Жолсапар

Автор: ADMIN

Жолсапар 2026-06-08 20:08:00

Біз әлеуметтік желілерде:

АТТАН ЖЫҒЫЛСАҚ ТА, ЖЕР ТАНЫМАДЫҚ-АУ!!!

news single

    Ғасырларға созылған бодандықтың қара түнегі түріліп, азаттықтың ақ таңы қылаң еткенде, бойында жаны, бетінде қаны бар қазақтан жүрегі жарыла қуанбағаны қалмады. Елдегіні қойғанда, шеттегі қазақтардың жүзін «Тәуелсіздік!» деген жалғыз ауыз сөз ғарыштан келген ғажайып сәуледей қас-қағымда нұрландырып жіберді. Қарттар аузындағы «А, Құдай!» деген тілегін дамылсыз қайталап, жайнамазына қарай қалбалақтаса, жастар жат халықтың көзі тая бере бір-бірін құттықтап үлгірді. Қыл аяғы, ішкіштер де телмеңдеп жүріп тапқан жарты шөлмегін «Азаттық үшін!», «Патшамыз үшін!» деп көтерді. Ұйғыр бауырлар: «Сіздер не деген бақыттысыздар! Бізге ондай атты күнді көруді Алла жазар ма екен?!» — деп кемсеңдеді. Сөйтіп, бұл дүмпу Үрімжідегі мінбеден «Зор қазақшылдыққа қарсы тұрайық!» деген ұранның көтерілуіне мәжбүр етті. Неге? Өйткені адам баласына азаттықтан құнды еш нәрсе жоқ. Онсыз сенің «адаммын, арманыма жеттім» дегеніңнің бәрі бекер. Отар елдің кісісін аузында болмаса, көңілінде ешкім де адам санатына қоспайды. Сондықтан да азаттықтың бодауы еш халыққа арзанға түспеген. Біз үшін де солай болды.

 

   Ғасырлар бойы төгілген арыстарымыздың ыстық қанының қарымжысы үшін, үш қазақтың тек екеуінің ғана қолы азаттыққа әзер жетті. Үшіншісі әлі де телмеңдеп, құлдықтың күнін кешуде. Ендеше, оған қуанбаған жүректі жылан жайласа рауа. Ал ең салымды жандардың ғана маңдайына бұйыратын мұндай ұлы қуанышты біреудің сүйіне, біреудің күйіне қабылдауы заңды. Олай болатыны — «ұлттың досы жоқ». Сондықтан да азаттыққа жету қандай азапты болса, оны баянды етудің өзі тұтас ұлтқа ауыр сын. Мұндайда ең ес қататын құрыш сауыт — төл құндылық. Сондай құндылықтардың бірі — ана тіліндегі жер-су аттары. Себебі ол сол жерді мекендеуші халықтың заңды құжаты есепті. Оған алыстан ат сабылтып дәйек іздемей-ақ, өз тарихымыздан көптеп табуға болады. Айталық: Қарамұран (Ұлы өзен — Қытайдағы Хуанхэ), Сарғусын (Сарық Ұсын — Сары Үйсін), Татар бұғазы, Памир (Пам — атам, ата-бабам; ир/ер — йер, жер; яғни Атамекен), Маңдай (Тибет үстірті), Көгмен және Таңқан (Ерен, Тәңіртау — Тянь-Шань), Балқан тау (балқын, яғни вулкан атқылап тұратын тау). Айта берсе көп. Осының бәрі, арада мыңдаған жылдар өткеніне қарамастан, осы өлкеде түркі халықтарының ұзақ замандар бойы өмір кешкенін тұтас әлемге жарнамалап тұр. Сол себепті де отаршылдар біздің жеріміздің атын өзгертуге, бұрмалауға, қисынсыз түсініктемелермен шатастыруға ерекше ділгір болды. Әлемге әйгілі Ерен тауды Тянь-Шань деп мүлде басқаша атандырып жіберді.

 

   Құбы шөлін Жоңғария қойып алды. Ал Жоңғар Алатауы, Жоңғар қақпасы дегенге өзіміздің де аузымыз жәп ете түсетін болып кетті. Мұның бәрін «өткеннің ісі» деп тарих ақсақалдың көмпіс мойнына іле салармыз. Ендеше, азаттықтың ақ таңында сара жолдан адасып барып тауып алған «Алашаңхай» деген жер есімін (топонимді) қай бетімізбен, кімге артамыз? Оны біздің қандай білгіш, қай мұрағаттан шұқып тапты екен, шіркін?! Ары ойланып, бері толғанғанда, мәлім бір «полиглот» қытайшадан төте дыбыстық аударма жасаған-ау деген қарарға келесің. Алайда біздің «аудармамызға» қарағанда, қытайша «А-ла-шан-коу» (阿拉山口) деген атаудың өзі әлдеқайда имантаразы. Өйткені ол қазақтың «Алатау сағасы» деген атауынан жартылай дыбыстық, жартылай мағыналық аудармамен жасалған. Ондағы «а-ла» дегені — баспа-бас қазақша «ала» сөзінің қытайша баламасы. Қалған «шан» дегені — тау, «коу» дегені — ауыз, аңғар, саға деген мағынада. Сонда біздің «Алашаңхай» деген жасампаз аудармамыз қайдан келген? Бұл, әрі-берден соң, жаттың аузына жаман сөз салғандық болмай ма? Күн ұзара келе, біздің осы тантық аудармамыздың өзгенің пайдасына шешілетін «тарихи айғақ» болмасына кім кепіл? Осы орайда ертедегі қазақтың жауға сыр шашқан намыссыз жігіттерге істейтін мынадай жазасы есіңе түседі: әлгі сорлыдан «Сөз тоқтамайтын аузың қайсы?» деп үш қайтара сұрайды екен.

 

   Ол «мынау» деп, күйе жағылған қос қолының сұқ саусағымен қатар үш қайыра екі езуін шұқиды екен. Сонан соң жаман аты елге жайылған, суық жүрісті әйелдің дамбалының бауымен аузын керіп байлап, үш күн, үш түн тастап қояды. Әлгіден кейін онымен қырық күн бойы ешкім бір табақтан тамақ жемейтін көрінеді. Тіпті ел өмір бойы ондай отбасымен аяқ-табақ алмасудан қорынатын болады дейді. Бүгінгі күнде қарадурсіндеу сезілгенімен, ел мүддесіне осал қарайтын сыпсыңбайлар мен сүйреңгүлдерге «шоқ-шоқ» дейтіндей дәл жаза. Ақорданың ишарасымен «Дружба», «Панфилов» деген бәлелерден құтылып едік. Енді «Хоргос» («Харгос»), «Чугучак» деген кесапатынан қашан арылар екенбіз?! Іс жүзінде екеуі де төл қазақи атау еді. Оны «достарымыз» өздерінің ниетіне сай бұрмалап жіберген. Біз болсақ, сол шиырдан әлі шыға алмай-ақ келеміз. Мұндағы алдыңғы жер есімінің (топонимнің) әуелгі тұлғасы «Қорғас» болатын. Оны жергілікті қазақтар күні бүгінге дейін солай атайды.

 

    Сонымен бірге Шығыс Түркістандағы барлық қазақша басылымдарда солай жазылып келеді. Оның бәрі тегіннен-тегін емес. Бұл атау осы өлкедегі недәуір өңірді қамтиды. Ол, әсілі, Алаша ханның (Шыңғыс ханның) Ақша ханнан (Жошы ханнан) кейінгі ұлы Шағатай хан ұрпақтарының қорығы болатын. «Қорғас» атауы содан келіп шыққан. Яғни: қорық, қорғалатын өңір деген мағына береді. Бұл жерде Шағатай ұрпағы — әйгілі Тоғылық Темір ханның күмбезі де болған. Қызыл өкімет шек қоюдан ілгері, ел кие тұтып, ерекше ұлықтап келген. Қыл аяғы, сонау Алтайдан тентіреп келген қазақтардың сол жерге түнеп, түсінде аян алып, өмір жолын тапқандары бар. Енді келіп, оны қалмақтың «хоргос» (түйенің құмалағы) деген сөзінен шықты дейтін тантыққа жүгініп жүрміз. Онымен қоймай, орысша ораммен «Харгос» деп тілімізді бұраймыз. Шәуешек деген де — төл қазақы атау. Қазақы болғанда қандай, әрбір әрпінде шежіре тұнып тұрған тарихи атау. Ұлы Абылай хан жоңғарды жойған соң, бір жылдары ордасын Үрімжі өзенінің бойына көшіріп барып, Ханжұрты деген жерде (қазіргі Уджацюй /五家渠/), шүршіт (манжүр) патшасымен болған келісімге сай олармен сауда жүргізген. Кейін солтүстік және батыс жақтағы қазақтарға мойны жақындау болсын деп, қазіргі Шәуешек қаласы маңында да базар аштырған.

 

    Дәл соны қазақтар «Шәуешек» деп атаған. Олай атайтыны, «шәуе» (шөбе) — бөлімше, тармақ дегенді білдіретін сөз еді. Демек, «Шәуешек» — бөлімше сауда орталығы деген қазақ сөзінен келіп шыққан. Басқадан жаңылсақ та, тап осыдан жаңылатын жөніміз жоқ еді. «Қу кәрлік, аузымдағы тісімді алды, Одан соң бойымдағы күшімді алды», — демекші, бәрі де алдымен аузымыздағы тілімізді алып, одан соң жүректегі ділімізге жармасқан сұм отаршылдардың лаңы ғой. Сол тұста Сауыр тауындағы Майқапшағай өңірінен және Ертіс бойындағы қазіргі Семей маңынан да сауда орындары ашылған. Сондықтан осы екі жер де «Жеменей» аталған. Кейін орыс отаршылдары жерді жер атымен жеу зымияндығына басып, біріне «Семей» деген жалған ат қойып, екіншісіне «шекара қарауылын» салуды ойлады. Әрі сол арқылы шығысқа қарай жүздеген шақырым ілгерілеген. Ал бұл жерлердің неге «Жеменей» аталғанына келсек: саудаға салған мал жайылыстан тақыршылық тартпас үшін, осы аумақ хан пәрменімен қорғалған. Содан барып, арнаулы желінетін ақоттық деген мағынамен «Жеменей» аты қалыптасқан. Бұған Алтай керейлерінің «Жеменей — жердің түбі» деген мәтелі де куә. Олай дейтіні, ертеде «Ішкі елге» жиынға келген керей ұлықтары Жеменейге (Семейге) жаз кетсе, елге күз оралады екен. Біздің жаңылып жүргеніміз жер аты ғана емес, суларымыздың да атынан қарап отырып алжастық. Ертістің бойында әлемге әйгілі бір ұлы көл барын бәріміз білеміз. Соны арғы беттегі қазақтар күні бүгін «Жәйсәң» деп атайды. Ал темір тордан бері өте қалсаңыз, «Зайсан» деген атауға бірден ұрынасыз. Сірә, қайсысы дұрыс? Қазақта жер жүзі жауыннан сабыр болып шалшықтанғанда, егінге су қаптап кеткенде айтатын «көл-жәйсәң» дейтін теңеу бар. Онысы — тұрған көлшіктің, үйелеген судың мөлшерін, тасыған өзеннің шығанақ-шығанақтарды басып, алапқа жайылғанына теңегені. Бұл көлдің аты да сондай ұғымнан келіп шыққан.

 

   Ертістің атырапқа жайылуынан қалыптасқан көл дегені. Өйткені Жәйсәң көлі басқа ұлы көлдер секілді өзеннің аяғынан қалыптаспаған. Ертіс одан соң да ағысын жалғастырып, Обь өзені (теңізі) арқылы Солтүстік Мұзды мұхит су жүйесіне қосылады. Демек, көл аты ешқандай да басқа тілден емес. Қайта қазақтың жер мен суға ат қоюдағы талғампаздығын көрсететін бұлтартпас айғақ. «Қалмақтың «жайсан» деген шен атынан шықты» деген де — шатпақ сөз. Ол — кезіндегі залым отаршылдардың қазақтың жерге деген иелік құқығын жоққа шығарып, ұрпақтың сағын сындыру үшін ойлап тапқан сұрқиялығы. Әйтпесе қалмақтың сол атауының өзі қазақтың «жайсаң» (ел жақсысы) деген сөзінен қабылданғанын білмеді дейсіз бе?! Ауысай кете беретін жер есімдеріміздің бір парасы Шығыс Түркістанда қалған жер-су аттарын жазғанда байқалады. Жылты бар әрбір қазақ бұл жердің қазақтың байырғы отаны екенін біле жүргені абзал. Байырғы қоныс болғандықтан, онда қазақша ат қойылмаған түйір тас, тамшы су жоқ. Ол жерге жат халықтың дендеп кіре бастауы — ХХ ғасырдың екінші жартысындағы шаруа. Керек десеңіз, Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріне 1960-жылдары ғана «жаңа мүше» деген атпен алғашқы топтағы еңбекші қытайлар және дүңгендер кіргізіле бастады. Ал қазақтардың жоңғарларды ысырып, қайта серпіле жеткені — 1740-жылдар шамасы. Осының өзі де бұл өлкедегі жер есімдерінің (топонимдердің) кім арқылы қалыптасуы мүмкін екеніне жеткілікті дәйек. Қалмақтар да өздерінің алдындағы қазақтар қойған жер аттарын сақтап келген. Жоңғар жойылғаннан кейін, олардан қалған кішігірім аттар ұмыт болды. Сақталып қалғандарының өзі әбден қазақыланған. Сондықтан ол жақтағы жерлер туралы жазғанда (айтқанда) келсе-келмес шүлдірлеудің керегі жоқ. Өзгені қойғанда, қазір қытайша аталып жүрген қалалардың өзінің қазақша аты бар. Айталық: Шыхызы (石河子) — Тасырқай; Усу (乌苏) — Қарасу немесе Көр Қарасу; Бейтунь (北屯) — Дөрбелжін т.б. Атам қазақ айтқан екен: «Аттан жығылмаған жер танымайды», — деп. Біз аттан сан мәрте жығылдық. Енді жығылсақ... Түйт! Бетін ары қылсын.

 

     Сонда да «жер танымасақ» — қасиетті жер-суымыздың атын дұрыс жазып, тура айта алмасақ және өзгеге солай етіп таныта алмасақ, кім болғанымыз?! Онда Ақордадан шыққан тамаша пәрмен қайда қалады? Әдетте билікті бидайындай қуыратын БАҚ мұндайда сол биліктің байыпты бастамасының байыбына бара алмай жатса, онда халықтың алдында «бақ» демек түгілі, «бәу» деуге хақысы қала ма? Өйткені Жер — ұлтымыздың атасы, Су — еліміздің анасы. Сондықтан оның атын келсе-келмес бат-бұттауға ешкімнің ешқашан да құқығы жоқ!!! Ұлы бабаларымыз: «Тау айналмаса да, тас айналады», — деген екен.

 

   Дүниенің бар түкпіріндегі жерімізді танып жүрейік, Алаш ұранды ағайын!

 

    Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын 2009 жыл

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться