Автор: ADMIN
FIFA Қазақстанға 100 жаңа футбол алаңын сыйға тартады

2027 жылға дейін еліміздегі мектеп аумағында 100 шағын футбол алаңы бой көтермек. Бұл бастама Халықаралық футбол қауымдастығы – FIFA-ның арнайы Arena жобасы аясында жүзеге аспақ. Жоба балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, заманауи инфрақұрылымға тең қолжетімділік беруді көздейді, деп хабарлайды Shalqar.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан әлем бойынша FIFA Arena жобасына қол қойған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Алғашқы футбол алаңдары биылдың өзінде Хромтау мен Көкшетауда пайдалануға берілмек. Толық бағдарлама 2027 жылға дейін аяқталады. Жобаны Қазақстан футбол федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып отыр.
Әр алаң заманауи FIFA стандартына сәйкес салынады: ұзындығы – 40 метр, ені – 20 метр, жаңа үлгідегі жасанды жабын төселеді, қақпасы орнатылып, қоршау панельдері мен қауіпсіздік торлары қарастырылады. Мұндай әмбебап құрылым мектеп аулалары мен спорт аймақтарына ыңғайлы түрде орналастыруға мүмкіндік береді.
Жоба әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы мектептерді қамтиды. Қаржыландыруды FIFA өз мойнына алса, ұйымдастыру жұмыстарына Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және жергілікті әкімдіктер атсалысады.
Бүгінде футбол еліміздегі ең бұқаралық спорт түріне айналды: 1,1 миллионнан астам адам жүйелі түрде доп тебеді. Қазақстанда 7 мыңнан аса мектеп алаңы, 280 стадион, 148 манеж, 400-ден астам спорт кешені бар. Ал кәсіби деңгейде Премьер-лигада 14 клуб өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар, 242 спорт мектебінде 40 мыңнан аса жас футболшы жаттығады.
Соңғы жылдары FIFA мен УЕФА қолдауымен елімізде бірқатар ірі нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында – Талғарда ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы, Астанадағы Футбол үйі мен манеж, Шымкенттегі «Биік» базасы және Қостанайдағы «Тобыл» клубының манежі бар.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Басты жаңалықтар
Последние новости

Qarağandı men Qazan universitetteri därigerlerdi birlesip dayarlaydı

قاراعاندى مەن قازان ۋنيۆەرسيتەتتەرى دارىگەرلەردى بىرلەسىپ دايارلايدى