Қоғам

Автор: ADMIN

Қоғам 2026-10-22 19:52:00

Біз әлеуметтік желілерде:

ҰЛТТЫҢ КЕЛЕШЕГІ – ПАРАСАТТЫ АНАЛАР ҚОЛЫНДА

news single

  «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді халық даналығы. Бұл – тек сөз тіркесі емес, ұлттың тамырына нәр беріп, ұрпақтың санасын қалыптастыратын ұлы миссия. Соңғы күндері Аналар алқасының ұйытқы болуымен өткен ауқымды да рухани салмағы терең екі іс-шараның куәсі болып, көкейге түйгенім де, көңілге тоқығаным да мол болды. Алғашқы кеш – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын, ілеспе аудармашы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызының қатысуымен өткен «Парасатты ұлт – сапалы қоғам» жобасы аясындағы «Жайдарман жүрек» әдеби-сазды кездесуі еді. Өнегелі сөз, сазды әуен мен жылылыққа толы бұл рухани кеш көрермен жүрегінен терең орын алды.

 

 

  Камал Әбілқасымқызының өмір мен еңбек жолы, парасатты ойлары мен сөз саптауы кез келген жанға ғибрат сыйлайды. Ұлт ұрпағының тәрбиесіне, елдің ертеңіне бүкіл ғұмырын арнап жүрген бұл әйел-ананың бейнесінен біз нағыз ұлттық діңгекті, өнегелі тұлғаны көрдік.

 

           

 

   Екінші айтулы шара – Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты дөңгелек үстел. Мемлекеттілік пен Тәуелсіздіктің маңызын дәріптеуге, ұлттық бірегейлік пен этносаралық татулықты нығайтуға арналған бұл жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Халық кеңесінің мүшелері, этномәдини бірлестік өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты.

 

 

Бұл алқалы жиында Республикалық Аналар алқасының төрайымы, Халық кеңесінің мүшесі Нәзипа Ыдырысқызының кемел ойы мен терең парасатына кезекті мәрте тәнті болдық.

 

 

   Нәзипа ханымның әрбір сөзі – жастарға арналған ұлағатты өсиет, әрбір ойы – мектептер мен ЖОО-ларда кеңінен насихаттауға тұрарлық салмақты тезис. «Аға ұрпақтың тарихи еңбегi мен құнды деректерiн жастардың бойына дарыту - бiздiң басты азаматтық әрi аналық борышымыз. Тарих пен болашаққа бей-жай қарамайтын қоғам ғана парасатты ұлт қалыптастыра алады», -деді ол өз сөзінде. Қазақстанның Егемендік декларациясын қабылдауға қатысы бар тарихи тұлғалар мен аға ұрпақтың басын қосып, жастарға шынайы тарихи деректерді жеткізуге ұйытқы болуы – Нәзипа Ыдырысқызының елге, тарихқа және болашаққа деген жоғары азаматтық жауапкершілігінің жарқын көрінісі

 

 Ресми форматта басталып, патриоттық рухтағы әсем әнмен аяқталған шара қатысушыларға ерекше серпін берді. Соңғы апталарда Орал мен Қызылордада, еліміздің өзге де аймақтарында Аналар алқасы өткізіп жатқан шараларды БАҚ пен әлеуметтік желілерден көріп, сүйсініп отырмыз.

 

 

   Аналар алқасының құрамына шынымен де сайдың тасындай іріктелген, ұлт болашағын ойлайтын ел аналары жиналғанына көзіміз анық жетті. Ана – ұлттың ұйтқысы, отбасының берекесі, елдің айнасы. Парасатты ой, терең білім мен аналық мейірім тоғысқан осындай асыл жандар барда, ұрпағымыздың өресі биік, Қазақ елінің жұлдызы әрдайым жарқырай бермек!

 

  Авторы:  Жаңыл Әпетова 

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться