Өнер

Автор: ADMIN

Өнер 2026-06-08 20:43:00

Біз әлеуметтік желілерде:

ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС БЕЙЖІҢ

news single

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің бай тарихымыз – осы Қытайда жатыр», – деген сөзі аталмыш елге деген жұртшылық назарын аудара түскен еді. 1,5 миллиард халқы бар осынау алып мемлекеттің біздің ел үшін орны ерекше. Тәңір мәңгі көрші болуға жазған Аспан асты елімен ғасырлар бойы араласымыз үзілмеген. Кеңес үкіметі тұсында сәл тоқырап қалған барыс-келісіміз Тәуелсіздік тұсында қайта жанданды. Көршілерді қадірлей отырып, өз қадіріңді де арттыра беру бағытында ұстанған саясаттың нәтижесінде Қытаймен арадағы байланыс жылдан-жылға ұлғайып келеді. Жақында біз де сондай бір маңызды барыс-келістің куәгері болдық. Бейжіңде Қытайдың әр аймағында тұрып жатқан қазақтардың топбастар тұлғалары бас қосқан үлкен жиын өтті.

 

   Аспан асты еліне сапар

 

   Біз отырған «Боинг» әуе кемесі Алматыдан Бейжіңге дейін 4,5 сағат ұшты. Қазақстаннан шыққан топты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев бастап барды.

 

    Тобымызда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есали, белгілі әнші, Дәнеш Рақышевтің шәкірті Нұржан Жанпейісов, жезтаңдай әнші Гүлзира Бөкейханқызы және эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасова бар еді. Гүлзира мен Нұржан бұрын де Бейжіңде болып, қандастарымызға өнер көрсетіп қайтқан екен, ал қалғандарымыз үшін бұл қала жұмбақ та таңсық болатын. Ұшақ терезесінен үңіле қарағанымызда, төменде Қытай шаһарлары жарқырап көрінді. Қытайлықтар көше шамдарының қуатын күндіз күннен алып, кешкісін сол жинаған энергиясымен жарықтандырады екен. Керісінше, үйлер мен ғимараттардағы жарық әлсіз, энергияны барынша үнемдейтіні байқалады. Ұшақ ішінде келе жатып, алдымен арқандай шұбатылған Қытайдың Ұлы қорғанын көрдік. Тарихқа жүгінсек, қытайларды бұл қорғанды салуға мәжбүр еткен біздің арғы бабаларымыз – Ғұн империясы мен Үйсін мемлекетінің сұсы еді. Ұзындығы 5 мың шақырымға созылатын, таулы-тасты, ой-қыратты кесіп өтетін бұл қорғанның салынғанына 2 мың жылдан асса да, әлі де айбынды қалпын жоғалтпаған. Бүгінде бұл қорған – мемлекетке табыс әкелетін басты туристік нысан. Біз де сапарымыздың екінші күнін Қытайдың тарихи орындарын аралауға арнап, қорғанның солтүстік қақпасына бардық. Мұнда туристер үшін Ұлы қорғанда болғаныңды дәлелдейтін сертификаттар, есіміңді ойып жазып беретін кәдесыйлар мен брелоктар әп-сәтте дайындалады.

 

   Бейжің тынысы мен Тяньаньмэнь алаңы Бейжіңнің адамзат қоныстанған мекен ретінде қалыптасқанына 40 ғасыр, ал қаланың Бейжің атанып, астана болғанына 580 жылдан асқан. Бір Бейжіңнің өзіне 15 миллионнан астам халықтың қалай сиып тұрғанына қайран қаласың! Қаланың басты нысандарының бірі – Тяньаньмэнь алаңы. Бұл – мемлекеттің ең маңызды салтанатты шаралары өтетін ерекше жер, елдің айнасы. Алаңда күн сайын мемлекеттік тудың көтерілу және түсірілу сәтін көру үшін мыңдаған халық жиналады. Осы маңда қытайлықтар әлі күнге дейін пір тұтатын Мао Цзэдунның мавзолейі орналасқан. Қытайдың тағы бір көрікті орны – атағы осыдан 200 жыл бұрын, Цин династиясы тұсында шыққан Бейжің ұлттық опера театры. Сондай-ақ елдегі ең іргелі білім ордасы – Бейжің университеті. Мұнда 40 мыңға жуық студент білім алса, оның 4 мыңнан астамы – әлемнің жүзге жуық елінен келген шетелдіктер. Университет кітапханасы 7 миллионнан астам кітап қорымен Азиядағы ең үлкен жоғары оқу орны кітапханасы саналады. Елшіліктегі кездесу және құнды жәдігердің тұсаукесері Бейжің әуежайынан бізді Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қызметкерлері: консул Қайыржан Сәрсебаев, оның орынбасары Жошыхан Қыраубаев, елшілік қызметкерлері Айдар Әбішев пен Дәулет Ибраевтар қарсы алды. Демалыс күндеріне қарамастан, біздің визалық және билеттік шаруаларымызды жедел шешіп берген осы азаматтардың еңбегі ерекше.

 

    Сапардың басты мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 15 жылдығына орайластырылған «Қазақ-қытай қатынастарына қатысты Цин дәуіріндегі мұрағат құжаттарының жинағы» атты көптомдық тарихи деректердің бірінші томының тұсаукесеріне қатысу еді. Шараға Үрімжіден, Ақсайдан және Бейжіңнің өзінен 150-ге жуық қазақ зиялылары мен қандастарымыз жиналды. Салтанатты жиынды Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жәнібек Кәрібжанов ашып, екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың жетістіктеріне тоқталды: «Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасында шешілмей қалған саяси мәселе жоқ. Екі мемлекет арасындағы сауда көлемі қысқа мерзімде 5 миллиард долларға жетті. Ендігі маңызды кезең – мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған жинақ – екі ел ғалымдарының бірлескен үлкен еңбегінің жемісі», – деді елші. Мұнан кейін сөз алған ҚХР 1-ші мемлекеттік тарихи мұрағаты басшысының орынбасары Цзоу Айлиянь ханым қазақ халқының тарихы өте тереңде жатқанын, Мин және Цин әулеттерінің мұрағатында қазақ хандары мен сұлтандарына қатысты 10 миллионнан астам құжат сақталғанын, бұл бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы екенін атап өтті. Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова бұл ауқымды істің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын тілге тиек етті. Зерттеу нәтижесінде мұрағат қорларында XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығына тікелей қатысты қытай, манжұр, моңғол, шағатай тілдерінде жазылған 3500-ден астам түпнұсқа құжат бары анықталған. Жиында ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының басшысы У Фухуан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев, сондай-ақ Шыңжаң қазақтарының өкілдері Сұлтан Жанболат, Жақып Мырзахан, Ақсайдан келген Әпетай Мұқарапұлы және Бейжің қазағы Жарқын Сағат мырзалар сөз сөйлеп, бұл оқиғаның тарихи маңыздылығын жоғары бағалады. 

 

    Сахна төріндегі ел сәлемі Салтанатты шараның соңы Қазақстаннан барған өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

 • Нұржан Жанпейісов концертті Д. Рақышевтің «Алыстағы бауырлар» әнімен ашып, Әсеттің «Қоңыр қазын», Сарықожаның «Сары бидайын» нақышына келтіре шырқады.

• Күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханқызы «Гауһар тас», «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Мақпал» әндерімен жырақта жүрген ағайынның сағынышын басты.

• Эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасова «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Махаббат жалыны», «Әнім сен едің» әндерін орындағанда, қандас жастарымыз әуен ырғағымен билеп, залды серпілтіп тастады. Басқосу соңында ШҰАР-дың Бейжіңдегі өкілдігінің дастарханында шұрқырай сырласып, арқа-жарқа болған ағайынға өзімізбен бірге ала барған, төте жазумен шығатын «Шалқар-2» еларалық газетін тараттық. Қандастарымыз ана тіліндегі басылымды үлкен қуанышпен, таласа-тармаса бөлісіп алды. Екі күндік қысқа, бірақ мазмұнды сапарымыз аяқталып, Бейжіңнен Алматыға зор әсермен аттандық.

 

    Жаңыл Әпетова

   Алматы – Бейжің – Алматы

Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер

Все новости


Международное интернет-издание "Shalqar kz"
Подписка на важную информацию международного интернет-издания "Shalqar kz" Будьте в курсе последних новостей Ваша электронная почта подписаться