Жаңалықтар

Автор: ADMIN

Жаңалықтар

Следуй за нами

28

Қазақ зергерінің әлемді тамсандырған өнері

news single

Ұлттық өнер – халықтың рухани мұрасы. Ал оны сақтап, жаңа белеске көтеру – нағыз шеберлердің еңбегі. Сондай сирек дарын иелерінің бірі – Икрамжан Рафиков. Ол 30 жылдан астам уақытын зергерлік өнерге арнап, қазақтың дәстүрлі әшекей бұйымдарын жаңғыртып келеді, деп хабарлайды Shalqar.kz тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Зергердің қолынан шыққан сырға, алқа, білезік, жүзік пен белдіктер тек ХVIII–XX ғасырлардағы қазақ мәдениетіне ғана тән емес, сонымен қатар сақ дәуірінің өрнектерін де бойына сіңірген. Осындай шеберлік пен ұқыптылықты талап ететін өнерге бүгінде жастардың қызығушылығы төмендеп барады.

«Қазіргі жастардың көбісі блогерлікті таңдап, жылдам табыс тапқысы келеді. Ал зергерлік – төзім мен табандылықты қажет ететін кәсіп. Бұл өнерді игеру үшін кемі 3–4 жыл қажырлы еңбек ету керек», – дейді Икрамжан Рафиков.

Зергер шеберлігі тек елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де мойындалды. Ол Непал, Ыстанбұл, Қоқан, Ташкент сынды қалаларда өткен халықаралық көрмелер мен фестивальдерде қазақтың зергерлік өнерін насихаттап, жүлделі орындарға ие болған.

2019 жылы Вашингтонда өткен дүниежүзілік көрмеде Қазақстан атынан қатысып, ұлттық өнерімізді әлемге әйгіледі. Ал 2021 жылы Нью-Йоркте өткен ерекше байқауда ХVIII ғасыр стилінде жасалған алқасы жоғары бағаланып, «Әлемнің қолөнершісі» атағын иеленді.

«Бұл байқауға қатысу үшін әшекейді өзің емес, тек туындыңды жіберу қажет болды. Қазылар алқасы қазақтың ою-өрнегіне тәнті болып, бірнеше рет хабарласып, олардың мағынасын сұрады», – дейді шебер.

Зергер өнері әр халықтың мәдениетіне сай өзіндік ерекшеліктерге ие. Икрамжан Рафиковтың айтуынша, өзбек зергерлері көбіне алтын бұйымдарға мән берсе, қазақ шеберлері күмісті көбірек қолданады. Сондай-ақ еліміздің әр өңіріндегі зергерлік бұйымдар көрші халықтардың мәдени ықпалына байланысты өзіндік ерекшеліктерге ие.

Шебердің арманы – қазақ зергерлігінің мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. «Адам өмірден өтеді, бірақ оның артында қалған өнері мен ізгі амалдары мәңгі жасайды», – дейді Икрамжан ака.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться