Автор: ADMIN
Нағыз қазақтардың көзі көк, шашы сары болғаны рас па
Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың еуропеоид нәсілді болғаны туралы концепцияны алғаш ғалым Оразақ Смағұл ұсынды.
Өміріңізде бір рет болсын "Біздің бабаларымыздың көзі көк, шашы сары еуропеоид болған, бірақ Шығыс Азиядан келген моңғолдар қазақтың сырт келбетін бұзды" деген пікірді естіген шығарсыз. Бірі мұны әзілге баласа, екіншілері шындыққа жанасатынын айтады. Десе де, аталған тезиске қатысты пікірталас қоғамда әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Қазақстанда алғаш рет қазақтардың ежелгі ата-бабалары еуропеоид нәсіліне жатқандығы туралы концепцияны антрополог ғалым Оразақ Смағұлов ұсынды.
Ғалым "Қазақ халқының шығу тегі" атты еңбегіне 60 жыл уақытын арнаған. Аталған кітапта Қазақстан территориясын 4 мың жыл мекендеген тайпалардың генетикалық жақындығы, туыстық қарым-қатынасы, көші-қоны, орналасуына қатысты морфофизиологиялық және генетикалық көрсеткіштерге негізделген тарихи фактілер келтірілген.
Кітап "Қазақ бабаларының жеріне адамдардың қоныстануы. Басы", "Қазақ халқының шығу тегі мен тарихы туралы Қазақстанның гуманитарлық ғылымдары", "Қазақ халқының физикалық антропологиясын кешенді зерттеу" және "Қазақ халқының физикалық түр-тұлғасының 40 ғасыр бойы түзілуі" атты төрт бөлімнен тұрады. Антрополог осы еңбегінде Қазақстан территориясын мекендеген ежелгі тайпалардың сырт келбетіне қатысты дәлелді ақпарат береді.
Көпжылдық зерттеу нәтижесінде Оразақ Смағұл қазақ халқының этногенезі және этникалық тарихын зерттеуде Қазақстанда алғаш рет антропологиялық материалдар қолданды. Ғалым палеоантропология (көне замандағы адамдардың бас сүйек қаңқасын зерттейтін сала), этникалық краниология (бас сүйек), серология (қан жүйелері), соматология (бас-дене құрылысы), одонтология (тіс құрылысы) мәселелерін зерттей келе, 40 ғасырға жуық уақыт қазіргі, орта ғасырлардағы және ежелгі Қазақстанды мекендеген тайпалардың генетикалық құрылымын анықтады. Сондай-ақ, ғалым қазіргі қазақтар мен қола дәуірі тұрғындарының ортақ жалғастығы барын айғақтады.
Мұнымен қатар, антрополог қарапайым оқырманның айтылған мәліметті биологиялық, физиологиялық зерттеулер жүргізіп жүрген мамандар деңгейінде түсінбеуі мүмкін екенін айтады. Ал ежелде Қазақстан территориясын мекендеген еуропеоидтардың көзінің көк, шашының сары болуы — екінші дәрежелі белгілер ғана екенін ескертті. Сондай-ақ, ол ежелгі және қазіргі еуропеоидтардың айырмашылығы жер мен көктей екеніне тоқталды.
"Осыдан 4 мың жыл бұрын Алтай мен Каспийге дейінгі аралықты мекен еткен қазіргі қазақтардың ежелгі ата-бабалары бет-бейнесі, дене құрылысы, қаңқа сүйегі жағынан көне еуропеоид болған. Сондай-ақ, әр өңірдің көне еуропеоидтардың өзіндік аймақтық ерекшеліктері болғанын түсінуіміз керек. Соның ішінде Қазақстан жерін мекендеген еуропеоидтардың беттері жалпақ, аласа, мұрындары қоңқы, маңдайлары тайқылау келген. Олар қазіргі қазақ расасының түзілуіне негіз болған адамдар. Қалай болғанда да, ең түпкі арғы атасы", — деді тарихшы Оразақ Смағұл.
Бұдан өзге ғалым бүгінгі таңда жер бетінде бірде-бір таза раса жоқ екенін айтып өтті.
"Астарында саясат жатыр…"
Ал тарихшы Жақсылық Сәбитов "Андрондықтар — қазақтардың бабаларының бірі. Есімдері әдейі өшірілген басқа да бабалары болған" деген пікірде. Яғни ғалым бұл концепция астарында саясат жатқанын меңзейді.
"Бұл қазіргі заман қазақтарының Қазақстанды ежелде мекен еткен тайпаларымен антропологиялық байланысын көрсете отырып, ұлттың осы территорияны иемденуге құқығы бар екенін дәлелдеу үшін қажет болды. "Қандас туысқандыққа" қатысты концепция халыққа келесідегідей жетті: "Біздің бабаларымыздың (нағыз қазақтар) көзі көк және өздері еуропеоид болған. Бірақ Шығыс Азиядан келген көшпелілер (моңғолдар) легі қазақтардың сырт келбетін бұзды". Бұл аңызды мысалмен түсіндірейін. Аңыз деп әдетте қиын дүниені оңай жолмен жеткізуді айтамын", — деді тарихшы.
Ал тарихшы Жамбыл Артықбаев қазақтардың ежелгі ата-бабаларының еуропеоид нәсілді болғанын дәлелдей алсақ та, көзі көк, терісінің түсі сары болғанына қатысты нақты дәлел келтіру қиын екеніне назар аударды. Осы орайда, ғалым мысалға ирандықтарды келтірді. Яғни аталған ұлт өкілдері еуропеоид нәсіліне жатса да, олардың шашы қара, терісінің түсі қоңырға жақын, ал көзі қара немесе қоңыр болып келеді.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
Eñbek ministrligi Oñtüstik Koreyada zañsız jürgen qazaqstandıqtarğa eskertu jasadı
Еңбек министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады
Последние новости
Nağız qazaqtardıñ közi kök, şaşı sarı bolğanı ras pa
ناعىز قازاقتاردىڭ كوزى كوك, شاشى سارى بولعانى راس پا
Нағыз қазақтардың көзі көк, шашы сары болғаны рас па