Әлем

Автор: ADMIN

Әлем 2026-03-30 15:52:00

Біз әлеуметтік желілерде:

ГАРИ БЕРНАСКОНИ - СПОРТ ПЕН ӨНЕРДІ ТОҒЫСТЫРҒАН «ӨМІР СУРЕТШІСІ»

news single

 

   Швейцариялық Гари Бернаскони - өзін «өмір суретшісімін» деп атайтын бірегей тұлға. Оның болмысы екі түрлі әлемнің - темірдей тәртіпті қажет ететін жоғары деңгейлі спорт пен нәзік иірімдерге толы сырлы өнердің ажырамас бірлігінен құралған.

   «Менің өмірім - өнер мен қозғалыстың мәңгілік ұштасуы. Мұнда шығармашылық шабыт пен физикалық тәртіп бір-бірін толықтырып, жаңа белестерге жетелейді», - дейді кейіпкеріміз. Ол Қазақстанның жиі әрі қадірлі қонағы. Оны ұлан-ғайыр даламызбен тек жұмыс емес, тамыры терең рухани сабақтастық байланыстырады. Гари қазақтың еркін рухына, бай қолөнері мен көшпенділер мәдениетінің жұмбақ әлеміне ерекше ынтызар. Ол қазақ шеберлерінің детальдарға мән берудегі ұқыптылығы өз мүсін жасау техникасымен үндесетінін мақтанышпен айтады.

 

   ЛУГАНОДАН АРОНЬОҒА ДЕЙІН: БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

 

  Гари Швейцарияның табиғаты көркем, ауасы шипалы Тичино аймағында өсті. Оның еңбекқорлық қасиеті Луганодағы отбасылық қонақүй бизнесінде шыңдалды. Алайда, тау мен тастың арасында өскен ұланның жаны әрқашан табиғаттың еркіндігі мен тылсымын аңсайтын. Оның шығармашылық бастауы - Ароньодағы әжесінің мейіріміне толы үйі. Бүгінде сол мекен Гаридің қара шаңырағы мен киелі шеберханасына айналған. «Тичино - менің тамырым. Луганода еңбекке ерте аралассам да, көңілім әрқашан Ароньоның тыныштығына асығатын. Қазір жаттықтырушылық жұмысымнан босаған сәтте сол шеберханама келіп, жанымды емдеймін. Мен үшін қазіргі басты мақсат - әрбір туынды арқылы тұтас бір хикая шерту», - дейді ол өткен мен бүгінді сабақтай отырып.

 

  ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН ҰСТАЗ

 

   Спорт әлемінде Гари - аңызға айналған есімдердің артында тұрған нағыз «алхимик». Ол Швейцарияның фристайл-акробатика (Ski Aerials) құрамасының күш даярлығы жөніндегі бас бапкері. Оның басты міндеті - спортшының денесін экстремалды жүктемелер мен секірістерге болаттай берік, ал икемділігін жібектей нәзік етіп дайындау. Оның шәкірттері - Ной Рот (Noé Roth) пен Пирмин Вернер (Pirmin Werner) секілді Олимпиада шыңын бағындырған жұлдыздар. «Мен үшін коучинг - бұл шығармашылық. Мен спортшының тек бұлшықетін емес, оның ішкі энергиясын, тұлғалық болмысын көремін. Тілсіз түйсік пен қатал техниканың тепе-теңдігі ғана жеңіске жетелейді», - дейді Гари. Оның коучингі - бұл адам мүмкіндігінің шегін зерттейтін өнер.

 

   ӨНЕРДІҢ ҮШ ТАҒАНЫ: МҮСІН, КЕСКІНДЕМЕ, ЗЕРГЕРЛІК

 

   Гаридің өнері - алдын ала сызылған «жоспар» емес, үздіксіз «процесс». Мүсін жасағанда ол қолын материалдың еркіне беріп, бейсаналы түрде форма іздейді. Балшық пен тас оның саусақтары арасында тіріліп, тылсым болмысқа айналады. «Мен соңғы нәтижені алдын ала білмеймін. Формалар жұмыс барысында өздігінен туындап, өз бағытын айқындайды. Өмірге келген бұл бейнелер бейне бір тыныс алып тұрған тірі мақұлықтар секілді сезіледі». Оның кескіндемедегі стилі де - шекарасыз эксперимент алаңы. Ал зергерлік өнері Гариді адам денесінің анатомиясына, әрбір майда сызықтың үйлесіміне жақындата түсті. «Ең кішкентай элементтің бүтін бір дүниені қалай қалыптастыратыны мені әлі күнге таңғалдырады. Бұл ұқыптылық менің бапкерлік жұмысымда да басты қағидаға айналды», - дейді шебер.

 

    ҚОБЫЗДЫҢ ТЫЛСЫМЫ МЕН ДАЛА РУХЫ

 

   Гари Бернаскони Қазақстанға тек кәсіби маман емес, рухани ізденуші ретінде келеді. Ол қазақ қолөнершілерінің табиғи материалдарды тірілту шеберлігіне тәнті. Өзі ән айтатын, өнерді жанымен сүйетін Гари елге оралғанда Швейцарияға қазақтың қасиетті қобызы мен шертерін ала кетті. Бұл жай ғана жәдігер емес, оның шығармашылығындағы жаңа белес болды. Қазір ол Альпі тауларының баурайында қобыздың адам дауысына ұқсайтын мұңлы үнін үйреніп жүр. Қобыздың дірілі мен тереңдігі оған даланың шексіздігі мен еркіндігін сезіндіреді. Швейцарияның асқар шыңдарында қазақ қобызының боздаған үні жаңғырып, екі мәдениеттің арасындағы алтын көпірге айналды.

 

    ТАБИҒАТПЕН ТІЛДЕСКЕН ТАЛАНТ ЖӘНЕ ШЫМБҰЛАҚТЫҢ ДОСЫ

 

   Гаридің табиғатпен байланысы аңызға бергісіз. Оның Альпі аңғарында музыка ойнап тұрған сәтінде жабайы бұғылардың тапжылмай келіп тыңдауы - ішкі жан дүниесінің тазалығының айқын айғағы. Ол - хайуанаттардың да, таудың да тілін түсінетін сезім иесі. Алматының Шымбұлағында өткізген күндерінде ол таудың әрбір тынысын сезінеді. Оның Шымбұлақтың танымал итін бауырына басып, көтеріп түскен фотосы әлеуметтік желіде көпшіліктің жүрегін тебірентті. Бұл суретте әлемдік деңгейдегі қатал бапкер емес, кішкентай тіршілік иесіне мейірім төккен үлкен жүректі адам бейнеленген.

 

    ТӘРТІП ПЕН ШАБЫТТЫҢ ҮЙЛЕСІМІ

 

   «Өнер де, спорт сияқты, бізді төзімділікке баулиды. Тәртіп пен шабыт - менің қос қанатым», - деп түйіндеді сөзін Гари. Гари Бернаскони - еуропалық интеллигенттілік пен көшпенділердің еркіндігін бойына сіңірген бірегей тұлға. Оның Луганодағы шеберханасы мен Қазақстанның кең даласы арасындағы бұл рухани байланыс әлі талай ғажайып туындылар мен спорттық жеңістерге арқау болары сөзсіз.

 

   Інжу Сағидолла

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться