Автор: ADMIN
«Аналар таңдауы - зорлық-зомбылықсыз қоғам!»
«Аналар таңдауы - зорлық-зомбылықсыз қоғам!» ҮНДЕУ
Құрметті жерлестер! Ардақты аналар, аяулы қыз-келіншектер, қадірлі қоғам белсенділері!
Жыл сайын 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні ретінде аталып өтеді. Осы күннен бастау алатын 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейінгі «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы барша адамзатты ортақ мақсатқа - зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы бірігуге, адам құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға шақырады.
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал әр шаңырақтың тыныштығы мен берекесі – оның мүшелерінің шынайы бақыты, ел болашағының негізі. Ана мен баланың амандығы, әйелдің қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі – кез келген қоғамның адамгершілік, ізгілік деңгейін айқындайтын басты құндылық.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әйелдер мен балаларға көрсетілетін қысымның, отбасындағы қатыгездік пен немқұрайдылықтың азаймай тұрғаны қоғамды алаңдатып отыр. Ең өкініштісі – кейде зорлық-зомбылық ең жақын адамдар тарапынан жасалып, оның зардабын ана мен бала тартады. Баланың қорқыныш пен үрейге толы ортада өсуі, сөзсіз, оның болашағына теріс әсер етеді.
Мемлекет тарапынан әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында заңнамалық шаралар күшейтіліп жатыр. Бұл бағыт ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында тұр. Дегенмен, мәселені тек заңмен шешу мүмкін емес. Ол әр отбасындағы тәрбиеден, өзара сыйластықтан, мейірім мен түсіністіктен, қоғамның ортақ ұстанымынан басталады.
Осы орайда, Аналар Алқасы атынан баршаңызды зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ортақ іске белсене атсалысуға шақырамын!
Біріншіден, зорлық-зомбылыққа қандай жағдай болмасын төзбеушілік танытайық! Қатыгездікке, қорлауға, күш көрсетуге және адамның ар-намысын таптауға жол бермеуіміз керек. Отбасындағы зорлық-зомбылықты жасыру немесе оған немқұрайды қарау мәселені шешпейді, керісінше, оның күрделенуіне әкелуі мүмкін. Егер айналамызда көмекке мұқтаж жан болса - бейжай қарамайық, қол ұшын созып, тиісті орындарға бірден хабарлау керек. Өйткені дер кезінде жасалған әрекет бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Екіншіден, ұрпақ тәрбиесіне барынша көңіл бөлейік! Зорлық-зомбылықсыз қоғам тәрбиеден басталады. Ұлдарымызды күшпен емес, ақылмен әрекет етуге, қыз баланы құрметтеуге, әлсізге қамқор болуға, өз ісіне жауап беруге тәрбиелейік. Қыздарымызға өз қадірін білуге, құқығын қорғауға, қандай жағдай болса да зорлық-зомбылыққа көнуге міндетті емес екенін ұғындырайық. Балаларымызға сыйластық пен мейірімнің отбасындағы ең басты құндылық екенін өз өмірімізбен, өз іс-әрекетімізбен көрсетейік.
Үшіншіден, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетейік! Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамға кінә арту емес, оны түсіну, тыңдау және қолдау маңызды. Кейде бір ауыз жылы сөз, жанашырлық таныту немесе дұрыс бағыт-бағдар беру адамның қиындықтан шығуына үлкен көмек болады. Қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалардың жалғыз емес екенін сезінуіне ықпал етейік. Қажет болған жағдайда 111 бірыңғай байланыс орталығына және тиісті көмек көрсету ұйымдарына жүгінуге шақырайық.
Төртіншіден, әр мәселеге қоғам болып жауапкершілік танытайық! Аналар алқалары, ақсақалдар алқалары, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдар бірлесе отырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бірлесе күш салайық. Әр ауылда, әр елдімекенде мейірім мен жанашырлыққа негізделген орта қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет.
Құрметті ағайын! Біз әр баланың қорықпай күлгенін, әр ананың алаңсыз өмір сүргенін, әрбір әйелдің өзін қауіпсіз әрі қадірлі сезінгенін қалаймыз. Бала зорлықты көріп емес, мейірімді сезініп өссін! Ана көз жасын төкпей, қуанышқа бөленіп өмір сүрсін! Әр шаңырақта қорқыныш емес, құрмет, айқай емес, түсіністік, қатыгездік емес, мейірім үстем құрсын! Зорлық-зомбылықтың алдын алу – бір күндік науқан емес, күнделікті орындалуы қажетті азаматтық міндет.
Аналар Алқасы атынан баршаңызды адам құқығын құрметтеуге, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұруға және осы жолда қоғам болып бірігуге шақырамыз! Бірлігіміз бекем, ниетіміз ортақ болсын!
Ізгі ниетпен, Шымкент қалалысың Аналар Алқасы
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
Kazakhstan and China to Establish Joint Energy Research Centre.
Касым-Жомарт Токаев прибыл в Москву с рабочим визитом.
Qasım-Jomart Toqaev jwmıs saparımen Mäskeuge bardı.
Последние новости
Qasım-Jomart Toqaev jwmıs saparımen Mäskeuge bardı.
قاسىم-جومارت توقاەۆ جۇمىس ساپارىمەن ماسكەۋگە باردى.
Kassym-Jomart Tokayev Arrives in Moscow on Working Visit.