Автор: ADMIN
Хаткерлік білімдері
(КӨРКЕМ ЖАЗУ ӨНЕРІ)
Тіл – адамзаттың басты қатынас құралы екені жұртқа аян. Ал жазу – сол тілді бейнелейтін таңбалар жүйесі. Жазудың пайда болуы адамзат мәдениетінің даму тарихындағы ұлы жаңалық болды. Ол тілді шалғай аралықтарға жеткізіп, кейінгі ұрпаққа аманаттайтын маңызды құралға айналды. Сонымен қатар, тілдің ішкі құрылымына белсенді ықпал етіп, оның байып, кемелдене түсуіне түрткі болды.
Жазу пайда болғаннан кейін адамзат бір жағынан тілді ықшам, дұрыс әрі жан-жақты бейнелеуді мақсат етсе, екінші жағынан, оны жүйелі, түсінікті және көркем жазу талабын қойды. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ізденістер мен өңдеулер нәтижесінде, әлем халықтарының сан алуан көркем жазу үлгілері жарыққа шықты. Осындай жазу үлгілерін белгілі бір жүйе бойынша, ретпен әрі әдемі етіп жазып шығу өнері – хаткерлік (каллиграфия) деп аталады. Ал жазуды көркем де әсем жазатын шеберлерді – хаткер дейді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы әртүрлі жазу жүйелерін қолданып келген. Көне қазақ-араб жазуын 1913 жылы атақты ғалым Ахмет Байтұрсынұлы ретке келтіріп, оның әліпбиін, грамматикасы мен емлесін қазіргі қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне үйлестіріп, қайта жасап шықты. Сонымен, бүгінде Қытай қазақтары қолданып отырған, еларалық «Шалқар» газеті де мұрагерлік етіп келе жатқан араб графикасы негізіндегі жаңа қазақ жазуы («төте жазу») қалыптасты. Әліпби мен емле ережесіндегі азын-аулақ толықтыруларды есепке алмағанда, содан бергі 90 жылға таяу уақыт ішінде бұл жазу нұсқасында үлкен өзгеріс болған жоқ.
Араб әліпбиіне негізделген жазу қолданылған ұзақ ғасырларда алдыңғы буын авторлар өз шығармаларының әдеби көркемдігіне қандай көңіл бөлсе, хаткерлік (хоснихат) өнеріне де сондай мән берген. Олар араб және парсы халықтары қалыптастырған дәстүрлі хаткерлік өнерін жасампаздықпен қабылдап, оны ары қарай дамытты; алуан түрлі жазу үлгілерін асқан шеберлікпен және ғажайып талғампаздықпен қолдана білді. Хаткерлік өнерін баға жетпес асыл қазына ретінде қастерлеп, хаткерлерді өнердің пірі санады.
Олардың хаткерлік өнеріне қатысты қалдырған мына бір өлең жолдарына үңіліп көрелік:
Көркем жазу – назды көңіл жыр-әні,
Ол аспанның күміс айдай шырағы.
Маусымы өтсе, ашылған гүл солады,
Ал бұл бақша мәңгі жайнап тұрады.Ал бертін келе өмір сүрген Әсет ақын хоснихатты (көркем жазуды) былайша мадақтаған:
Құштармын сұлу хатқа жаным төніп,
Хаткерге ішім жылыр, ділім еріп.
Дәриға-ай, содан артық ләззат бар ма,
Хош хатпен жазсаң сөзден гауһар теріп.
Сонымен бірге, кезінде өз ортасының ғалымдары мен зиялылары емлесі қате, жазуы көріксіз дүмшелерді сынға алып, ажуалап отырған.
«Егер хат жазушының таңбасы көріксіз болса, жазудағы мағына оқырманның түсінігін күңгірттендіреді. Жазуы көркем болғанымен, емлесі қате болса, оның қолы сал болсын!.. Жазуы көріксіз, қатесі көп болса, сақалын бояған қақпастай масқараға қалады... Ондай хатшыларға мың нәлет!» – дейді Әлішер Науаи.
Хаткерлік – көркемөнердің бір саласы, белгілі бір жазу аспаптарының көмегімен орындалатын шығармашылық қызмет. Хаткерлік өзі бейнелейтін жазудың ерекшелігіне сай арнайы құралдарды пайдалана отырып, сол жазудың әр алуан үлгілерін жасайды және оны жазудың тәртіптерін белгілейді.
Қазіргі заманғы хаткерлік кәсібінде сан алуан жазу аспаптары пайдаланылады. Жаппай қолданылатындардың қатарына қарындаш, металл қалам (малма және толма қалам), маржан ұшты қалам, ағаш және қылқалам сияқты материалдарды жатқызуға болады. Малма қаламның өзі де қырлы-қырсыз, жіңішкелі-жуан сызықтар тартуға лайықталып, алуан түрлі өлшеммен шығарылады.
Қазақ хаткерлігінде де жоғарыда айтылған жазу аспаптарын еркін қолдануға болады. Дегенмен, араб әріптерін негіз еткен халықтар кеңінен қолданатын, ежелгі хаткерлеріміз ұзақ замандар бойы пайдаланған «қаури» деп аталатын жазу аспабымен бөлек таныса кеткеніміз жөн. Ежелгі хаткерлер бұл аспапты ірі құстардың (қаз, аққу, құмай, бүркіт т.б.) қауырсынының сояу жағын қиғаш жонып, ұштау арқылы жасаған. Жазылатын жазу үлгісінің ерекшелігіне сай, қаламның қағазға тиетін ұшы шорт кесіліп те дайындалатын болған.
Қаури қаламды дайындау мен қолданудың басты шарттары:
Ұшының жұқалығы: Қауридың қағазға тиетін ұшы мүмкіндігінше жұқа болуы қажет. Металл ұшты қауриды барынша жұқартуға мүмкіндік бар. Қатты ағашты жұқартуға болғанымен, жұмсақ ағаш жұқарған сайын майысқақ келетіндіктен, қаури жасауға қолайсыз. Қауридың ұшы жұқа болмаса, сызықтарды қырлы әрі айқын шығару қиынға соғады.
Қиғаштық өлшемі: Қауридың ұшы 30 градус мөлшерінде қиғаш кесілуі керек. Сонда ғана тік сызықтарды жіңішке, ал көлденең сызықтарды кең (жуан) тартуға мүмкіндік туады. Металл ұшты қаламдарды да (малма немесе толма қалам болсын) осындай өлшеммен қиғаш қию керек. Алайда қалам ұшының кеңдігі тарылған сайын, оның қалыңдығын да сәйкесінше жұқартып отыруды ұмытпау керек (қалам ұшының темірі қалың болса, егеп, қайрап жұқартуға болады). Ұшы қаншалықты жұқа болса, жіңішке, нәзік сызықтар соғұрлым әдемі шығады.
Қос қарындашты қолдану: Ерекше сүйекті (ірі, жуан) әріптерді жазу үшін ұзынды-қысқалы етіп қосақталған қос қарындаш та пайдаланылады. Қос қарындашты қосақтап байлағанда да бірі ұзын, бірі қысқа етіп байланып, қауридың табаны тәрізді формаға келтіріледі. Қаури табанының қиғаштық дәрежесі артқан сайын, оны қолдың ішіне қарай айналдырып ұстауға тура келеді де, көлденең сызықтар кеңи түсіп, тік сызықтар тарыла береді.
Кейінгі кездерде мұндай жазу аспаптары қамыстан, бамбуктен, қатты әрі майда ағаштардан (қайың, ырғай, тасжарған, мойыл) және металдан жасалып жүр.
Әлімжан ӘШІМҰЛЫ
2009 жыл
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер
Басты жаңалықтар
Tramp prigrozil Evrosoyuzu iz-za ştrafa v otnoşenii Google