Отбасы

Автор: ADMIN

Отбасы 2026-08-31 14:23:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Маған қарап ғибрат ал!

news single

    Ақтық сағаты жақындап, ақыретке көшкелі жатқан бір діндар адам зекеті мен садақасы толық берілген, адал жолмен жиылған дүние-мүлкін баласына мирас етіп қалдырмақ болады.

 

   Ол ұлын шақырып алып:

— Балам! Өмір бақи адал жолмен тауып, жоқ-жітікке ақысын берген мына дүние-мүлкімді саған тастап барамын. Саған қалдырған осы мирасым үшін сенен бір-ақ нәрсе талап етемін. Байқа, бұл — менің ақырғы өсиетім.

 

   Мен қайтыс болғаннан кейін сүйегімді жуған молдаға айт, менің денемді табытқа қоярда аяғымның біріне жыртық, ескі шұлық кигізсін, — дейді. Әкесінің сөзін зер салып тыңдаған баласы бұл өсиетті орындауға уәде береді. Көп өтпей әлгі адам науқастанып, көз жұмады. 

    Барлық алыс-жақындары жиылып, «Жақсы адам еді» деп көңіл айтысады. Молда шақырылып, мәйіт жуылады. Осы кезде баласы молданың құлағына әкесінің өсиетін айтып сыбырлайды. Молда өлген адамның аяғына шұлық кигізу шариғатта жоқ екенін айтып, бұл өсиетті орындау қажет еместігін түсіндіреді. Бірақ баласы «кигіз де кигіз» деп болмай қойған соң, молда мәселені мүфтиге жеткізеді. Мүфти де қайтыс болған кісінің бұл өсиеті шариғатқа қайшы екенін айтып, пәтуа береді.

   Баласы әкесінің басында тұрып:

— Онда тұрған не бар?

 

   Әкемнен мынау жыртық шұлықты да аяп тұрсыңдар ма? — деп шұлықты кигізбек болып ұмтылғанда, молдалар оны кейін тартады.

  Осылайша екі жақ арпалысып тұрғанда, ортаға бір қария келіп:

 

  — Балам, әкең өлер алдында маған саған арналған хат қалдырған еді. «Балам мына хатты менің сүйегімді табытқа қойып жатқанда оқысын» деген болатын. Ал, қане, аш, не жазғанын көрелік, — дейді. Сол жерде жиналған халық құлақ түргенде, баласы хатты дауыстап оқи жөнеледі: «Балам! Мұншама байлыққа иелік еткен менің қазіргі халімді көріп тұрсың. Мен артыма осыншама дәулет қалдырғанмен, олар маған тіпті ескі шұлықты да кигізуге рұқсат етпей жатыр.

 

    Бір күні мен секілді саған да екі метр бөзден (кебіннен) басқа ештеңе бұйырмайды. Маған қарап ғибрат ал! Саған қалдырған байлығыма масаттанып, тәкаппарланып, дініңді ұмытып кетпе. Жоқ-жітіктің жай-күйін біліп, олардың жанына терең үңіл. Міне, өзің көргендей, қанша бай болсаң да, бәрібір өлген соң дүниең қол бұлғап артыңда қалмақ. Қабірге кіргенде үстіңе жібек шапан тұрмақ, аяғыңа жыртық шұлық та бұйырмайды!»

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться