Дерек пен дәйек

Автор: ADMIN

Дерек пен дәйек 2026-06-07 17:19:00

Біз әлеуметтік желілерде:

ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ПІШІК ТАНУ ҒЫЛЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК

news single

    Біз «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» деген еңбегімізде: жазу атаулы жартас суреттерінен бастау алған және тек бір желіні бойлап дамыған деген көзқарасты ортаға қойған едік. Сондай-ақ оны көшпенділердің, яғни Ілкі Түркілердің қалыптастырғанын әрі кемелдендіргенін де сол еңбекте баяндағанбыз (үзінділері «Мәдениет» журналының 2007 жылғы сандарында жарияланды, ал «Нұрлы әлем» баспасынан биыл кітап болып та шықты). Онда айтқанымыздай, ең алдымен барша жазудың төл басы ретінде жартас суреттері пайда болған. Ол сурет нақтылы ұғымды баян ете алмаса да, адам қиялын белгілі бір деңгейде ишаралай алды. Бәрінен де маңыздысы – ойды таңба арқылы бейнелеуге болатынын дәлелдеді. Келесі қадамда заттың не қимылдың тұтас барысын не толық сұлбасын сызып жүрмей-ақ, оның маңызды бөліктері (элементтері) арқылы да ол ойды бейнелеуге болатыны аңғарылды.

 

    Ендігі жерде әлгі бөліктер арқылы тұтас затты немесе қимылдық барысты бейнелейтін таңбалардың саны барған сайын молайып, пішіні неғұрлым ықшамдала түсті. Соның арқасында бейнеленетін ой да бұлдырлықтан анықтыққа, нақтылықтан абстрактілілікке қарай дами түсті. Осынау таңбалар пішін жағынан реттеле, саны жағынан толыға және баяндауы жағынан жүйелене келіп, адамзат жазуының ең марқасы болған пішік (иероглиф) жазуы өмірге келді. Әліпбилік жазудың төркіні Әліпбилік жазу осы пішік жазуының туындысы болатын. Мұндай жазудың ең тұңғышы – Шумер қатарлы ежелгі елдер қолданған сына жазуы еді. Ол бір жағынан бейнелік жазу болғанымен, әліпбилік жазуға тән қасиетті де барынша қамтып жатты. Сөйтіп, ол ендігі жерде нағыз әліпбилік жазудың төлбасы – Көне Түркі жазуына жүкті болды. Осы Түркі әліпбиінен араб, финикия, этрус (батыс әліппелерінің атасы) әліпбилері келіп шықты (бұның бүге-шігесі жайлы да жоғарыдағы еңбегімізде баяндаған едік). Олардың арасындағы байланысты көптеген ортақ таңбалар одан әрі айғақтай түседі. Әсіресе этрус жазуында түркі және батыс әліпбилеріне тән таңбалардың қатар жүруі, оның осы екі жазу арасындағы өтпелі кезеңдік әліпби болғандығын айғақтайды.

 

   Ал енді жартас суреттеріндегі «от» сынды таңбаның «көне қытай» жазуы атанып кеткен жазуда және шумер жазуында бірдей кездесуі жазу атаулының бір дәннен тарағанын көрсетеді. Сол сияқты шумер және түркі жазуларындағы «ер/йер» таңбасы және оның екі жазудағы ұқсас қызметі бұл жазулардың тамырлас екендігін түсіндіреді. Ендеше, бұлардың барлығы Қазақтың (Түркінің) дербес және өзіне тән даралыққа ие жазу тану ғылымын қалыптастыру қажет екенін аңғартады. Бірақ біздің ортаға қояр ұсынысымыз – Қазақтың төл пішік (иероглиф) тану ғылымын қалыптастыру туралы болмақ. Себебі жоғарыдағы еңбекте айтқанымыздай, жазу сынды осынау ғажайып ақыл-ой алмастыру құралын Ілкі Қазақтар (көшпенділер) тапқырлаған. Соның ішінде пішік (иероглиф) жазуын да Ілкі Қазақтар өмірге әкелген.

 

   Сондықтан онда қалса Қазақтың, асса иісі Түркінің тарихының тамыры мен тілінің төркіні жатыр. Көп санды адамдар оған бертін қойылған «қытай иероглифі» деген атқа қарап, оны басыбайлы түрде қазіргі қытай халқыныкі деп санайды. Алайда олардың жұртқа таныс осы «қытай» деген атының өзі Қара Қытай түркілерінен жұғысты болғанын және солай екенін қазіргі қытай мамандарының толық мойындайтынын екінің бірі біле бермейді. Бәрінен де қызығы – қазіргі Қытайдағы түркі тектес халықтардың оларды солай («қытай» деп) атауына ресми түрде тыйым салынған. Яғни олар түркі отарлығының қарғыс таңбасыдай болған осынау аттан өлердей жиренеді. Бірақ олардың ежелде танымал ұлттық аты болмағандықтан, бәрібір неше ондаған мемлекеттегі сан жүз миллиондаған халық бұл елді тек қана «қытай» деп атайды. Ендеше, ерте заманда дүниеге танымал ұлттық аты болмаған елде «бір тұтас ұлттық құрам болып еді» деу, жүйеден, сондай бір ұлы жазу болып еді деу адамға табиғи түрде күдікті ой салады.

 

   Қайта осы елге атын беріп кеткен Ұлы Қытан (Қара Қытай) ұлысы осы жазуды пайдаланғаны археологиялық және басқа мәліметтерден анық болып отыр. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басынан бері ғалымдар Қытан ұлысының екі түрлі (үлкен, кіші) жазуы жөнінде тынбай ізденіп келеді. Сондағы «үлкен жазу» дегені – осы пішік (иероглиф) жазуы. Демек, Ұлы Қытан ұлысы осы елге атын ғана емес, хатын да мұраға қалдырып кеткен. Олай емес еді деп қасарысқан күннің өзінде, бұл шындық пішік жазуы бір ғана халықтың еншісінде болмағанын аңғартады. Пішік жазуының Азиядағы қолданысы Пішік (иероглиф) жазуы Азияда кең қолданыста болғанын тарихи деректен де, қазіргі болмыстан да анық көре аламыз. Айталық, Қытандардан сырт Таңғұттар да пішік жазуының бір тармағын пайдаланған. Жапондар мен кәрістер пішік жазуын күні бүгінге дойын қолданады. Әсіресе жапондар 2500-дей пішікті катакана мен хирагана деп аталатын елудейден-жүздей таңбамен (кана жазуымен) бірге ресми жазуы етіп қолданып келеді. Алайда олар әр пішікті өз тілдерінде дыбыстайды.

 

  Айталық, 日本 деген екі пішікті (иероглифті) жапондар «ни-хон» (кейде «ни-пон») деп оқыса, қытайлар «жи-бэнь» (ri ben) деп оқиды. Екеуі де Жапония дегенді білдіреді. Атаудың лексикалық мағынасы екі тілде де «күн нәсілі» (күн шығыс) дегенге келеді. Бұл – пішік жазуының өзіне тән дара қасиеті. Яғни көбіне пішіктің мағынасы өзгермейді де, дыбысталуы оны қолданған ұлттың тілдік ыңғайына қарай өзгеріп отырады. Тіпті біршама жағдайда дыбысталуы да жуық келіп отырады. Былайша айтқанда, әлгі сөз бір тілден екінші тілге немесе екі тілге де басқа бір тілден ауысқан секілді. Дәл осы түйін пішік жазуының ортақ қайнар көзі болған дегенге саяды. Бұл – заңды құбылыс. Ортақ төркін болмайынша ұқсамаған ортада ұп-ұқсас мәдениет құбылысының қатар пайда бола қалуы мүлде мүмкін емес. Істің түйіні – осы қайнардың көзі қайда және кім екендігінде. Бұл тұрғыда мүлде көп санды адам ешқандай ойланбастан қазіргі Қытайды көрсетері даусыз. Гәп дәл сол ойланбайтындығымызда жатыр. Бейне Галилейден бұрынғы адамдардың: «биіктен қатар құлаған екі тастың жерге үлкені алдымен, кішісі соңынан жетеді» деп қарағаны секілді. Немесе әлемдік тартылыс заңынан бейхабар жанға жердің жұмыр екенін қанша айтсаң да иланбайтыны сияқты. Олар ең соңында: «Ендеше, жердің арғы бүйіріндегі американдықтар жарқанат құсап салбырап тұр ма?» – деп өзіңді келеке етеді. Көбіне істің мәні біз көріп жүрген беткі құбылыста емес, қайта көрінбей жатқан ішкі заңдылықтарда болады. Сол қисынмен, пішіктің шығу тегі мен қалыптасу барысы оны бүгін кімнің қолданып жүргендігінде және сол қолданушылардың санының көптігінде емес. Қайта бізден мыңдаған жылдар бұрын болып өткен болмыстың – тарихи шындықтың өзінде. Ал сол тарихи болмыс рухы әрбір пішіктің (иероглифтің) бойына сіңірілген. Біз үшін ең керекті түйін де дәл осы жерде, яғни әр пішіктің шығу төркіні мен оның дыбысталуында, сондай-ақ осы екеуінен келетін мағынада. «Жауырын жазуы» – мал шаруашылығының мұрасы Бұл тұрғыда археологиялық деректер мен тарихи қисындар пішік жазуының жасаушысы Ілкі Қазақтар – Көне Түркілер екенін айғақтайды. Олай дейтініміз, бұл жазуды ең алғаш пайдаланған ел ірі мал шаруашылығымен айналысқан «көшпенді» ел болған. 1899 жылы пішік жазуының атасы Қытайдағы Хэнань өлкесінің Аньян ауданынан табылды. Сол жердегі халық Сяотунь қыстағы маңынан жер астында көміліп жатқан аса зор мөлшердегі жазулы сүйек қоймаларын тапқан. Жоқшылық жайлаған диқандар оған «айдағар сүйегі» деген ат қойып, қалалардағы дәрі дүкендеріне көптеп өткізген. Кейін ол дәрі-дәрмек алып-сатарлары мен пысықай емшілердің табыс көзіне айналған. Қараңғы жұрт болса оны әмбебап киелі дәрі есебінде кез келген зәрулік үшін сатып ала берген. Осындай «науқанның» бір тұсында, мәнерленбей қалған бүтін «айдағар сүйегі» мәлім бір оқымыстының қолына түседі. Содан кейін барып ғылыми ортаның қозғалуы нәтижесінде бұл орынның тамтығы қорғалып, ондағы жазулы сүйек ғылым сарабына түсе бастайды. Тарихтың сынынан және әлгі аласапыраннан аман қалған жарамды сүйектердің өзі 200 мыңдай парша (фрагмент) болады. Бұл сүйектегі жазуға қытайлар «жауырын жазуы» (甲骨文 - цзягувэнь) деп ат қойған.

 

    Алайда кейін әлдекімдер секемденген болса керек, ондағы «甲» (цзя) және «骨» (гу) деген екі пішікке «сауыт (қабыршақ)» және «сүйек» деген түсініктеме берген. Сонымен, бұл атау қазақшаға «сауыт-сүйек жазуы» деп аударылып жүр. Дегенмен атаудың ақиқат мәнісі қытай зерттеушілері үнемі қолданатын «甲骨» (жауырын), «龟板» (тасбақа сауыты) деген сөздерден бәрібір шығып тұрады. Оның үстіне қазіргі бар мұраның мүлде басым бөлігін мал сүйегі құрағанын барлық жазбалар айтады. Демек, мал сүйегін тұтынбаған елде сүйекке жазу түсіру дағдысы қалыптаспайтыны баршаға аян. Ал сүйектің тұрмыстық тұтыныста болуы үшін мал шаруашылығы болмауы мүлде мүмкін емес.

 

   Ғалымдар бұл жазуды Шан (商) әулеті кезеңінің мұрасы деп қарайды. Сонымен бірге Шан әулеті астаналарын көп рет көшіргенін де айғақтайды. Бұл да – көшпенді елге тән ерекшелік. Мамандар тағы да Шан заманында арбаның неше түрі болғанын ортаға қояды. Бұл да көлік – мал болғанда ғана барлыққа келетін жаңалық. Демек, осының барлығы «жауырын жазуының» – пішік жазуының мал шаруашылығы дамыған елде пайда болғаны туралы қорытындыға сұранып тұр. Бәрінен де маңыздысы: осынау жазуда жылқының сипатын – сынын, түрін және басқа ерекшелігін білдіретін көптеген пішіктер (иероглифтер) бар. Ал енді сиыр, қой, ешкі туралы да көптеген пішіктер кездеседі. Бұдан да осы жазуды жасаған елдің өмірінде мал шаруашылығы зор маңызға ие болғанын, сондай-ақ олардың төрт түлік туралы түсініктерінің аса терең екенін көру қиын емес. «Сақ» пен «Шан (商)» ұғымдарының төркіні Солай-ақ делік, сонда осы малды ел кім болғаны? Бұл туралы «Сақ пен Саң (商)» деген мақаламызда тоқталған едік, соны шола қайталайық. Қытайлар жоғарыдағы Шан әулетін 商 деген пішікпен жазып, оны халықтық тілде «саң», әдеби тілде «шаң» деп оқыды. Осы пішіктің «жауырын жазуындағы» көне нұсқасы: үстінде «қиындыққа төзу, шыдау» деген мағына беретін 辛 (синь) сынды бөлік пен астында көне мағынасында «үй» дегенді білдіретін 冏 (цзюн) сынды бөліктен құралған. Былайша айтқанда, үй төбесінде біреу қиыншылыққа шыдап қарауылда, күзетте тұр. Яғни бұдан «сақтық» немесе «сақ» деген мағына шығады. Бұл – біздің әлемге әйгілі ата-бабамыз ұлы Сақ ұлысының аты болмақ. Пішік төркіні бізді осылай бастайды. Ал қытайша «саң/шаң» деп жүргені – осы ұлыс атының дыбыстық аудармасы. Қытай сөздіктерінде бұл пішіктің негізгі мағыналары «ақылдасу» және «сауда» деп берілген. Бұлардың алдыңғысы да түркіше (қазақша) «сақ», «сақ болу» деген мағынадан келіп шыққан. Яғни сақтықты күшейтіп, алдын ала қамдану дегеннен «ақылдасу» сынды жаңа мағына туындаған. Ал «сауда» – сақ сөзінің омонимі. Түркі тілдерінде «сақ» пен «сау» бір тұлға есептеледі. Айталық, сақайю дегендегі «сақ» пен сауығу дегендегі «сау». Пішік (иероглиф) қолдану тарихында мұндай жағдай кездесіп тұрады. Нақты айтқанда, бір түрлі зат не қимылды бейнелеуден келіп шыққан пішік сол сөзге омоним (дыбыстас) болатын басқа да сөз орнына қолданыла берген.

 

   Қытайлар мұндай әдісті «жорыта пайдалану» (假借 - цзяцзе) дейді. Демек, қытайлар «Сақ» (商) пішігін дыбыстық аудармамен «саң» деп қабылдаса, оның «жорыта пайдаланған» мағынасын да «сауда» деп қабылдаған. Алайда оның «сақ – қырағы» сынды төл мағынасын ескермеген. Тіпті біреулер шіме шығып жүрмесін деп, ақиқат мағынасын «ұмыт» қалдырған болар. Ал иероглифтің нағыз мәнісі түркі тілінде төркіндеткенде ғана жақсы ашылады. Мұндай жайт қазіргі қытайлар қолданып жүрген пішіктерде жиі кездеседі, әрі тарихи мәні бар маңызды пішіктерде тіптен солай. Мысалы, қытайлар өздерінің ұлттық аты ретінде қабылдаған 漢 (汉 - хань) пішігі дәл соның мысалы. Ол жер-суға иелік ететін азамат деген мағынаны ишаралайтын бөліктерден құралған. Бұл дегеніңіз – түркі ұғымындағы күллі жер-судың ең жоғарғы иесі «Хан» ғой! Алайда сөздіктерде осы пішікке ондай мағына берілмеген. Сол сияқты қазіргі күнде қытайлар «өз ата-бабамыз» деп жүрген «Ся» әулеті дегендегі 夏 пішігінің «жауырын жазуындағы» түптөркін нұсқасы басына шоқ қадаған ер адам (жауынгер сұлбасы) ретінде бейнеленген. Түсінікті етіп айтқанда, пішік құрылымы мәртебелі ер, құдіретті азамат дегенді меңзейді. Қытай сөздіктерінде бұл пішікке де ондай мағына ескертілмеген. Егер осы пішіктің қытайша оқылуын қазақшаға (түркішеге) дыбыстық аударма жасасақ, ол «Қиян» не «Қият» болар еді. Бұл – Түркі, Алаш хандарының түп атасы ретінде аталатын ұлы тарихи есім еді ғой! Тарихтың бұрмалануы және «Синологияның» қалыптасуы Сонда бұдан қандай қорытынды шығады? Біз тағы да бұрынғы еңбектерімізде айтып өткен көзқарасымызды ортаға қояр едік. Тарихтан бұрын және кейінгі ұзақ дәуірде дүниені тұтастай көшпенділер – Ілкі Қазақтар билеген. Бұл үрдіс кейін сәл бәсеңсісе де, таяу заманға дейін, яғни Еуропада отқарудың (отты қарудың) ебдейлі түрі жасалғанға дейін жалғасқан. Ал олар жасаған өркениет жетістіктері әлемнің әр түкпірінде қалып, сол жердегі елге біртіндеп өзгеріспен енген. Жергілікті жұрт та оған біртіндеп бауыр басып кетіп, оның ішіндегі құндылықтарды өздерінің төл киесі есебінде қабылдады. Солардың қатарында ұлы тұлғалар да бар. Тіпті оларды туған Түркі жұрты ұмыт етсе де, әлдебір еңбегінен із қалған ортадағы жұрт оның даңқын сақтап, ұлықтап келген. Соның ең жанды мысалы – ұлы Байбарыс сұлтан. Әсіресе бертінгі заманда Түркі жұрты жаппай отарлыққа түсіп қалды да, өз құндылықтарына ие болуға дәрмені келмеді. Керісінше, бұрын Түркі хан-сұлтандарының қол астында болған көптеген елдер жапа-тармағай ұлттық тарихтарын жасауға кірісті. Олар кезінде билеушісі болған елден қалған барша құндылықтарды «біздікі» қылып алды. Мұның бәрінің отына май құйған нәрсе – Түркі ұлттарына қарсы жүргізілген құрту және тамырсыздандыру саясаты болды. Әлгілер ең соңында «көшпенділер» және «отырықшылар» дегенді ойлап тапты. Бұл, шындап келгенде, «жабайылар» және «мәдениеттілер» деген сөз еді. Сөйтіп, бір жағынан Орта Азияны (түркі жұртын) жанталаса зерттесе, екінші жағынан олардың тарихындағы айшықты көріністерді не қымқырып, не құртып отырды. Себебі әлгілер ақиқат тарих салтанат құрса, өз еншілерінің қомақты болмайтынын өте жақсы білді. Өйткені олар өздерінің алдында Мысыр мен Үндінің, Орта Азия мен Иранның, тіпті Еуропадағы көптеген елдердің қожасы кім екенін әдемі түсінетін.

 

    Бұл науқанның қайнаған ортасында Қытай да болды. Мол базар мен арзан еңбек күшіне тұнып тұрған бұл өлкені көргенде батыс отаршылдары сілекейін жия алмай қалды. Олар мұндағы халықты шүршіт (маньчжур) отарынан оңашалауға барын салды. Бір жағынан елді билікке қарсы қойса, екінші жағынан дәрмені кеткен шүршіт өкіметін бір қолдарымен демеп, қарсылықты тізгіндеді. Осы орайда жергілікті елден батыс және жапон мәдениеті ықпалындағы көзі ашық шоғыр қалыптасты. Сөйтіп, бірте-бірте ұлттық сана пайда болып, «синология» өмірге келді. Синологтар барша жылтыраған атаулыны жергілікті халыққа теліп, маньчжурларды барынша жабайы етіп көрсетуге тырысты (мақсаты белгілі ғой). Тіпті Наполеонның өзі: «Шығыста бір ордалы жылан ұйықтап жатыр», – деп сөз қосты. Өйткені бұл өлкемен бірінші болып танысқандар да, алғашқы синолог мамандар да француздар болатын. Олар тіпті ХҮІІІ ғасырдың ақырында-ақ маньчжур астанасына (қазіргі Бейжің) келген еді. Демек, Наполеон «жатқан жыланның құйрығын басуға» содан ділгір болған. Сөйтіп, батыс отаршылдары орталық билікке қарсы «қытай» (Chinese) деген ұлт жасаса, оған қоса пішік (иероглиф) тану ғылымының іргесін қалап кетті. Сонымен, бір жарым ғасыр бойы осы бір тарихи тамыры терең жазу тек қана «қытай» деген халықтың пайдасына зерттелді. Мейлі қалай зерттелсе де, онысы біз үшін жаман болған жоқ. Осы пікірді қозғап отырғанымыздың өзі – сол ізденістердің әсері. Олай болатыны: әлемнің қай түкпірінен нағыз тарихтың беті ашылса, ол түркі халқына саймай тынбайды. Өйткені олар – тарихтың жасаушысы. Сөздің нақ шынына келгенде: егер мал шаруашылығы болмаса, көшпенділік те болмас еді. Ал көшпенділік болмаса, адамзат өркениеті де болмас еді. Оның себебі, өркениет – адамзаттың ақыл-ой тоғысуынан, яғни кең көлемді араласуынан туындаған жауһар. Мұндай араласуды қалыптастыру тек шабандоздардың ғана қолынан келері талассыз шындық. Қозғалыста болмаған әрқандай жүйе ондай ұлы істі орындай алмайды. Себебі жаяудың күні қараң. Тілдік және таңбалық сәйкестіктер Пішіктің Түркі халқына етенелігі байырғыдан келе жатқан қарапайым сөздерден де айқын байқалады. Айталық, «тау» дегенді қытайлар «шань» дейді. Оны 山 деп жазады. Бұл пішіктің «жауырын жазуындағы» нұсқасы бірінен-бірі биік үш шоқы бейнесінде сызылған. Әсіресе ортаңғысы айрықша зеңгір. Пішіктің меңзеп тұрған мағынасы да дәл осы, өзгеден озық тұрған ең асқар шоқы – «шың». Қытайлар оны дыбыстық жағынан жуықтатып қабылдаса да, мағыналық жағынан тап баса алмаған. Шыңның тауға тән жаратылыс екені рас, алайда екеуін бейнелейтін сөздердің мағыналық аймағында аса елеулі алшақтық бар. «Тау» дегенге бұл пішіктен гөрі 塔 (та) деген пішіктің мағынасы дөп келеді. Қытайлар оны «та» деп оқып, «мұнара» деген мағына береді. Осындай дыбыстау түркінің «тау/тағ» сөзінен алынғаны байқалады. Олай дейтініміз, пішіктің құрылысы айна-қатесіз тау дегенді меңзеп тұр: үстіне шөп өскен, қапталы топырақты қыр/жота сұлбасы және сайы бар. Демек, бұл пішікті қытайлар түркілердің ауыспалы мағынада қолдануынан қабылдаған. Нақты айтқанда: биік жер, қарауыл мәнісінде алмастырып істетуінен өздестіріп алған. Мұндай құбылыстар қазір қытайлар қолданып жүрген пішіктерден қаза берсең, құзғындай береді.

 

    Соның бірі – 朱 (чжу) пішігі. Бұны қытай әдеби тілінде «чжу» деп оқиды. Оған «ағаш діңі» (көне мәнісі) деген мағына жүктелген. Бірақ пішік құрылысы: басына әлдеңе ілініп, жан-жағынан салма салынған биік бағананы елестетеді. Демек, бұл Түркінің «ту» (тұғ) деген сөзін сипаттап тұр. Бұл жерде де қытайшаға осы пішіктің түркішедегі төл мағынасы емес, туынды мағынасы жеткен. Ал дыбысталуы белгілі заңдылыққа сай төркін сөзге жуық қалпында қалған. Құнттап қадағаласа, қытай тілінде дыбыстық жақтан Түркі сөзіне жақындығы бар көптеген сөздер де кездеседі.

 

   Мысалы: • Қытайлар «сөйлеу» дегенді 说 деп жазып, «шо/суо» деп дыбыстайды. Онысы түркінің «сөз», «сөйлеу» деген сөздерінің тектік түбірі болған «сө» буынына ұқсайды.

• Олар тағы да «топырақ» дегенді 土 деп жазып, «ту» деп оқиды. Онысы да түркінің сол мағынадағы «топырақ», «тұпрақ», «топа» сөздерінің түбіріне өте жуық.

 • Ал «су» дегенді 水 деп жазып, «шуй/суй» деп оқиды. Бұл да түркінің «су», «сұ» деген сөзіне дыбыстық жақтан жақын, мағыналық жақтан бірдей. Осылардың барлығы екі тіл тектес болмағанымен, тығыз қатысы барлығын түсіндіреді. Біздің зерделеуімізше, осынау байланыс Түркілердің көне әлемдегі мемлекетте жетекші орын иеленуінен келіп шыққан. Яғни пішік жазуын Ілкі Түркілер жасаған, кейін ол қол астындағы басқа да халықтарға жалпыласқан. Сол барыста қабылдаушылар оны бірде тіке мағынасында, бірде жанама не ауыспалы мағынасында қабылдаған. Кейде оның түркі тіліндегі омонимі есебінде қолданылуынан төте қабылдай салған.

 

   Оған мысал есебінде жоғарыда айтылған «сақ» (商) пішігінің «сауда» деген мағынасында «саң» деп қабылдануы; қаланы ишаралайтын «шар/сар» пішігінің сол сөздің омонимі сар/шар (сары түс) мағынасында 黄 (хуан) деп алынуы да жанды мысал. Пішік жазуы мен әліпбидің тамырластығы Пысықтай айтар болсақ, пішік жазуын ту баста Түркі халқы тапқырлаған. Кейін оған (нағында қомақты бір тармағына) қытайлар мұрагер болып қалған. Дегенмен ондағы түркілік қолтаңба уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ал түркілер болса жазудың озық әрі жаңа түрі – әліпбилік жазуға біртіндеп көшкен. Соған байланысты пішік жазуы негізгі қолданыстан шығып, тек мұрағатта сақталатын мәңгілік жазбаларда ғана істетілген. Пішік жазуы мен әліпбилік жазудың тамырластығын ондағы кейбір ортақ таңбалардан да көруге болады.

 

   Айталық, Көне түркі бітік жазуындағы кейбір таңбалар жауырын жазуындағы бейнелік нышандармен толық сәйкес келеді. Мысалы, «жүру, бару» дегенді білдіретін 走 (қытайша зоу) пішігінің көне нұсқасы белгілі бір бағытқа аяңдап бара жатқан адамның сұлбасын көрсетсе, Көне Түркі әліпбиіндегі «З» әрпі де дәл сондай зытып, кетіп бара жатқан адамның барынша қарапайымдалған, өлшемделген графикалық бейнесі болып табылады. Демек, бірі «зыт» (кет, бар) деген ұғымды тұтас білдірсе, екіншісі «зыт» деген сөздің бірінші әрпін белгілейді. Қорытынды Қорыта айтқанда, біз, Қазақ ұлты – көшпенділердің, яғни Ілкі Түркілердің төл мұрагеріміз. Біз олар жасаған барша өркениеттің де мирасхорымыз. Жүйеден, олардың тілі мен тарихының тікелей мұрагері бізбіз. Ендеше, ұлтымыздың өткенін жаңғыртып, өшкенін жандыру – біз үшін қасиетті парыз. Сондай-ақ оны бүгін үшін және болашақ үшін кәдеге жарату да біздің мойнымызда тұрған қасиетті міндет. Жазу тану, өте-мөте пішік (иероглиф) тану ғылымы да соның ішінде. Өйткені пішік жазуында біздің аса бай тарихымыз жатыр. Оның сыры қаншалықты ашылса, біздің тарихымыздың жарқын беттері де соншалықты әйдік (айбынды) бола түседі. Сондықтан Қазақтың төл пішік тану ғылымы қалыптасуы және жүйеге түсуі керек. Онсыз біздің тарихымыздың көлеңкелі тұстарына азаттықтың ақ шуағы толық түспейді.

 

  Ендеше, іске сәт, азат Қазақ ұландары – Арда Түркі ұрпақтары!

 

  Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын 2008жыл

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться