Жолсапар

Автор: ADMIN

Жолсапар 2026-06-08 14:57:00

Біз әлеуметтік желілерде:

САҚ пен САҢ (商)

news single

    Сақ – әлемге әйгілі байырғы ұлыс. Ол ежелден тартып қазірге дейін түркілердің ата-бабасы делініп келеді. Оған талас жүрмейді. Арғыны қойғанда, бертінгі египеттіктер қыпшақтарды «сақтар» деп қараған. Былайша айтқанда, таяу заманға дейін дүниені дүр сілкінтіп келген осынау түркі ұлысын әлем халқы Сақтың ұрпағы немесе аты басқа болғанымен, заты солармен бір деп білген. Тарих ғалымдары ежелгі парсы жазбаларына (сына жазулы ескерткіштерге) қарап, сақтар үш салаға (хаумаварга, тиграхауда, парадарая) бөлінген деп есептейді. Сондай-ақ тарихта болған скиф (Skythai), сармат (савромат), массагет, исседон, дай (адай), бактр (бақтияр) қатарлы ұлыстарды Сақтың бөлшегі не солармен тамырлас деп қарайды. Алайда олардың тарихтағы ықпалына, иеленген аумағына келгенде, дереу апшылары қуырылып, қаламдарының сиясы тартыла қалады. Сонсоң сақтар жөніндегі қорытындыны «көшпенділер» деген үйреншікті тырнақшаның ішіне қарай тықсырады.

 

   Көп-көрім басталған сөз сиыр құймышақтанып барып, баянсыз көшпенділік салдарынан әнжен-мінжерге шоқақтап із қалдыра жүріп, ең соңында отырықшы – «мәдениетті» елдерге не басқа тайпаларға сіңіп жоғалды дегенге сайып барып, саяздап тынады. Ал шынына келгенде, қазіргі Қытайды өз ішіне алған Оңтүстік-Шығыс Азиядан сонау Жерорта теңізі жағалауына, тіпті Атлант мұхиты жиегіне дейінгі аралықтың ерте заман тарихын Сақсыз көз алдыға елестету мүлде мүмкін емес. Осынау өлкелерден олар қалдырып кеткен «хайуанаттық стильдегі» мұралар жерді шұқып қалған археологтың қолына іліге кетеді десе артық емес. Олардың ішінде алтын мен асыл тас, күміс пен қола, мүйіз бен сүйек, ағаш пен жібек – бәрі де бар. Егер заманында өскелең дәрежеде дамыған мәдениет болмаса, заттық бұйымның орасан зор мөлшердегі айналымы болмаса, осынша көп археологиялық қазындының осы заман адамдарының қолына ілігуі мүмкін бе? Оларды біз үшін біреу әдейілеп көміп қойса бір сәрі. Оған қоса Еуразияның ұлан-ғайырлығын, арада жатқан уақыттың берісі отыз, арысы қырық ықылымға кететінін көз алдыңызға елестетіңізші. Ендеше, біздің қолымызға түсіп отырған әлгі мұралар – сол тектес сан миллиондаған нәрселердің біреуі немесе сол біреудің жұқанасы (фрагменті) ғана болмақ. Әрине, олардың барлығы бір күнде қалыптаса салған жоқ. Бірақ әрқандай болмашы үлгі мен стильдің қалыптасуы жәйден-жай нәрсе емес.

 

   Оған атадан балаға жалғасқан жүйелі өнеге – мектеп керек. Тіпті тұтас бір ұлттың жаңаша дүниетанымдық кезеңі қажет. Енді оның өндірістік, технологиялық барысы өз алдына бір төбе. Басқаны қойғанда, қол басындай ғана ағаш мүсінді қырнау үшін нешеме сайман керек. Әлгі сайман шебердің қолына жеткенше, кен тастарынан металдарды қортудан бастап қаншама өндірістік барыстардан өтеді. Осылардың барлығын қарастырғанда, мұндай мәдениет мұраларын мыңдаған жылдардан кейінгі біздерге қалдыру мүмкіндігі жаттанды болып кеткен «көшпенділер» түсінігінің аясына сыймайды. Қайта ол нағыз мағынасындағы көшпенділердің құдіретті күшімен тұтас әлемнің бір тұлғаланған жүйелі билік астына шоғырлануы нәтижесінде қалыптасқан мәдениет болатын. Бұл пікірдің арқауын Оңтүстік Азиядан Батыс Еуропаға дейін таралған көптеген тарихи атаулар (этнонимдер) де ширата түседі. Айталық, еуропалықтардың елдік қайнары болған сакстер (Sachsen – Сақсын, 撒克逊) мен саксондар (萨克森). Шығыс Оңтүстік Азия елдерінің құрамында кездесетін шак (Үндістанда), сагайн (Бирмада), сик (Сиккимде), шакья (Непалда), чакма (Бангладеште) қатарлы ру-тайпалар. Соның бәрі – «сақ» не оның жіңішке түріндегі тұлғасы «сәк», «сек» атауының әрбір тілдердің дыбыстық ыңғайына қарай баламалануы.

 

   Өйткені олардың барлығы заманында билеуші орында болған сақтардың атын иеленіп қалуды өздеріне бедел санаған. Бейне венгрлердің (Hungaria, Magyar – 匈牙利) Күни (Ғұн – 匈奴) ұлысының атын иелеп қалғаны секілді. Олай болатынының тағы бір себебі: сол елдің немесе сол рудың арасында мәлім сандағы нағыз сақтар да болған. Олар бастапқыда аналардың билеушісі болып, кейін өздерін жақтайтын орталық билік құлағанда, әрқайсысы өзді-өз тұрған еліне сіңіп кеткен болуы мүмкін. Осындайды 1300 жылдай бұрын қорытындылаған ұлы Білге қаған жат елге тым ішкерлеп кіріп кетпей, елді төл мекенде отырып тұтуды өсиеттеп кеткен. Ал Будда дінінің пайғамбары – Сакьямунидің атының (шынтуайтында атағының) «Сақи (саки) тайпасының сопысы» деген мәннен келіп шыққанына назар салып көріңізші. Тек «бізде ештеңе болған жоқ» деген әуселеден ақылыңызды сергектеу ұстасаңыз болды. Осы бір ұлы тұлғаның біздің тегіміз болған Сақ тайпасынан шыққаны буддалық тағылымдағы үшбу түсіндірменің өзінен-ақ мәлім болады. Ұлы Сақ ұлысының саяр тұсы, сайран салған өлкесі бұл ғана емес. Ол қытай тарихы мен мәдениетінің қақ төрінен ойып тұрып орын алып отыр. Қытайлар өздерінің ең ертедегі тарихын Ся (夏), Шан (商), Чжоу (周) деген үш әулеттен бастау алады деп қарайды. Солардың ішінде Шан әулеті заманының алар маңызы айрықша деп қорытылған. Бұл дәуір ежелгі қытай мәдениетінің гүлдену кезеңі болып, онда қола өңдеу технологиясы сол заманның ең биік деңгейіне жеткен. Әлем ғалымдарының назарын тартқан «Жауырын жазуы» (сауыт-сүйек жазуы – 甲骨文) да осы дәуірдің жемісі саналады.

 

   Әсіресе Шан дәуірі өркендеуінің ең биік кезеңі болған Инь-Шан мәдениеті тұсының қалдырған мұрасы өте бай келеді. Ол тұстан жаңа айтылған жауырын жазуымен бірге «металл жазуы» (қола және басқа қорытпа бұйымдарға түсірілген жазулар) да қалған. Сондай-ақ бұл тұстың «хайуанат стиліндегі» бұйымдары ерекше назар аудартады. Жүйелі түрде олардың өн-бойына салынған қазақы ою-өрнектер салған жерден-ақ адамның назарын өзіне баурап әкетеді. Олар бірлі-жарым кездесіп отырса не бірер жерден ұшырап қалса ғой бір сәрі. Онда ғайыптан тайып келіп қалған деп сәп салмауға болар еді. Бұрын осындай стильде жасалған мүсіндер мен қуыршақтар Қытайдың әр жерінен табылып келген. Бәрінен де кереметі, Сычуань өлкесінің орталығы Чэнду қаласының маңынан осындай мұраның тұтастай қоймасы байқалды. Чэнду жазығы деп аталатын тынба құла керішті осы өңірден – атап айтқанда, ондағы Саньсиндуй (三星堆), Цзиньша (金沙) қатарлы жерлерден арнаулы көмілген аса мол археологиялық мұралар шоғыры табылды. Бұл – тура өзіміз енді ғана аттап отырған ХХІ ғасырдың алғашқы жылында, мәлім бір құрылыс алаңында болған оқиға. Айтуларға қарағанда, бұндай мұраның алғаш байқалуы ХХ ғасырдың басында болыпты. Онда мәлім бір момын шаруа (Янь Даочэн – 燕道诚) өзінің атызынан тоған аршып жатыр әлдеқандай сырлы нәрселерді (нефриттен жасалған) ұшыратқан. Кейін бұл жайт америкалық бір мұражай маманының құлағына шалыныпты. Ол жергілікті ұлықтарға осы мұраларды қорғау жөнінде кеңес берген екен. Алайда адамдардың қызықпауы, заманның аумалы-төкпелілігі салдарынан бәрі де жайында қалған. Ал бертін байқалған әлгі жұрттан қоладан, нефриттен, піл тісінен, тіпті алтыннан жасалған неше алуан бұйымдар шыққан. Олардың арасынан адамның, пілдің, доңыздың, құстың және бақаның құйып, ойып, соғып, қақтап, тырнап жасалған мүсіндері мен кескіндерінің неқилысын кездестіруге болады.

 

   Солардың арасындағы ең селт еткізер дүниенің бірі өмір бәйтерегі – Мықан ағашы. Оның тамыры (тұғыры), бұтақтары, оған қонақтаған құс – бәрі де «Алтын Адам»-ның қақырасындағы (қалпағындағы) алтыннан қақтап жасалған сондай пішіндерден аумайды. Осы айтып отырған мүсіндер мен пішіндерді өзара тұтастырып тұрған арқау – қазақы ою. Әлгі нәрселердің өн-бойы қалыптап не батырып салынған оюға толы. Сонымен бірге олардың дене мүшелері де, қыл аяғы адамның киім-кешегіне дейін оюға бейімдеп келтірілген. «Жауырын жазуы» Хэнань (河南) өлкесінің Аньян (安阳) ауданының Сяотунь (小屯) деген қыстағының жанынан 1899 жылы байқалған. Ол жердің ғылымдағы аты – «Аньян Инь жұрты» (安阳殷墟). Осы жазуды ғалымдар Шан әулетінің соңғы кезіндегі Инь дәуірінде (б.з.б. ХІІІ ғ. – ХІ ғ.) қалыптасқан деп қарайды. Яғни шамамен осыдан 3000 жылдан көбірек уақыт бұрынғы заманның өркениет жемісі. Назарды еріксіз бұратын жері – осы жазулар түгел дерлік мал сүйегіне, әсіресе жауырынға жазылған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, одан мұражайларға алынған сүйек паршаларының саны 200 мыңдай. Оның алдында маңындағы жұрт киелі санап, «айдағар сүйегі» (龙骨) деген ат қойып, дәрі ретінде қаладағы дүкендерге өткізген. Бұл – соның бәрінен аман қалғандары және ең жақсы сақталғандары. Сонда оның әуелгі мөлшерінің қаншама мол болғанын бір Құдай өзі білсін. Егер мал шаруашылығымен шұғылданбаған ел болса, оншалықты көп сүйек қайдан келеді? Оның үстіне адамдарға сүйекке жазу жазу дағдысы қайдан қалыптасады? Осы жазудың мал шаруашылығы дамыған елде қалыптасқанына ондағы таңбалардың өзі де айғақ.

 

   Сүйек сынықтарындағы жазуларда жылқыға (馬), сиырға (牛), қойға (羊) және басқа түліктерге қатысты таңбалар өте көп. Шан дәуірінде арба жасау да ерекше дамыған. Оның түр-түрін жайшылықта да, соғыста да пайдаланған. Бұл да мал шаруашылығымен қатысты құбылыс. Мал болмаса көлік болмайтыны, көлік болмаса арба да болмайтыны табиғи. Жүйелі түрде оның кемелді түрлері күйме (үстінде шатыры бар салтанатты арба) мен қалба (үстіне үй тігілген арба) тіпті де болмақ емес. Шандардың мемлекеттік жүйесі отырықшылық негізінде емес, қайта көшпенділік жүйеге сай құрылғаны олардың тарихынан қалған іздерден де байқалады. Қатысты мамандар шандар астанасын көп рет ауыстырған деп қарайды. Алайда әлгілер олардың көшпенді болмай, керісінше отырықшы болғанын жанын сала дәріптейді. Өйткені ондай мемлекеттік жүйе «шандардың бел баласымыз, отырықшы өркениеттің иесіміз» дейтін елге мүлде жат нәрсе. Басқалар не десе со десін, оған әлдеқашан болып өтіп кеткен тарих қайта өзгере қалмайды. Есесіне, ол өз келбетін сақтай отырып, адамдардың тарихи танымы тереңдеген сайын, дүниежүзі тарихнамасы саяси етекбастылықтан арылып, бір-біріне тұтасқан сайын бізге қатпарлы қойнауын аша түседі. Кейбіреулер уақыт озған сайын арғы тарих ұмыт бола береді деп ойлауы мүмкін. Бірақ уақыттың бізді байырғы тарихтан алыстату жылдамдығынан біздің өткенге ұмтылу қарқынымыз неше есе жоғары. Яғни болашақ біздерді алыстатып болғанша, біз өткеннің сырын ашып та үлгіреміз. Сол кезде таяу заман отаршылдарының өздері үшін ашқан тарихи «жаңалықтары» мен бұрмалаған «деректері» құнын өздігінен-ақ жояды.

 

    Керісінше, олардың ішіндегі жылтырақтары ақиқат тарих үшін кәдеге асатын болады. Бейне бір кездегі католик шіркеулерінің ғылымға жасаған кедергісі тас-талқан болып, оның орнына адамдар дүниеге шіркеудің көзімен емес, шіркеуге ғылыми назармен қарайтын болғанындай. Шан әулеті дегендегі «商» иероглифін қытайлар ауызекі тілде «саң» деп дыбыстайды. Ал «шаң» деп оқу – ХХ ғасырдың екінші жартысында жолға қойылған жасанды әдеби тілге, «Бейжің ортақ тіліне» (北京普通话) қатысты құбылыс. Халықтық тілдегі осы «саң» деген оқылуы «Сақ» атауының дыбыстық аудармасына дүп келеді. Сақ ұлысын қытайдың кейбір деректері «Сай-чжун-жэнь» (塞种人) деп жазған. Мұндағы «сай» (塞) иероглифі – Сақ атауының дыбыстық аудармасы. Ал «чжун» (种) мен «жэнь» (人) – нәсіл және адам деген сөз. Олардың (қытайлардың) мұндай дыбыстық аударма жасайтын себебі, қытай тілінде тұйық (бітеу) буын тек н, ң және й, у дыбыстарынан ғана жасалады. Басқа сөз табы заттанған кезде не «цзы» (子) жұрнағын ықшамдап қалған кезде т.б. секілді жағдайда р дауыссызынан да тұйық буын қалыптасады. Сондықтан басқа тілдегі тұйық (бітеу) буынды баламалаған кезде көбіне осындай тәсіл қолданылады. Яғни басқы дыбыс ұқсас болып келеді де, соңғы дыбыс (дауыссыз) ыңғайына қарай алынады. Егер қуа берсе, бұл заңдылықтың төркіні өте арыда жатыр. Нақты айтқанда, түркі тіліндегілер мен қытай тілділер осы жазуды ортақ пайдаланған кезге саяды. Бұл сөз сәл дамылдай тұрсын, Сақ пен Саңға қайта оралайық. Әлгінде айтқанымыздай, Сақ пен Саң бір-бірінің дыбыстық баламасы секілді. Былайша айтқанда, ілкі түркілер «商» деген иероглифті «сақ» деп оқыған. Ол сөз күні бүгінгідей сақ, қырағы, сақадай сай қатарлы мәндерді берген. Әрі кейінгі кездері дыбыстық ұқсастығына қарай басқа да сөздерді (омонимдерді) білдіретін қосымша міндет өтеген. «商» (саң) иероглифінің ең бастапқы көне нұсқасы да осы пікірді айқындай түседі. «Жауырын жазуында» (甲骨文-да) оның үстіңгі бөлігі «辛» (синь – қиын, қиыншылық), астыңғы бөлігі «冏» (цзюн – көң, тұрақ, үй). Яғни үйдің төбесінде біреу қиын міндет атқарып тұр – күзетте тұр. Демек, бұндан сақ, сақтық деген мағына шығады. Ал бертінгі қытай тілділер оның «сақ» (қырағы) деген мәнісін тастап, екінші – дыбыстық ұқсастыққа қарай келіп шыққан мағынасын (омонимін) қабылдаған. Сондай-ақ оны «саң» (шаң) деп оқыған. Оның қытай тіліндегі ең жалпыласқан мағынасы – сауда, сауда-саттық. Бұл да осы иероглифтің «сақ» – қырағы деген мағынасының омонимі болған «сақ» – сауда деген мағынасынан келіп шыққан. Түсінікті етіп айтқанда: иероглифтік жазу ең баста мәлім затты не құбылысты білдіретін арнаулы таңба болғанымен, кейін сол сөзбен тұлғалас басқа мағынадағы сөздерді таңбалауға да қолданыла берген. Бұл – әліпбилік жазуға көшудің бастамасы еді. Ал әлгінде айтылған екі түрлі мағынадағы «сақ» сөзіне келсек, алдыңғысы сол иероглифтің төл мәнісі де, соңғысы дыбыстық жағындағы ұқсастығына қарай қосымша атқарған жанама міндеті.

 

   Қазақ (түркі) тілінде сақ пен сау бір тұлға есептеледі. Айталық: сақаю дегендегі «сақ» пен сауығу дегендегі «сау». Біздің жоғарыдағы айтқан «сақ» тұлғасының екі омонимі туралы сөзіміздің мәнісі осында. Демек, қытайлар Сақ ұлысын білдіретін «商» сынды осы иероглифті өз тілдеріне «саң» (шаң) деп қабылдаумен бірге, оның омонимінің мәнісі болған сауда деген мағынаны да оның бойына сіңіре өзгеріске түсірген. Жыл санаудан бұрынғы тұлғалар мен ұлыстардың атының қытай тіліне мұндай жолмен сіңісті болуы – жалпылық құбылыс. Оған жоғарыда Шанмен қоса аталған Ся (夏) (б.з.б. ХХІ – ХҮІІ ғғ.) және Чжоу (周) (б.з.б. ҮІІІ – ІІІ ғғ.) әулеттерін дәйек ретінде алуға болады. Бұл жердегі «夏» (ся) иероглифі «Жауырын жазуында» басы шоқты етіп сызылған адам (үсті首 /шоу/ – шоқ, айдар; асты 人 /жэнь/ – ерен, ер адам) бейнесінде берілген. Кейінгі кезде оны «页» (е) деп те қабылдаған. Екі иероглифке ортақ төркін болған басы шоқты адам бейнесіндегі осы таңба билеуші, елбасы дегенді ишаралайды. Оның «夏» бейнесінде жазылып, «ся» деп оқылуы – түркінің Қият ұлысы атының дыбыстық аудармасы. Ал оның «页» түрінде таңбаланып, «е» деп оқылуы – ие, елдің қожасы деген түркілік ұғымнан келіп шыққан. Яғни қияттардың қарашалар жағынан қойылған құрметті аты. Басқаша айтқанда, бүкіл жұрт Қият әулетін «иеміз» деп мойындаған. Қияттардың Қиян деп те аталатыны тарихшылардың бәріне аян. Олар қытай мұрағатында сақталып қалған деректерде «цян» (羌) және «цзян» (姜) деп таңбаланған. Соңғысына әйел дегенді меңзейтін әріп тағаны қосылуына қарағанда, ол иероглиф елді мәлім бір ұлы қатун билеп тұрған тұста қалыптасқан болса керек. Бәлкім, ол – әз ана Алан Қоа шығар. Сол Қият (Ся) ұрпағынан б.з. ХІ–ХІІІ ғғ-да Таңғұт (西夏) мемлекеті бір мезет дәуірледі. Оларды иероглиф жазуын кең көлемде қолданған ең соңғы түркі ұлысы деуге болады. Ал енді Чжоу (周) әулетіне келсек: ол түркінің «тор», «төр» деген сөзінің дыбыстық аудармасы. Мұндағы «төр» («тор») сөзінің мәнісі – билеушінің орны немесе билеуші дегенге келеді. Оның «Жауырын жазуындағы» төркін таңбасы бір жағынан балық сүзетін ауға ұқсайды. Енді бір жағынан, төрт бөлмелі үйде біреулер тұрғанын меңзейді. Демек, үйді – орданы иеленуші әулет дегенді ишаралайды. Бізше, бұл: төр (билік), түрік (этноним), төрүк (заң), төуірлік (тұғыр, діңгек), төркін (тек) қатарлы сөздердің арғы төркіні. Тарихқа байыптап көз жібергенде, Төр (Тор) әулеті ыдырағаннан кейін, ілкі түркілердің Оңтүстік-Шығыс Азияға болған түбегейлі үстемдігі бір мезет әлсіреген. Оған олардың біраз бөлігінің жергілікті елге таянып, орталық билікті жырымдауы себеп болған болса керек. Шамасы, тақтан тайған билеуші әулет ендігі жерде батысқа қарай ығысып, ордасын Жерорта теңізінің жағалауына көшіруге мәжбүр болған. Біздің пайымымызша, тарихтағы Троада, Троя (Troia) делініп жүрген атаулар осы Тор (Төр) елімен тікелей байланысты. Егер көне жазбаны дұрыстап оқыса, олар: Торада (төр ата), Тория (Тор астанасы) болып шығуы мүмкін. Троя оқиғасына қатысты Илиада, Елена деген есімдердің Елата (Елте), Елана (Елене) болмауы мүмкін бе?! Әрі-беріден соң осы Гомер (Homeros) дегеннің өзі кім? Оны түркі ғалымы Әл-Бирунидің тілге тиек етуі нені түсіндіреді? Көне грек, Вавилонға телініп жүрген Арес, Мардук деген есімдер қазақ нанымындағы «арыс» (ел арысы), «марту» (марту басқыр) деген атаулардың дыбыстық аудармасы емес пе? Этрус жазуындағы Көне Түркі әрпі мен грек әрпінің аралас қолданылуы нені түсіндіреді?! Жауабы: ол – осы заманғы батыс әліпбилерінің Көне Түркі әліпбиінен келіп шыққандығының бұлтартпас айғағы. Тағы сондай-сондайлар... Оның бәрін келешек шешері хақ. «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» деген еңбегімізде: «五帝» (у-ди) дегеннің Бастек (түп-тек), «炎帝» (янь-ди)-дің Янтек (от ата), «黄帝» (хуан-ди) сынды есімнің Шәртек (қала баба) екенін ортаға қойған едік. Қытайдың өздеріне ұлттық атау етіп тұрақтандырып алған «汉» (көнесі – 漢, хан) иероглифінің де әуелгі нұсқасының жасалу жолы түркінің «хан» сынды ең жоғары билік атағының мағынасын меңзейтінін де сонда айтқанбыз. Оның бәрін бұл жерде қайталамай-ақ қояйық. Есесіне, мына бірнеше сөзге немесе олардың түбіріне назар салып көріңіз: Гәп не геп (түркіше), 诰 (гао, қытайша), говорить (орысша). Осының бәрі сөз, баян, баяндау дегенді білдіреді. Тек әрқайсысы өзін қолданған ұлттың фонетикалық ыңғайына бейімдестірілген, әйтпесе түбі бір. Шен (түркіше), 衔 (сянь, қытайша), чин (орысша) – барлығының мағынасы да дәреже, деңгей. Егер орысша жақсы білген адам болса, мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіруге болары сөзсіз. Қазақша (түркіше) сөздерге құрылысы жағынан сәйкес келетін иероглифтер самаландай. Әсіресе байырғы иероглифтер келіп шығуы жағынан да, фонетикалық жағынан да қазақ тілімен белгілі заңдылықтар бойынша үйлес келіп отырады. Айталық: «说» (шуо) иероглифін қытай ауызекі тілінде (солтүстік орфоэпиясында) «шо/со» деп дыбыстайды. Оның мағынасы – айту, сөйлеу. Бұл біздің сөз, сөйлеу лексемаларымыздың тектік түбіріндегі «сө» буынына сәйкес келіді. «步» (бу) деген иероглифті алсақ та, тіліміздегі «бұт» сөзіне дүп келіп тұр. Олар өздерін қолданушылардың тілдік заңдылығына қарай бірі ашық, екіншісі тұйық буын қалыптастыруда. Мағыналары да қарайлас: бірі «қадам» дегенді білдірсе, екіншісі «екі санның арасы» деген мағынада.

 

    Айта берсе, бұндайларды тағы да тізе беруге болады. Мұны ұсынудағы мақсатымыз – оқырманның көзін түркі халқының осы бір иероглиф сынды аса байырғы әрі ерекше жазуға еншілес қана емес, оның жасаушысы екеніне жеткізу. Сол арқылы Сақ және Саң (商) сынды екі атаудың (этнонимнің) бір ғана ұлыстың аты екеніне иландыру.

 

  Қорыта айтқанда:

  1. Екі ұлыстың жасаған замандары сәйкес келеді;
  2. 2. Олар қалдырған мұраның стильдік ерекшеліктері ұқсас;
  3. 3. «商» (саң) елінен қалған ою үлгісі түркілерге, жүйелі түрде қазаққа тән дәстүрлі әрі ерекше өнер түрі;
  4. 4. «商» (саң) елінде дамыған мал шаруашылығы болған;
  5. 5. «Саң» сөзі – Сақ атауының таяу заман қытай тіліндегі дыбыстық аудармасы. Әрі бұл иероглифті Сақ ұлысы: қырағы, мығым, қапысыз құдіретті ел деген мағыналарды сіңіре отырып, өздері жасап кеткен. Ендеше, Шан (商 саң) әулеті деп жүргеніміз өзіміздің Сақ ұлысымыз екен ғой. Ондай болғанда, түркі ұрпақтарының әлдекімдерді «мәдениетті» халық, «ұлы» ел деп кеудемсоқтық жасайтын жөні жоқ болғаны да. Біз әлі де «Ата жазу алыстан сыр қозғайды» деген еңбекте ортаға қойған көзқарастарымызды ұстанамыз. Тарихта пәлен өркениеті, түген өркениеті деген бас-басына сыбағалайтындай өркениет болған емес. Өркениет ошақтары деп жүргеніміз – «көшпенділердің» әлемді өскелең бір тұлғаландыруы нәтижесінде әр жерде, әр заманда қалыптасқан күллі адамзатқа ортақ мәдениет бақшасы. Бұл арада бір нәрсенің басы ашық. Ол – осынау ғаламияттық ұлы қозғалыстың басында бастан-аяқ Ілкі Түркілердің болғандығы. Осы үрдіс әлемнің әр жерінде мәмлүк (қыпшақ), алаш (шыңғыс), осман, темір әулеттері заманына дейін жалғасты. Осынау мәдениет қозғалысының ең басында жазу тұр. Ол сонау жартас суреттерінен тартып, бүгінгі әліпбилік жазуларға дейін тек қана бір тамырдан өрбіген. Оны өрбіткен – тағы да сол «көшпенділер». Сондықтан түркілердің, жүйелі түрде барша түркілердің төркіні болған біздің қазақтардың дербес әрі жүйелі жазу тану ғылымы болуы керек. Әсіресе қазақтың ұлы білім ордаларында ұлттық негіздегі төл иероглиф тану орындары ашылуы тиіс. Сонда ғана біз ата-бабаларымыз жаратып кеткен ұлы да даңқты тарихтың байыбына шындап бара аламыз. 

 

   Уа, асыл Алашым! Әлмисақтан бүр жарған алып Мықан ағашың заманмен жарысып, мәңгі жайқала берсін!!!

 

   Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться