Автор: ADMIN
"АНА ХАТЫ"
Құрметті студент!!!
Өзіңе арналған хатты ұрпағы білімді азамат болуын армандаған Балғожа бидің оқудағы немересіне жазған сөзімен бастап отырмыз - «Қай заманда да баласының оқымысты, кәсіп иесі, өнер шебері, ең бастысы жақсы азамат болуы – ата-ана үшін зор қуаныш. Ал оған жол ашатын – терең білім және асыл мінез».
Сен кәмелет жасына жетіп, өмір жолыңды таңдадың. Біз, аналар, бұл жолда саған жақсы адамдар кездесіп, танымыңды тереңдеткенін, ортаң өмір туралы жарқын ұғым қалыптастырғанын қалаймыз. Бірақ біз үшін ең бастысы – амандықтарың, әр күнің тыныш, әр ісің өзіңе де, ортаңа да қуаныш әкелуі.
Өйткені, адам өмірі – тақтайдай тегіс жол емес, әртүрлі жағдайлар болып, түрлі сынақтар алдан шығуы мүмкін. Қуанған не күмәнданған, жалғыздықты не сенімсіздікті сезінген сәттер де болады. Осындайды білгендіктен, саған «абай бол», «қателеспе» деп кеңес беруден бұрын, мына нәрсені көкірегіңе тоқып алу керектігін қадап айтқымыз келеді:
Кез келген жағдайда сенің өз пікіріңді айтуға және «жоқ» деуге құқығың бар.
Егер біреу сені қорқытса, кемсітсе, еркіңнен тыс әрекетке мәжбүрлесе, мұны қалыпты жағдай деп қабылдама. Еліміздің заңдары ешкімнің саған зорлық көрсетуіне жол бермейді.
Ал егер осындай жағдайға тап болсаң, өзіңді кінәлама. Болған жайды сенетін адамыңа айт. Көмек сұра. Мұндайда жасыру, жалғыздық – саған көмекші болмайды.
Есіңде болсын: бәріне шыдау – мықтылықтың белгісі емес. Мықтылық – өзіңді қорғай алу, ойыңды ашық айта алу немесе түбегейлі өзгеруге шешім қабылдай алу. Бұл мінезді бойыңда қалыптастыратын – өз сезіміңді түсіну, қателіктен сабақ алу, қажет кезде қолдауды қабылдай білу.
Зорлық-зомбылық та жоқ жерден пайда болмайды. Ол біреудің әдептен асуын елемеуден, күші кемге әлімжеттік жасауға жол беруден, қорлауды қалыпты санаудан, өзгенің шекарасын құрметтемеуден басталады. Сен ол әдеттердің жалғасуына жол бермеу жағында бол.
Айналамыздағы ортаны өзгертетін қасиеттер – намысқа тимей сөйлеу, келіспеген адамды да құрметтеу, әлсіз жанға қолдау көрсету, қасыңдағы адамның жан дүниесін түсіну. Бұларды бойыңа сіңірсең сен мықты ғана емес, біреулер үшін сенім артар адамға айнала аласың.
Бізде сенің барлық сұрағыңа дайын жауап болмауы да мүмкін. Сенің орныңа өмір сүріп, барлық қиындықтан қорғай да алмаймыз. Бірақ біз сені тыңдауға, түсінуге және қажет кезде жаныңнан табылуға әзірміз. Сен де жаныңдағы адамдарға осындай кеңістік сыйлай аласың.
Қауіпсіз қоғам дегеніміз – адам өзінің қадір-қасиеті қорғалатынын, қорықпай өмір сүре алатынын, қиналғанда жалғыз қалмайтынын білетін орта. Сен сондай ортада өмір сүруге лайықтысың! Және ондай ортаны өзің де құра аласың.
Айналайын, өренім, алдыңда талай таңдау, мыңдаған мүмкіндігі бар ұзақ жол күтіп тұр. Сол жолда сен адами болмысыңды сақтап, айналаңа жақсылық таратып жүреді деп үміттенеміз.
Өзіңді аяла. Өзгені де аялай біл.
Ізгі тілекпен, Қазақстанның аналары
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Мәскеуге барды.
Kazakhstan and China to Establish Joint Energy Research Centre.
Касым-Жомарт Токаев прибыл в Москву с рабочим визитом.
Последние новости
Qasım-Jomart Toqaev jwmıs saparımen Mäskeuge bardı.
قاسىم-جومارت توقاەۆ جۇمىس ساپارىمەن ماسكەۋگە باردى.
Kassym-Jomart Tokayev Arrives in Moscow on Working Visit.