Алматы Ажары

Автор: ADMIN

Алматы Ажары 2026-03-06 05:18:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Біз Медеу жайлы не білеміз?

news single

   Біз Медеу жайлы не білеміз? Әйгілі Медеу мұз айдыны мен бір ауданның есімін алып отырған Медеу кім? Қазір күллі қазаққа белгілі Медеу жайлы әңгімелегенде алдымен оның шыққан тегі, әкесі жайлы әңгімелегенді жөн көрдік. Медеудің әкесі Пұсырманның арғы бабасы – шежіреге үңілер болсақ – ақындар мен батырлар елі атанған – Шапырашты, оның ішінде Есқожа. Есқожадан үш ұл – Алысай, Алтынай, Шуаш. Алтынай – қатарынан аты озған, сөзі дәуірінде дүрілдеп жүрген, айтқаны келген әулие, шешімін кесіп айтқан, бәріне абыз атанған қадірлі жан болған. Алтынайдың бәйбішесінен алты ұл – Қойшегір (Бессары), Байшегір, Жаншегір, Бекшегір, Нұршегір, Болай, екінші әйелінен — Тоқтамыс, Шағаман, ал үшінші әйелінен — әйгілі Қарасай батыр туған. Болай – еті тірі, пысық, жұртты ерлікке, диқаншылық кәсіпке шақырып, жақсы іске ұйтқы болған. Болайдың – Бикісі, Құлкісі, Боранғазы, Жолдыбай, Шақа деген бес баласы да намысын ешкімге жібермеген ынтымағы жарасқан, әрқашан қазақ – қырғыз арасында беделабыройға ие болған дәулетті ата екен.

 

    Болайдың кенжесі Шақадан-Жайықбай, Дүйсенбі, Доғалақ есімді үш ұл тарайды. Жайықбай — қолы ашық, төрінен қонақ үзілмеген, кермеден ат кетпеген жомарт жан болыпты. Жайықбайдан – Малбасар, Сәмен, Құл. Ал, Құлдан – Пұсырман, Серікбай, Төлебай, Күзенбай, Саркөбек. Енді міне, осы Пұсырманнан — Күртібай, Медеу, Батырбек атты үш ұл тарайды, — деген еді бізбен әңгімесінде ғалым, педагог, Ұлы Отан соғысының ардагері Мүштай аға Батырбеков ата шежіресін жан-жақты таратып. Белгілі тарихшы Аубай Байғазиев ағамыздың “Бәйдібек баба  алып бәйтерек” атты кітабында да бұл шежіре жан-жақты жазылып көрсетілген. Пұсырманды ел-жұрты, замандастары “Ойжелке Пұсырман ер” деп атап кеткен. Пұсырман Сұраншы батырмен түйдей құрдас екен, екеуі керемет дос, бауыр болған. — Хан Кәшкенің ұрпағының тізесінен қос адым төмен отырасыңдар, — дейді Сұраншы батыр қырық құрсаулы, тоқсан баулы хан Кәшкенің туын тігіп қойып. — Бірақ, менің оң жақ тіземнің жанында ойжелке Пұсырман ғана отырады. Ойжелке Пұсырманды мен өлімнен екі рет алып қалдым, ол мені бір рет жау оғынан сақтап қалды. Екеуміз ит жейдеміз бір жылы тозған төл құрдаспыз ғой, ажал бізді алуға асықпапты, ақыреттік дос осындай болар, сарбаздарым! – деп Пұсырманды қасынан тастамаған. Ел аузында “есіл ойжелке Пұсырман ер” деген талай-талай аңыз — әңгімелер қалды.

   Сұраншы екеуінің бір-бірін қалай ажалдан аман алып қалғандары, батырлығы мен өжеттігі, достық рәуіштегі әзіл- қалжыңдарын ел ақсақалдары күні бүгінге дейін жыр ғып, сыр ғып айтады. Пұсырманның шөбересі Кәуар Шағатаева шығарған өлеңі ел арасына тарап кеткен. Сұрасаң арғы атамды ер Пұсырман. Жақсы болмағы адамның пиғылынан Ойна, күл жас күніңде деп айтамын Пайда жоқ өлгеннен соң жиған малдан… Ойжелке Пұсырман ер өмір сүрген дәуір – аумалы-төкпелі, азынаған желді, дауылдатқан дауылды зар заман болды. Ол кезең қоқандықтар қызыл ала шапанын жамылып, найзаларын қоқайтып батыстан келіп бас салды. Алатаудың күнгейіндегі қырғыздар дүркін -дүркін барымталатып, қарсы айбат көрсетпесе басынып, басыбайлы құл еткісі келді, малын айдап, барын алдап алғысы келді. Аузы-мұрнын түк басқан қара шекпенді қолдарында отауыз мылтығын кезеген орыс казактары топ-тобымен қамалап, елін, жерін тонады. Осындай қилы-қыстау кезеңде ойжелке Пұсырман ер қоқандармен де, қырғыздармен де, орыстармен де ашық майданда арыстандай айқасты, талай шайқасты басынан өткерді. Сан мәрте жараланды. Олар Пұсырманды ашық майданда ала алмады, жеңе алмады. Бірақ ең қиыны, бұғынып жатқан өз ішіндегі жау — қазақ бауырларының жала-арызымен абақтыға қамалып, Сібірге айдалды-ау. Орыстар астыртын айламен осылай ел ішін бүліндіріп, өзінің жақындарын қарсы айдап салды, олар өтірік жала жапты. “Адаспаймын деген ер тал-түсте жолдан адасады” деген осы. Ойжелке Пұсырманның ерлігі, Сұраншымен достығы жайлы жазушы Мұхаметжан Етекбаев жазды. Пұсырмандай ерден қалған асыл тұяқ – Медеу есімі күллі жалпақ жұртқа танылды, Медеу өзінің кім екенін замандастарына ісімен, өнеге-үлгі ғұмырымен танытты.

 

   Медеу 1850 жылы Жетісу губерниясында, Кіші Алматы болысының Верный уезіндегі №3 (үшінші) ауылда, қазіргі Іле ауданындағы Түймебаев атындағы ауыл тұрған жерде дүниеге келген. Медеу– қарапайым жұрттың арасынан шығып, бірте-бірте дәулетті болған адам. Сондықтан да өскен ортасына көмегі көп тиген. Әсіресе, табиғатқа шын жанашыр бола білген. 1902 жылғы ашаршылықта Медеу аш адамдарға барынша көмектесіп, “Балдан тамады, бардан жұғады” дегендей, кедей-кепшік, шығайларға көп болысып, жәрдемдесіп, олардың қашанда таптырмас қамқоршысы болған және де ет дайындауда және оны ашыққандарға бөліп беруде үлкен көмек көрсеткен, әсіресе, патша әскерлері де сол таулардың бөктерінде әскери жаттықтыру жұмыстарын атқарып жүргендерінде тамақ пен қымыз-сусынын еш ақшасыз беріп отырған. Қара халыққа үнемі болысып, жоғын жоқтап отырғандықтан, ел-жұрт та оны қатты сыйлаған. Медеу тарихына тереңірек бойлау үшін, алдымен Жетісу өлкесінің өткен ғасырдағы тыныс-тіршілігінен бастау керек. Өйткені, сол уақытта Верный бекінісінің салына бастауы, соған сәйкес осы төңіректегі әлеуметтік өзгерістер, жергілікті халықтар мен орыс халқы арасындағы қарым — қатынастардың нығая түсуі, тағы басқа тарихи жағдайлардың қазіргі Медеу есіміне біршама қатысы бар. Белгілі саяхатшы А.К. Гейнс Алматының орнына алғаш салына бастаған бекіністің Верный аталғанын былайша түсіндіреді. Генерал-губернатор Г.Х.Гасфорттың София, Надежда, Вера есімді үш қызы болған. Генерал сүйікті қыздарының құрметіне ертеден бері Талғар, Есік, Алматы атанып келген қоныстардың орнына тұрғызылмақшы болған станица — әскери бекіністі Софьяно, Надеждино, Верино деп атауды ұйғарады. Соңғы атау (Верино) І Николай патшаға аса ұнамайды да, Вериноны сызып тастап, үстіне Верный деп сойдақтата салады. Жалпы, Медеу жайлы айтқанда Алматы қаласының арғы-бергі тарихына көз жүгіртпесе болмайды. Алматы мен Медеу тығыз байланысты.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Басты жаңалықтар

img
Алматы Ажары 2026-05-24

Biz Medeu jaylı ne bilemiz?

img
Алматы Ажары 2026-05-24

ALMATI TARIHI

Последние новости

img
Облик Алматы 2026-05-24

MEDEU: «FABRIKA REKORDOV» I LEGENDA GOR

img
Алматы Ажары 2026-05-24

MEDEU: ÄLEMDİK REKORDTARDIÑ «WSTAHANASI»

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться