Дерек пен дәйек

Автор: ADMIN

Дерек пен дәйек 2026-06-07 22:27:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Қазақия таңба этнопсихологиялық үні көзкарас құблысы

news single

Жарқынбек Байғозинакадемик, техника және биология ғылымдарының докторы, профессор

Жұмагелді Нәжімеденовөнертану ғылымдарының кандидаты, доцент, домбырашы, дирижер, педагог

Ұлт тұтастығының ең үлкен белгісі — рух тұтастығы. Осы орайда соңғы жылдары елімізде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асты. Соның ең ірісі — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған, осы игі мақсатты көздейтін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы болды.

XX ғасырдың заңғар ғұламасы, француз дәстүршілі Р. Генонның пікірінше, жер бетіндегі музыка мен поэзия өзінің шырқау биігіне тек көшпенділер мәдениетінде ғана көтеріле алды. Адамның әлемді, қайнаған тіршілікті түйсініп-түсінуі мен сезінуі шын мәнінде көшпенділер эстетикасынан көрініс тапты. Кең мағынада алғанда, далалық Алаш қарым-қатынасының символы болып табылатын негізгі ұғым — Таңба.

Таңба — этнопсихологиялық және тектік алгоритм бағдарламасы. Таңба — қоңыр сурет пен үн елесінің тәлімі. Қоғамның мұндай жүйесі көшпелі қазақтың мәдениетінде айқын көрініс тапты. Тарихты ауызша жеткізумен бірге (шежіре, жыр, ертегі, жұмбақ, мақал-мәтел), сұлбалары қарапайым әрі есте оңай сақталатын рулық таңбалар ұлттық тұтастықты сақтауда маңызды орынға ие еді.

Таңба сөзінің мағынасы — рулық белгі, ен, тавро, көшпенділердің этнопсихологиялық мөрі. Көшпелілердің барлығында дерлік рулық, тайпалық, қауымдастық белгілері болған. Оны олар көне замандардан бері негізінен өз иелігінің айғағы — таңба ретінде тұтынған. Мұндай белгілермен олар үй жануарларын, тұрмыс бұйымдарын, қару-жарақтарын белгілеп отырған.

Жоғары стильді қолданатын жаңа инновациялық дәстүрлі таным мынаны меңзейді: егер далалық дәстүр кейіннен қазақ елінің құрамына кірген әртүрлі ру-тайпаларды өз рубасы бар бір үлкен патриархалды отбасына біріктіруге талпынған болса, ғылыми-тарихи білім этностар құрылуының күрделі процесіндегі барлық шынайы факторларды есепке алуға сүйенеді. Бір қарағанда, бұл екі білім жүйесі бір-бірімен сыйыспайтындай көрінеді. Содан барып қазіргі заманғы ғылым дәстүрлі квазитарихи шежірелерден іліп аларлық ештеңе таба алмайтын сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ таңбалық жүйе өз бойына орасан зор материалдарды, соның ішінде этникалық тарихтың географиялық кеңістіктегі көне қатпарларын да шоғырландырған. Біздің ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдары теңдессіз сөздік символдар мен графемаларда сайрап жатыр.

Осынау біртұтастықты мойындамау салдарынан қазіргі күнде Қытай, Үнді, Қосөзен (Месопотамия), Мысыр және Грек өркениеттері саналып жүрген мәдениет жетістіктерінде ілкі түркілердің айқын ізі бар бола тұра, олардың үлесі барынша жоққа шығарылып келеді. Бәрінен де адамды тіксіндіретіні — төл тарихшыларымыздың да түркітану сынды қасиетті ғылымға осындай ауқымды арнамен келуден тайсақтауы. Сондықтан мұндай «зерттеушілердің» қаламынан түркілерді надан, тұрлаусыз, бытыраңқы, көршілерінің ықпалында жүрген, елге де, жерге де иелігі жоқ тайпалық тобыр етіп көрсететін «шығармалар» туындаған. Мұндай еңбектер түркі халықтарының рухын жасытып, үмітін өшіріп, құлдық санаға қарай ұмсындыруды мақсат тұтқандай еді. Олар бір айтулы ғалымды әлде салиқалы саясаткерді пәлен жерде туып-өскен, түген деген «мәдениетті халықтың» ықпалында тәрбие алған етіп көрсетуге тырысатын. Әлем назарын тартарлық мәдениет жетістігі атаулыны батыс пен шығыстың қайдағы бір «өркениетті елінен» жұғысты болған қылып шығаратын.

Тіпті түркі отырықшы мәдениетінің өзегі болған Тарым өңірін, Әму мен Сыр өлкесін әркім келіп, әркім кеткен керуен жолы бойындағы бассыз-баусыз, ұсақ-түйек қалалар мен қорғандардың жиынтығы етіп көрсетті. Содан барып, қала өркениеті атаулының баршасы басқа жақтан келгендерге тиесілі болады да, түркілердің үлесіне «көшпенділер» деген сүреңсіз атақ қана қалады. Ал сол «атақтың» өзін жырмалап, моңғол мен түркіге бөледі. Соның өзінде де «көшпенділер өркениетінің» қомақты жағын моңғол ұлтының үлесіне береді. Себебі жалғанның жартысын (дұрысы тұтасын) билеген ұлы Шыңғыс хан сол ұлттың өкілі есептелетін.

Ғылымда пиктография (латынның pictus — сурет, grapho — жазамын) жазуы деп аталатын бұл суреттер Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың ең көне дәуірдегі жазуға деген ұмтылысын көрсетеді. Зерттеушілер адамның ойын сурет арқылы бейнелеу дәуірін немесе пиктографияны қолдану кезеңін неолит (жаңа тас) дәуірінде пайда болды деп есептейді. Пиктографиямен кең мазмұнды ойды білдіру мүмкін емес еді. Айталық, жол қатынасының шартты схемалары, дәріхана, бас киім немесе аяқ киім шеберханаларын, асхананы көрсететін белгілер пиктографиялық сипатқа ие [3].

Осы жерде неолит дәуіріне байланысты бір маңызды деректі айта кеткен жөн. «Майтөбе» жайлауы (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) теңіз деңгейінен 2000 метрлік биіктікте орналасқан. Бұл жотаның ұзындығы 13 километрге созылатын жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттердің арасынан тастан қашалған көне домбыраға ұқсас музыкалық аспаптың суреті табылған. Тастың ұзындығы — 1 м 30 см, қалыңдығы — 80 см, түсі қара. Бұл суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауып, сол кездегі Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейінің директоры, философия ғылымдарының докторы Сәбетқазы Ақатаевқа хабарлап, музей қорына қабылдатады.

Жағда Бабалықұлы қағазға түсіріп әкелген тақтатастағы суретте музыкалық аспаптың артында бес адамның әртүрлі қимылмен билеп тұрған бейнесі салынған. Ал фотоға түсірілген нұсқасында музыкалық аспаптың артында билеп тұрған адамдар саны — төртеу. Осы фотосуретті «Сен домбыраны зерттеп жүрген ғалымсың ғгой» деп маған Сәбетқазы Ақатаев берген болатын. Тақтатастың шеткі бұрышындағы бір адам суретке түспей қалған секілді. Бұдан біз музыкалық аспап пен би өнерінің ғұрыптық рәсімдерді атқаруда қатар қолданылғанын байқай аламыз. Сыртқы көрінісіне қарағанда, көне дәуірдің бұл музыкалық аспабы қазақ халқының домбырасынан басқа ешбір аспапқа ұқсамайтындығы талас тудырмайды. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, шанағы бар, беті қақпақпен жабылған. Домбыраның басына үкі байланған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім.

Домбыра пішінінің этнопсихологиялық қарапайымдылығы, бір қарағанда «жеңіл-желпі» жасала салғандығы оның күрделі, тылсымға толы рухани дүниесіне көлеңке түсіріп тұрғандай сезіледі. Алайда оның үні өзінің табиғилығымен (қоңырлығымен), адам дауысына үндестігімен, мынау жарық дүниеге деген адам баласының қуаныш-ренішін білдіретін тілімен баурап алады. Домбыра тілінің мүмкіндігі ұшан-теңіз, оның құлақ күйін келтірудің өзіндік ерекшелігі көп.

Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалымдар тасқа қашалған бұл жәдігерді зерттеп, сурет кем дегенде неолит (б.з.б. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тұжырымдаған. Кейбір ғалымдарға бұл ой күмән тудыруы мүмкін, бірақ мәдениетіміздің әлі де дұрыстап зерттелмей жатқаны бізді қынжылтады. Біздің ойымызша, осы сурет шындығында біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын бейнеленген болса, онда мынадай тұжырымға келеміз: жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы, бәлкім, қазіргі қазақтың қара домбырасы шығар. Бұл аспаптың бүкіл сыртқы пішіні қай жағынан алып қарасақ та, халықта «тұмар домбыра» аталып кеткен, Орталық Қазақстанда кең таралған домбыра түріне өте ұқсас.

Суретші кішкентай ғана тас қашаудың көмегімен қатты тау жынысына бишілердің дене қимылын, сондай-ақ аспапта ойнаушылардың шаттыққа толы сезім сәтін ұтымды бере білген. Ертедегі суретшілердің өнерін бізге жеткізген жәдігер тақтатас Орта Азия мен Қазақстан халықтарының музыкалық аспаптар өнері өркендеуінің тарихы мен тағдырын жаңаша ұғынуға септігін тигізеді. Осы тастағы жазулар мен оның мәнін Санкт-Петербургте 2001 жылы өткен ғылыми симпозиумда айтып жеткізіп, ғалымдарды мойындатқан болатынбыз.

Пиктографиялық жазудың біртіндеп дамуымен байланысты идеография немесе логография жазуы пайда болды. Идеографияның пиктографиядан ең басты айырмашылығы — таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында еді. Жазудың идеографиялық таңба принциптері қазіргі тілдердегі сандардың таңбаларынан (5, 6, 7, 10, 100), химиялық, математикалық (алгебра, геометрия, тригонометрия) формулалардан айқын көрінеді. Бұлардағы таңбалар мен формулалар қай тілде сөйлейтін адамға болса да бірдей ұғымды білдіреді, яғни ортақ ұғым, ортақ түсініктің өрнектелуі болып табылады. Сөйтіп, алғашқы жазу нұсқалары сауданың дамуына байланысты адамдардың жазбаша түрде қарым-қатынас жасау қажеттілігінен Мысырда, Қытайда, Шумерде пайда болды. Логографиялық немесе идеографиялық жазудың бірте-бірте дамуы барысында үнді буын жазуы өмірге келді.

Мұнда «логография» әуел баста омонимдес сөздерді таңбалап, фонетикалық логограммаларға айналған, кейін көп буынды сөздердің олармен (омонимдермен) ұқсас дыбысталатын бөлшегін белгілейтін болған. Осылайша жиі қолданыла келіп, ол таңбалар дербес сөздердің таңбасы емес, буынның таңбасы ретінде ұғыныла бастаған. Ертедегі буын таңбалары б.з.б. мыңжылдықтың бас кезінде шумер жазуында бір буынды сөздерді таңбалаған логограммалардан пайда болды. Шумер буын жазуын кейін ассириялықтар мен вавилондықтар пайдаланды.

Жоғарыда жазу туралы айтқанымыздай, барша жазудың бастауы мен эволюциясының негізі біреу ғана. Барша жазудың атасы — жартас суреттері. Ол сонау ерте заманда, қазіргі ғылымда жаңа тас құралдар дәуірі (неолит) деп аталып жүрген кезеңде, мал шаруашылығының бастауымен бірге пайда болған. Сондықтан да онда көбінесе жабайы аңдар мен жануарлар бейнеленген. Яғни, малдың тегі — қазақ ұғымымен айтқанда, малдың киелері сызылған. Басқаша айтқанда, жартас суреттері — рухани жетістіктің нышаны, адамзат өркениетінің бастамасы.

Әзірше біз Көне Түркі жазуының нақты қашан пайда болғандығы жайлы білмейміз. Алайда ол біздің жыл санауымыздан көп бұрын пайда болған деп қараймыз. Олай дейтініміз: көне түркі әліпбиі батыс алфавитіне негіз болған деген болжамдар бар. Сол тұрғыдан қарағанда, грек, латын алфавиттері қолданысқа түсуден көп ғасыр бұрын пайда болып, белгілі даму басқыштарынан (финикия, арамей секілді) өтуі табиғи. Ал финикия жазуы, руна жазуы дегендер — көне түркі жазуының белгілі бір кезеңдерін көрсетсе керек. Қытай тіліне келсек, оның жөні мүлде бөлек.

Күні бүгінге дейін адамзат баласының теңдесі жоқ өркениет бесігі ретінде танылып келген Грек, Рим, Мысыр өркениеттерінің қалыптасу уақыты б.з.б. алты мың жылдық мерзім ішіндегі бірегей құбылыс делінсе, түркі өркениеті осы алты мың жылдықтың ар жағында жатқан мейлінше көне рухани құбылыс деп танылуда. Сондықтан көне сызықты жазу өркениеті адамзат тарихындағы ең байырғы, тұңғыш өркениет үлгілерінің бірі болып танылуы заңды құбылысқа айналмақ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Үш тілдің бірлігі» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыра бастауды ұсынған болатын. Қазақстанды дүниежүзі үш тілді қатар тұтынатын жоғары білімді халқы бар білікті ел ретінде қабылдауға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік тіл — қазақ тілі, ұлтаралық толерантты қарым-қатынас тілі — орыс тілі мен жаһандық экономика мен интеграция тілі — ағылшын тілі болуы көзделді.

Көпшілік орыс тілінен енген сөздердің дыбысталуын сол күйінде қалдыруды қолдайды. Бір-ақ мысал келтірейік. Айталық, қазақ тілінде «информация» деген сөз пайда болды. Оны «ф», «ц», «и», «я» дыбыстарының төл тілімізде жоқ екеніне қарамастан қабылдадық делік. Бірақ бұл сөздің өзі орыс тіліне басқа тілден енген (information). Бұдан мынадай сұрақ туындайды: неге орыстар өзге тілден алынған сөзді өз тіліне бейімдей алды, ал қазақтар «дайын» сөзді сол күйінде алып, өз тілінің заңдылықтарын бұзады? Тіпті халықаралық «information» сөзінің дыбысталуы қазақ тілінің үндестік заңына «информациядан» гөрі жақынырақ.

Кейбір ғалымдар жалпытүркілік бір алфавит жасауды ұсынады, бірақ түркі алфавиті компьютерлік жүйеге бірден бейімделе қоймайды. Әртүрлі нүктелер мен ілмекшелер жаңа драйверлер мен жаңа бағдарламаларды жасауды талап етеді.

Қазақ мәтіндерінде ұзақ уақыт бойы орыс грамматикасының ережелері сақталып келді, яғни халықаралық сөздердің жазылуы, тіпті оқылуының өзі орыс тілінің нормасымен сәйкес келуге тиіс болды. Осындай үрдістің нәтижесінде қазақ орфографиясында көптеген қайшылықтар орын алды. Олар жазу мәдениетіне теріс әсерін тигізіп, дұрыс жазылу емлесін қиындатуда. Қазақ тілі өзінің бірегей дыбысталуы мен грамматикалық заңдылықтарын жоғалтпауы тиіс. Сондықтан жазу жүйесіне реформа жасау қажеттігі — уақыт талабы.

Қоңыр — ұлттық ділдің иммундық жүйесі. Бұл жүйе халықтың рухани-энергетикалық өрісінің аясында қалыптасады. Халық бұл өрісті «қоңыр» ұғымымен анықтаған. Халықтың ұлт болып ұюына, адамдардың ниет-ықыласының түзу болып, салтанатты өмір сүріп, тіршілік етуіне осы киелі өріс — қоңырдың қуатты күші әсер етеді. Қазақ халқы өзіне тән таным-түсінігінде аспан асты мен жер үстіндегі кеңістікті қоңыр тіршілігімен, өзіндік психологиялық стереотиптердің, түйсіну, ойлау, сезіну сияқты мәдени дәстүрін қалыптастырған. Осыған орай, қоңыр өрістен нәр алған күй өнерінің тылсымдық қуаты ерекше құбылыс ретінде өзіндік үндік бояумен, ішкі сезімдік түйсіктермен астасқан құрылым екендігі сипатталады. Күй өнерінің табиғаты жаратылыстың жарасымды үйлесімділігін қоңыр сазбен бейнелеу арқылы танытады.

Қоңыр күй — жүректің үні. Халық әні мен күйінің эмоциялық сезімталдығы, сазының көркем шынайылығы, нәзік лирикалық тебіреністері өмір құндылықтарын танытумен ерекшеленеді. Күйдің саз-сарынында парасатты ойлар мен дүние туралы толғаныстар бейнеленеді. Күй өнері — өзінің құрылымы, болмысы жағынан өте күрделі құбылыс. Күй халықтың ойлауы мен сезінуі арқылы дүниетаным үрдістерін қалыптастырып, мәдени ерекшелігін танытады.

Қазіргі кезде жаһандану дәуірінде көптеген халықтардың мәдениеті жойылып кету қаупі туындаған уақытта, халықтың ұлт ретінде өмір сүруі ең өзекті мәселе екенін ескерер болсақ, онда мұндай тақырыптарға өте ыждағаттылық керек-ақ. Сондықтан да күй өнерінің өзіндік бітім-тұлғасын, мазмұны мен түп-төркінін, тарихын жете білу, тану қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Қазақтың қоңыр этномузыкасы дәстүрлі кәсіби типіндегі классикалық өнер екендігін жан-жақты зерттеп, болашаққа жеткізу - біздің басты міндетіміз.

2008 жыл


 

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться