Дерек пен дәйек

Автор: ADMIN

Дерек пен дәйек 2026-06-08 15:35:00

Біз әлеуметтік желілерде:

Шыңжаң Түйекиігі

news single

Авторлары: Үйән Гө-яң, Үйән Лый

Аударған: Тілеуберді Әбенайұлы

Бүгінде жер бетінде 800-дей ғана қос өркешті түйекиік (жабайы түйе) қалған. Дүниедегі түйекиік мекендейтін төрт негізгі ареал (фауналық аймақ) Шыңжаңда және оның Моңғолиямен, Ганьсу өлкесімен шекаралас өңірлерінде орналасқан.

Ертедегі Жібек жолында түйе негізгі кіре көлігі болып, адам баласы үшін өлшеусіз қызмет атқарды. Ол қазір де адамзаттың игілігіне жарап, шудасымен, шұбатымен, еті мен терісімен қамтамасыз етіп келеді. Шыңжаң өңіріндегі қолға үйретілген түйе саны бірнеше жүз мың басқа жетеді. Алайда оның аталас туысы болып табылатын түйекиіктің саны бақылаусыз аулау мен бейберекеттіктің салдарынан күн санап құлдырауда.

Осыдан 200 жыл бұрын түйекиік Орталық Азияға тегіс таралған еді: батысы Каспийден шығысы Хуанхэ иініне дейін, теріскейде Балқаштан күңгейде Тибет үстіртіне дейін, сондай-ақ Қазақ сахарасында да он мыңдап өрістеді. Олардың саны 1980–1985 жылдардың өзінде 2500–3000-дай болатын. Өкінішке қарай, бүгінде небәрі 800-дейі ғана қалып отыр. Бұл түйекиіктер тек Тарым ойпатындағы Такламакан шөлінің орта бөлігінде, Лобнор көлінің солтүстігінде, Алтынтаудың теріскей етегінде және МХР-дың (Моңғолия Халық Республикасы) оңтүстік-батыс бөлігі мен ҚХР-дың Шыңжаң, Ганьсу, Ішкі Моңғол өңірлері түйіскен тұста ғана өмір сүреді. Бұдан бүгінгі түйекиіктердің төрт ареалы түгелдей Шыңжаңда және оның Моңғолиямен шекарасында, сондай-ақ Ганьсу өлкесінде екенін көруге болады.

Тарым түйекиігі шығыста Юймэнь қақпасынан батыста Қотан өзеніне дейінгі, теріскейде Пішән ауданындағы Құмтаг тауынан күңгейде Алтынтаудың теріскей баурайына дейінгі Лобнор көлін орталық еткен байтақ елсіз өңірді мекендейді. Ал бұл өлкенің табиғаты мейілінше қатал, тақырлы, сортаңды, құмайтты тіршілік белдеуі саналады.

Түйекиік — ашатұяқтылар отрядының түйе тұқымдасына жататын ең ірі шөпқоректі жануар. Ол «қосөркешті жабайы түйе» немесе «бактриан» деп де аталады. Дүниеде түйе тұқымдасының бес-ақ түрі бар. Олар: Оңтүстік Америкаға таралған, шағын тұлғалы келетін гуанако, альпака және викунья (таймая), сондай-ақ Солтүстік Африкадағы ірі тұлғалы бір өркешті нар (дромадер). Бірақ нардың жабайы түрі осыдан 600 жыл бұрын құрып кеткен.

1878 жылы орыс саяхатшысы Пржевальский түйекиікті Лобнор көлі өңірінен тұңғыш рет кездестіргенде, оны қолдан қашқан, тағыласқан түйе болса керек деп ойлаған. Оның тұлыбын апарып, зоологтардың сараптамасынан өткізгенде барып, түйекиік деген дербес жануардың рақатты бар екені мойындалды. Жабайы түйені қол түйесімен салыстырар болсақ: түйекиік сыптығыр әрі биік, сирақтары ұзын, табаны қысыңқы, мойны сұңғақ келеді. Түгі тақыр, түсі шымқай тек қоңырқай болады. Өркеші тік, кішірек келеді, әсте қол түйесінікіндей салбырап тұрмайды. Басы да қол түйесінікіндей емес, шәушік бас (шағын), бірақ еңіреулі де сағақты келеді. Үнемі бұта-шеңгел жейтіндіктен, тісі де өткір әрі ірі болады. Екеуінің тұрпатында недәуір айырмашылық бар. Бәрінен де маңыздысы, олардың ағзасындағы тұқым қуалайтын геннің айырмашылығы 1.7% – 2.9%-ға дейін барады. Адам мен шимпанзе генінің айырмашылығы 1.5% екеніне қарасақ, бұл екеуін әлдеқашан екі бөлек түрге жатқызуға болады. Жасамыс бурасының биіктігі 1.8 – 1.9 метр, тұрқы 3 – 4 метр, салмағы 1.5 тоннаға жетеді. Іңгендері сәл кішірек, десе де салмағы тоннадан асып жығылады.

Түйекиік — нағыз шөл жануары. Сондықтан «шөл түлігі» атанып кеткен. Оның қанында сусыздануға қарсы ерекше қасиет болғандықтан, жиырмашақты күн су ішпей жүре береді. Ол аштыққа да төзімді. Сор жалап, өркеш майын азық етіп, айлық аштыққа мойымай заулайды. Ол құмды боранды елемейді. Өйткені қос қабат қабағы мен ұзын кірпігі құмды тосса, қозғалмалы мұрын желбезегі ауаны сүзеді. Түйекиік сор су ішіп, тораңғы, жыңғыл, жантақ секілді сортаң өсімдіктерді жей береді.

Түйекиік өте иісшіл келеді, бір-екі шақырымдай жердегі суаттың иісін сезе біледі. Ол құмды боранды да алдын ала болжай алады. Оның жалпақ табаны орғыл құмға батырмайды. Бауыры мен сирақтарындағы жеті бөлек мүйізгегі (қатқыл қабыршақтары) ұзақ уақыт шөгіп жатып жусауына қолайлы.

Түйекиіктер көбіне бестен, оннан құралып, шағын келе (үйір) болып өмір сүреді. Кейде бураларының саяқ жүретіні де болады. Оқта-текте 30–40 бастық үлкен үйірлер де ұшырасады. Күйек кезінде әрбір үйір бір жасамыс бура мен бірнеше іңгеннен және бота-тайлақтардан құралады. Әр жылдың қаңтарынан келесі жылдың көкегіне (сәуіріне) дейінгі уақыт жарау маусымы есептеледі. Келеге түскен буралар көбік шашып, шабынысып, қиян-кескі таласады, тіпті бірін-бірі мерт етеді. Олар өздерінің «ханымдарын» үйіріп алып, шығар ауызды өзі торуылдайды. Ол кезде іңгендер сақтана жүріп талшық етеді, ал буралардың өзі қылтан шөп, тамшы су татпайды. Бұл кезеңдегі олардың басты міндеті — әулет жалғастыру. 2–3 ай өтіп, іңгендер буаз болған соң, бура да жайына кетеді.

Іңгендердің буаздық мерзімі 12 ай, 12 күн болады. Келесі жылдың көктемінде көбіне жалқы бота табады. Оны екі жыл емізеді. Түйекиік 20–25 жыл ғұмыр кешеді. Олардың өсімталдығы төмен, бір іңген өмір бойы 7–9 ғана боталайды.

Лобнордың солтүстігіндегі Кешүм тақыры, шығысындағы Аштысай аңғары және оңтүстік Алтынтаудың теріскей баурайындағы құмдық — түйекиіктің негізгі өрісі есептеледі. Олардың суатқа шұбыруынан ені 30–40 см, тереңдігі 10–20 см соқпақ (сүлеу) түсіп қалады. Әр жылдың қазан айы қарсаңында Такламаканның орта бөлігіндегі түйекиіктер оңтүстіктен Лобнор ауданына қарай ауып, Тарым өзенінің оңтүстік жағалауындағы тораңғылықтарда қыстайды. Келесі жылдың көкегінде Керия өзенінің төменгі ағысына қайтады. Бұл дағды жыл сайын қайталанып отырады. Ал Кешүм тақырында болса, түйекиіктер ұлан-қыстың әр аптасында сор бұлаққа бір соғып тұратыны байқалады.

Албаты аулаудан әбден зәрезап (зәтте) болған түйекиіктер адамнан алабөтен қорқады. Адамның қарасын көрсе, иісін сезсе болды, 1–2 шақырым жолатпастан лаға жөнеледі. Далалық бақылау кезінде бұл қасиет біздің жабайы түйекиік пен қол түйесін парықтайтын сенімді әдісімізге айналды. Себебі қол түйесі адамнан үйтіп үрікпейді. Бір қызығы, түйекиіктің бойы биік, көзі өткір болғандықтан, 200–300 метрден тысқары, тіпті бірнеше шақырым жердегі қозғалысты қалт жібермейді. Керісінше, таяудан тап бергелі тұрған қатерді байқамай қалады.

Түйекиік бір үріксе, сағаттап лаға береді. Әр сағатына 70 шақырым шамасында жер шалады. Мұндайда мен деген сәйгүліктің өзі шаңына ілесе алмайды. Егер ол мекен тепкен жерінен адам қарасын көріп үріксе, жыл айналмай оралмайды.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) бұрынғы жауапты қызметкері, Халықаралық түйекиікті қорғау қорының жетекшісі Джон Харе (JOHN HARE) мырзамен селбесіп, Лобнор қатарлы төрт ареалға алты рет барлау жасадық. Бұл барыста 30 мыңдай шақырым жол басып, жобалау санақ жүргізгенімізде: Лобнор көлінің солтүстігіндегі Кешүм тақырында 60–80 бас; Лобнор көлінің шығысындағы Аштысай аңғары мен Алтынтаудың солтүстік баурайында 280–340 бас; Такламакан құмдығының орта бөлігінде 40–60 бастай түйекиік бар екені анықталды. Оған қытай-моңғол шекарасындағы 350–400 басты қосқанда, бар-жоғы 730–880-дей ғана қалыпты. Бұл — осы жануардың үлкен мысық тұқымдастардан (жолбарыс, ілбіс) да аз санда қалған, аса бағалы хайуанатқа айналғанының белгісі.

Түйекиік ШҰАР (Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы) Баянғол моңғол автономиялы облысының ұлттық символы (жануары) болып белгіленді. Қытайда 1-дәрежелі қорғалатын жануар ретінде заң арқылы қатаң қорғалуда. 2000 жылы БҰҰ-дағы GEF-тің (Жаһандық экологиялық қор) қолдауымен Шыңжаңда 78 мың шаршы шақырымдық «Лобнор Түйекиік ұлттық табиғи қорығы» құрылды. Сөйтіп, аталмыш қорық дүние жүзіндегі қалған түйекиіктің бес ішінен үш бөлігін (3/5) қорғауға алды. Қазір қорықтағы түйекиік саны орнықты түрде артуда. 2008 жылы сәуірде Қорықтың басқару орталығы шарлау жүргізу барысында 140 бас түйекиік ұшыратқан. Тіпті бір үйірдің бас саны отыздан асыпты. Қуанарлығы — үйірге оншақты бота ерген. Демек, олардың ұрпағы өсіп жатыр деген сөз. Келешекте олар бұл үйірді жаңа түйекиіктермен молықтыра түсері талассыз.


2008 жыл.

 

  

   

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться