Автор: ADMIN
Қазақстан қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды қоғамға бейімдеу тәжірибесін ұсынды,- деп хабарлайды “Shalqar.kz”.
Қазақстан қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту және қоғамға қайта бейімдеу тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстырды.
Бұл туралы 2026 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бағдарламалар офисі ұйымдастырған арнайы брифинг өтті.
Іс-шарада Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаев еліміздің гуманитарлық операцияларының нәтижелерімен бөлісті. Қазақстан 2019–2021 жылдары «Жусан» және «Русафа» операциялары аясында Сирия мен Ирактан 756 азаматты елге қайтарған. Олардың 191-і әйел, 528-і бала және 37-сі ер адам. Оралған азаматтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, балалардың білім алуына жағдай жасалған. Сонымен қатар отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізілген.
Қазақстан өкілі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында «Орталық Азия + ЕҚЫҰ» форматында өңірлік жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл бастама ақпарат алмасуға, зардап шеккен азаматтарды қорғауға және мамандарды бірлесіп даярлауға бағытталған.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер