Автор: ADMIN
«Алматы — әлемдік сән астанасы»: Оңтүстік астанада Тюмень дизайнерлерінің сән көрсетілімі өтті.
Бүгін, 26 қарашада, Алматы қаласындағы FORUM сауда-ойын-сауық орталығының атриумында TYUMEN FASHION SHOW IN KAZAKHSTAN ауқымды сән көрсетілімі өтті. Ресейдің Тюмень облысынан келген алты бірегей брендтің басын қосқан бұл кеш сәнсүйер қауым мен сала мамандары үшін ерекше мәдени және эстетикалық оқиғаға айналды.
Шараны танымал сән сарапшысы, продюсер Саят Досыбаев жүргізіп, кешке ерекше серпін мен кәсіби реңк берді. Жүргізуші ең алдымен тюменьдік дизайнерлер үшін бұл көрсетілімнің қазақстандық аудиториямен танысуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және жаңа бағыттар ашуға зор мүмкіндік екенін атап өтіп, алғысөзді «Сібір сән апталығының» өкілі Анна Вороноваға берді. Анна Воронова өз кезегінде Тюмень дизайнерлерінің Қазақстанға алғаш рет келгенін, бұған дейін өзге елдердің, атап айтқанда Беларусьтің алаңдарында өнер көрсетіп, сауда орталықтарында келісімшарттар жасасқанын жеткізіп, Алматыда да дәл осындай жемісті нәтижеге сенім білдірді.

Көрсетілім аясында келесі алты бренд өздерінің авторлық топтамаларын таныстырды:
KLIK13 (2019 ж. негізі қаланған): «Стиль жас пен өлшемге бағынбайды» қағидатын ұстанатын бренд. 44-тен 70-ке дейінгі өлшемдегі әйелдер киімін ұсынатын марка базалық үлгілерді (жейделер мен шалбарларды) сапалы маталармен және ерекше пішімдермен үйлестіреді.
LBRules: Дизайнер Людмила Быковскаяның «БІЗДІҢ БРЕНД — СЕНІҢ ЕРЕЖЕҢ» ұранымен танылған халықаралық бренді. Спорттық және классикалық элементтерді, қанық түстер мен батыл принтерді шебер ұштастырған топтамада күнделікті киімдермен қатар кешкі көйлектер де ұсынылды.
Oveyan Anna: Дизайнер Анна Овеян «Артық ештеңе жоқ: нәзіктік пен қайсарлық» атты топтамасын әкелді. Негізгі материалы экобылғарыдан тігілген косухалар, бомберлер, жилеттер мен тренчтер жылдың кез келген мезгілінде нәзік көйлекпен де, күнделікті киіммен де тамаша үйлеседі.
ИРМА: «Мағыналы киім» философиясын ұстанатын бренд эстетика, жайлылық және әйел затының ішкі қуатын мата мен пішім арқылы жеткізді. Көрсетілім барысында бренд негізін қалаушы Ирина Григорьева Алматының сән индустриясындағы рөліне жоғары баға беріп: «Алматы — әлемдік сән астанасы», — деп ерекше атап өтті.
Это МОЁ: Тюмень өлкесінде тұратын 150-ден астам ұлттың мәдени мұрасы мен ханты-манси ою-өрнектерінен шабыт алған «Өмір ағашы» топтамасын көрсетті. Қызыл (өмір мен от), қара (жер мен тұрақтылық) және ақ (тазалық пен руханият) түстеріне негізделген киімдер күнделікті гардеробқа арналған заманауи үлгіде тігілген.
MONREVE: Француз тілінен аударғанда «менің арманым» деген мағынаны беретін, 2016 жылы Ксения Ракецкая мен Яна Шахарева негізін қалаған бренд. «Күнделікті емес, бірақ MONRÊVE-пен әр күн ерекше» тұжырымдамасын ұстанатын дизайнерлер нәзік жандыларды өз өмірінің басты кейіпкеріне айналдыратын айрықша образдар ұсынды.

Кеш соңында сөз алған шараның бірлескен ұйымдастырушысы, «Colab» бренді мен мультибрендті кеңістігінің негізін қалаушы Салтанат Ибраева қонақтар мен қатысушыларға шынайы алғысын білдірді. Саят Досыбаев оның қазақстандық сән индустриясын дамытуға, отандық дизайнерлерді қолдауға және жергілікті брендтерді ілгерілетуге қосқан үлесін ерекше атап өтіп, қонақтарды «Colab» кеңістігімен танысуға шақырды.
Алматы төрінде өткен бұл сән көрсетілімі екі елдің шығармашылық байланысын нығайтып, отандық және шетелдік дизайнерлердің өзара тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндік ашты.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
Касым-Жомарт Токаев прибыл в Москву с рабочим визитом.
Kassym-Jomart Tokayev Arrives in Moscow on Working Visit.