағы бір жайт – «долан» атауының дулаттар қоныстанған өңірде жиі кездесетіндігі. Солардың біразы жоғарыдағы: долан дариясы, долан мұқамы, доландар сынды ономастикалық атаулар болса; қазір және бұрын дулаттар мекендеген қазақ, қырғыз жерлеріндегі «Доланқара», «Долан асуы» сынды топонимдер де бар. Демек, бізге жеткен «долан»-дардың барлығы Дулатпен (Доғлатпен) жарысып жүреді екен. Дулат сонау заман басынан бұрынғы ілкі түркі дәуірлерінен тартып, Түркі қағанаты дәуірі, Алаш дәуірі (Шыңғыс әулеті дәуірі) қатарлыларды бастан кешіре тура бүгінгі күнге жетіп отырған, адамзатпен жасасып келе жатқан аса байырғы арыс.

 

   Сол себепті оның есімінің тарихтың дамуына және түркі тілінің өзгеріс кезеңдеріне қарай азды-көпті өзгеріске ұшырауы – заңды құбылыс. Дулу, Доғлат, Дұғлат, Дулат болып өзгеруі соның жанды көрінісі. Ал «Долан» мен «Дулат»-қа келсек, ол таяу заманғы түркі тілдеріне қатысты құбылыс. Бұл – бір түбірдің тең не жуық мағыналы екі туынды тұлғаға түрленуі. Мысалы, жел түбірінен: желден, желдет сынды сөздер туындағанындай. Осы дәуір – шамамен Ұлықбек, Бабыр, Мұхаммед Хайдар заманы – парсы әліпбиі негізіндегі жазбаға бейімделген түркі орда тілінің (Шағатай тілінің) тармақталуына негіз болған «ғарапа» (өтпелі) кезең болса керек. Сіз егер Мұхаммед Хайдардың «Жаһаннама» дастанына назар салсаңыз, ондағы бірталай сөздің қазақша мен ұйғыршаны өзара ойыстырған секілді әсер береді. Бірінің түбірі ол тілге бейім болса, жалғауы бұл тілге ыңғайлы. Яғни сол кезеңдерден бастап түркі ұлттарының тілі орда жазба тілінен еншісін ала отырып, өз бойларында бар диалектілік ерекшелік негізінде қалыптаса бастаған. Өйткені олардың басын берік қосып тұрған бір тұтас ұлыстық жүйе бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ыдырай бастады. Әлемді билеген Алаш ұлысы (Шыңғыс әулеті ұлысы) атын ұмыттырмаса да, затынан айырылып, тарихтың тасасында қала бастады. Оның орнына Дулат және Барлас, Қоңырат пен Қыпшақ ықпалындағы хандықтар бой көтерді. Сөйтіп, қазақ, өзбек және ұйғыр ұлттарының қалыптасуына негіз қаланды немесе ол барысты тездетті. Ал бір кездегі айбарынан айырылып, тайпалық деңгейге түсіп қалған қырғыздар қайта тепсіп, ұлт деңгейіне қарай көтерілді.

 

   Сонымен, ендігі жерде Моғолстанның тірегі, таяу заман түркі орда тілінің (шағатай тілінің) негізін қалаушы болған дулаттар: моғол, шағатайлық (Темір моғолдары) және қазаққа бөлініп кетті. Оның аты және атына қатысты атаулар да: Дулат, Долан, «Долан мұқамы», «Доланқара», «Долан асуы», «Долан дария» болып сан-саққа өзгерді. Олардың ұрпақтарынан қазіргі қазақтың Дулат арысы, осы заманғы ұйғырлар үш негізінің бірі болған Долан ұйғырлары таралды. Сөйтіп, ұйғыр, қазақ, өзбек және қырғыз түркілерін қандастық жағынан байланыстырып тұрған алтын арқауға, тіл-мәдениет жағынан тоғыстыратын асыл арнаға айналып, мәңгілікке қалды. Орхон-Ұйғыр жазбалары болмағанда, сірә, бүгінгі ұйғырлардың аты «Долан» болар ма еді, қайтер еді?!... Олай дейтініміз, қазіргі ұйғырлар тарихта осы атымен аталған бір тұтас ұлыс емес еді. Қайта олар кейінгі дәуірде Долан, Тараншы (Сарт), Ұйғыр сынды үш негізден құрам тапқан байырғы түркі халқы еді. Байырғы дейтініміз: бұндағы тараншылар әлмисақтан бері осы жермен жасасып келе жатқан, нағыз түркі отырықшы мәдениетінің жасаушылары болатын.

 

   Олар: Сақыстан, Соғды, Түркістан, Сартқұл атанып келе жатқан осы өлкеде, қилы тарихтарды басынан кешіріп, таяу заманға келгенде – түркінің тұтастығы ыдырап, Алаштың ақ туы шайқалғанда Сарт (тараншы) деген атпен Ұйғыр мен Өзбектің ұлт болып қалыптасуына негіз болды. Тараншылар (сарттар) Қоңырат, Барлас сияқты Алаш арыстарымен қосылып өзбек ұлтын құраса, атап өткен екі арыспен (Дулат және Ұйғыр) бірігіп ұйғыр ұлтын барлыққа келтірді. Бұндағы Долан түсінікті болды. Ал Ұйғыр болса, ҮІІІ ғасырдың орта шенінде Алшын (Ашина) әулетінің орнын баса билікке келіп, жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Яғлақар (Жалайыр) әулеті құрған қағанаттың аты болатын. Ұйғырлар ұлыс тағын қырғызға беріп қойғанымен, аттан түссе де, үзеңгіден түспей, сан ықылымдар бойы Пешбалық (Бесбалық), Тұрпаннан Ганьсуға дейінгі байтақ өлкеде дәурен сүрді. Солайша олардан Ұйғыр, Сар-Ұйғыр (Қала ұйғыры, отырықшы ұйғыр) деген аттар осы заманға дейін жетті. Ең соңында, ХХ ғасырда осынау қасиетті есім Шығыс Түркістан түркілеріне бір тұтас ат болып «ресми» түрде берілді. Сөйтіп, ғасыр басында ғана Свен Гедин, Стейн, Олденбург, Фон Ле Кок, Бергман кітаптарында «Түркі» деген жалпылама атпен аталып келген ел, осындай ұлы атқа ие болды. Солай бола тұра, қазіргі ұйғырларды Орхон бойынан ауып келген келімсек етіп көрсеткісі келетіндер он «ұйғыртанушының» тоғызынан кездеседі. Бұл да «Пантуркизмге» қарсы тұрудың «жемісі» ғой. Ал шынында олар – қазіргі ұйғыр түркілері: Ұйғыр, Долан (Дулат), Тараншы (Сарт) сынды ошақтың үш бұтындай үш төркіннен құрам тапқан. Бұл көлденең бағытынан ұйғыр халқының ішкі туысқандығын көрсетсе, ұзын бағытынан көшпенді түркілер мен отырықшы түркілердің – қазақ пен ұйғырдың қан қарындас екендігінің айғағы.

 

   Олардың жуықта ғана енші бөліскен ағайынды жұрт екені көп жақтардан байқалады. Оған өзге емес, тағы да жоғарыдағы «долан мұқамы» деген атаудың өзі-ақ мысал. «Долан» жөнінде айттық. Ал «мұқам»-ға келсек: қазақта өнердің бұл түрі заманға сай жаңғыртылып, жандандырылмаған. Тек ауылды жерлерде ажуашыл, қылжақбас адамдардың басқалардың «әрекетін салу», «дауысын салу» дейтін деңгейде ғана қалып қойды. Кейінгі кезде соның өзі де ұмыт болуға айналды немесе батыстық түс алған әзіл-сықақ театрға өзгерді. Бірақ қанға сіңген «мұқамшылау» тіркесін ел іші әлі ұмытқан жоқ. Оны (мұқам деген сөзді) бүгінгі қазақ ойды орағытып, тұспалдап немесе әзіл-келекеге шаптырып, астарлап жеткізу деген мағынада қолданады. Бұл – нағыз «мұқам» атауының этимологиясы секілді. Айталық: «мұқамшыламай төтесін айтшы», «сен-ақ мұқамшылап жүреді екенсің», «көрім-ақ мұқамшыласқан сияқты едік, бәлекеттің қайтіп ұғып қойғанын кім білсін», «мұқамшылағаныма, мұқатқаныма» деген сияқты тіркестердің түбі тегін емес. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы бабамыз Абай айтқандай, «мұқам» сынды бұл ұлы драмалық өнерге қазақтың да Дулат арысы арқылы еншілес екенін айғақтайды. Амал қанша, біз батысқа қарай жәреукелеп кеттік те, атадан қалған асыл тұқымды жұтатып алдық. Алайда сол көне гректерден қалған дейтін сахна өнерінің өзі – Сақ өнерінің, Ілкі Түркі өнерінің «жиеншары» болуы мүмкін екенін ойламаймыз.

 

   Тіпті «сахна» атауының сақна – сақтық текшесі, қарауыл текшесі дегеннен келіп шығуы өте мүмкін ғой. Мысалы: қазна – қазба байлық, базна – ағайындық, достық өкпе-наз деген сөздердің қаз (қазу, қопару), баз (татулық, бейбітшілік) түбірінен шыққаны секілді, оның да сақ (байқау, қырағы болу) түбірінен туындауы табиғи ғой. Әттеген-айы: Дулат пен Долан (Қазақ пен Ұйғыр) – біріміз «мәдениеттілік деген осы екен» деп орысқа қарай шектен тыс жантайып алдық та, екіншіміз «мұсылмандықтың жөні осы» деп араб әлеміне таман қиқайып қалдық. Сөйтіп қазақтар орыс тілі арқылы кірген терминдерді шикідей қылғи беретін болды да, ұйғырлар құжынаған «һ» мен «х»-дан қақалып-шашалып қалды. Соның кесірінен, онсыз да тарихтың тәлкегіне ұшырап, ағайынның ат-көлігі, абысынның аяқ-табағы алмаспай зарығып отырған туыстардың арасын одан бетер алшақтатып жібердік. 80-жылдардан кейін ұйғырдың озық зиялылары ұмыт болып қалған мыңдаған сөздерді қазақшадан қабылдап, өз ұлтының сөздік қорын байытты. Әйткенмен, кейбір пысықайлар сол сөздерге үйреншікті «һ», «х»-ларын тықпалап, оны (қабылданған сөзді) «көнелендіріп» із жасырғысы келетін ерсі қылықтарды да жасап үлгірді. Дәл соның керісінше, қазақ жастары арасында ұйғыршаны келсе-келмес қазақшаға араластырып сөйлеу, ұйғырдың өзі де жиренетін бәдік сөздерді баттита айту секілді пәс әдеттер етек алды. Өздерінше онысы «Үрімжілік» не «Құлжалық» болғанының түрі болса керек. Онымен қоймай, жер-су аттарын ұйғыршаға бейім атайтын, келсе-келмес «...ші», «...шы», «...деппін», «...қаппын» деген сияқты сөз қолдану «тәсілі» көгілдір әйнекке де шығып үлгірді. Одан да масқарасы, «азу» етістігін «жүдеу»-дің тура мәндесі (синонимі) ретінде адамға қолданатынды шығарды. Қазақ бұл сөзді малға қарата қолданады. Ал адамға қаратып қолданса, «бұзылу», «кісіліктен шығу» мағынасын береді. Осындайды көргенде (естігенде), тағдыр тәлкегіне түсіп, өзгелердің қоқсығын тімтініп қалған бейшара жандар еріксіз ойыңа келеді. Қысқасы, қазаққа да, ұйғырға да бірінің қырманынан бірі «масақ жиятын» не бірінің отынынан екіншісі «шөмшек теретін», тіпті бір-бірінің қоқсығын тімтінетін не күн туыпты? Қайта ашық алыс-беріс жасап, сонау дана Дулати бабамыздың заманындағы бауырластығымызды уақытпен жарыса жаңғыртып, біріміздің кемімізді біріміз толықтап отырсақ болмас па?! «Ағайын өзін сыйласа, жат түңілер жанынан» демеуші ме еді атам қазақ. Сонау есте жоқ ескі заманда, біздің ұлы бабаларымыз – Ілкі Түркілер: ұлысы – әлемдік аяда, кішісі – өңірлік аяда «үш белдеулі мемлекеттік жүйе» қалыптастырып, сан мыңдаған жылдар бойы тұтас адам баласын билеп, өмірге өркениет дәнін сеуіп отырды (Бұл пікірді мен «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» атты еңбегімде ортаға қойған едім).

 

    Олардың күңгейіндегі жылы ендіктерде қала-базарлы, егін-жайлы отырықшы белдеу, теріскейіндегі салқын ендікте кен қазу-қортумен шұғылданатын отырықшы белдеу жатты. Екі үйектің арасында, мыңғырған малын жыл мезгіліне қарай отарлай, жаздың аптабында саялы жаққа, қыстың аязында шуақты өлкеге көштің бетін түзеп, елдің ақсүйектер жігі жүрді. Олар – әрі елдің даяр сарбаздар қосыны, әрі ұлыстың мал шаруашылық өндірісі еді. Қаған мен хандар, билер мен бектер осы белдеуден шығатын. Ана екі белдеу солардың меншігі, сондай-ақ ұлыстың өнеркәсіп, базар және қолөнер, астық тірегі болатын. Тарихта бұл үш белдеу әсте бөлектеніп, дербес өмір сүре алмайтын еді. Олар сәл бөлініп кетсе, не экономикалық жақтан өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын, не болмаса өзін қорғауға дәрменсіз қалатын. Ол замандағы атты қосын қазіргі тез қимылдайтын (мобильді) қосыннан еш кем емес еді. Заманындағы «өртең», «мор-үй» (нор-үй), «ара-абат», «қарға»-лар қазіргі шекара заставаларының, сымсыз байланыстың міндетін атқарған. Ал мұның бәрін қамтамасыз етіп тұратын тек мал шаруашылығы болатын. Өйткені ол – әрі көлік, әрі тасымал құралы және көшпелі азық-түлік қамбасы болатын. Бүгінгі тарихшылар айтып жүргендей, еш уақытта жалаң мал шаруашылығымен шұғылданған ел болған емес. Тайыр (Таһир) ханның тұсында Қазақ хандығының ауыр дағдарысқа ұшырауы да – күңгейдегі қалалы аймақтардан ажырап қалғандығынан еді. Өйткені ол кезде қалалардың барлығы Шайбани, Темір әулеттерінің және Шағатай моғолдарының қолында қалды. Сарайшықтан басқа Алтын Орда қалаларынан да қол үзіп қалған болатын. Жоңғардың жойылуына да дәл осындай объективті жағдай себеп болған. Құбылай әулеті мен Темір әулетінің Ханбалық (қазіргі Бейжің) пен Делиді астана етуі де біздің пікіріміздің жағына шығатын дәлелдер. Ал Дулат әмірлерінің Маңлай Сүбені ұлы Шыңғыс қағаннан сыбағаға алуы да соның – жалаң көшпенді жүйе болмайтындығының айғағы. Түркістан деген атаудың өзі де әлдеқалай парсы сөзі емес, қайта түркінің бау-бақшасы деген сөз. Бейне гүл зат есімінен гүлстан атауы туындағанындай, іс (ыс) зат есімінен істан (ыстан) атауы келіп шыққан. Мұның бәрін айтып отырудағы мақсатымыз – Долан ұйғырлары мен Дулат қазақтары арасындағы сабақтастықты оқырманға барынша айқын аңғарту. Іс жүзінде, дулаттардың Маңлай Сүбені – ондағы қалалар мен қыстақтарды және жайлаулар мен қыстауларды иеленуі – түркінің «үш белдеулі мемлекеттік жүйесінің» тармақ көрінісі еді. Ақыры, сан мың жыл дәуірлеген бұл жүйе түркі хандарының берекесіздігінен күйреді. Дана бабамыз Білге қағанның: «Түркі жұрты, берекелі болсаң, сені ешкім ала алмайды. Үстінен Көк аспан құлап түспесе, астында Айғаз (байтақ) жер қақырап кетпесе, саған сырттан жау жоқ» деген өсиетіне құлақ қоймады. Ұлыс өлі арыстанға айналып, тірі тышқанға жем болды. Ел тозған қазға айналып, топтанған қарғаға алдырды. Бір күндегі жалғанды жалпағынан басып, жетім бала он бес мың қой айдаған дұғлаттар Долан мен Дулатқа бөлінді. Ал ақиқатына келгенде, «Долан» мен «Дулат» бір есім болатын. Біз қазақтың тайпадан құралғандығын біле отырып, тайпалардың қазақ екенінен жаңылып қаламыз, кейде. Соның бір куәсі – осы дулаттарды «Моғол» деген хандық атына байланысты: «Е, ол кездегі дулаттар «моңғол» екен ғой» деп жеріп қалатынымыз бар. Одан да асып түсіп, Алашты Алаш қылған, ала тайды ат қылған ұлы Алаша ханды – Шыңғыс ханды да моңғолдарға бере салдық. Содан барып оның ұлысын құраған Керей, Найман, Қоңырат сияқты ондаған түркі арыстарын бәйгеге тіккен тайлақтай тұмсығынан тізіп, моңғолдарға жетектеттік. Қоңырат демекші, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін орыс басқыншыларына тізгін бермей, көптеген түркі халықтарына пана болып келген Хиуа хандығын «қазақтың дұшпаны» деп келдік. Шындығында ол – Хиуа, Қоңырат хандығы болатын. Былайша айтқанда, Әбілқайыр хандығы секілді Қазақ хандығының бөлшегі еді. Бұхара хандығы да солай. Ал Өзбек, Моғол хандықтары да дәл солай – қазақ текті болатын.

 

   Егер ондай болмағанда, ХҮІ ғасырдың орта шенінде бір мезет Қазақ хандығы «жер бетінен жойылып» (М. Дулати дерегінен) барып, қайта кемелденбес еді. Демек, бұл – қазақ деген түркі тайпалары екендігінің, әрбір тайпа қазақ екендігінің айғағы. Тіпті тайпаның әрбір мүшесі де нағыз қазақ екендігінің дәлелі – бұл. Қысқасы, таяу заманғы қазақ тарихынан Дулат, Барлас, Қоңырат арыстарының жеке тарихын қағыс қалдыруға болмайды. Өйткені арыстар тарихы – Алаш (Шыңғыс әулеті) тарихына тұтастыратын арна. Ал ол бізді Түркі қағанаты заманына, содан ары қарай Ғұн, Сақ, тіпті одан да ары қарайғы Ілкі Түркілер заманымен жалғастырады. Егер елді алып бәйтерек десек, оның діңі – бүгін де, жапырағы – болашақ. Ал оның тамыры – тарих болмақ. Зәуде тамыр қиылса, дің де ұзаққа бармайды, жапырақ та жайқалмайды.

 

   Тамырың мәңгі тартылмасын, арда туған Алашым!

 

     Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын

 

      2007 жыл

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться