Жолсапар

Автор: ADMIN

Жолсапар 2026-06-07 21:19:00

Біз әлеуметтік желілерде:

АҚСАРАЙ

news single

   Ертіс бойындағы көне қоныстардың бірі Ақсарай деп аталады. Совет үкіметі уақытында бұл жер Киров атындағы совхоздың екінші фермасы болған. Әп әдемі, кішкентай ғана қазақ ауылы еді дейді білетіндер. Ақсарай атты ғажап тарихтың белгісін де сақтап қалған осы кішкентай ауыл. Бүгінгі күні шаруа баққан бірнеше ғана отбасы қалыпты бұл ескі қоныста. Ортасында Жорық деген қариясы бар екен, бірақ сөзге жоқ, өмір бойы мал соңында кеткен адам. Дәл осы жерлерден біз 2001 жылы экспедиция жасап өттік, бірақ ол жолы көбінесе Қалабалғасұнмен әуре болып Ақсарайға мойын бұра алмадық. Ақсарай аты қайдан шықты, осы атаудың тарихы бар ма деп үлкендерден сұрасаң мардымды жауаптары жоқ. Біреулері бұл жерде колхоз құрылып жатқан уақытта, яғни 20 ғасырдың 30-шы жылдары бір құрылыс салынған екен-мыс дейді. Не клуб, не мектеп, ешкім анықтап айта алмайды. Жәрәйді, Ақсарай совет заманында-ақ орнасын, ал оның жанындағы Жаңа сарай, Күйген сарай қай заманда орнады десең, оған да жауап жоқ.

 

    Жергілікті ел патша заманында бір, совет заманында екі тапталғаннан кейін, тарихтан, ескі әңгімеден ажырап қалған. Аяйсың, аяйсың да қынжыласың. Тарих тәрбиенің құралы емес пе, өз туған жерінің тарихын білмеген бүгінгі жастардан ертеңгі күні дұрыс азамат шығуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Тарихтың үстінде отырып, сол тарихты білмейміз. Бұл жазасыз кетпейді ғой. Елдің жағдайы жаңағы, ең болмағанда осы елді басқарып отырған азаматтардың көкірегінің сәулесі болса екен деп тілейсің. Ақсарай, Жаңа сарай, Күйген сарай атаулары Совет үкіметі билік құрған заманда бұл елді-мекендерге қойылуы мүмкін емес. Оған басты себеп, ол кезде елді-мекендердің т.б. советтік идиологияға сәйкес реестері болды. Оның мысалын дәл осы Ертіс бойынан да көруге болады. Маңайыңызға қарасаңыз, әлі күнге дейін сол атаулар сыңсып тұр: Сталин туы – Жұмыскер, Қызыл еңбек, Спутник, Жаңатаң, Жаңа тұрмыс, Жаңаауыл, Ильич, одан қалды Ермак т.б. Бұл реестрде Ақсарай аты жоқ. Ол реестрге Ақсарай аты кіруі де мүмкін емес, себебі Ақсарай тарихи атау, патшалардың, ханзадалардың мекені, тақ құрған жері дегенді білдіреді. Ақсарай аты Еділ бойынан бастап Ауғанстандағы түрік тайпалары қоныстанған жерлердің бәрінен де осы соңғы мағынада кездеседі.

 

   Мен Еділ бойындағы Ақсарай деген жерде болдым, Астраханнан бері 100 шақырым болмайды. Ертеде Алтын Орда хандарының жазғы қоныстары, жәйлі қоныс, ата-баба қорымы. Еділ бойындағы Ақсарай ауылында орыс пен ноғай араласа отыр. Соңғысының қазақтан айырмашылығы жоқ, қариялары тарихты сайрап отыр, Ақсарай ноғайлының қаласы болған, бұл жерде Едіге би билік құрған дейді. Қазіргі Атырау (Гурьев-Үйшік) қаласынан алпыс шақырым Сарайшық қаласы Алтын Орда хандарына да, ноғайлының билеріне де, одан бергіде қазақтың хандарына да орда болған. Басқасын айтпағанда, Дешті-Қыпшақты билеген хандардың ішінде Жошыдан кейінгі мықтысы қазақтың Қасым ханы сол Сарайшықта жерленген. Алтын Орда хандарының үлкен ордасын Сарай-Бату, Сарай Берке (Сарай-әл Жәдид, яғни Жаңа Сарай) аталған. Осыншама сарайларды біліп отырып, отаршыл үкімет қазақ жерінде осы атауды қайта жаңғырта ма?! Ақсарайдың қазіргі үлкені Жорық. Бұл жердегі зиратта қасиетті үлкен кісілер жатыр, машинамен жүргенде байқап жүріңіздер дейді. Осы маңдағы ел бұл әңгімені ертеден біледі. Бейіт жанынан зулап өтеміз деп талайлар өз сазайын тартса керек. Қазақ бейітінің жанында қимақ (кемек) дәуірінің зәулім қорымы жатыр.

 

   Диаметрі 100 метрге жақындайды, биіктігі 7-8 метрдей. Маңында толып жатқан ұсақ қорған. Қорғанның басын геологтар бұрғылап тастаған, солардың да теспей, бұзбай жүрген жері жоқ шығар. Ертістің ескі арнасының жиегіне орналасқан Ақсарай ауылын, оған таяу қазақ-қимақтың аралас қорымын тұтас алып қарасақ, бұл жердің неге Ақсарай аталғаны белгілі болады. Осыдан мың жыл бұрын Ақсарай маңында қимақ (кемек) елінің ірі саяси орталығы және патшалары жерленетін қорымы тұрды. Қимақ қорғандарының басында сақталған сынтастардың ізі де осыны нұсқайды. Әрине, бүгінгі ол сынтастардан қалған ештеңе де жоқ. Мен бұл жерге 2001 жылы келгенде осыны ойладым. Жолдың шетінде тұрған қимақ қорғанынан бастап Ертістің жағасына дейін толып жатқан зират іздері, құрбандық шалатын орындар, қоныс белгісі, Ертіс бойында тас аз болғандықтан бәрі де шым, не саманнан салынған сияқты. Бірақ адамның жолы болайын десе оған ештеме де бөгет бола алмайды. Біз ғайыптан сұрай-сұрай бұрын осы Ақсарай ауылында тұрған, қазір осы Ақсудың маңында Еңбек ауылын мекен етіп жатқан Бауыржан деген азаматты кездестірдік.

 

   – Міне, нағыз Ақсарайдың иесі осы жігіт екен. Бала кезімде Ақсарайдың іргесінде жол жөндеушілер жер қазып жатты,- дейді Бауыржан. Жас бала болса да, эксковатордың күрегіне іліккен ерекше тас мүсінді көріп қалып, ағаларына жалынып, үйге сүйретіп алып келіпті. Кәдімгі көне түрік дәуірінің тас мүсіні, салмағы жүз кило болар, көк граниттен жасалған. Қазақтың атама көк тас қойдым дегені есіме түседі. Адамның бейнесі нақты жасалған: көзі, құлағы, мұрны мен аузы, екі қолы, ұстаған тостағанына дейін таста айшықталған. Бұл тас Ақсарайға алыс өлкелердің бірінен келген, тіпті арнайы тапсырыспен Бұхар, немесе Самархандта да жасатуы мүмкін деген пікірдеміз. Себебі тастың өзі ерекше, жергілікті Баян мен Қарқаралының, немесе Қалмақ қырғанның гранитіне ұқсамайды. Егер сіз Керекуден Семейге қарай өзеннің сол жағасымен жүрсеңіз, Ақсу ауданының шекарасынан да жоғарыда айтылған тарихи орындарға кездесесіз. Бұл Май ауданының жері деп есептеледі. Екі ортада Май ауданының орталығы Көктөбе ауылы жатыр. Бір ғажабы, Ертіс бойына Май мен Көктөбе атаулары қаншалықты жат болса, Ақсарай, Жаңасарай, Күйген сарай атаулары соншалықты жақын. Себебі дұрыс білімі бар тарихшы бұл атаулардың қалай шыққанын, сол заманды, атақты хандары мен билерінің ісін баян қылып айтып бере алады. Ақсарай мен Жаңасарай Малайсары ауылынан шыға жолдың сол жағасынан кездеседі. Бұл Ертістің ескі жиегі, ал ұлы өзеннің өзі бұл жерден ондаған шақырым солтүстікке қарай жатыр. Оның есесіне Ертістің жарының ішінде қарасулар мол.

 

    Көне түрік заманында ел билеушілердің осы жерді таңдауына да бұл мәселе тікелей әсер етсе керек. Күйген сарай қонысының орнын біз жолдың оң жағынан кездестіреміз. Қзіргі уақытта Күйген сарайдың үстінен Ақсу-Дегелең темір жолы өтеді. Бұдан басқа қырға қарай жүрсеңіз сіз Қазылық көліне жолығасыз. Оның арғы тарихы "Баян аула-Қазылық”, "Қарқаралы-Қазылық” атауларында жатыр. Қазақ "Үш Қазылық” деп Қарқаралы, Кент, Қу тауларын айтады, одан басқа бес Қазылық деп те атайды, оған Баян кіреді. Бұқар жырау "Он екі Қазылық – ой Түңдік”- дейді. Түндігі солтүстікке қарай ағып жатыр, ол да Ақсарайға алыс емес. Әр жерде Совет дәуірінде, Қайта құру заманында салынып, одан кейін қирап қалған құрылыстар жатыр. Бір қарағанда бұл жерде қимақ (кемек) патшаларының ізі де жоқ сияқты, ал шын мәнінде олардың аты мәңгілік. Адам болып өмір сүргеннен кейін жақсы ісіңді, жақсы атыңды қалдырғанға не жетсін?! Ақсарай, Жаңасарай сай болайық жақсы ағайын!

 

   АҚТОҒАЙ

Ертістің сол жағасындағы қазір Ақтоғай ауылы орналасқан жер тарихта ертеден белгілі. Е. И. Максимова, Ф. Х. Арсланова сияқты археологтардың 20 ғасырдың 50-60 жылдары жүргізген археологиялық барлау жұмыстары Ақтоғай маңындағы көптеген ескерткіштердің картаға түсуіне жол ашты. Бірақ бір өкініштісі әлі күнге дейін бұл тарапта тиянақты зерттеу жұмыстары, салмақты монография жасалған жоқ. Біріншіден бұл шаруаға ғылыми деңгейі бар, екіншіден ерінбей-жалықпай ізденетін, осы істің соңынан түсетін адам керек. Ақтоғай атауына байланысты ғалымдардың арасында бірнеше пікір бар. Олардың көпшілігі бұл атауды өзен жағасына өскен ағаш, жайқалған шөп деген мағынада түсіндіреді. Бірнеше сөздіктерге негізделінген жерлес ғалымдардың кітапшасында былай деп жазылған: "Ақтоғай - (белый, чистый, светлый) густой лес с лугавой растительностью" (1,с.59). Дегенмен әдебиетте "Ақтоғай" тарихы тым көнеге кететіні және оның тоғаймен тікелей байланысты емес екені ескертіледі: "Ақтоғай- ойыс жерлердің, су жағалауларының аттары. Тым көне атаулар. Атау құрамындағы ақ және тоғай сөздері қазіргі мағыналарынан қашықта қалған компоненттер. Ақ сөзінің "су" мәнінде келетін кезектерін еске сақтап, тоғай сөзін қысқаша шолайық.

 

    Тоғай сөзі лексика немесе тополексема түрінде қилы фонетикалық варияцияларда (туғай, тоқой, тохой, туқай) бүкіл түркі және монғол тілдері топонимиясын былай қойғанда жалпы славян (туғай), угор (токай) тілдес халықтар атауларынан да, әдеби нормадағы терминдері қатарынан да берік орын алған тым көне форма. Сондықтан да оны түркі-монғол тілдері шеңберінен артып, "алтаистика" аясына енген форма деуге болады. Орыстың ғылыми және басқа терминологиясының төркінін қарастырғандар (К. Р. Бабаев, Е. Н. Шипова т.б.) бұл лексеманың немесе алғашқы түсінігінен алыстап кеткен токай прототипінің берер мағынасын "иілме", сөзбе-сөз "шынтақ" (ор. "локоты") деп қарайды (219,328; 17, 73)". Қазіргі қазақ тілі нормасына келтіргенде бұл сөздің төлеуін, жобамен "сайсала" немесе "ескі арна" мәндес ұғым береді" (2, 36-37 бб.). Тілші ғалымның бұл жазғанында, әрине, ойға қонымды пікірлер бар. Тек ескеретін мәселе қазіргі Павлодар облысының Ақтоғай ауылы Ертістің негізгі арнасына жақын орналасқан. Соңғы кезге дейін ол жерде кеме тоқтайтын үлкен айлақ болды. Ертісті әрлі-берлі бойлап жүрген кемелер осы ауылдың тұсында тоқтап, ат шалдыратын.

 

    Жалпы бір ескертетін мәселе Ертіс қанша жерден ұлы өзен болғанымен тұрақты кеме, яғни су қатынасы Керекуден төменгі жерде ғана бар. Кекрекуден жоғары жаздың ортасына қарай су тартылыңқырап, кемелер қайраңға отырып қалуы жиі кездеседі. Біз суреттеп отырған Ақтоғай айлағы Керекуден төмен орналасқан, күні бүгінге дейін бұл тұстан кемелер қиналмай өте береді. Тағы бір есте болатын жағдай Ақтоғай ауылының тұсында Ертістің жары өте биік. Әдетте біз биік жарларды Ертістің оң жағалауынан кездестіреміз, Ақтоғайдың ерекшелігі сол жағалаудағы жарда. Менің ойымша нақты Ақтоғай аталған жер қазіргі осы аттас ауылға шығыстан келіп килігеді. Павлодардан Ақтоғайды бетке алып шыққан уақытта жолдың оң жағынан Қараобадан басталып қалың тоғай, шалғынды алқаптар көп кездеседі. Егер шамалап айтсақ Түлкісудың Ертіске қатарласқан тұсынан Ақтоғай ауылына дейінгі алқап ну, шаруашылыққа да, адамға да қолайлы қоныс. Міне осы жер Г. Қ. Қонқашпаевтың "Ақтоғай – поэма реки с богатой лесо-лугавой растительностью" деген анықтамасына келеді. Енді Ақтоғай ауылының нақты өзіне келейік. В. Н. Попова революцияға дейінгі статистикалық мәліметтерге сүйеніп қазіргі Ақтоғай ауылы тұрған жерде 1915 жылы крестьян поселкасы орын тепті дейді. Оның номері 77 болған (қазақ шаруаларынан алған шұрайлы жерлерді землемерлер номерлеп, Переселен басқармасы Ресейден келген мұжыққа бөліп берген). В. Н. Попова поселка орныққан жер бұрын Ветлова гора (1907 ж.) деп аталушы еді дейді (5, с. 266). Біздің қолымызды "Ветлова гора" атауының қайдан шыққаны туралы мәлімет жоқ. Оның орнында ескі карталарда Түлкінің жары деген сілтеме бар, осы Ақтоғайдан шығысқа қарай биік жарлар ертеде солай аталуы мүмкін деген жорамал жасауға болады. Түлкінің үш жарынан кейін Аллаберді жары кездеседі. Қалай болғанда да осы жарлардың жағасына орныққан орыс шаруаларының Краснокутск деревнясы 1993 жылға дейін әкімшілік атау (аудан аты), ауыл аты т.б. картадан да, ақпараттан да қалмай қойды. В.Н. Попова "Краснокутск атауы жергілікті жер ерекшелігінен шықты дейді: "Краснокутск" (от красно) плюс соде. Гласного о плюс кут-угол, тупк, конец глухого залива, заводи, мыс" (5, с.266). Егер де бұл атау осы мағынада қазіргі Ақтоғайдан 50 шақырым не әрі не бері жолықса мен дауласпас едім, ал қазіргі ауылдың орналасқан жері осы анықтамаға келмейтін сияқты. Жоғарыдағы күмән бізді Краснокутск атауының мағынасын қалмақтың "Улан обкуд" атауынан іздеуге итермелейді. Қалмақтың діни басшысы Зая-Пандитаның өмірбаянында оның 1644 жылы Дархан-Цорджи храмынан (ғибадатханасынан) аттанып Улан- Обкуд деген жерге тоқтағаны айтылады. Дархан-Цорджи қазіргі Семей қаласының орнында болған қалмақтың діни орталығы: "В Дархан-Цорджи Зая-пандита задержался на 7-8 дней и отправился в путь. Когда он провел в пути 4 дня, наступил Цаган Саар т. е. Новый год. В этом Белом месяце он прибыл в местность Улан-Обкуд" (6, с.46). Зая-пандита Еділге, торғауыт еліне жүреді. Ендеше оның тоқтаған жері қазіргі Ақтоғай ауылы орналасқан жер болуы кәдік. Егер біздің жоғарыдағы гипотезамыз шындыққа жанасатын болса, онда орыстың Красный кут дегені қалмақтың Улан-Обкудының аудармасы. Сонымен бірге бұл атауға негіз болған көне топоним де осы жерде кездесуі мүмкін. Қалмақтан аударғанда "улан" сөзі қызыл дегенді білдіреді, қазақ тілінде де "улан/ұлан"-жас жігіт, бозбала ұғымын береді, ал "кут/хұт, құт"-бай қоныс, жәйлі қыстау, үй дегенге жақын. Ендеше ерте заманда Ақтоғай ауылының орнында қимақ (кемек) елінің қызыл кірпіштен соққан құрылысы болса керек. Қазіргі Ертіс ауданының жерінде (Сілеті бойы) Қызыл оба деген жер аты бар. Қызыл сарай деген қоныс бар. Олардың бәрі де кеше мен бүгінгі ескерткіштер емес көне заманның жәдігері. Сол сияқты Ақтоғай да өз тарихымен көне заманның қойнына жақындайды деген пікірдеміз. 19-20 ғғ. Басында Ертістің сол жағасындағы ащы көлдерден тұз өндіруге байланысты бірнеше жаңа атаулар пайда болды. Соның бірі "Тұз үйген" Ақтоғай ауылы орналасқан жерде, өзен жағасында болған дейді біздің информаторларымыз. Адам тіршілігін қашанда күнкөріс билейді, бір уақыт Ақтоғай бәрін ұмытып "Тұз үйген" болса керек. Бұл Ертістегі айлаққа жақын жер болуы тиіс. Сонымен Ақтоғай ең алдымен Ертіс жағасындағы үлкен алқапты қамтитын атау деген қорытындыға келеміз. Бұл өзеннің жайылма тұсы, жайылымға, шабындыққа бай жерлер. Нақты елді-мекен орналасқан жер ертеде Қызыл сарай (үй) атанған, кейіннен Краснокут аталған Ертіс жағасындағы айлақ маңы.

 

   ҚАЗАЛЫ

 

 Ертіс бойындағы ұмытылып барып қайта жаңғырған көне атаулардың бірі – Қазалы. 20 ғасырдың 90-шы жылдары қазақ елі өзінің көптен күткен тәуелсіздігіне қол жеткізген уақытта Ұлы Ертістің ішкі саласы Ақсу өзенінің сол жағалауында Қазалы атты жер бар екенін білетін адам өте сирек еді. Бүгінгі күнге дейін түпкілікті мағынасы жергілікті елге әлі түсініксіз болып тұрған Қазалы атауының тарихы өте қызықты. Патша заманында қазіргі Қазалы ауылы орналасқан жер Грязнов деген казак-орыс офицерінің меншігіне берілген екен. Ресей империясы Ертістің оң жағасындағы орыс бекіністерін қорғаймыз деген сылтаумен өзеннің сол жағалауындағы он шақырымдық жерді 18 ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап иемденген (10 верстная полоса). Шабындыққа бай, жері шүйгін, қазақ қыстаулары мол орналасқан осы кең-байтақ алқап орыс-казак офицерлеріне (офицеркие участки) және орыс бекіністерінің (юртовой надел) меншігіне бөліп берілген. 1903-ші жылы Воронеж қаласында басылған "Материалы по киргизскому землепользованию" кітабының төртінші томында (экспедиция по исследованию степных областей под рукаводством Ф. Шербины. Повлодарский уезд) Грязновтың учаскесі Құм қарасу мен Қазалы көлінің арасына орналасқан делінеді. Онымен қатар Құртоғай деген жерде офицер Кутшевтың, Ақшат тоғай деген жерде Калачевтің, Барқы тоғай деген жерде Десятовтың т.б. учаскелері көрсетілген. Казак – орыстың алпауыттарының қолына көшкен өз жерін қайта арендаға (жалға) алып отырған Басентин-Күшік аталары.

 

   Шербина зерттеулеріне қарағанда Ақсу болысының 1-6 ауылдарының қазақтарының көбісі Басентиндер (6, 51-62 бб). Осы деректердің негізінде Қазалы атауының ең алдымен Ақсу өзеніне таяу орналасқан көлге қатысты екенін анықтаймыз. 1900-шы жылы Семей облысының статистикалық комитеті волостной управительдерге (болыс) хат жазып жергілікті жердегі ескерткіштер туралы мәлімет жинастырады. Повлодар уезіне бағынышты 19 қазақ болысының ішінде 11-нен осы сауалнамаға жауап түскен екен. Соның бірі Ақсу болысынан келіп түсіпті. Оның мазмұны мынадай: "В Аксуйской волости большой курган находится на левой стороне Иртыша, в 5 саж, влево от дороги, идущей из Семипалатинска в Петропавловск, в 1 вер. Вверх от озера Казалы. Курган имеет в окружности не менее 15 саж. в высоту над уровнем земли – 1 арш. На верхушке кургана большое углубление. Несколько лет тому назад кто то поступил было, к роскопке этого кургана, но вырыв яму в 1 арш. бросил работу. Саж. в 150 от большого кургана находится 5 маленьких, с углублениями на верхушках" (4, с. 12). Бүгінгі күні Қазалы көлінің орны осы аттас ауылдан шығысқа қарай орналасқан. Көлдің бұрынғы үлкен аумағы, айдын шалқар суы жоқ, әр жерін қамыс басып кеткен шұқанаққа ұқсайды. Бұрынғы уақытта (20 ғасырдың 70-ші жылдарына дейін) көлдің шығыс беткейінде Ермак совхозының Сырлықала бөлімшесі орналасқан екен. Ресми құжаттарда "2-ші бөлімше" деп аталады. Кейіннен Сырлықала (яғни 2-ші бөлімше) Повлодардан Семейге қарай тартқан қара жолдың арғы жағына көшірілген. Ертіс бойындағы Қазалы көлінің жағдайы осы. Жәрәйді, Ертіс бойындағы қазақ Қазалы атының мағынасын ұмытсын дейік, дәл осы атау қазақ даласының оңтүстігін ұзыннан айқара кесіп өтетін Сырдария жағасында да бар емес пе?! Сыр бойындағы Қазалы қаласы Сырдарияның ішкі бір саласы Қазалы өзенінің бойында орналасқан. Ұлы дария көктемде тасыған уақытта толып, жаздың соңына қарай ойрым-ойдым көлшіктерге айналатын Қазалы өзені (деректерде көл деп аталады) бойында Орынбор өлкесін басқарған генерал Перовский 1953-ші жылы бекініс салуға бұйрық беріпті. Сырдың Аралға қарай жақындайтын осы тұсы Ресей мүддесін қорғайтын стратегиялық нүктелердің бірі болып біраз жыл қызмет атқарды. Тіпті генералдың осы жерге Арал бекінісін (Раим деп аталады) көшіргісі де келген. Ресей патшалығы заманында Қазалы бекінісі "форт №1" – аталып, кейіннен кішігірім қалаға айналды.

 

   Генерал Перовскийдің Қазалыны таңдау себептері не? Біздің ойымызша ең алдымен ол жердің табиғи жағынан өте қолайлы жерге орналасқаны. Екіншіден, бұл жерде Сырдан әрі қарай өтетін көне өткелдің орыны, көне сауда жолының сорабы жатыр. Тарихи жағынан қарасақ Қазалы қаласы орналасқан жер орта ғасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы. Себебі оғыздардың Орда қаласы Жанкент Қазалы қаласынан бар-жоғы 20 шақырым орналасқан. Түрктің атақты ғалымы Махмұд Қашқари Жанкент қаласының оғыздарға дейін Жезроин атанғанын жазады. Қаланың қабырғалары мыстан (жез) соғылған екен-мыс дейді. Расында да қола дәуірінде (б.з.д. 2-ші мыңжылдық) Жанкент қазақ жерінде өндірілген мыс пен жездің оңтүстікке қарай (Бұқар, одан әрі Парсы, Мысыр т.б.) аттандыратын ірі орталықтардың бірі болғаны сөзсіз. Орталық Қазақстанның Баянаула, Қарқаралы, Ортау, Қызылтау, Жезқазған өңірінде, одан кейін Алтай өлкесінде өндірілген жез Сарысу өзенінің жағалаған көш жолымен Жезроинға жеткізіліп, одан кейін әрі қарай жіберілген. Енді Қазалы атауының мағынасына келейік. Қазақ тілшілерінің ішінен Қазалы атауына арнайы шағын мақала жазғандардың бірі А. Әбдірахманов "Топонимика және этимология" кітабында былай деп жазады: "Қазалы-Қызылорда облысындағы аудан, аудан орталығы (қала) аты. Бұл атау, біздіңше арабтың газал (орысша –газел, қазақша-киік) деген сөзі мен көне түркі тілінің туынды сын есім жасап, сол нәрсенің барлығын білдіретін- лы жұрнағы қосылуы арқылы жасалған, Газал араб сөзі екенін М. Фасмер көрсеткен (Этимологический словарь русского языка, 1, М, 1964, стр. 382). Газал – киік мағынасында түрік тілінде бар (Д.А.Магазник. Турецкого-руский словарь. М, 1945, стр. 201). Бұл сөздіктің авторы газал сөзі араб тілінен енгенін көрсетеді.

 

    Өзбек топонимиясын зерттеуші Х. Хасанов Ташкент тауларында киік көп болғандықтан, бұл өлкеде Бұғұстан, Ғазалкент (қараңыз), Суқоқ (ақ киік) сияқты атаулар көп екенін көрсеткен (Х. Хасанов, Урта Осие жой номалари тарихидан. Тошкент, 1965, 17 беті). Ал Газал-лы атауының Қазалы түріне көшуіне себеп болған тілдік себеп: 1) қазақ тілінде ғажап, ғылым, ғасыр, ғыбрат сияқты бірен-саран сөздер болмаса, ғ – дыбысынан басталатын сөз аз; 2) сөз аяғындағы л – дыбысы мен жұрнақтағы л дыбысының қатар тұруы қазақ тіліне тән құбылыс емес. Сөз аяғындағы л дыбысы түркі тілдерінде тиянақсыз. Ол жөнінде проф. Н. К. Дмитриев былай деп жазған болатын: "Сонорные р, л, и н в тюркских языках принадлежат к числу неустойчивых. Явление это отличается в некоторых современных языках, но, по-видимому, восходит к древним" (н. К: Дмитртев. Неустойчивое положение сонорных р, л, н в тюркских языках. Исследования по сравн. Грамматике тюркских языков 1, фонетика, М, 1955, стр. 279). Міне, осы жағдайлар Ғазаллы атауының Қазалы (киікті) түріне көшуіне себепші болған. Шынында да Қазалы қаласы орналасқан Арал теңізінің жағасы ертеде киікке, құланға өте бай болған (Ғазалкент, Қарталы атауларын салыстырыңыз)" (2, стр. 115-116). Әбдірахмановтың "Қазалы" атауын арабтың "газел" сөзімен байланыстыруына екінші бір ғалым Е. Қойшыбаев келіспейді: "Қазалы –қала, т.ж. ст.-ның, аудан аттары (Қызылорда обл.), екі вариантта талданады: 1) түр. Қаз және алы этнонимдерінің қосарланған түрі; 2) қаз. қазелі атауының иран тілінде ассимилияцияланған түрі. Ал арабтың газел ("киік") сөзіне таңудың ешбір қисыны жоқ, ол мүмкін емес" (5, с. 140). Екі ғалымның да Қазалы атауына берген анықтамасы біздің көңілімізге қонбайды. Қазалы атауына "газелдің" де, "қазелінің" де қатысы жоқ сияқты. Сол сияқты жергілікті жерде айтылып жүрген "Қазалы-атауы арабтың "қаза", "қаза болу" (өлімге байланысты) деген топшылауларымен келісуге болмайды. Қазалы сөзінің мағынасы біздің пікірімізше осы өзен-көл маңында ерте заманда қалыптасқан шаруашылық дәстүрлеріне тікелей қатысты. Әрине, бүгінгі күні ол дәстүрлердің көпшілігі жоғалған, дегенмен қазақ жерінің кейбір қадірлі өлкелерінде сақталған дүниелер бар. Солардың бірі балық аулайтын құралдың ерекше бір түрі – қаза. Енді осы құрал туралы әңгіме қозғайық. "Қаза" туралы тілші ғалымдардың ішінен бірінші рет жазған С. Аманжолов еді. Ол – 1940-1950-ші жылдары ел арасында диалект сөздерді жинақтаған экспедициялардың жұмысына қорытынды жасай отырып Арал, Торғай, Ырғыз бойында осы кәсіптік сөздің кездесетінін жазады (1, 426 б.). Ғалымның жазуына қарағанда "қаза" – балық аулайтын құралдың бірі. Қазаны қамыстан тоқиды. 1962 жылы жарияланған "Народы Средней Азии и Казакстана" этнографиялық очерктерінің авторлары (Т.А. Жданко басқарған) қарақалпақ балықшыларының "қаза" деп аталатын құралды қолданатынын атап өтеді: "Каракалпаки знали много разнообразных снастей и орудий лова, приспособленных для рыболовства в реке и протоках, в море и озерах, но все они были довольно примитивный, соответствуя общему техническому уровню их отсталого хозяйства. Для ловли крупной рыбы – шипа, усача и других в протоках дельты каракалпаки устраивали так называемое қаза – сооружение из высоких стебелей камыша, которым перегораживали протоки. Посредине этой загородки оставляли отверстие, через него рыба, шедшая против течения, поподала в большую окруженную камышовой изгородью западню, круглую в плане, откуда уже не могла выбраться, рыбаки доставляли ее оттуда острогой или руками" (8, стр. 445). Біз өз этнографиялық зерттеулерімізде қазақ халқының шаруашылық дәстүрлеріне қашанда аз көңіл бөлмейміз. Бірақ өкінішке орай қазақ балықшылығы туралы арнайы жасалған этнографиялық зерттеулер жоқ. Кейбір деректерге қарағанда қазақтар ау мен қазадан басқа керіш деген бір аспапты да қолданады. Ол ұзын сырғауылдардан жасалып бөгеттің түбіне бекітіледі. Сырғауылдардың арасы жіптен, не қылдан тоқып қосылады. Балық, әсіресе, жайын балық, бөгеттің түбіне, судың иіріміне жатқанды жақсы көреді де, құрылған керішті көрмей қалады. Сонымен керіш дегеніңіз сүзгі сияқты аспап деп білеміз. Ал өзен жағасында мекендеген балықшылар қармақпен бірге шанышқыны да пайдаланатынын екінің бірі біледі. Шанышқының бір түрі "ілме" қысты күні жылымнан балық аулауға қолданылады. Арнайы жылым қазып оған кішкене сүзгі салатын да дәстүр бар, ондай сүзгіні "жылым" деп атайды. Балықшының дәстүрі кең тараған жерлерде қайықтың өзі де бірнеше түрлі болып келеді. Тіпті Балқаш пен Арал, Ертіс, Сыр, Жайықтың өзін айтпағанда Сарыарқадағы Қорғалжын сияқты көлдерде біз қайықтың құс қайық, табан қайық сияқты түрлерін кездестіреміз. Құс қайық Америка үнділерінің каноэ деп аталатын қайығынан аумайды, оны әсіресе ағысқа қарсы жүзуге пайдаланады. Осы сияқты көпшілік қауымға белгісіз қазақ балықшылығының не бір белгілері әлі күнге дейін кездесіп қалады. Сол сияқты енді келмеске кетті, жоғалды деп жүрген қазаны да біз ойда жоқ жерде Ақкөл-Жайылма жерінен кездестірдік. Әулиелі Ақкөл жағасына орналасқан Екібастұз ауданының Қаражар ауылының қазақтары әлі күнге дейін балықты қазаны пайдаланып аулайды. Ертеде қазаны жазы-қысы бірдей пайдаланса керек (ақсақалдардың айтуына қарағанда), бүгінгі күні тек қыстың басында ғана, көлдің беті қабыршық мұз болып қата бастағанда құрады. Әулиелі Ақкөл қазақтары қазаны биік қамыстан жасайды да, көлдің адам бойынан аспайтын тұстарына апарып құрады. Үлкен қазалар үй аумағындай жерді алады. Бір құрған қаза бірер апта тұрады да, балықшыларды балыққа кәні қылады, тек әр күні таңертең қолыңа сүзгіңді алып қазаға түскен балықты жинауды біл. Балықшылықтың бұл түрін қазақ "қаза салу" деп атайды. Қаражар қазақтары қазаның қабырғасын "желі" деп атайды, осы желінің бір тұсын саңылау қылып ашып қояды. Оны "көмей" дейді. Балық осы көмейден қазаның ішіне кіріп, ақыры балықшының дастарханына түскенін білмей де қалады.

 

    Ерте уақытта қазаны аздаған ағыны бар жерлерге құрып, қазаның көмейін ағысқа қарсы қойса керек. Дегенмен бүгінгі күні қазаны Әулие көл балықшылары суы тұйық көлдің ішіне де құра береді. Міне, осы қазақ жеріндегі Қазалы атты жер-су атауларының пайда болуына бірден-бір себеп. Көне дәуірлерде, тіпті орта ғасырлық Ұлы Түрік империясы заманында Ертіс пен Сырдарияның бойындағы ел өзен жағасындағы көлдерге, өзекшелерге осы қазаны қаптатып құрып, балыққа кенелген. Көлдердің "Қазалы" атануына дәстүрлі балық шаруашылығының тікелей әсері сөзсіз. Қазалы атауының Сыр мен Ертісте қатар кездесуі оғыз тайпаларының тарихына терең бойласаң ғана түсінікті болады. Енді "қаза" сөзінің мағынасына келейік. Бұл көне ұғым болуға тиіс деп ойлаймыз. Өте ерте заманда, тіпті тас дәуірінде өзен-су жағасындағы ел қамыстан тоқып "қаза" жасай бастаған сияқты. Ол кезде Ертіс бойында Орал-Алтай тіл семьяларына жататын біздің ата-бабаларымыз өмір сүрген. Осы себептен "қаза" атауы қазіргі орал тілдес (угро-фин) елдерінде үй, отан деген мағына білдіреді. Ертіс өңірі осыдан бір миллион жыл бұрын таза балықшылар мен аңшылардың отаны болған сияқты.

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться